Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың болашағы

Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың болашағы

Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның алмасуымен қатар, ақпарат ағынының тасқындаған ғасырында ұлтты және ұлттық құндылықтарды, ең бастысы, жас ұрпақты тәрбиелі де саналы азамат ретінде сақтап қалу өте күрделі мәселе болып отырғаны белгілі. Қазіргі таңда шын мәнінде қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларға, орын алып жатқан орны толмас қайғы-қасіреттерге қарап еріксіз осылай демеске амалымыз жоқ.

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналы, республикалық әлеуметтік-қоғамдық «Елана» ақпараттық агенттігі саяси партиялармен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен «Ауыл – ел бесігі» атты дәстүрлі экспедициясы Жамбыл облысында өз жұмысын тәмамдады. 

Еліміздің барлық аймағында негізінен жылына екі рет өтетін экспедиция биыл бағытын тағы бір үлкен мәселеге бұрды. Ол – ұрпақ тәрбиесін қолға алу, ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды идеология деңгейінде насихаттау. 

Сол мақсатта, осы ауқымды бастаманың аясында Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен аймақтың барлық ауданында «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» атты көшпелі «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. 4 мамыр күні Жамбыл ауданынан басталған іс-шара 15 мамыр күні Тараз қаласында түйінделді. 

 

Жамбыл ауданы: Келешегімізді жастарға сеніп тапсыра аламыз ба?

С.Мешітбайқызы «Ел аманаты: Ауыл – ел бесігі» экспедициясы аясында алдымен Жамбыл ауданына аялдап, ұстаздар қауымымен жүздесті.

 

Алдымен Сәуле Мешітбайқызы аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлымен жүздесіп, бүгінгі сапардың мақсатына тоқталып, М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінде ауылдық округ әкімдері мен аудан ұстаздарымен жолықты.

Сәуле Мешітбайқызы аудан халқына, ауданда атқарылып жатқан игі істерге, ел игілігі үшін қызмет атқарып жүрген басшыларға ризашылығын білдірді. Қоғамдағы орын алып жатқан жайттарға, бүгінгі адамдардың көзқарасына, ұлт, бала тәрбиесі туралы салмақты сөз сабақтап, емен-жарқын әңгімелесті.

Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен қолға алынған көшпелі «дөңгелек үстелге» Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызы, Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев және аудандық ардагерлер кеңесінің, ата-аналар комитетінің өкілдері, мектеп директорлары, олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және бала, оқушы тәрбиесіне қатысы бар өзге де азаматтар қатысты. 

Жамбыл аудандық Өнер мектебінің үлкен залында өткен «дөңгелек үстелдің» басында арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Онда соңғы уақытта елімізде, оның ішінде Жамбыл облысында да кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс санының күрт артып келе жатқаны айтылады. 

Сәуле Мешітбайқызы жоба жетекшісі ретінде ұрпақ тәрбиесінде сүйектен өтер сөздерін айтты.

 

– Біздің газеттің ұраны – «Келешек үшін бәріміз жауаптымыз!». Сол айтпақшы біздің кеешек қандай болады, алда не күтіп тұр, бүгінгі ұрпаққа дұрыс тәрбие бере алмасақ елдің ертеңгі күнін оларға қалай сеніп тапсырамыз? Сондықтан билік, халық болып бөлінбей келешекке біртұтас халық болып жауаптымыз. 

Мен сіздерге үлкен өтінішпен келіп отырмын. Ұрпақтарыңызға ие болыңыздар. Тіл де, ұлттық құндылық та, тәрбие әр отбасында. Жауапкершілік әр ата-анада. Тілді, ұлтты өздеріңіз сүйсеңіздер, бала сізден асып ешқайда кетпейді, – деді С.Мешітбайқызы.

«Дөңгелек үстелдің» модераторы болған Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасына қарасты Ш.Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі» КММ-сі директорының орынбасары, облыстық қоғамдық Ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев та өзінің орамды ойларымен бөлісті. 

Ал облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева да басқарманың тәрбие бағытындағы қолға алынып жатқан жұмыстарына тоқталды. 

Жиынға қатысушылар арасынан да ортаға шығып өз ой-пікірін білдірген азаматтар көкейдегі көп дүниені бөлісті.

«Дөңгелек үстел» барысында аудандық ата-аналар комитетінің төрайымы Ғаниза Еркебаева, сондай-ақ аудан жастарының өкілі, мектеп психологы да ортаға шығып, тақырыпқа қатысты ойларын ортаға салды. 

