Үндемей қалуға ықтиярым жоқ

Үндемей қалуға ықтиярым жоқ

Біз алғашқы «Егемен ел болдық» деп жүргенде-ақ ұтылдық. Оңбай ұтылдық. Жаңа мемлекет құру үшін шеттен «жарылқаушы» – инвесторлар іздедік. Таптық. Қу мен қу, сұммен сұм келісіп, аты шулы «Қазақгейт» және басқа да «жарылқаушыларға» жем болдық. Жеке біреудің меншігіне «жем» болғанымызды шетел асқандардан білдік. Яғни өте ықпалды адам өз меншігі үшін бүкіл ел байлығын, қазақ елін тәрк еткен. Бізге шетелдік инвестор – «жарылқаушылар» (әуелі мұнай, содан соң өзге байлықтарымыз): «Сендерге – 10-12 пайыз, бізге – 88-90 пайыз», – деді. Келістік. Солай болды да. (Әрине, бұл арада қитұрқылық, жемқорлық жүрді). Бұл біздегі жай.

 

«Жат жарылқамайды»

Америка осыдан 30 жыл бұрын мұнай-газы  үшін  арабтарға: «Сендерге – 25, бізге – 75» деп шарт қойды. Арабтар келіспеді, керісінше: «Сендерге – 25, бізге – 75» деді. Ақыры арабтардың айтқаны болды. Осылайша 20 жыл ішінде алдыңғы қатарлы ел санатына қосылды. (Ал біз 30 жыл болса да оңала алмай келеміз).Арабтардағы өте бір ерекшелік табысты халқымен тең бөлісуінде. Шынтуайтына келгенде, олардағы өндірілетін мұнай көлемі тек  Ақтау, Маңғыстау мұнайымен шамалас қана. Оларда мұнай мен газдан басқа байлық жоқ десе де болады. Халық саны да бізге жақын. Арабтар өз жұмысшыларына шетелдіктерге қарағанда 3-4 есе көп төлейді. Ал бізде бәрі керісінше, әуелі шетті жарылқайды, содан соң барып қалғаны біздің жұмысшыларға тиеді. Оларда араб азаматтығын алу өте қиын. Яғни сол елде ондаған жыл шартты түрде тұруға тиіссің. Онсыз араб азаматтығы берілмейді. (Бізде бәрі басқаша. Мәселен, Қытайдың геноцидтік азаптауынан қашып шыққан қандастарымызға азаматтық бермедік. Олар шетелді паналауға мәжбүр болды. Мұхит асып кеткендері де бар. Ал бүгінде Ресейден 100 мыңдаған орыстарды визасыз ішімізге кіргізіп, азаматтық беріп отырмыз, ақыры не боларын Аллам білсін!.. Өз ел, өз жерімізде өгейдің,  азшылықтың күйін кешіп, тілімізден, ділімізден айырылып, ұлт ретінде жойылып кетуге шақ қалып едік қой, енді қазақ боламыз ба деп келе жатқанда шовинистік аурумен ауыратын орыстардың ноқтасын өзіміз киіп алуымыз қалай? Украинамен  соғыстың түп негізі осында жатқан жоқ па? Өз қандасын аямаған орыс бізді оңдыра ма? Атам қазақ «жат жарылқамайды»деген.

Айтпақшы, 1992 жылы «Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайында экс-президент Н.Назарбаев: «Біз Араб елдерінен де жақсы тұратын боламыз. Олардың елінде мұнай ғана болса, бізде Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар, бай елміз. Араб балаларының кәмелетке толғанда есебінде 20 мың доллары болса, ал біздің балалардың жинағында 200 мың доллары болатын болады» деген. Иә, сол кезде адал ниеттегі президент ақ сөйлеген болатын. Ал бүгінде, ақырында не болды?! Ұлылар адамзат баласына бағаны ақырымен бағалаған. Өткен тарихта, өзінің дәуірлеп тұрған кезінде Құдірет, Пайғамбар саналған небір диктаторлар  дәуірі өтіп, талқаны таусылған соң ешкімге керегі болмай, халықтың қарғысына қалған. Ақырымен бағаланған. «Алла, ақырыңды оңда» деген ақылман сөз содан қалған.

