Ұлттық идеологияның олқы тұстары көп... һәм келешек ұрпақ тәрбиесіне кім жауапты?

Ұлттық идеологияның олқы тұстары көп...    һәм келешек ұрпақ тәрбиесіне кім жауапты?

«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп Қасым ақын жырламақшы, мен басшылық жасайтын «Qazaqstan dauiri» газетінде қоғамдағы өзекті мәселелер туралы қаншама мақалалар жарық көрді. Құдайшылығын айтайын, жалғыз біз емес, қазақтілді БАҚ-тың еңбегі орасан.  Билік басындағы шенеуніктердің мемлекеттік тілге деген енжарлығы, жемқорлық хақында,  бала тәрбиесі, мектептегі бағдарламалардың ауырлығы, «Әліппе» төңірегіндегі дау-дамай,  ұлттық құндылықтар туралы тақырыптар бүгінде арқасына ері батып жауыр болған аттай қайқаң-қайқаң етеді. Назарбаевтың билігін ұзартуға, оны сақтап қалуға қызмет еткен Ассамблеяның да «үй ішінен үй тіккен» арамтамақ ұйым екенін әшкерелеген де қазақ баспасөзі.  Себебі Ассамблея ешқашан қазақ ұлтының жоғын түгендеп, тілі мен діліне жанашырлық көрсеткен емес. «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» ұстанымы – темір қазығы болғанға ұқсайды. Бұл ұйым тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында керек болған шығар, қазір түкке қажеті жоқ.  Сондықтан таратылғанын қалаймын.   Оған Қордай мен еліміздің әр өңірінде болған этникалық қақтығыстар кезінде көзіміз әбден жеткен. Әлі күнге дейін дүнгендер мен ұйғырлар көп шоғырланған мекендерде, сол секілді кейбір облыстарда, ауылдарда қазақ мектептері бейшара күйде.  «Для голочки» қауқиып тұрған қазақ мектептері де бар... Аралас мектептердегі жағдай тіпті сорақы!

 

АЛАШ АРЫСТАРЫ АҢСАҒАН ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ АРМАНҒА АЙНАЛЫП ОТЫР

   Бүгінде кәдімгідей үлкен күшке айналған, ұлттық болмысқа қатер төндірген, атам қазақ естіп-білмеген  феминистер  мен ЛГБТ жайлы да қазақ баспасөзі еңіреп отырып толғады. Қауіптің алдын алуға шақырып, қанатымен су сепкен қарлығаштай аласұрып аһ ұрды. Естір құлақ болмағасын бәрі бекер екен. Билік халықты, халық билікті түсінбегесін, көрген күнің осы ғой! Мұның енді қаншаға дейін жалғасатыны да беймәлім.

Феминистер әйел құқығын қорғау үшін емес, өздеріне ұпай жинау үшін шеру  өткізді – Абзал Құспан  Қоғам белсенділері Қазақстандағы ЛГБТ мүшелерін түп тамырымен жоймақшы »  Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет

 Қазақ тілінің өз жерінде қадірі әбден кеткенін  әлі күнге мемлекеттік тіл туралы заңның жалтақтығынан көруге болады. Себебі билік басындағы шенеуніктерге қазақ тілі керек емес. Олардың үрім-бұтағының билік баспалдағына өсуіне кедергі. Қазақ тілін керек етпегендер қазақ халқының қамын жейді дегенге  де ешкім сенбес. Тіл мен ұлт – бір дене. Екеуі де тірі организм. Бірінсіз-бірінің күні жоқ.  

Ресми тілге деген құштарлық біздің Үкіметтің «ұлы махаббатынан» бастау алады. Бәлкім Ресейге тәуелділіктің жарқын көрінісі үшін әспеттейтін шығар? Әйтпесе ата-бабасының қаны мен жаны араласқан ана тілінен безіну  сатқындық емей немене?!  Қалай десек те  қазақтың бүгінгі оқығандары, билік басындағы тұлғалары өз ұлтының алдындағы миссиясын дұрыс атқара алмауда.  

Қайран Жүсекең, Жүсіпбек Аймауытов осыдан тура бір ғасыр бұрын қазақ оқығандарына айтқан  өсиетті әзірге ешкім құлағына асар емес. Бұдан өткен өкініш, бұдан асқан қорқыныш бар десе, ешқашан сенбеймін.

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асты. Ештеңе өзгермеді. Ұлттық идеология кері кетті. Түбімізге осы жетті. Ұлтты ұйыстыра білудің орнына өзгенің көңіліне қарап,  тілін «жерлеп», жерін «өңгеріп» беруге даяр сатқындар көбейді. Жердің асты мен үстінің байлығы қазаққа емес, жатқа бұйырды. Оқыған жастар шетел асты. Сөйтіп, билікті қара басты. Идеологияның жоқтығынан ұлтты сүйемін деп айтудың өзі ұлтшылдыққа апаратын  деңгейге жетті. Тілің қалды аңырап, ауылың қалды қаңырап, қайран қазағым!

  Жүсіпбек Аймауытов 1918 жылы «Ұлтты сүю» деп аталатын еңбегінде былай депті:    «…Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елітіп отырады. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар. Олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері…

…Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да – оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді, қадірлейді, сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгіні, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті оқығандардан күтеді. Оқыған – қара халықтың шырағы (идеалы), бұқарасы сонша қадірлегенін оқығандар білу керек. Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін шығарады. Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді.

…Ақтығында айтпағым: оқығандар өзін-өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылуы керек.

Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды.

Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай, ерінбей-жалықпай, бақырмай-шақырмай іс бітірген, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын.

Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ.

Желіндеген жемқорлық — "Алатау" қоғамдық-саяси газеті

…Оқығандар!

Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт.

Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болмаса, мойнымызда  халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр».

Не деген данышпандық сөз! Не деген ұлтқа жанашырлық. Әлі күнге құнын жоймаған осы «өмір сүру» қағидатын бүгінгі билік дамудың Шолпан жұлдызы етіп алса, ұтылмас еді, адаспас еді. Қайтейін, әзірге Алашты емес, алға шыққан басшыны пір тұтудан аса алмай отырмыз. Алаш арыстары армандаған ұлттық мемлекетті әлі де жасай алмай армандамыз.