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев түйіндеп, келген қонақтарға, осындай жаңа бастама көтеріп, жаңа жобамен жолға шыққан отырған Сәуле Мешітбайқызына үлкен алғысын білдірді.

 

 

Жуалы ауданы: Отаншыл болу отбасыдан басталады

Адам – ұрпағымен, ағаш – тамырымен мықты, адам ұрпағымен мың жасайды дейтін болсақ, ертең елдің тұтқасын ұстауға тиісті өз кіндігімізден тараған ұрпаққа дұрыс бағытта тәрбие беру ол ең алдымен өзімізге байланысты дүние. Сондықтан бұл мәселеде сол ұрпақты тәрбиелеуші ата-ананың ұстанымы мен жауапкершілігін бірінші орынға қою керек сияқты. Қазіргі таңда қоғамда жасөспірімдерге қатысты орын алып жатқан кейбір келеңсіз жайттарға ең біріншіден ата-аналар қауымы, содан кейін барып қоғам жауапты. Бұл ретте ата-ана мен мектептің, қала берді қоғамның бірлескен әрекетін үйлестіру маңызды болып отыр.

Ауданымызда ұрпақ тәрбиесіне, оның ішінде, мектеп оқушыларының тәрбиесі, оларды Отаншыл етіп өсіру турасында былтыр көптеген іс-шаралар өткізілді. Мұның маңызы ерекше. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты осындай маңызды тағы бір жиын өткен аптада аудандық «Достық» мәдениет үйінде ұйымдастырылды.

«Ұлттық идеологияның қайнар көздері» деп айдар тағылған іс-шараның барысында жас ұрпақтың, оның ішінде, мектеп оқушыларының отбасындағы және мектеп қабырғасындағы тәрбиесі мен тәртібі, қоғамдық орындардағы жүріс-тұрысы, тағы басқа маңызды мәселелер кеңінен талқыланды.

Айта кету керек, аталған кездесуге ата-аналармен бірге, аудандық білім бөліміне қарасты мектеп директорларымен қатар, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сонымен қатар, аудандық ардагерлер, қоғамдық, билер, әкелер кеңестерінің төрағалары және мүшелері жиынның ортасынан табылды. 

Жиынға Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбаеваның арнайы келіп қатысуы да кездесудің маңызы мен салмағын арттыра түскендей.

Жиынның алғашқы сөзі аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді. 

– Сәуле Мешітбайқызы сексен жасқа таяса да елдің жастарына үлгі-өнеге боларлықтай ұлттың қажетіне жарарлық ауқымды жұмыстарды атқарып, бойындағы қажыр-қайратын, білімі мен ақыл-парасатын сарқа жұмсап, ел болашағына қызмет етумен келеді.

Осындағы отырған жалпы жұртшылықты, оның ішінде, жас ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар қауымын осы мәселеге баса мән беруге шақырамын, – деді Жалғас Әлижанұлы.

Жиынның алғашқы сөзі ҚР Журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызына берілді. Спикер өз кезегінде «ХХІ ғасырдағы тәрбиенің ерекшеліктері» тақырыбында баяндады. 

– Бала – біздің бауыр етіміз, бала – байлығымыз. Өздеріңіз сияқты мені де балалардың болашағы мен ертеңі қатты толғандырады. Қазір мен Қазақстанның барлық облыстарын аралап жүрмін. Бүгінгі кездесуге де қатысуымның бірден-бір себебі де осында жатыр

Әлеуметтік желілерде жаман ақпараттар желдей есетінін жақсы білесіздер. Жамандықты жариялауға неге құмармыз осы. Осыған тыйым болатын кез келді. Әлеуметтік желінің әлегі бүкіл қоғамға кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесінде әлеуметтік желінің кері әсерінен арылуымыз қажет. Бірлесіп атқаратын, қоғам болып жұмылатын жұмыстар өте көп. Оларды ақылдаса отырып атқаруымыз қажет, – деді Сәуле Мешітбайқызы.

Одан бөлек, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева өз кезегінде «Отбасы құндылықтары: өзектілігі және шешу жолдары» тақырыбында баяндама оқып, аудиториямен кеңінен ой бөлісті.

Иә, бала тәрбиесіне қатысты алқалы жиында көп мәселелер айтылды. Атап айтқанда, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев, ардагер ұстаз Әбілқасым қажы Ергебеков және «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы, аудандық билер кеңесінің мүшесі Сейітқазы қажы Медетбек жас ұрпақтың тәрбиесіне байланысты өмірден көрген-түйгендерін және бұл турасында ата-аналардың және қоғамның тарапынан кетіп жатқан қателіктерді де ашық айтты. 