Бізде еш жерде тіркелмеген, былайғы жұрт біле бермейтін, есепке алынбайтын, тек «Құдіреттілер» еншісіне ғана жататын өте бағалы, әлемде еш елде кездеспейтін, тек біздің елде ғана шығатын, ең құнды – осми  және  ренни  деген,  әр грамы 100 мың долларға бағаланатын өте қымбат металл бар.

Табиғи ресурстарымыз көп, қазба байлықтарымыз мол ел бола тұра халқымыздың кедей болуы қай тұрғыдан алсақ та кешірілмес күнә... Зауалы құныққан жемқорларға.

Әңгіме ғалым-экономист Мырзагелді Кемел айтқандай: «Қоғам үшін оқымаған наданнан оқыған надан қауіпті» болып тұр ғой... 

 

«Жер, жер және жер. Өйткені жерсіз Отан жоқ, Жерсіз мемлекет болмайды» 

(Әлихан Бөкейханов)

 

Ұлы Абайды дүниеге әкелген кемеңгер  меценат, дана Құнанбай да: «Ел өседі, мал өседі, Жер өспейді» деген. 

Расул Жұмалы, саясаткер:  

 «Жер – кез келген мемлекет үшін өте киелі ұғым. Екіншіден, жер дегеніміз – егемендіктің, дербестіктің бірден-бір негізі. Ол жерге кім иелік етеді, кім иемденеді? Мемлекеттің де болашағы соған байланысты. Сондықтан әлемнің көп мемлекеттерінде, ол Еуропа болсын, Араб елдері болсын, шетелдіктерге беруге тыйым салынған. Мысалы, Араб әмірліктеріндегі тәртіп мынадай: қандай да бір шетелдік компания жұмыс істеу үшін немесе бірлескен компания ашу үшін сол компанияның бақылаушы акциялар пакеті Араб азаматтары қолында болуға тиіс. Кемінде 51 (одан да көп) пайыз әмірліктің меншігінде болу керек. Әуелі өз азаматтарының құқығы қорғалады».

Жасырары жоқ, бүгіндегі ең өзекті, тіпті тәуелсіздігімізге қауіп, «күйіп тұрған»  жай Жер мәселесі болып тұр.

«...Қазіргі қазақ ұлты ежелгі көшпелі мемлекеттің заңды тұлғасы ма, жоқ па? Скиф, сақ, ғұн, түркі құрамаларының бізге қандай қатысы бар? Егер мемлекеттік негізімізді одан бастамайтын болсақ, онда тарихымыздың өркенін өз қолымызбен кесіп тастағанымыз». 

Ұлы бабамыз сан мыңдаған жылдар бойы жерін, елін жаудан қорғап, егемендігі үшін күресіп келген. Қазіргі біз ие боп отырған ұлан-ғайыр жерімізге көреалмаушылықпен көз тігетіндер көп. Тек жеріміздің кеңдігіне ғана емес, байлығына да шовинистік – басқыншылық пиғылда әсіресе алып көрші  Ресей мемлекеті ұлы Абай айтқандай: «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» демекші, өзімізше текке жатқан елге Жириновский, Никонов, Федоров сияқты «иттерін» үргізіп, Путин идеясын өзгелердің аузымен айтқызып келеді. Астықты, ең шұрайлы солтүстік облыстарымызға ауыз салу ниеттерін де білдіріп: «Қазақтарға сыйға бергенбіз» деуі – орыстардың таза басқыншылық ниетін білдіруі. Тіпті алты аласы жоқ айдаладағы армян Кеосаянды қарғыбауымен тісін ақситып, ырылдатып  «ендігі кезек сендердікі» деп айтқызуын қалай түсінуге болады? Саясаткер Задыхан Қинаятұлы: «Путин Кеңес Одағы ыдырауын орыстың құлдырауы деп түсінеді. Олар империя құрудың жаңа жолын іздестіруде», – дейді. Бұл пиғылын өзі де әрдайым ашып айтып жүр. Бұған Украина – Ресей соғысы мысал. 