Ұлттық идеология жоқ дегенді неге айтып отырмын? Баяғыда Америкада мектепке бір бала мылтық асынып келіп, оқушыларды қырып кетіпті дегенді көп естуші едік. Сол бүгінде басымызға келді. Атыс-шабыс өршіп тұр. Ұрпақ тәрбиесінің  кенжелеп қалғаны сондай – оқушы ұстазын сыйлаудан қалды. Ұстаздан қадір қашты. Оны азсынсаңыз, мектеп жасындағы балалардың суицидке баруынан көш басына шықтық. Феминистер мен ЛГБТ шерулерінде орыстілді балалардың  көптеп төбе көрсете бастауының түбіне үңілген бір жан жоқ. Мұның түбіріне үңілмесе, ұлтқа қауіп төніп тұр.  Ана тілінен алшақтаған баланың бойынан ұлттық рух қашатынын әлем ғұламалары әлдеқашан дәлелдеген.  Ал біз жайбарақат жүрміз. 

Жуырда ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасын бекіту» туралы жарлыққа қол қойып еді, Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттары жерден жеті қоян тапқандай шу ете қалды.  Иә,  доктрина – халқымыз бен еліміздің идеологиялық дамуын қамтамасыз етуді, елді ұйыстыруға және заман ағымына бейімделген ақпараттық саясатты құруды көздейтін үлкен бастама. Бірақ бөрікті аспанға атып қуанатын нәрсе емес. Себебі бұл бұдан ертерек, бәлкім тәуелсіздік алған бетте жүзеге асуы тиіс дүние еді.  Кеш, кеш те болса есемізді түгендеуге мүмкіндік беріп отырған  жауапты сәт!

Қазақстанда Ақпараттық доктринаны бекітілді

Президент Тоқаев мырза доктринаны бекіту туралы жарлыққа қол қойғанда көзін жұмып, естерінен танып қолдаған шенеуніктер бұған дейін де талай ұлттық мүддеге қатысты  бірнеше доктринаның, стратегиялық байламдардың «шырылдап дүниеге келгенін», кейін көбісінің бесігінде тұншығып  құрығанын қалай ұмытып кетті, ә? Бұл доктринаның да солардың кебін құшпасына кім кепіл?! Президенттің аузынан бір сөз шықса, құрақ ұшып құлдық ұру – ескі әдіс. Назарбаев билігінен қалған жаман әдет.  «Жаңа Қазақстан» құруға ұмтылып жатқан кезеңде «ескі шапанды» киіп алып өзеуреу болар елдің баласының ісі емес.  Алақайлаған  шенділер мен шекпенділер әріге бармай-ақ, «Qazaqstan dauiri» газеті ұйымдастырған  ұлттық құндылықтар мен тіл және жастар проблемасына қатысты дөңгелек үстелдердің біріне келіп қатысса, қайда қалыпты? Жоқ, ондай кезде олардың қолы тимейді. Уақыт таппайды.  Қаншама рет жыл аяғында есеп беріп, ауыл-елдің тынысы мен тіршілігін  «Журналистер үйінің» конференц залында атап өттік. Сол кезде халық қалаулылары бізді емес, ұлттық мүдде жолындағы  талпынысымызды, ауыл халқының жанайқайын естісе, кім қой депті?  Көпке топырақ шашпайын, дөңгелек үстелдерімізге Ауыл шаруашылығы министрі мен «Аманат» партиясының  ұлтжанды азаматтары қатысып, елмен бірге болғаны газет бетіне жазылып, тарихтың шежіресіне қатталып қалды. Жақсының жақсылығын айту парыз, Парламент депутаттары арасынан  сенатор Мұрат Бақтиярұлы ғана шақыртуымызды құп алып, жиынға қатысып, еңбек адамдарымен жүздесіп бір қуантты. Кімнің жалған патриот, кімнің халықтың адал ұлы екенін уақыт өте келешек ұрпақ өзі саралап алар. Оған күмәнім жоқ...

 

Қымбатшылық жағаға жармасқалы қоғамда түйткілді проблемалар көптеп шыға бастады. Соның ең бастысы – ана мен баланың жағдайы.  Атыңнан айналайын депутаттар, Үкіметке халықтың демографиялық өсімін күшейту үшін әр балаға жүз мыңнан ақша беруді сұрап жатқан көрінеді. Иә, жақсы сауал, жағымды жаңалық.

 

 

ТАУ СУЫНДАЙ ТАСЫҒАН ҚАЗАҚ ЕНДІ ЕШТЕҢЕГЕ ТӨЗБЕЙДІ

Айтқым келгені, кез келген ұлтжанды шенеунік ұлт руханияты алдында қалғымауы керек. Елмен бірге болуы керек. Егер тек Президент үн қатқанда ұйқысынан шошып оянатын болса, олардың халық алдында құны көк тиын! Бұл жаңару емес, ескі күпіні жамылу!  

Қоғамда орын алып  жатқан әділетсіздіктер мен жемқорлықтарға шыр-шыр еткен сәби-халық екіжүзділікті кешірмейді ешқашан.  Иә, отыз жыл бойы ойына келгенді істеген Назарбаев жүйесі әлі  құлай қойған жоқ. Атам қазақ «жыланды үш кессең де, кесірткелік қауқары бар» деп бекер айтпаған. Соның кебі келді. Оған жүздеген дәлел келтіру түк емес қазір. Баяғы жүйенің локомативі болған ақ жағалылар әлі күнге жылы орындарын аялап отыр. Кейбіреуі қайта  атақ-абырой Эверестіне өрмелеп барады. Үкіметті ұшпаққа шығара алмаған басшы мен Назарбаевқа қосшы болғандар өз биігін сақтап қалғанын көзіміз көріп отыр.  Айта берсем, әңгіме көп...  

Сара Даузова: Я искренне благодарна казахскому народу и Елбасы!

 

Кеше ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-сессиясында Қазақстандағы шешен-ингуштердің көшін бастап жүрген Ахмед Мурадов балаларының 30 жыл бойы қазақша сөйлемегеніне білім беру саласына кінә арта баяндама жасады. Ал республикалық дүнген аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова: «Мемлекеттік тілді үйрену үшін пәрмен емес, ниет керек», – деп ағынан жарылды.  Бәрі дұрыс. Бірақ бұл сөздерін бұдан 20 жыл бұрын айтуға не кедергі болды? Неге бүгін айтылып жатыр? Күні кеше Қордай оқиғасында, ұйғыр мен қазақ қақтығысында, Қарағандыда орын алған шешен-қазақ жастарының төбелесінде Ассамблея қайда қарап отырды?  Әлі күнге ұйғыр мектептерінде қазақ тілінің жағдайы неге мүшкіл? Жердің Иесі мен Киесінен қорықпайтын Ассамблея Тоқаевтың бастамасынан кейін «Уралай» бастады. Бұл да көз алдау ма деп қорқамын өз басым.  Қазақ елінде жергілікті жұрт пен этностар арасындағы шиеленіскен оқиғаларда  неге аттандап шығып,  аталы сөздерін айтпады кезінде? Жау кеткесін қылышты тасқа шабу батырлық емес, негізі. 