 

Талас ауданы: Салт-дәстүрлерімізді ұлықтау - ұлттық тәрбиенің негізі

Қазір елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыс санының артып отырғаны жасырын емес. Мәселен, Жамбыл облысының өзінде былтыр кәмлетке толмағандар арасында 128 қылмыс тіркелген, бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 54,2 пайызға артып отырғанының өзі көп сырды аңғартса керек. Бұл көрсеткіш басқа өңірлерде де көңіл көншітпейді. Жуырда әлеуметтік желіде бірін-бірі аяусыз тепкілеген, қорлаған жантүршігерлік көрністердің куәсі болдық.

Ендігі кезекте осы балаларымызды қалай тәрбиелейміз, оларды дұрыс жолға бағыттаудың айла-шарғысы қандай, не істелмек керек?

Міне, осы түйіткілді сауалдарға ауданда өткен «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» атты Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен өтетін көшпелі дөңгелек үстел барысында нақты жауаптар берілді.

Қаратау қаласындағы Балалар өнер мектебінде  өткен алқалы жиында алғаш сөз кезегін алған аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков бүгінгі «дөңгелек үстел» барысында қозғалатын тақырыптың маңыздылығына тоқтала келе:

– Ұлттық құндылықтарымызды, бабалар дәстүрін  сақтау, әсіресе кәзіргідей жаȟандану дәуірінде үлкен маңызға ие болып отыр. Біз ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау арқылы ұлттық сананы сақтап қала аламыз. Сондықтанда біз ана тіліміз бен төл тарихымызды, мәдениетіміз бен қалыптасқан салт-дәстүріміздің ырыс-құтын қашырмауымыз, – керек деді.

Бұдан әрі сөз Қазақсатнның еңбек сіңірген қайреткері Сәуле Мешітбайқызына берілді.

– Биылғы дөңгелек үстел тақырыбын «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» деп алып отырмыз. Мұндағы негізгі мақсат – ұлттық тәрбиенің рөлін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау арқылы ұрпақ тәрбиесіне басымдық беру, әкелер мектебін қалыптастыру.

Қазақ «ұят болады», «обал болады» деген екі-ақ сөзбен ұл-қыздарына тағылымды тәрбие беріп келген. Халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы тұнып тұрған тәрбие, – деді Сәуле Мешітбайқызы.

Біздің елімізде бала тәрбиесі, оқушылартәрбиесінің ақсап тұрғанын несін жасырайық. Жүгенсіздіктің соңы ұлдардан өтіп, қыздарға жетті. Қызға қырық үйден тыйым салатын қазақ күнкөрістің қамымен күйбең тіршіліктің соңында кетті.

Мәселен, Талдықорған қаласындағы білім ошақтарының біріндегі қыздар төбелесі, Өскемен қаласындағы сауда орталығының әжетханасындағы екі-үш қыздың қатарласын аяусыз соққыға жығуы, Қазалы ауданындағы бір баланы бірнеше баланың тепкілеп жатқан әрекеті де былайғы жұртшылықты шошытты.

Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады?

Егер билік ұлттық идеологияны тез арада қолға алмаса, ұрпақ тәрбиесіне барынша ден қоймаса онда әлі талай келеңсіз жайлардың куәсі болатынымыз анық. Сондықтан  ұрпақ мәселесіне барынша мән беріп, тіл мен дінге, ұлттық құндылыққа көңіл бөлгеніміз абзал, – деді Сәуле Мешітбайқызы

Аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов,аудандық ата-аналар кеңесінің төрағасы Ілес Нұрұлы, Д.Қонаев атындағы орта мектебінің  директоры тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Түменбаева, «Жастар ресурстық орталығының»  директоры Нұрсұлтан Манатбек  тақырып аясында әнгіме қозғап, ой бөлісті. Залда отырғандар арасынан да осынау келелі тақырыпқа қатысты пікір білдірушілер қарасы мол болды.

 

Сарысу ауданы: Отбасы, балабақша, мектеп бірлескенде ғана бар қиындықты жеңеміз

Еланасы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің Бас директоры, Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облсының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызы Сарысу ауданында да болды.

Сәуле Мешітбайқызын аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов қабылдап, ауданымызда атқарылып жатқан өрелі істер туралы айтты.

Келелі кездесуден кейін аудандық мәдениет үйінде қойылған көрмені тамашалаған Сәуле Мешітбайқызы және қонақтар «Ұлттық идеологияның қайнар көзі» тақырыбында сарысулықтармен кездесу жиынын өткізді.