Иә, Ресей о бастан-ақ басқыншы, шовинист халық. Орыстар бұған дейін де Молдовада Денестр жағалауы аумағын, Грузиядан Абхазия мен Оңтүстік Осетинді, Украинадан Қырым татарларының жері – Қырым түбегі мен Семфоропольді тартып алған.

Кезінде Гитлер де 1938 жылы Чехославакияның немістер көп тұратын Судет облысын қосып алған болатын. Гитлер мен жұрттың «Путлер» атап жүрген Путиннің бүгінгі басқыншылық әрекеті кездейсоқтық па, әлде шын мәніндегі ұқсастық па?..

Кейде «осы жерімізге өзгелердің көз алартуына, басып алу ындынының оянуына өзіміз себепкер болып жүрміз-ау» деп ойлаймын. Өйткені өзге емес, білдей мемлекет басшысының өзі Н. Назарбаев Мәскеуде өткен «Селигер – 2014» жастар форумына қатысып,  сөз сөйлегенде: «..Ешуақытта қазақта мемлекет болған жоқ, себебі шекара болған емес», – деп салды. Мұны іліп әкеткен сұм Ресей президенті: «Ол (Н. Назарбаев) ерекше нәрсе жасады. Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақстанда ешқашан мемлекеттілік болмаған», – деді. (Мұндай сұмдық сөзді Назарбаев өз елімізде де бірнеше мәрте айтқан болатын).

 

«Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек? 

Адалдық, адамдықты кім теңгермек?! 

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек».       

(Абай)  

 

Міне, осыдан кейін себеп таппай отырған орыс шовинистері өрекпіп: «Әне, Президентіңнің өзі айтып отыр ғой, «қазақта мемлекеттілік те, шекара да болмаған, солтүстік облыстар біздікі» деген құзғындық пиғылын ашық айта бастады. «Ана иттеріңді үргізе бермей, тыйып ал, бүкіл бір ұлтты, қазақ елін олай қорлауға болмайды ғой» деп орыс патшасына бір ауыз сөз айтуға немесе наразылық нота жолдауға өреміз жетпеді. Міне, қорлық! Міне, құлдық сана!

Мұндайды Италия ойшылы Н. Макиавелли: «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген құштарлықтан, патриотизм мен  имандылықтан айырылып, көнгіш, жалтақ, тілалғыш, жағымпаз болады», – деген.

Жер мәселесінің билік пен халық арасында саудаға салынып, айтыс-тартыс болғанына 20 жылдың шамасы боп қалды. Елбасы, биліктегілер «жерді шетке сатамыз, жалға береміз» дейді. Халық: «Жоқ, жерді сатпаймыз да, жалға да бермейміз. Жер – Ана, Жер халықтікі. Ата-бабамыз жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен қанын-терін төгіп қорғап, ұрпақтарына  мұра   етіп қалдырған. Сондықтан жер шетке сатылмайды, жалға да берілмейді», – деп, Атыраудан бастау алған наразылық жер-жерді қамтыды.  Билік митингке шығып бас көтерген Макс Боқай мен Талғат Аянды соттап та жіберді.

Жер жайындағы мәселе шешілмей, қайта-қайта 5 жылдан кейінге шегеріліп, мораторий жарияланып келеді. Мұнда билік тарапынан бір қитұрқылықтың бары анық.

Иә, Президентіміз Қ.Тоқаев «Жер шетке сатылмайды, жалға да берілмейді», – деді. «Енді не керек, халық талабы орындалды ғой, неменеге тағы да жер мәселесі шешілмей, 5 жылға мораторий жасалынып, кейінге шегеріле береді?» – деген заңды сұрақ туады жұртта. 

Әңгіме төркіні әріде. Жарайды, бұдан былай шетке жер сатылмай, жалға да  берілмей-ақ қойсын. Ал бұған дейін беріліп қойған жерді қайтпекпіз?  Гәп сонда... 