Елге пайдасы жоқ нәрсенің бәрінен бас тартқан абзал. Ассамблея достықтың жалауын желбірете алмады. Доста жүрек болмаса, сені түсінбесе, сенің тілің мен жеріңе құрмет көрсетпесе, одан қайдан қайыр болар дейсің?!

Жарыссөзде ҚХА-ның ардагері Розақұл Халмұрадовтың «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдануы қажеттігі және мемлекеттік қызметке қазақ тілін білмейтіндер қабылданбасын деген бап енгізілсе» деген ұсынысы көңілімнен шықты. Бұл кісіні Мәжіліс депутаты болған кезінен білемін. Сол заманның өзінде мемлекеттік тіл үшін отқа да, суға да түскеніне куәмін. Жақсының жақсылығын дәріптеу ұлы қасиет қой, шіркін!

Тап осы күні «Қазақтың наны тәтті болғанда, тілі неге ащы осы жұртқа?» деп шырылдап жүрген, айтар жерінде жеріне жеткізге айқайлап жүрген, қазақтың дара қызына айналған Асылы Осман апамыздың сөзіне риза болмаған қазақ жоқ. Журналистің қойған сұрағына: «Меніңше, Ассамблея өз миссиясын орындап бітті. Ассамблея мәдени орталық па, олай болса, Мәдениет министрлігіне қосылып, соның бір саласы болсын! Менің түсінігімде солай! Себебі өз ісін өз жүйесінде атқара алмады. Жалпы Ассамблея керек пе, керек емес пе деген сөз болмауы керек. Қоғамға керек дүниені пайдалана білуіміз керек. Ассамблея неге қазақтың төңірегіне топтасып, қазақтың тілін осы күнге дейін меңгермей жүр? Отыз жыл болды біз қазақтың тілін өзінің тұғырына қондыра алмай келеміз. Осының өзі үлкен кемшілік!» – деп, арда қазақ айта алмаған адуынды ойды ақтара салды. Жасай бер, қазақтың дара қызы, дана қызы!!!

  Қай ұлтты да даму шыңына білімді ұрпақ қана шығара алады. Біз неге дамымай қалдық? Бұған жауап табу қиын шаруа емес. Бір ғана білім саласында  30 жылда  15-тен аса  министр ауысыпты. Масқара емес пе! Кім келіп, кім кетпеген сала бұл?  Әлемде мұндай рекорд болған емес. Осыдан-ақ атқарушы биліктің басты қателіктерін санамалай бер. Бұл бүгінгі билікке сабақ болса игі.

Дамыған Жапония мен Америка газет-журналға оралып жатқанда, Білім министрлігі  педагогтердің құқын қорғаған болып: «Мұғалімдерге мәжбүрлеп  газет-журнал жаздыруды тоқтату керек» деп жарлық шығарғаны – үлкен қателігі! Құлтемір – компьютер мен соткаға емес, газет-журналға үңілу ұстаздың өрісін ашады, таным-түсінігін кеңейтеді. Осыны білуге де адамға үлкен түйсік қажет пе?  

Әлеуметтік жағдайы арқылы қай елдің болмасын бет-бейнесін көруге болады. Сондай­  ақ, елдегі жүргізілетін саясаттың қандай екеніне де көрсеткіш.  Конституциямызда Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны жазылған. Демек, бұл бағыттағы жемісті саясат Ата Заңмен де тығыз байланысты. Дегенмен әлемдегі дамыған алдыңғы отыздыққа ену мақсатын қойған Қазақстанымыз үшін әлі көп іс атқарылуы керек екені де анық.

Біз әбден аузы күйген ұлтпыз. Назарбаев жүйесінің отыз жылы қазақтың жүйке жүйесіне ши жүгіртіп кетті. Бүгінгі қазақ – аш бөрідей ашынған қазақ.  Тау суындай тасынған қазақ. Намысына қол сұға берсе, ана тілін мазақ ете берсе, ешкімді де аямас. Жемқорлық жалғаса берсе, тоғышарлар баяғыдай жылы орынға жайғаса берсе, енді қазақ төзбесі анық. Өйткені қарайлайтын  ештеңесі қалмады. Ойына келгенін істеп ойрандағандар, елім бар деп ойланбағандар қазақтың үмітіне балта шауып, итше қауып кеткенін ұмытпайық!  Сондықтан Ел Президенті Тоқаевқа ойланатын уақыт келді.  Алдағы жеті жылы жеті күндей өте шығар. Тарихта «ұлы» болып қала ма,  ұлтының «құлы» болып қала ма, әлде байлығын ту-талақай еткен «ұры» болып қала ма, уақыт таразылар. 

 

БАЛАЛАРЫМЫЗДЫҢ  ҚАТЫГЕЗ БОЛУЫ ҚАЙДАН БАСТАУ АЛДЫ?

Қатыгез бала қайдан шығады немесе ұрпағы бүлінген халық іриді | BAQ.kz |  Қазақша мақалалар

Түркия мемлекетінің реформаторы, Түркия Республикасының негізін қалаушы және оның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік (1881-1938)  қазақ билігіне кім келсе де, әр сөзін бойтұмардай қастерлейтін, еліктейтін тұлға болып қалуы тиіс. Оның   «Мен қажет болса, ұлтым үшін өз өмірімді де қиямын» деген сөзімен қайраттанып;  «Ұлттың ең белгілі ерекшеліктерінің бірі, ең құнды негіздерінің бірі – тіл. «Мен түрік ұлтынанмын» дейтін адам бәрінен бұрын және міндетті түрде түрік тілінде сөйлеуге тиіс. Түрік тілінде сөйлемейтін адам өзінің түрік қауымына және түрік мәдениетіне жататынын қаншама қайталаса да, бұған сену дұрыс болмайды…» деген тәмсілімен рухтанып; «Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі – ұлтымның кеудесі. Сондықтан мен ұлтымның кеудесін ешкімге бастырмау үшін барымды саламын!» деген ұранымен шабыттанып;

«Ештеңе өндірмей тек ішіп-жей беретін ұлттар алдымен абыройынан, сосын еркіндігінен, ал, ең соңында болашағынан айырылады» деген пайымымен қанаттанып; «Ұйықтап жатқан халық не құрып бітеді, не құл болып оянады!» деген әулиелігінен қуаттанып отыруы тиіс. Сонда ғана ұлттық рухымыз оянбақ. Сонда ғана тәуелсіздігіміз қанаттанбақ. Сонда ғана жалтақтықтан арылып, ұлтты сағынып оянатын басшылар көбеймек. Ең бастысы әр шенеуніктің сөзінен «Өр қазағым» деген жылылық есіп тұрмаса, ұлтына деген кіршіксіз сезімі байқалып тұрмаса, қасірет! Осы айтылғандар байқалып тұрса, қасиет!