Кездесу жиынды Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы Ш.Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі» КММ-нің директорының орынбасары, Облыстық қоғамдық ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев жүргізді.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, мектеп басшылары, ұстаздар және жастар қатысты.

Өз сөзінде Сәуле Мешітбайқызы еліміз үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін тағы басқа да ұлттық құндылықтар аясын кеңейту, қазіргі таңда ең өзекті мәселе болып тұрған жас ұрпақ тәрбиесі туралы кеңінен айтты.

Сонымен қатар жас ұрпақтың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру үшін отбасы, әулет, әлеуметтік орта, мемлекет болып атсалысу керектігіне, отбасы құндылықтарын баланың бойына дарыту, дұрыс тәрбие беру, баланың өзінің өсуі, есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де, көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс екендігіне, жат қылықтардан аулақ болу керектігіне тоқталды.

Бұдан кейін сөз сөйлеген азаматтар да отбасы тәрбиесіне, рухани құндылықтарды қалыптастыруға қоғам болып қазірден бастап белсене атсалысу керек екендігін сөз етті.

Жиынға қатысушылар Сәуле Мешітбайқызына тақырыпқа байланысты көптеген сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.

 

Байзақ ауданы: Форумда әлеуметтік желінің зияны баса айтылды

Аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызының қатысуымен «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» тақырыбында форум өтті. Форумға аудан ардагерлері, ауыл, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ұстаздар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Форумға қатысушылар мәдениет үйіне кіре берістегі аудан қолөнершеберлерінің көрмесімен танысты. Сонан соң ЛЕД экраннан бала тәрбиесіне байланысты бейнеролик көрсетілді.

Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» тақырыбында өткен форумда нақты жауаптар берілді. Аталған экспедицияның 15 жылдан бері еліміздің барлық аймақтарында болып, атқарылып жатқан игілікті істер мен келеңсіз жағдайларды газет бетінде тұрақты жариялап келе жатқанын жақсы білеміз. 

Форум жұмысын аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов кіріспе сөзбен ашып, осындай  келесі кездесу, форумдар облыс әкімінің қолдауымен барлық аудандарда өткізіліп жатқандығына тоқталды. Аталған форумды өткізуге «Ел Ана» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dayuiri» халықаралық  газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының басшысы Сәуле Мешітбаева бастамашы болып отырғандығын атап өтті.

Форумда сөз алған Сәуле Мешітбайқызы «XXI – ғасырдағы тәрбие ерекшеліктері» тақырыбында көсіле сөйледі, қоғамдағы орын алып жатқан келеңсіз жайттарға, бүгінгі адамдардың көзқарасы, ұлт, бала тәрбиесі туралы салмақты сөз сабақтады.

– Әлеуметтік желі деген «тажал» болып тұр. Онда оңды-солды сөйлеп, ел мәселесін сырттай өздері «шешіп» жататындар бар. Небір жағымсыз, теріс әрекеттерге итермелейтін мәселелер көрсетіледі. Күйеу іздеген қыз, қыз іздеген жігіт туралы «Қосылайық», «Қалаулым» деген бағдарламалар бар. Мұның қандай тәрбиелік мағынасы бар? Қазақтың өрімдей қызы үшін ұят-ақ. Әрине мұның артында ақша тұр. Ал осы әлеуметтік желі дегенмен күресуіміз керек, – деді Сәуле Мешітбаева.

Форум жұмысы барысында қаралып отырған өзекті мәселеге байланысты басқада бірнеше азаматтар өз ойларын жеткізді. Сұрақтарын қойып, оған жауап алғандарда болды.

 

Т.Рысқұлов ауданы: Реформалармен мектепті сынақ алаңына айналдыруға болмайды

Т.Рысқұлов ауданының орталығы Құланауылындағы Өнер мектебінде өткен «дөңгелек үстелде» Сәуле Мешітбайқызы ардагер ұстаз ретінде бүгінгі оқушылар арасындағы қылмысты азайту, ата-ана мен мектеп ұжымының бала тәрбиесіндегі рөлін айқындау, смартфонға байланған баланың бетін кітапқа бұрудың ұлтқа берер пайдасы, жастардың санасын улап жатқан түрлі телевизиялық бағдарламаларды жабу, әлеуметтік желінің балалардың санасын улап жатқаны, жалпы ұлттық идеологияның қайнар көзі болатын рухани құндылықтардың насихатын арттыру тақырыбында кеңінен ой қозғады. 

