Қаңтар оқиғасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бір жағынан 30 жылғы әділетсіздіктің бетін ашса, екінші жағынан, өкінішке қарай, қаншама қазақ жастары шейіт болды. Кейбіреулері қатігез полициялардың қолынан рухы сынды. Біздің шекара қайда? Табан астында неғылған лаңкес? Сырттан 20 000 терорист ешқашан келе алмайды, себебі бізді саясаты мығым, ұлтшыл мемлекеттер қоршап тұр. Сәлафизм дейміз: кезінде осы діннің бәрін өзіміз кіргізіп дүниежүзіне мақтанған жоқпыз ба? Болашағымыз кландар қақтығысының құрбаны бола бере ме? Онсыз да жаппай ажырасу, асылып өлу, тойшылдық пен дарақылық ұлт демографиясына теріс әсер беріп отыр.
Рас, мемлекетімізде соңғы 25 жылда толыққанды компрадорлық (аларман) буржуазия қалыптасты. Осы қасіреттен түбегейлі арылуға президентіміздің абырой-беделі жетеді деп сенейік. Қазақтың өз жеріне еге болып, ұлт болып, өніп-өсуіне мүдделі емес, ішкі-сыртқы күштердің ықпалында кетпес үшін кез келген оқиғаның салдарына емес, себебіне үңілу керек. Біздің ежелгі ата-бабаларымыз Тоныкөк, Күлтегін тасқа қашап, қалдырып кеткен жоқ па, «түнде ұйықтамадым, күндіз жатпадым», – деп...
Қазір ХХІ ғасыр жаһандану (глобализация) заманы, ішіп-жеп тайраңдап: сын айтып ұлт болашағын ойлаған азаматқа не ұрпағына қастандық жасап, қоқан-лоққы көрсететін заман емес... Ондай болса, іріп-шіри береміз.
Америка философы Сантаяна: «өткен тарихтан дұрыс қорытынды жасай білмеген халық, қайта құлар күнін күтеді», – деген. Жауапкершіліктің бәрін қазақ ұлтына артып, тұқыртып отыру қайбір жетіскендік дейсің...
«Жаман үйді қонағы билейді» деген тәмсіл бар. Егер қазақ мемлекетіне шын жаны ашитын жауапты орындардағы адал азаматтарды заңды ұрылар мен арам пиғылдылардың мысы баса берсе, болашағымыз не болады?
Басқа этнос армян, өзбек, тәжік, дүнген, ұйғыр, күрд, шешен ағайындар ғаламат жылдамдықпен көбейіп келе жатыр. Осы ағайындар бөлектенбей, қазақ ұлтының бүкіл құндылықтарына кірігіп, мемлекетін қорғап, ыстық-суығына араласып жатса оның өзі демеу еді....
Бізге елдігімізді сақтап қалу үшін ұлттық стратегиялық институттарды жедел жасақтау керек. Сонда қазақ ұлтын қорлау, бопсалау, сатқындық, жағымпаздық, жемқорлық жойылып, азаматтық қоғам, баспасөздегі ақпараттық материалдарды сүзгіден өткізіп отыратын ұлттық идеология қалыптасар еді.