«Бәрін айт та, бірін айт, коллективтің жырын айт» деп Би-ағамыз, жазушы Бейімбет Майлин айтпақшы, бала тәрбиесі, мектеп жасындағы оқушылар тәрбиесі де біздің елде ушығып тұр. Тіпті жүрегің ауырады. Мойындарына бірнеше несиені артып алған ата-ана «шықпа, жаным, шықпамен» әрең күнелтіп жүр. Қара жұмыстың соңында жүрген әке-шеше балаға қарай ма, табыс іздеп далаға қарай ма? Жүгенсіздіктің соңы ұлдардан өтіп, қыздарға жетті. Қызға қырық үйден тыйым салатын қазақ күнкөрістің қамымен күйбең тіршілік соңында сабылуда. Билік осыған көңіл бөлгені абзал. Анасы жүдеу, әкесі именшек қоғамнан есті ұл, ақылды қыздың туа қоюы екіталай. Бұл мәселе асқына берсе, келешекте мемлекетке үлкен зардабы боларын айып жату артық.  Таяуда ғана Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы білім орындарының бірінде болған қыздар арасындағы төбелестің видеосы тараған еді. Онда үш қыз бір қызды жабылып, аяусыз сабап жатқаны анық көрінеді. Кейін сол оқиғаға қатысушы қыз балалардың желідегі парақшаларынан олардың алкогольдік ішімдік ішіп, былапыт сөздер айтқан сәттері де санаулы секундтың ішінде таралып үлгерді. Артынша Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде екі-үш қыздың қатарласына әлімжеттік жасап жатқаны байқалатын бейнежазба шықты. Әжетханадағы әлімжеттік көрсетілген видеода жасөспірім қыздардың былапыт сөйлеп, жұдырықты аямай сілтегені былай тұрсын, жәбірленушіні тыр жалаңаш шешіндіріп, істеген ісінен ләззат алып жатқаны көрініп тұр. Айтқандай, әлімжеттік көрсеткен әлгі қыздар абыройлы отбасыдан шыққан. 

Осы оқиғаның ыстығы басылмай жатып желіден Павлодардағы Песчан балалар үйінің тәрбиеленушілері арасындағы зорлық-зомбылықты көз көріп, құлақ естіді. Оның артын ала бере Қызылорда облысы Қазалы ауданында баланы аяусыз тепкілеп жатқан жеткіншектердің әрекеті жұртты шошытты. Мұнда да күдікті жасөспірімдердің бірі бұрынғы полиция қызметкерінің ұлы екені айтылды. Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлының дөрекі қылығы, төбелескіш бейнесі халық жадынан әзір шыға қоймас. Бұл аз десеңіз, кәмелет жасқа толмағандар арасындағы төбелестің соңы Алматы облысында бір емес, екі баланың өлімімен аяқталды.  Кім кінәлі? Айналдырған бір аптаның ішіндегі көрініс осы! Ал ел білмей жатқан, жылы жабылып, бүркеліп қалған жасөспірімдер қылмысы қаншама? Егер билік ұлттық идеологияны тез арада қолға алмаса, жастар тәрбиесіне ден қоймаса, алда әлі талай «қызықты» көретінімізге сене беріңіз!

 

«Мемлекеттік  тілді барлық этнос үйрену керек» деп қазақтың мерейін үстем еткен Президенттің арада көп өтпей «Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс», – деп айды аспаннан шығарды. Бұл сонда қазақ тілін үйренбей-ақ қойсаңдар да болады, ешқандай талап жоқ деген сөз ғой. 

 

БІЛІМ-ҒЫЛЫМ ДАМЫМАЙ, ТӘРБИЕНІ ТҮЗЕМЕЙ, АЛҒА БАСУ ҚИЫН

Иә, тәуелсіздік алған жылдары мемлекетімізді күйреуден аман алып қалған ала дорба арқалаған әйелдер екенін мойындау артықтық етпес. Жоғары санаттағы дәрігер, мұғалім, өнер адамы, ғалым әйелдер отбасын күйреуден сақтау үшін білек сыбана күресті, сөйтіп жаңа қоғамды да аман алып қалғанын өздері сезбеді. Сүйікті мамандығынан күйбең тірлікке кеткеніне деген өкінішін ішке жұта отырып, ұрпағының болашағы үшін басын бәйгеге тікті. Бар арманы баласына жоғары білім беріп, елдің алдына оздыру болды. Баласы білім алсын деп, бар мүмкіндікті жасады. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, осы кезеңде білім сапасының әлдеқайда төмендеп кеткені белгілі. Кеңес дәуірінде қыз баланың шетел асып оқуы өте сирек болатын. Тәуелсіздікпен қоса қыз баланың жат елге асып білім алуына жол ашылды. Мемлекеттің қамқорлығымен қыз, ұл деп бөле-жармай, қаншама жастарымыз «Болашақ» бағдарламасымен жат елде білімге сусындады. Өз мемлекетімізде де сан-алуан шетелмен біріккен жоғары оқу орындарының ашылуы алысқа кете алмайтын жастар үшін жақсы болды. Бірақ... Соңғы жылдары жателдік жігіттің етегінен ұстап кетіп жатқан қыздар саны күрт өсіп отыр. Бұл қорқыныш емес пе? Дабыл қағатын, ұлтты сақтандырып, құлдыраудан сақтайтын кезең туып келеді. Қыз елдің көркі емес, өзгенің мазағына айналуы билік басындағы азаматтарды толғантпауы – қасірет! 

Қайтейін, еркін өскен қыздарымыздың шалыс басуы көбейді. Не себептен деп, мән беруден қалып барамыз. Әрине, «махаббатқа тыйым жоқ», «қалағанына кетуге ерікті» дерсіз. Тіптен, соңғы кезде «Адам біткен бірдей, қай нәсілге күйеуге шықса, өз еркі. Нәсілдің нәсілден кемдігі жоқ» дейтін жастар бар. Мақтанға айналып, қолдау тауып жатыр, тіпті.