 

Ата Заңның 

26-бабы халыққа қызмет ете ме?

 

Енді жер жайындағы істің мән-жайына барар болсақ:

Қазақстан Экспорттық Қызметтің ҚазЭкспорт Президенті, философия докторы, Европа Табиғи ғылымдарының академиясы және Академия орталығының академигі Досмұхамет Нұр-Ахмет  Қазақстан Республикасы Конституциясының бірнеше бабтарымен оның тармақтарының халық игілігі үшін еш үйлеспейтінін, әсіресе Конституцияның 26 бабын және оның қитұрқы тармақтарын дұрыстап редакциялап, өзгерту керектігін айтады. Бұл жайды көптеген ғалым-экономистер, эксперттер, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері қуаттап, «Билікке беруге болмайтын екі нәрсе бар: біреуі – адамдардың құқығы мен еркіндігі: екіншісі – ЖЕР» деген тұжырымға келді.

Арыдан тарқатып айтар болсақ: 

Мақсат Қалыбаев, қоғам зерттеушісі, мемлекет қайраткері:

«1993-94 жылдары еліміздің колхоздары мен совхоздары таратылып, жекешелендіру барысында астықты алқаптарының ең шұрайлы жерлерінің 80 %-ын: 

С.Терещенко – 7 млн га,  С. Кулагин – 4,5 млн га, Л.Батурина (Мәскеудің бұрынғы мэрі Ю. Лушковтың әйелі) – 3,7 млн га, В.Розинов – 1,5 млн гектар т. с. с. латифундистер өзара бөліп алған болатын. Оның үстіне жыл сайын біздің үкіметтен бөлінетін субсидияның да 86 пайызы солардың еншісіне кетеді». Ал, түсініп көр... Былайша айтқанда, қолымыздағы нанымызды Ресейге беріп, солардан сатып алып отырмыз. Бұл аз болғандай, біз оларға сол нанды өндіру үшін бар субсидияны да соларға беріп отырмыз. Бұл барып тұрған сатқындық. Бүгінде көз алартып, «Жерді сендерге «сыйға» бергенбіз. Солтүстік облыстары Ресейдікі» деп, бар астықты аумақтарымызды бауырына басып отыр. Енді екі арадағы туындап отырған геосаяси  дүрдараздыққа да осы жай себепкер болып отыр. Ресей тарапы оқтын-оқтын басқыншылықтың шетін шығарып та жүр. Айналып келгенде, жер жөніндегі сенофобияға сонау 90-жылдардағы экс-президент себепкер екені аян.(Әрине, сонша жерді латифундистерге  тегін бермегені онсыз да белгілі). Мұны біреу білсе, біреу біле бермейді. Жер жөніндегі мәселенің шешімін таппай қайта кейінге шегеріле беруінің бір себебі осыдан. Яғни олар – латифундистер осы миллиондаған гектар астықты аумағымызды заңдастырып алу әрекетінде жүргені белгілі. Бұл жайды экономика ғылымының докторы Тоқтар Есіркепов, ғалым-саясаткер, экономистер  және басқа қоғам қайраткерлеріміз  растап отыр. Бірақ Президентіміз Қ.Тоқаев жер жөнінде Ресеймен арада еш алаңдаушылық жоқ екенін айтты.

 

«Ақырзаманды» Қытай әкелсе, не болмақ?

Енді Қытай көршімізге келейік (Әділ Ақылбай):

«Қытай билігі Қазақстанның 34 мың шаршы шақырым «даулы» жеріне таласуды бастады... 