– Менің сіздерден сұрар бір ғана өтінішім бар. Балалардың қолындағы смартфонды алып, кітапты ұстатыңыздаршы. Ұлттық тәрбиенің негізгі қайнар көзі баспасөз бен кітапта. Біздің рухани байлығымыздың жойылып бара жатқаны сол кітап оқымаудан болып отыр. Кейбір балалардың ежіктеп дұрыс оқи алмауы, ойын жеткізе сөйлей алмауы – осының бәрі кітап, журнал оқымағаннан келген кесел. Біздің тіл әлемдегі сөздік қоры мол ең бай тілдердің бірі, бірақ ең мықты дамыған тілдердің қатарында жоқ. Сондықтан қазір газет пен кітап оқымайтын буын өсіп келе жатқаны жанымды ауыртады. 

Тәуелсіздік алғалы білім саласына жиырмадан аса министр келіпті. Олардың әрқайсысы өз реформасымен мектепті сынақ алаңына, оқушыны тәжірибе жүргізетін тірі қоянға айналдырды. Міне соның салдарынан білім сапасы төмендеді. Тәрбие сағаттары, тәрбиелік мәні бар пәндер қысқарды. 

Осыны біле тұра, көре тұра қалай ғана қамсыз, қарекетсіз отырамыз? Ойласайық, тиісті министрлікке, Үкіметке ұсыныс айтайық. Ауылдың жағдайын, ауылдағы білімнің сапасы мен тәрбиені көзбен көріп, пікір алмасу үшін жолға шығып, алдарыңызға келіп тұрмын, – деген С.Мешітбайқызы жуық арада еліміздің Оқу-ағарту министрімен кездесетінін және құр қол бармай еліміздің аудандарын аралап, осындай жиындарда айтылған нақты ұсыныстарды құжатқа қаттап алабаратынын атап өтті.

 

Меркі ауданы: Ұлттық идеологияның бар бастауы ауылда

Сәуле Мешітбайқызы Меркі ауданында да ұстаздар қауымымен, ата-аналармен жүздесті.

«XXI ғасырдағы тәрбие ерекшеліктері»тақырыбы аясында ой толғаған С,Мешітбайқызы қазіргі замандағы әлеуметтік желі, ғаламтордың бала тәрбиесінде алып отырған рөлі, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүріміздің тәрбиедегі ерекше орны туралы сөз қозғады.

Тәтті ауылынан алғаш ұстаздық жолын бастаған С.Мешітбайқызы киелі Меркі жерінің өз өмірінде алатын орны зор екенін атап өтті.

Кездесуде Ш.Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі»КММ-нің директор орынбасары, Нұрақбаев Ринат, Жамбыл облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаевтар бала тәрбиесі, ұлттық құндылықтар туралы айтса, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Нурила Сейсенбайқызы жастарды тәриелеудегі ұстаздар қауымының қосар үлесі туралы ойымен бөлісті.

Сонымен қатар Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбол Анарбекұлы қазақ батырлары, тарихы туралы, жастар тәрбиесі туралы өлеңін көпшілік қауымға арнады.

Шырайлы жүздесуді аудан әкімі Жорабек Баубеков қорытындылап, келген қонаққа Қазақ қоғамының қалыптасуы жолында еңбек етіп, ұлттық идеологияны насихаттап жүргені үшін алғысын айтып, бүгінгі қозғалған тақырыпты түгелдей қолдап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетінін айтты.

 

Қордай ауданы: Қазақ баспасөзін қолдап Үндеу қабылдадық

Бүгін аудандық Мәдениет үйінде «Ауыл – ел бесігі» дәстүрлі экспедициясының аясында Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» атты көшпелі дөңгелек үстел өтті.

Шараға Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы Ш.Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі» КММ-сі директорының орынбасары Р.Нұрақбаев, облыстық білім басқармасының өкілі Г.Келдібаева, аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай, аудандық мәслихат хатшысы Н.Садықов, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, білім саласы қызметкерлері және белсенді жастар қатысты.

Облыстан келген сыйлы меймандарды аудандық Мәдениет үйінің фойесінде Техникалық шығармашылық және кәсіби білім беру орталығы оқушылары өз қолдарымен жасаған ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесімен қарсы алды.

Ал аудан өнерпаздары «Өнердің өрісі кең» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырып, қасиетті сахна төрінде республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары өнер көрсетті.

Концерттік бағдарламадан соң көшпелі дөңгелек үстелдің ұйымдастырушылары сахна мінберіне көтеріліп, шараның негізгі мақсат-міндеттерін атап өтті. 

Дөңгелек үстелге қатысушылар баяндамаларын оқып, отбасы құндылықтарын арттыру, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру, жастар арасындағы қатігездікпен күрес, т.б. өзекті мәселелерді көтеріп әрі осы қоғам дертіне айналып бара жатқан жайттармен күресудің жолдарын ұсынды.