Жүгенсіз кеткен еркіндіктің соңы «Махаббат демократиясы» сүйекке таңба боларлықтай дәрежеге жетті. Жат нәсілдінің жетегінде қыздарымыздың көкпарға тартылып бара жатқанын көргенде «ішің удай ашиды, күресерге дәрмен жоқтың» кебін киесің.

Ащы болса да айтайын, біздің мемлекетте қазақ халқын бұзу саясаты тұрақты жүріп жатқан секілді көрінеді маған. Тіліміз анау, діліміз мынау, дініміз тартысқа толы. Қайда барсақ та Қорқыттың күйін кешіп өлетін болдық.  Экс-министр Ержан Біртанов жыныс ауыстыру заңына қарсы еді, ұлттық менталитетке мүлде үйлеспейтінін сезген адамдай. Кейінгі тағдыры көпке белгілі. Жемқор атанып түрмеге қамалды. Ал Біртановты алмастырған Цой жыныс ауыстыруға болатын заңды қолдап, трансгендер мен ЛГБТ мүшелерін қуанышқа бөледі.  Олар қазір қалаған уақыттарында құқықтарын қорғап, шеруге шыға алатын жағдайға жетті.  

Ащы болса да айтайын, бүгін қазақ халқы тарих сахнасында бей-жай күйде теңселіп тұр. Ұлт болып қаламыз ба, жоқ па деген сауал еңсесін көтерген елдің көкейінде жүр. Байбалам сала бергенмен, бізге ешкім жақсысын әкеп бермесі анық. Олай болса ұлттық иммунитетті қалай көтереміз? Қайтсек ұлтымыздың ұлылығын сақтап қаламыз? Қайтсек, тағылымды, танымды, салихалы, ақылды ұрпақ өсіреміз? Қатігездік, мейірімсіздік, буллинг, суицид, зорлық-зомбылық үдеп барады.  Бұлар бүгінгі күнгі қоғамның дертіне айналып отыр. Оны көзіміз күнде көріп отыр. Осыған дейін біз осы келеңсіздіктермен тек «күресіп» келдік. Обалы қане, бұл «күреске» мемлекет қыруар қаражат жұмсады.  Бірақ нәтиже болмады. Неге?

Себебі біз кеселмен «күреспей», оның алдын алу, яғни тәрбиемен айналысу керек еді. Бұл кеселге қарсы тұрар, иммунитет қалыптастыратын бір-ақ жолы бар және ол жол – балаға ұлттық тәрбие беру, көкірегіне рухани құндылық құю  керек екенін 2011 жылдан бері «Qazaqstan dauiri» газетінде көтеріп келемін.  Жазғанға қарайтын Үкімет болмағасын, барлық дүние шаң басқан мұрағаттарда жатыр. 

Иә, өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен отбасы құндылықтарын дәріптеу мәселесін Үкімет үйіндегі алқалы жиында мемлекет басшысы да көтерді. Ұрпақ тәрбиесі ортақ іс болуы керек. Оған тек Оқу-ағарту министрлігі ғана емес, басқа да мемлекеттік мекемелер де, қоғамдық ұйымдар да жұмыла атсалысуы керек. «Сенікі, менікі» демей, ұлт болашағы жолында тізе қосып әрекет етсек қана  ұрпағымыздың рухани-өнегелік тәрбиесіне үлес қосарымыз анық. Бас-басына түйе айдағандар ұлтты мұратына жеткізбейді...

 Шындығында да, баланың іргетасы отбасында қалыптасары хақ. Алайда өткеннен сабақ алмаған, сабақ алуды міндеті санамаған жүгенсіз жасөспірімдердің артуына заң алдындағы жауапкершілігін арттыру да аздық етіп жүр ме дейсің. Өтпелі кезең түгілі бастауышта оқитын балалардың арасында жаға ұстатар жауыздық көбейді. Өйткені осы күні он жастағы ойын баласының бойындағы қатігездік қоғамның бас ауруына айналғалы қашан. Судьялардың өздері де алдына келетін жасөспірімдердің қатысуымен болатын істердің дені ауыр қылмыстар екенін мойындайды. Демек, «баланың ісі – шала» деп емес, «қылмыста жас болмайтынын» қаперге алу қажет пе екен, кім білсін?..

Елдегі жағдайдан ел Президенті де хабардар шамасы. Әйтпесе мына сөзі айтпаған болар еді ғой: «Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет», – деді. Тек Президенттің осы сөзі желге ұшып жоғалмаса екен деймін. 

Халқының саны 127 миллионды құрайтын бүгінгі Жапонияның 98,5%-ы тілі, менталитеті, дәстүрі бір жапондықтар. Бір сөзбен айтқанда, Жапония – ұлттық мемлекет. Алашордалықтардың да тәуелсіздікке деген аңсары «ұлттық мемлекет» ұғымымен астасып жатқаны белгілі. «Жас Түркістан» газетінің 1929 жылы 12-санында жарық көрген «Біздің жол» атты мақаласында Мұстафа Шоқай бұл туралы: «...Біздің мұратымыз болса Түркістанда түрі тұрғысынан да, мағына жағынан да ұлттық мемлекет құру, себебі тек осындай түрде ғана халқымыз өз жұртында өз тағдырының құқықты егесі бола алады» деп жазған болатын.

Мектептегі алғашқы үш жылда балаларына мінез, таным, өзгелерді құрметтеу, табиғатқа қамқорлық, әділдік сынды қасиеттерді сіңіртуге тырысатын, студенттерді өз кабинеттерін, асхана, сондай-ақ әжетхананы тазалауға баулитын жапондықтар бала тәрбиесіне қатысты да өзіндік принцип ұстанатын ел. Білім беру саласына негізгі материалмен қоса осындай ұстанымдарын кіргізіп әрі жүзеге асыра білген Жапония мұнтаздай тазалықты, өзгелерді құрметтеуді, еңбекқорлықты ұлттық деңгейге көтере алды. Келешекте біз де осы Жапония жолын ұстансақ, өрісіміз кеңір еді. Батыс – қазаққа қол емес. Жапония алаш қайраткерлері аңсаған жол еді ғой! Үкімет ел боламын десе, ана мен баладан ештеңе аямауы керек. Сондай-ақ Жапон халқы құлтемір интернеттерден бас тартып, газет-журналға, кітапқа оралып жатқанын да естен бір сәт шығармауымыз керек. Біздің елдегідей «Мұғалімдер мен оқушыларға мәжбүрлеп жаздыртпаңдар» деп айту оларда жоқ. Керісінше, барлық жағдай жасалып отыр.