Ақыры 1994 жылы экс-президент Қытайдың ығына жығылып, Қазақстан жерінің 946 шаршы шақырым жерін бере салды. 1997 жылы тағы да 407 шаршы шақырым территориямыз Қытай иелігіне өтіп кетті. Сөйтіп, экс-президент, Елбасы Н. Назарбаев қазақ-қытай шекарасын  демаркациялау  туралы келісімге «қол жеткізді». Бірақ бұл құжат еш жерде ашық түрде жарияланған жоқ. Содан секемденген Қазақстан қоғамы Қытайға, шындығында, бірнеше мыңдаған шаршы шақырым жер берілуі мүмкін деген күдік білдірді».Жер жөніндегі мораторийдің тағы 5 жылға шегерілуінің бір себебі осы болу керек, сірә. (Әңгіменің ашығы, тағы 5 жылға созылған мораторий біткен соң болмақ). «Қазақты қарызға батырған қытай не жеріңді алады, не жаныңды алады» дейді білетіндер. Сондай-ақ, ел арасында «ақырзаман» аталып кеткен қытайдан көшіріліп әкелінетін, «қытайландыру» жымысқы саясатындағы 51 зауыт орнатылып, ішімізге жегіқұрттай дендеп енбек. Бұндай жай қырғыздарда да болған. Алайда олар қытай экспансиясына қарсы дүлей екпінмен қарсы тұрып, елінен қуып шықты. Президентін тақтан тайдырды. Біздің елімізде ондаған қытай, жүздеген бірлескен компанияларда қытайлар мыңдап саналады. Сөйтіп, Қытай экспансиясы бізді мықтап жаулап алу саясатын ұстанғанын анық аңғаруға болады. Айналып келгенде, бұны жемқорлық  кесірінен болған келеңсіздік десе де болғандай. Мұны біздің ескі режимді жақтаушы, билік жолбикелері: «Назарбаев мемлекетіміздің алғашқы іргесін қалаған, шекарамызды шегендеп бекітіп беруші» деп дәріптеп келе жатыр. (Шекараны бекітіп, шегендеп берген сыйқы осындай). 

Ал шын мәнісінде біздің автономиялы мемлекеттілігіміз ХХ ғасырдың басында құрылып, шекарамыз шегенделіп,бекітілген болатын. Алаш арыстары Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков, А.Байтұрсынов  болып, 1920-24 жылдары  дәйекті  деректерді алға тартып, жан алысып, жан берісіп жүріп қорғап, пролетариат көсемдері Ленин мен Сталинге қол қойғызып, автономиялық республикамыздың шекарасын бекітіп, шегендеп алған болатын. Бүгінде осы алаштықтар әперген жеріміздің 15 пайызынан айырылып қалдық. Біраз аумағымыз Ресейге өтіп кетті.

Мұндайда Джавахарлал Нерудің «Отаршылдар дайындаған кадрлар – ұлттың ең зияндысы» деген ұлағатты сөзіне иланбасқа амалың жоқ...

Абыз ағамыз Шерхан Мұртаза: «Әлемнің картасы ауысты. Ел мен жер талан-таражға түсті. Тоналғандар жерсіз қалды. Көз жасы, қан төгілді. Жетім-жесір, аш-жалаңаш. Соғыстың аты – бақай есеп. Дүние дүрбелең. Мықты дейтін елдердің өзі мазасыз. Шаңырағы шайқалып тұр. Адамдық пен надандық арпалысқан заман. Алла надандықтан сақтасын! Тектілік пен тексіздік текетірескен қоғамда Тәңірі тексіздіктен сақтасын! Көрегенділік пен көргенсіздік кескілескен кезеңде Құдай көргенсіздіктен сақтасын!» – дейді  түңілчгеннен. 

Оян, Қазақ, елің, жерің талауда болса, күнің не болмақ?! «Ұйқыдағы ұлттар түбі құрып тынады, не құл боп оянады», –  деген Мұстафа Кемел Ататүрік. Ойлан!.. Оян, қазақ!

 

Президентті тыңдамаған 162 олигархты не істейміз?

«Пара – өткелсіз көпір, өшпес өрт!

Жемқорлық – ұятсыз өмір,  жазылмас дерт!

Екеуіне де өлім серт! 