Сонымен қатар Қаракемер ауылындағы №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болат Төреев оқушылардың тәлім-тәрбиесі жайлы сөз қозғай келе елді баспасөзге жылуға шақырған үндеуін жеткізді. 

– Біздің мектептің ұжымы және ауыл тұрғындары сіз басқарып отырған газет-журналдарға бірауыздан жазылады деп сендіргім келеді! 

Баспасөзге жазылу — ерікті. Бірақ бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезең келді! 

Біздің, мектеп басшыларының міндеті – осындай газет-журналдарға жазылуды ұйымдастыру деп білемін. Ол жұмыс біздің қолымыздан әбден келеді, – деп азаматтық ойын білдірді Б.Төреев.

 

Елге үлгі болған Үндеу

 

Газетіміздің экспедициясы аясында ұйымдастырған көшпелі дөңгелек үстел нәтижесіз болмады. «Ұлттық идеологиямыздың қайнар көздері» атты  жиын барысында ұрпақ тәрбиесіне, білім беру сапасына қатысты көптеген ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ соңғы кездері ел көлемінде құлдырап кеткен мерзімді басылымдарға жазылым мәселесін жандандыру жөнінде үндеуді де естідік.

Қордай сапары кезінде Қаракемер ауылының тұрғыны, №14 Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болат Төрееев ауылдастарының біздің газет-журналымызға толық жазылатынын сүйіншілеп жеткізді. Мектеп ұстазының республика жұртшылығаны бағыттаған Үндеуінің толық мәтіні төменде. Айтпақшы бұл үндеуді Шу жастарының атынан сөз сөйлеген аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Қойбағаров пен мойынқұмдық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Нұрислам Бейсенбек те қолдап, жазылымның үгіт-насихатыа үлес қосатындарын жеткізді.

 Елге үлгі болған Үндеу

«Газет оқу – зиялылықтың белгісі. Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі таңда ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері де көп. Бірақ газет оқу мәдениеті – қашанда талғамы жоғары оқырманның талабы.

Газетке басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын газет бетінен табуға болады.

Сонымен қатар газеттер қоғамдағы түрлі проблемаларды назардан тыс қалдырмай, келеңсіздіктерді шешуде белсенділік танытып келеді. Бұл жерде газеттің басқа ақпарат құралдарынан басты артықшылығы – оның сенімділігі мен өміршеңдігінде.

Құрметті жерлестер!

Мен сіздерге «Газеттердің тәуірі – «Qazaqstan dauiri!» деп айтқым келеді.

Себебі қайғылы Қордай оқиғасы туралы Сәуле Мешітбайқызы «Qazaqstan dauiri» газетін бастап келіп, қордайлықтардың, соның ішінде қаракемерліктердің мұң-мұқтажы жайлы газет бетінде бірнеше көлемді мақала жариялады. Осы мақалалардың пайдасы өте зор болып, мәселелердің оң шешілуіне ықпал етті. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының көтерген жаңа мектеп салу туралы мәселесінің іске асуына да халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің, Сәуле Мешітбайқызының еңбегі зор.

Сәуле әпке, Алла Тағала сізге күш-қуат берсін!

Қордай жұртшылығы алдында қаракемерліктердің атынан сізге басымды иіп, алғыс айтамын.

Біздің мектептің ұжымы және ауыл тұрғындары сіз басқарып отырған газет-журналдарға бірауыздан жазылады деп сендіргім келеді!

Баспасөзге жазылу – ерікті. Бірақ бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезең келді!

Біздің, мектеп басшыларының міндеті – осындай газет-журналдарға жазылуды ұйымдастыру деп білемін. Ол жұмыс біздің қолымыздан келеді.

Құрметті отандастар!

Егер сіз сенімді әрі шынайы ақпарат алғыңыз келсе, еліміздің ғана емес, өзіңіздің де тағдырыңызға бейжай қарай алмасаңыз –«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» балалар журналына жазылыңыз!

Болашақты бірге қалайық!

Болат ТӨРЕЕВ,

№14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектеп

директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 

 

 

Шу ауданы: Тәрбиенің қайнар көзі - ұлттық тәрбие

Жұртшылығы «Ел анасы» деп ардақтайтын қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы «Ауыл – ел бесігі» атты дәстүрлі экспедиция аясында  өңірімізде «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» тақырыбында көшпелі жиын өткізіп, Шу жұртшылығымен де жүздесті.