Еліміздегі мектептерде болып жатқан жағдай өте маңызды. Егер мектептегі білім сапасыз болса, мемлекеттің болашағы жоқ. Қазір оқу бағдарламасында жаңартулар болып жатыр. Ал шын мәнісінде не болып жатқанын бәріміз білеміз. Кітаптарда қате көп. Өзара байланыс деген атымен жоқ. Барлық жерде қосымша оқиды. Интернет арқылы шетелден білім алады. Ал білім саласына бөлініп жатқан қаржы балалардың, халықтың мүддесіне жұмсалмай отырғаны басы ашық жайт. Себебі проблема шаш етектен.

2019 жылдың 27 желтоқсанында «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Бүгінде елімізде 500 мыңнан астам мұғалім еңбек етіп жүр. Демек, жоғарыда аталған құжат жарты миллион адамның мүддесін қорғайды. Заң ұстаздардың беделін арттыра алды ма? Білім беру саласында кезек күттірмей шешуді талап ететін мәселелер шешімін тапты ма? Жоқ, әрине. 

Педагог мәртебесі туралы

Көп жылдан бері Елорданың рухани-мәдени өміріне өз үлесін қосып, қала мектептерімен, балабақшаларымен, оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеп жүрген бірден-бір бірлестік ретінде ұрпақ тәрбиесіне қатысты түйткілді мәселелерді шешу үшін өз жобаларын ұсынып жүрген Тұрар Сәттарқызы тәрізді қыздарымыз баршылық. Олардың жасап жүрген істері тұнып тұрған ұлттық құндылық. Обалы қане, Астана әкімшілігі екі жылдан бері көңіл аударып қолдап-ақ жүр оларды. Алайда, байқауымша, көзге көрінбейтін  кедергі көп. Ерен еңбек жасауда бұндайларды көтөрмейді біздің елде.  Себебі билік басындағылардың көбі ұлттық құндылықтан жұрдай. Қазақы болмыстан ада. Тілден мақұрым. Сондықтан ұлт рухын оятатын жобалар қажет емес. Бәлкім басқаларға кедергі... Егер елімізде ұлттық идеология болған болса, ұлтқа қатысты жобалардың тұсауы кесіліп, арқандай есіліп жүре берер еді-ау.

 

ТҰҒЫРЫМ МЫҚТЫ БОЛСЫН ДЕСЕҢ, БИЛІК, ҰЛТҚА КӨҢІЛ БӨЛ!

Қазақстан халқы Ассамблеясында сөз сөйлеген мемлекет басшысы көпмәдениетті қоғамды ойдағыдай дамыту үшін еліміздегі барлық этностар азаматтарының мемлекеттік тілді үйренуі қажет екенін айтты.  Бұл маңызды мәселе жүзеге асуы үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Өз басым қатты қуандым. Себебі Ассамблея туралы ойларымды үнемі ашық айтып жүрген адаммын. Қазақты құрметтегісі келген кез келген этнос өкілі қазақтың жері мен тіліне құрмет көрсетіп отырса, басқа не керек? 

Сондай-ақ, халқымыздың ынтымағы мен бірлігіне  өз шығармашылығы арқылы зор үлес қосқан тұлғаларды марапаттау үшін 2 сыйлық тағайындағанын хабарлады: 

1). Әдебиет пен журналистика саласында;

2). Мәдениет пен өнер саласында. 

Сыйлық көлемі Мемлекеттік сыйлықпен бірдей болмақ.

Қайран тілім-ай, аты мемлекеттік, заты ешкім білмесе де бола беретін, өз елінде ең көп таяқ жейтін тілім-ай. Ата-баба аманаты еді ғой ол!  Билігі сөйлемейтін тіл, заңмен бекітілмеген тіл ешқашан сұранысқа ие болмайтынын қашан түсінеміз осы?!

Менің жеке пікірім, Қазақстан халқының ортақ тілі  ҚАЗАҚ ТІЛІ болмай, Жаңа Қазақстан орнатуды армандау – нағыз ақымақтық!

Халық арасында жүргендіктен, халықтың уәжін де билікке жеткізу бізге міндет.  «Елбасы» да бұрын қазақ тілінде бір басқа, орыс тілінде бір басқа сөйлеп, екі жаққа да жақсы болғысы келетін. Өкінішке орай, Тоқаев та сол жолды таңдаған сияқты. 30 жылда тіліміз басқаларды тұрмақ, өзімізді екіге қақ бөлді емес пе, ендеше бұл Жолдауы да үлкен күмән туғызады. Қазіргідей қолайлы жағдай (көршіміздің әлсіреуі, соғыстың арқасында қазақтың басым бөлігінің бірігуі) енді қайтып келе ме, жоқ па, белгісіз, қамданып қалу керек» деп жатқандар бар. «Бір анық бар: Тоқаевтың көзі тірі тұрғанда Конституциядағы орыс тілі туралы баптың алынбайтыны, Ата Заңға көп ағайынның армандап жүрген мемлекеттік тілді білуді міндеттеу туралы баптың қосылмайтыны» деп жатқан халыққа кім жауап береді? Олардың көңілін кім аулайды?

Нұртай Ерназар атты көнекөз журналист: «Әр азамат мемлекеттік тілді білуі керек, білмесе қысым көрмеуге тиіс» дейді. Бұл «шенеуініктер мемлекет қаржысын ұрламау керек, ұрласа сотталмауға тиіс» деген секілді естіледі екен. Тілді тұсаулап дамыту деген осы шығар?» – деп түйреп өтіпті. «Кезінде Назарбаевтың айтқанын Тоқаев қайталады. Бұлар бізді өмір бақи «Орыс әлемінің» ішінде ұстағысы келе ме?» деп өкпелеп жатқандардың да қарасы көп тәрізді.