Құны – қанжығада»       

(Әз Жәнібек)

 

Отыз жыл бойы елді жемқорлық жайлап, дендеп алған кеселдің кетуі оңай боп тұрған жоқ. Ел президенті бұл кеселмен күресіп-ақ жатыр. Алайда жетпіс басты аждаҺаны алу оңай соғып тұрмағаны анық. Бүкіл ел байлығын бауырына басып алған үйірлі әулет пен оның айналасындағылар берілер емес. Президент ең ірі деген 162  олигархты жинап алып, арнайы есепшот ашып: «Осыған дейін халықты қанап,тойынған шығарсыңдар, енді халық үшін арнайы шотқа ақша аударып, қылмыстарыңды жуыңдар», – деді. Бірақ құныққан безбүйрек Отансыз-опасыздар селт етпеді. Рас, күнделікті қалтасында жүрген ақшадан сартмезірет еткендер болды. Бірақ ол ақша шетел банктегі ақшаның теңізге құйған тамшысындай ғана еді. Яғни өз есебіндегі миллиардтардың мұрты да бұзылмады. Сірә, халық қорына әуелі «Бас Аждаһа» салсын деген болу керек, әзір аса ештеме өніңкіремей тұр... Ал «Бас Аждаһа» ешнәрсені қаперіне алмастан әлемді шарлап қос қанатымен ұшып жүр. Осы жемқорлықтың салдарынан қазақ еліне, оның мемлекеттілігіне қатер төніп, «Қаңтар қасіретіне» себепкер, яғни басты күнәһар өзім ғой деген ой қаперіне де кірген жоқ «Бас Аждаһаның». Мейлі, «Зауалы Құдайдан болсын!» деп, опынғаннан басқа шарасы болмай отыр қара халықтың. Ендігі үмітті «Жаңа Қазақстаннан» күтуде.

Ел президенті Қ. Тоқаев: «...халық наразылығының астарында өткір әлеуметтік мәселе жатыр. Халықтың көбінің әлеуметтік жайы төмен. Бұл – ақиқат. Мемлекеттің тұтас байлығы аз ғана топтың қолында. Теңсіздік белең алуда. Наразылықтың түп-тамыры осыдан басталды», – дей келе: «...Шетелге заңсыз шығарылған ақшаны елге қайтаруға тиіспіз», – деді.   Қара халықтың да күткені осы. Бүгінде аждаһалардың халықты 30 жыл бойы тонап, шетке салған ақшаларды елге қайтару қарекетінде арнайы комиссия құрылып, нақты іс-шара қолға алынды. Бұл жай тікелей ел басшысының қадағалауында. Бұл Жаңа Қазақстанның  Демократияны, Ашықтықты, Шындық пен Әділеттілікті орнатып, шын мәніндегі Тәуелсіз Ел болатындығының шынайы көрінісі деп қабылдағанымыз жөн. Ләйім солай болғай!

Жер-Анамызға, оның қазына-байлығына өзіміз ие болып; жақсы басшы арман болмай, қазіргі ел басшысының: «...Біз үшін жалғыз ғана мемлекет бар, ол – Қазақстан. Бұл – біздің қасиетті Отанымыз. Басқа Отанымыз жоқ. Отанын қорғау, халқының амандығын сақтау – әр азаматтың борышы. Оны ұмытпауымыз керек», – деген сөзі әрбір қазақтың бойтұмары болғай. Ләйім, қазағыма өз Отанында, шынайы қоғамда өмір сүруді нәсіп еткей!

Иә, қай кез, қай заман болсын, ұлылар ұлағатын аманат етіп тұтынар болсақ, ешнәрседен ұтылмасымыз анық. Сонда ғана Жаңа Қазақстанның салтанат құрары хақ!

 

Цензура  –  шідер тұсау. Соған қарамастан, өткен ғасырдың пролетариат жазушысы Максим Горькийдің «Үндемей қалуға ықтиярың жоқ нәрсені жаз»; сондай-ақ, Бауыржан Момышұлының «Өтіріктің балын жалағанша, шындықтың уын ішіп, өле ғал», – деген ұлағатын ұстандым.

 

Тұрсынтай ҚАЛДАРБЕКОВ, зейнеткер, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы
30.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 68
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 592
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 707
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 621
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 631

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8764
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8163
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11392
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9146
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10377