Жүздесудің шымылдығын ашқан «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры Сәуле Мешітбайқызы XXI ғасырдағы тәрбие ерекшеліктерінің жай-жапсарын жеткізді. Сонымен қатар жүрек түкпіріндегі уайымын айтып, қазіргі қоғамдағы келеңсіздіктерді қайтсек түзейміз деп көпшілікке сұрау салды. 

Аудандық Мәдениет өткен мәжіліске Ш.Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі» КММ директорының орынбасары, облыстық қоғамдық Ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев модераторлық етіп, «Тәрбиенің қайнар көзі – ұлттық тәрбие» туралы  әңгіме өрбітті. Одан бөлек облыс әкімдігінің білім басқармасының бөлім меңгерушісі Гүлзат Келдібаева да «Отбасы құндылықтары: өзектілігі мен шешілу жолдары» турасында баяндама жасады. 

Ауданымыздың ақсақалдары, ардагер ұстаздары мен білім ошақтарының басшылары, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен зиялы қауым өкілдері қатысқан келелі кеңесте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев,аналар кеңесінің төрайымы Айжан Иманова, М.Мақатаев атындағы Тірек орта мектебі директорының орынбасары Баян Жексенбаева мен ардагер ұстаз Шәмшәт Смағұловалар тақырып бойынша ойларын ортаға салды. 

Жиын соңында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Ғани Қойбағаров үндеу жарияласа, ауданымызға белгілі батагөй қария Жайлаубек Қалиев елге ақ батасын арнады. 

 

Мойынқұм ауданы: Қазақ өркениетін дамыту кейінгі ұрпақ қолында

Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлескен «Ауыл – ел бесігі» дәстүрлі экспедициясы аясында «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» атты көшпелі кездесу Мойынқұм елінде де өтті.

Облыс әкімінің қолдауымен Жамбыл елінің барлық аудандарын аралап шыққан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мойынқұм ауданының, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызы аудандық мәдениет үйінде мойынқұмдық жерлестерімен кездесті. 

Ел анасының ұлт қамын, болашағымызды ойлап, жастардың тәрбиесі жайлы айтқандар, ерекше әсерлі. Әр қатысушының өз үйінде, отбасында өз түйгенін ұрпағына айтары сөзсіз. Сәуле Мешітбайқызы осы уақытқа дейін аз айтқан жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында, биік мінберлерде де, ұлттық идеологияның тал бесіктен басталып, салт-дәстүрімізден нәр алатынын айтып та,  жазып та жүр.  

Жиынға аудан әкімі Әлихан Балқыбеков, зиялы қауым өкілдері, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, мектеп ұстаздары мен жастар қатысты.

Ұлттық тәрбиенің рөлін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне басымдық беру, әкелер мектебін қалыптастыру мақсатында өткен көшпелі, тағылымы мол  кездесу жиында сөз алған аудан әкімі Әлихан Балқыбеков елімізге кеңінен танымал, тәуелсіз еліміз бен болашақ ұрпақ тәрбиесінің дамуына өзінің үлкенүлесін қосып жүрген Сәуле Мешітбайқызының өзекті мәселелерді көтерудегі бастамашылдығы, алға қойып, жоспарлаған іс-жобаларын шеберлікпен көпшіліктің қолдауы арқылы жүзеге асыра білетін іскерлігі,  өскелең ұрпақтың бойында елімізге, жерімізге деген патриотизмді сіңіруін, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі еңбегін атап өтті. 

Өз сөзінде туған жерге деген сағынышы мен құрметін білдіре сөз бастап, «XXI ғасырдағы тәрбие ерекшеліктері» тақырыбы аясында ой толғаған Сәуле Мешітбайқызы киелі Мойынқұм жерінің өз өмірінде алар орны ерекше екенін атап өтті. Оның әрбір сөзінен елі, өскелең ұрпақтың ертеңгі күні үшін алаңдаушылық сезіледі

Кездесуде еліміз үшін қазақ өркениетін дамыту, әдет-ғұрпын, тілін тағы басқа да ұлттық құндылықтар аясын кеңейту, қазіргі таңда ең өзекті мәселе болып тұрған жас ұрпақ тәрбиесі туралы кеңінен айтылды.

Содан соң сөз сөйлеген азаматтар да отбасы тәрбиесіне, рухани құндылықтарды қалыптастыруға қоғам болып қазірден бастап белсене атсалысу керек екендігін сөз етті. Атап айтқанда, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, аудандық орталық кітапханасының директоры, Аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Шубаева, ауыл тұрғыны Әрсен Құлтаев өскелең ұрпақты «Еңбекке баулу», «Ислам тану» пәндері бойынша тереңдетіп оқытса, тыйым сөздер мен мақал-мәтелдерімізді мектеп бағдарламасына кіргізсе, мектеп жасындағы балалардың хиджаб киіп, орамал тағуы, қолдарынан ұялы телефон тастамауы, әлеуметтік желіге тәуелділік тәрізді мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын айтты. 