Ақын Абзал Бөкен мырзаның әлеуметтік желідегі мына бір пікірі де мен үшін құнды. «Президенттің тілге байланысты тағайындайын деп жатқан екі сыйлығының да, орденінің де керегі жоқ. Бұл итке сүйек лақтырумен бірдей нәрсе  болады. Онымен проблема шешілмейді, қайта ушығады. Ертең «зиялылар» соған таласып, негізгі мәселені естен шығарады. Ел басшысы жаңа облыс ашу, қаланы жаңаша атау  (Қонаев), сыйлық тағайындап, орден белгілеу секілді кезекті «лақтырулардан» аулақ болып, мемлекеттік тілді қоғам өміріне жедел енгізу мәселесін қабырғасынан қоюы керек. Өйткені тілдің нәзік мәселесі ең соңғы шегіне дейін жұқарды. Ертең кеш болады. Бұл жерге әбден жауыр болған «кезең-кезеңімен іске асырылады» деген жүрмейді» деп қысқа қайырыпты. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мемлекет басшысының Ассамблея сессиясында айтқан қазақ тіліне қатысты сөзіне өкпелі қазақ көп. Үнемі сөздері біріне-бірі қайшы келе бергендіктен болар, әлеуметтік желідегі түрлі пікірлер соны айқындап тұр. Халық айтса қалып айтпайды, негізі. Президентке шынымен жаны ашитын болса, маңындағы топырлап жүрген жанашырлары халықтың көңіл күйін оған жеткізуі керек. Алғашқы Президенттің кебін кимесін десе,  тілге қатысты халықтың  өкпе-ренішін Президент Тоқаевтың біліп жүргені дұрыс. Күндердің күнінде «Маған ешкім айтпады, мен оны білмей қалдым» демеу үшін... 

 Президент Тоқаев мақтауға зәру емес. Соны біле тұра мақтайтындарға не десек болады? Қазақ бұрын «мақтамен бауыздаса», қазір мақтаумен бауыздайтын болды (Г.Бельгер). Мақтасақ көкке көтеріп, сынасақ өлтіреміз... Әй, бұл жағынан қазаққа жетер халық жоқ-ау жер бетінде.

Мақсат Ысқақ баламның мына жазбасы да  қалың ойға батырады адамды. «Еліміздің келешегі не болмақ? Егер тіліміз дамымаса, мектептегі оқу бағдарламалары   бірізділікке түспесе, ана мен баланың жағдайы дұрысталмаса, жастар арасындағы ажырасулар тоқтамаса, билік басындағылар қазақша ойлай алмаса, келешек қандай болмақ? Қазақтың түбіне, қазақ билігінің түбіне осы жалтақтық пен қорқақтық жетпесе бопты-дағы.

Қай әртістің қандай көйлек кигені, ішкиімінің түсі, жеген тамағы басты тақырыпқа айналды... Ежелгі Рим десе, еріксіз есіңе гладиаторлардың айқасатын алаңы коллизей түседі. Ұлы Рим Империясының құлауына себепкер болған бұл шоу сол замандағы римдіктердің ең жақсы көретін ойыны болатын. Алғашында тұтқындардың төбелесінен басталған бұл көрініс кейін саяси сипатқа айналды. Олай дейтініміз, Император билікті қолда ұзақ уақыт ұстап қалу үшін халықтың көңілін бір нәрсеге аудару керек болды. Гладиаторлардың айқасы таптырмас ақыл болды оларға. Халықтың санасын тұмшалап, тобырға айналдыру үшін ойлап тапқан ойынға қазынаның есепсіз қаражатынан коллизей соқтырды. Адамға үнемі адреналин керек. Тобырға айналған халықтың қорегі нан мен шоу екендігін ерте түсінген Рим билігі мұның арты ұлы империяның құлауына апаратынын сол кезде сезбеген болар. Себебі сол заманның Римдіктері мемлекеттің мүддесінен гөрі, гладиаторлардың тағдырына қатты алаңдайтын. Гладиаторлар Императордың ең сүйіктісіне айналды. Ел мүддесін ойлайтын сенаторлар, ғалымдар мен ақылмандар шеттетілді. Қазынаға қаражат түсіретін кәсіптер тоқырауға ұшырайды. Римде қылмыс белең алды. Арты орны толмас зардапқа айналды, ол империяның күйреуіне әкеп соқты».

Тарихтан сабақ алмаған жұрттың болашағы да бұлыңғыр. Саңырау құлақтай қаптаған түрлі төбелесетін клубтар бүгінде елімізде белең алуда. Теледидарды қосып қалсаң да, әлеуметтік желіні ашып қалсаң да шаршы алаңда қан-жоса болған еркектер. Түрлі шоу бағдарламаларда тотықұстай таранған әйелдер. Маңызды, елдің еңсесін көтеретін, рухқа тамызық болатын ақпараттар лентаның соңында елеусіз қалса. Қай әртістің қандай көйлек кигені, ішкиімінің түсі, жеген тамағы басты тақырыпқа айналды. Адамдар арзан атақ пен болмашы нәрселерге бой алдырса, руханияттың құлдырауына апарады. Сананың құлдырауы, мемлекеттің құлдырауына әкеледі. Таспихтың тасындай бір тізбекте тұрған бұлар, жібі үзілсе болды, бәрі шартарапқа шашылады. Кешегі жасөспірім қыздардың бірін-бірі аяусыз соғуы. Шешіндіріп елге масқара қылуы, бозбалалардың бірін-бірі басынан тебуі, үстіне секіруі осыншама айуани озбырлық бізге қайдан келді? Әрине, бұлар алдыңғы айтқан әңгімелердің жемісі. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген осы. Әркім тек ғана қарақан басының қамын ойлаған заманда, алдымен ұлттың мүддесін ойлауымыз керек. Ұлттың мүддесі, ол мемлекеттің іргетасы. Іргетасы берік қаланбаған мемлекет тарих сахнасында ұзақ тұра алмайды. Осыны жадымыздан шығармасақ екен. 

 

ОЯН, ОЙЛАН, КӨБЕЙ, ҚАЗАҚ!

P.S: Қалыптасқан жүйені бұзып, жаңа кезеңге өту оңай емес, ағайын. Алмағайып  қиын заман болып тұр. Бұдан да өтерміз! Шүкір, нақты қадамдар жасалуда. Біз білетін, біле бермейтін қиыншылықтар саясатта да, Ақордада да жетіп жатыр. Былыққа батқан жүйені тазалап шығуға да уақыт керек болар.  Билікте отырғандардың да жағдайына түсіністікпен қарауымыз керек-ау. Ел басқару оңай жұмыс емес, негізі.  Қанша «күшенсек те», «азуымызды Айға білесек те» өте  азбыз, екі бүйірде екі алпауыт мемлекет тұр. Олар «Көп – қорытады, терең – батырады». Қазағымның өзі  қаншаға бөлініп кетті. Орыстанып, мәңгүрттеніп кеткені бар, дінге бөлінгендері және бай мен кедейге жарылғаны бір шоғыр. Сыртқы күштер арандатып-ақ жатыр. Көздегендері жеріміз бен байлығымыз.

