Өткен аптадағы елеулі жаңалықтың бірі – Президент Тоқаевтың қаһарына мінуі. Үш министрге сөгіс, тағы біреуіне ескерту жасалды. Оларға ескі тәсілдерді қолданып, қордаланған проблемаларды шеше алмай отыр деген сын айтылды. Жаңа Қазақстанда жаңаша ойлау керектігі басты назарда тұр. Ескі сүрлеумен, ескіше ойлау енді кәдеге аспайды. Осылайша Президент Үкіметтің жұмысына орташа баға берді. Көңілі толмайтынын да жасырмады. Үмітінің ақталмай жатқанын да сездірді. Сонымен сын садағына Ауыл шаруашылығы ведомствосының басшысы Ербол Қарашөкеев пен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ілікті. Олар қымбатшылыққа қауқар көрсете алмай, тиімсіз тірлікпен айналысып жүр екен. Жауапкершілікті өңірлерге жүктеп қойған. Ал ондағылар «Сен салар да мен салар, атқа шөпті кім салар» деп мамыражай тірліктеріне мәз болып жүргенге ұқсайды. Соңғы кезде киік мәселесі де күйіп тұр. Оған жауапты Экология министрі Серікқали Брекешов бітімді іс жүргізе алмаған. 80 мың ақбөкенді ату – қазақ менталитетіне оғаш қылық. Мәселені өзгеше реттеудің жолын іздеу керек.
Цифрландыру министрі Бағдат Мусин де ескерту алды. Цифрландыру баяу жүргізілуде және көңіл көншітпейді. Осыларды ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев күзге қарай кадрлық ауыс-түйіс те болуы мүмкін екенін айтып қалды.
Иә, жаңа Қазақстанда жаңаша ойлайтын министрлер керек-ақ. Тәуелсіздіктің отыз жылында жауапты қызметтерде кімдер отырмады десеңізші. Бір ғана Білім және ғылым министрлігін (Білім және ғылым министрлігі Оқу-ағарту министрлігі және Жоғары білім министрлігі болып екіге бөлінді) 15 министр басқарыпты. Олардың арасында заңгер де, құрылысшы да жүріпті. Содан кейін білім саласы қайдан көгерсін!
Осы орайда белгілі журналист Нұрлыбек Саматұлының ФБ-дағы мына бір жазбасын бере кеткенді жөн көрдік: «Жақында Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялады. Сірә, біріне сырттан уақытында қант сатып алмағаны үшін, екіншісіне қант қызылшасы егісін дамытпағаны үшін болар.
Бақытты қайдам, ал Ерболға сөгіс жариялайтын жөні жоқ-ақ. Өйткені оған мың жерден сөгіс жариялағанмен, ауылшаруашылығы дамымайды. Сөгіс бермес бұрын осы жағын да ойлап қою керек. Неге десеңіз, Ербол ауылшаруашылығы маманы емес. Оның әуелгі мамандығы құқықтанушы, кейінгісі экономист. Демек, ауылшаруашылығына үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Статистика агенттігінің Талдау және конъюнктуралық зерттеулер басқармасының бас маманы болып бастаған оның одан арғы өмірбаянына зер салсақ, ауылшаруашылығына қатысы жоқ салаларда жұмыс істегенін аңғарамыз. Оның алдындағы министр Сапархан Кесікбайұлы Омаров та солай. Ол да әуелі экономист, кейін заңгер мамандығын алған. Ол да ауылшаруашылығын көктете алмаған. Ақыры оны да Президент Қ.Тоқаев министр қызметінен қуған болатын. Қуғанда да бір Үкіметтік жиында «...осы салаға бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін. Бұл жұмыс, әсіресе, дағдарыс кезінде қолыңыздан келмейді екен» деп қуған.
Қайсысы екенін қайдам, Қызылордаға барған бір Ауыл шаруашылығы министрі өсіп тұрған Сыр салысынан үгіп алған қара күрішті алақанына салып тұрып: «Күріш деген ақ болмайтын ба еді?» – деп, күлкіге қалған екен.
Қазіргі Ауыл шаруашылығы министрі де, оның алдындағысы да сондайдың сортынан деуге болады. Сондықтан «сөгісті» де құнын түсірмей, жариялайтын адамға жариялаған жақсы. «Тауық сойса да қасапшы сойсын» демей ме, азаматтарға өзі білетін, өзі оқып, тәжірибе жинақтаған саласын берейік те. Ауыл шаруашылығы министрінің агроном мамандығы болғаны маңызды. Әйтпесе бәрі бекер.
Қорғаныс министрлігін де 2007-2016 жылдар аралығында он жыл бойы біресе инженер-құрылысшыға, біресе кинематографқа, енді бірде инженер-металлургке, география мен биология пәнінің мұғаліміне сеніп тапсырдық-ау! Әйтеуір, сол тұстарда бейбітшілік болған себепті әскерде ши шықпай, бәрі де аман өтті. Жауапты министрлікті маман емес адамға ұстата салуды қашан қояр екенбіз?» – деп сөзін түйіндепті журналист.