Облыс әкімдігі білім басқармасының оқу әдістемелік кабинетінің «Тұлғаны әлеуметтендіру және тәрбие жұмысын ұйымдастыру» бөлімінің жетекшісі Гүлзат Келдібаева ұлттық тәрбие жөнінде сөз қозғаса, жастар атынан сөз алған Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  Мәди  Күнту ұрпақ тәрбиесіне ұстаздар қауымының қосар үлесі мен ұлттық құндылықтары туралы ой бөлісті.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Әлихан Балқыбеков кездесуде көптің көкейінде жүрген келелі мәселелер мен ұсыныстар айтылғанын тілге тиек етіп, жиын соңы аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ән шашуына  ұласты.

 

Тараз қаласы: Ұлттық құндылықтарымызды дамыту - барша қоғамның міндеті

Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» атты көшпелі «дөңгелек үстел» өтті. «Дөңгелек үстел» деген аты ғана болмаса ұйымдастырылу ауқымы жағынан форум деңгейінде өтті. Ұрпақ тәрбиесіне мән берген маңызды іс-шараны халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналы, республикалық әлеуметтік-қоғамдық «Елана» ақпараттық агенттігі саяси партиялармен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен «Ауыл – ел бесігі» атты дәстүрлі экспедициясы аясында қолға алынып отыр. Ал оған Жамбыл облысының әкімдігі барынша қолдау білдірді.

Форум басталмас бұрын осы жобаның жетекшісі, халықаралық «Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызын Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қабылдады. 

Қала басшысы С.Мешітбайқызына облыс орталығының бүгінгі ахуалымен, ел-жұрттың тыныс-тіршілігімен таныстырып, қаланың проблемаларына, инвестиция тарту ісіне де тоқталды.

Жалпы кездесу барысында ұлттық құндылықтар, мәдениет, тіл төңірегінде кеңінен әңгіме өрбіп, қала басшылығы мен газеттің рухани байланысы, әріптестік жобалары жайы да талқыланды.

Оқушылар сарайында өткен жиынға Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызы, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Тараз қалалық Аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, сондай-ақ қала мектептерінің директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар комитетінің жетекшілері мен жастар қатысты.

Форумда Ш.Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі» КММ директорының орынбасары, облыстық қоғамдық Ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев модераторлық етіп, «Тәрбиенің қайнар көзі – ұлттық тәрбие» туралы әңгіме өрбітсе, қала әкімінің орынбасары Д.Дәулетов бүгінгі буынның тәрбиесі, оларды ұлттық идеологиямызға жат дүниелерден алшақ ұстап, дұрыс бағытта тәрбиелеу мемлекеттің ғана емес, барша қоғамның міндеті екеніне тоқталды. 

Одан кейін сөз алған Сәуле Мешітбайқызы қазіргі заман талабы, тіл мәселесі, ұлттық құндылықтар туралы орамды ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ басқосуда Тараз қалалық Аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» атты баяндамасында ұлттық психология, отбасы құндылықтары төңірегінде төгілтіп тұрып сөйледі.

– Бала тәрбиелеуде ұлттық психологияның қашан да халық тәрбиесін үлгі ұстағаны белгілі. Ал қыз – ұлтымыздың санын ғана емес, бесік жырымен-ақ сапасын да арттырып, ұлтты сүюге жетелейтін ғажайып күш болғаны анық, – деген Жанат Төленқызы баланың алғашқы қоғамы – отбасы екеніне де баса назар аударды.

Бұдан бөлек жиында, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі білім саласы бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Баймұрат Жақсыбеов, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов және тағы да басқа азаматтар сөз сөйлеп, көтеріліп отырған мәселенің ұлт үшін өте өзекті екенін, мұндай бастама осымен тоқтап қалмау керектігін айтып өтті.

Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
18.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

Тәуекел картасы –  әділдіктің айнасы
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 31.10.2024 177
Ұлт ұясы – Ұлытау, жаңарған Жаңаарқа
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ - 31.10.2024 168
Орман  шаруашылығын оңалтуда оң нәтиже бар
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 27.10.2024 441
Тігінмен  тірлігін түзеген
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы - 27.10.2024 491
ЕСІРТКІ ТҮБІ – ТҮРМЕ
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 27.10.2024 452

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 7382
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 6813
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 10031
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 7795
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 9012