Басқа елдермен тереземіз тең болу үшін,  келіндер, алтын құрсақты аналар егізден туып, бала саны көбею керек, қазақтың саны өспесе, бәрі бекер. Ол үшін аналарға жағдай жасалуы тиіс. Бұл мәселе көтерілгелі қай заман. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды». Білім саласына реформа қажет. Бала тәрбиесіне көңіл бөлмесек, бүгінгіден де зоры шықпасына кім кепіл?! Өз басым гендерлік саясат қазақтың түбіне жете ме деп қорқамын. Себебі «Өзім үшін туып аламын» дейтін қыздар қарасы көбейіпті. Бұл деген тексіздіктің бастауы емей немене! Қай атамыз қазақ  мұндайға жол беріпті? Ойланайық, ағайын! Кеудемізде жанымыз барда мұндайға жол бермеуге тырысайық! Күресейік, тіресейік! Қол көтеріп жаһандануға жұтылып кете бермейік! Әр қазақ қызына қырық үйден тыйым салсын!!! Тәрбиесін қадағаласын! Сақтанғанды ғана Алла Тағаланың сақтайтынын бір кез естен шығармайық!

Әйелдердің 30 пайызы басшылыққа, Парламентке өтіп жатыр. Бұл келешек қыздарымыз бен келіндерімізге үлгі болмауы керек. Әйел-ана өз міндетін білуі тиіс. Карьера қуған кәрі қыздардан қазақ қоғамы онсызда зардап шегіп келеді. Гендерлік саясат – қазақ секілді аз ұлттарды құртудың төте жолы.  Бұл біздің өсіп-өнуімізге «балта шабатын» саясат, ұлттық құндылығымызды жоятын саясат! Ұлттық танымды өшіретін, ата-баба жолын, салт-дәстүрді жоятын саясат! 

Әйелдің міндеті – отбасын сақтау,  ізгі ұрпақ өсіру! Бұл Алланың берген нығметі, сыйы! Оян, ойлан, көбей, қазақ!..

  Мен сенемін, күндердің күнінде жоғарыға жалтақтамайтын, ертеңіне сенетін ҰЛТШЫЛ азаматтар келеді билік басына!

Алла жазса, жаңа кезең басталып, әділетті Қазақстан  өсіп-өркендейді. Өйткені қазақ – дарқан халық. Алланың өзі сүйген халық. Ниеті мен пейілі бұзылмаған халық.

Ақын Бауыржан Халиолланың жыры өткірлігімен халық мұңын дөп басқан. 

Бәрекелді, ақын балам, Алла разы болсын, халықтың мұң-зарын жеткізіпсің. 

Назым Хикмет жырлағандай «Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап, аспан қалай ашылмақ». Ақиқаттың алдаспаны енді сендерсіңдер. Жазарың, айтарың көбейсін, айналайын!

Тапталған көңіл тыңаймас,

Көріп тұр бәрін Құдай, рас.

Қара орыстар да қауіпті-ау

Сары орыстармен сыбайлас...

Сары орыстан қара орыс қауіпті болып тұр ғой.

Қазақ ұлты жаһанданудың аранына жұтылып кететін күлше болмау үшін, ұлттық сана мен ұлттық ізденістер және шешімдер үшін ең алдымен ұлттық саясат қажет болып тұр. Өйткені қазақ болмысына қауіп төніп тұр, жаһандану идеологтары ұлттық бірлік пен мемлекеттің уақыты бітті деп жар салуда. Енді ғана ұлтымызды, қазақтық болмысымызды сезініп келе жатқан кезімізде бұл үлкен мәселе. Сондықтан алдымен мәдениеттік тұғырдың мәні мен ұстындарына көңіл бөлу шарт. Ол үшін ұрпақ мәселесіне, тіл мен ділге, ұлттық құндылыққа көңіл бөлмей, киелі қазақ даласының асты мен үстіндегі иен байлығы әр қазақтың игілігіне жұмсалмай, істің алға басуы қиын. Қазақ ұлты жасай берсін десең, Билік, осыған көңіл бөл!

Ел бірлігі болса, сең қозғалар...  Орыстанып кеткеніміз рас, ең бірінші «Қасиетті тіліміз құрсаудан» шығып, «қосарланбай» тәуелсіздік алар..! Сабыр, қазағым, сабыр..! 

Дегенмен екі алпауыттың ортасындамыз.

Қытай армандап, біраз жерімізді «картаға түсіріп» оқытып-ақ жатыр. Ресей анау «солтүстігімізді алып, Астананы екі күнде аламыз» деп қоразданады... Жағы қарыссын. 

Алла сақтасын, «Сақтансақ сақтайды Алла».  «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», қазағымыздың сиқы мынау жартысы мәңгүрттенген. Дініміздің сиқы анау «...иттерге бөлінген» салафит... Келеңсіздіктерді көріп отырып үнсіз қалуға дәтім шыдамады.

Бар байлығымызды шетелге «таратып, ат төбеліндей өз байларымыздың бөліп алғаны» анау Шер-аға айтқандай «алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырған халқымыздың  сиқы анау, өкпеден қысқан қымбатшылық мынау, қорғанымыз – әскеріміздің сиқы анау. Ұлттық қауіпсіздігіміздің сиқы анау болды. Тәжірибелі, білімді генералдарды таратып жіберді, сатқындық жасады, жемқорлар отанына айналғанымыз мынау,  күніге ұсталып жатқаны анау...

Осындай «мұрамен» мемлекетті басқарып, жаңалық жасап, орнына келтіру кімге де болса оңай емес.

Қытай философы Конфуций: «Егер де маған мемлекет басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды» деген екен. 

Біздің Президентіміз Қ.Тоқаев та «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» – деп айтты. Халық – Алланың бір аты. Оның  талабы қазақ тіліне қосарландырмай, оған  тәуелсіз жеке дара мәртебе беру керек.

Ел басқару, бір дәуірден екінші дәуірге өту оңай емес деп жоғарыда айттық. Рас, біз алмағайып заманда өмір сүріп жатырмыз. Алайда Президентіміз халықпен тіл табысу арқылы бұл қиындықтардың бәрін шешеді деп сенемін. Ол үшін ынтымақ-бірлік қажет. Ол үшін үнемі халықтың үніне құлақ түріп, ұлттық идеологиямызды күшейтсек, онда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман да өзі-ақ келеді. Жаңа, Әділетті Қазақстанның болашағы жарқын болғай! Әумин!

 

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, журналист
04.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 63
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 588
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 703
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 617
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 627

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8763
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8162
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11391
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9145
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10376