Мемлекетһ «Дені сау ұлт» қалыптастырғысы келеді
Денсаулық сақтау саласы адамзат үшін ең маңызды әрі аса жауапкершілікті қажет ететін сала. Адамзат қоғамы жаңа ғасырға аяқ басқан, ғылым мен өнер қарыштап дамыған бүгінгі таңда денсаулық сақтау, аурудың алдын алу, өмір сүру деңгейін ұзарту секілді өзекті проблемалар әлем елдерінің көз тіккен маңызды нысанасына айналды. Соңғы жылдары жаһанды алаңдатқан коронавирус пандемиясы бұл салаға деген жауапкершілікті онан ары артыра түсті. Даму жолына бетбұрған қазақ елі де егемендіктен бері қарайғы уақытта денсаулық сақтау саласына айырықша көңіл бөліп, бұл салаға деген мемлекеттік қолдауларды арттырып, түрлі бағдарламалар қабылдап келе жатыр.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтің бастамасымен 2007 жылы «100 мектеп 100 аурухана» бағдарламасы басталғаны белгілі. Бағдарлама біраз жылдың ішінде халыққа аса қажетті білім ордалары мен ауруханалардың тездеп бой көтеруіне септігін тигізді. Онан кейінгі жылдары ҚР Үкіметі денсаулық сақтауды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламалары мен жоспарларын бекітіп, салаға тың серпін беруге күш салып келеді. Бұл саладағы соңғы қабылданған маңызды құжаттардың бірі Үкіметтің 2021 жылы қазан айында қаулысымен қабылданған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы еді. Жобаның мақсаты: Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету. 2021-2025 жылдары жүзеге асыруды көздеген бұл жоба өз ішінен бірнеше маңызды түйіндерді қамтыған. Осы жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру үшін мемлекет қазынасынан қомақты қаражат бөлінетіндігі де анық көрсетілген еді. Яғни, Денсаулық сақтау саласына жеке инвестицияларды 2020 жылғы 121,5 млрд теңгеден 2025 жылы 783,3 млрд теңгеге дейін ұлғайту, 13 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын (тұрақты) құру, Отандық фармацевтикалық өнімнің үлесін 2020 жылғы 17 %-дан 2025 жылы 50 %-ға дейін жеткізу деген аса жауапты міндеттерді қамтыды. Ұлттық жобаны іске асыру үшін қажетті қаржыландыру көлемі 3,6 трлн теңге болатын ауқымды жобадан күтетін мақсат та айқын еді. «Азаматтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығын 2020 жылғы 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайту. Халықтың медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейін 2020 жылғы 53,3 %-дан 2025 жылы 80 %-ға дейін арттыру»- дейді «қызыл басты құжатта». Көздеген басты бағыты мен мақсаты да Қазақстанның денсаулық сақтау саласын кемелдендіріп, халықтың денсаулығын жақсартуға, салауатты өмір салтын ұстанып, дені сау өмір сүруге бағытталған еді. Негізгі төрт бағыттан тұратын маңызды құжаттың әрбір тармағымен келіспеу мүмкін емес.
1-бағыт. Қолжетімді және сапалы медициналық көмек.
2-бағыт. Эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру.
3-бағыт. Отандық өндірістің қолжетімді дәрілік заттары мен медициналық бұйымдары.
4-бағыт. Саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту.
Президент күткен үміт
Шағын мақаламызда дәлел ретінде алған бұл сөйлемдердің әрқайсысының салмағы мен мемлекет күткен нәтижелері де осал емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел билігін қолға алғалы бұл салаға айырықш аназар аударып, Үкімет пен қатысты министрліктерге үлкен міндеттер артып келеді. Әлемді әбігерге салған коронавирус таралғалы бері Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына айырықша көңіл бөліп, маңызды нұсқаулар берумен қоса, қажетті кезінде Ұлттық қордан қомақты қаржы бөліп, шұғыл жағдайдан тезден құтылуға батыл қадамдар жасай білді. Президент өзінің жолдауларында денсаулық сақтау саласын қағыс қалтырған емес. Соның бір мысалы «ХАЛЫҚ БІРЛІГІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында бір бөлімін осы салаға арнады. «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру» деп аталатын бөлімінде «Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды»- деді Мемлекет басшысы. Вирустың жаңа қатерлері мен онымен күресу жолдары туралы айырықша тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын Ұлттық жүйе құрылуға тиіс»- деді. «Медициналық сараптама жасайтын көптеген зертханамыз халықаралық стандартқа сай емес. «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады. Коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек. Пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалып жатыр. Бұрыннан бар стандартты екпелер көптеген балаларға салынбай қалуда. Әрине, бұған жол беруге болмайды.
Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс. Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан, медицина өнімдерін Зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек. Отандық тауар өндірушілермен жасалатын оффтейк келісім шарттарының көлемін арттырып, өнім түрін көбейту қажет. Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім. 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажет. Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс»- деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент жолдауында көрсетілген нақты міндеттер осыдан бұрын қабылданған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының маңыздылығын онан ары айқындап берді.
Ұлттық жобаның беталысы
«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы өмірге келгелі ең әуелі маңызды құжаттармен бекітіліп, мақсаты айқындалды. Өз ішінен, «Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалаудың қазіргі заманғы моделіне көшу, Халықтың қазіргі заманғы және дәлдігі жоғары зертханалық зерттеулерге қол жеткізуін кеңейту, Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп үшін ғылыми және кадрлық әлеуетті өсіру, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамыту, Халықтың барлық санаттары мен топтары үшін дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысу үшін жағдайлар жасау, оның ішінде халықтың спорт объектілерімен қамтамасыз етілу деңгейін арттыру»- қатарлы маңызды тармақтарды қамтыған жоба қазір жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттің қамқорлығы аясында медицина саласы қызметкерлерінің еңбекақысы кезең-кезеңімен жоғарылап келеді. Мұнан сырт «Міндетті медициналық сақтандыру» мәселесі де өз арнасына түсті. Қазіргі күнде ел халқының 85 пайызға жуығы ММС мен қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта жалғасты жоғарылай береді деген сенімдеміз.
«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасының атқарылуын қадағалау түрлі министрліктерге жүктелгенімен, бұл ауқымды жобаны қолдау, жүзеге асыру жағы жергілікті әкімшіліктермен тығыз байланысты екені анық. Қазіргі таңда елді мекендер мен қалаларда спорт кешендері көбейіп келеді. Бұдан да маңыздысы қалалық жерлердегі тұрғын үйлер ауласында дене шынықтыру құралдарының халыққа қолжетімді бола бастағаны да көңіл қуантарлық жаңалықтың бірі дер едік. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы бұл үрдісте көш бастап тұр. Қаланың әрбір аудандарында бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешендерінің ауласында балалар ойын алаңымен қоса, дене шынықтыру құралдары жаппай қойылып жатыр. Қала әкімшілігі де түрлі спорттық сайыстар мен турнирлерді ұйымдастырып, халықтың салауатты өмір салтын ұстану дағдысын қалыптастыруына ықпал етіп келеді.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының жауапты болуымен 2021 жылы қазан айының соңында «Қолжетімді спорт» жобасы өмірге келді. Бұл бір ғана мысал екенін еске сала кеткен жөн. Ал жыл сайын өткізілетін марафон қазіргі таңда дәстүрге айналып үлгірді.
Біздің бұл айтып отырғанымыз халықтың «Дені сау ұлт» болуға деген талпынысы мен мемлекеттің қолдауының шағын мысалдары ғана дер едік. Ал, Президент міндеттеген ауқымды жобалар алдағы қысқа мерзім ішінде жүзеге асатынына шүбәміз жоқ. Себебі мемлекеттің қолдауы арқасында 30 жыл ішінде 700- ден астам медициналық мекеме бой көтеріп, халықтың сапалы медициналық қызметпен өамтамасыз етілу деңгейі айтарлықтай жоғарылаған.
P/S: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұзақ және салауатты өмір сүру үшін генетика 15%, әлеуметтік факторлар 10%, медициналық жағдайлар 7%, құрамдас бөліктердің 60% жеке тұлғаға байланысты екенін анық айтады. Яғни, денсаулық жеке адамның өз қолында. Денсаулықты басқарудың жаңа тұжырымдамасы адам денсаулығын пассивті басқаруды белсенді басқаруға өзгерту және адамдарға денсаулықты қалпына келтіруге, сақтауға және ғылыми тұрғыдан нығайтуға көмектесу болып табылады. Ендеше «бірінші байлық денсаулық» деген халқымыздың алдағы күндері бұдан да жарқын болсын деп тілейміз!