Ұстазым менің

Ұстазым менің

Күні кеше ғана секілді көрінетін уақытта, осыдан жарты ғасыр шамасы бұрын ұлағат иелерінің алдында отырып едік-ау! Арманшыл едік, өршіл болатынбыз; кемел келешекке деген үмітімізбен сеніміміз қылаусыз таза еді, біз соған жетеміз деп жұлқына ұмтылдық. Көп жыл мектеп басқарған Сәдуақас Тасқожаев, бүкіл саналы ғұмырын өскелең ұрпақ тәрбиесіне арнаған Моматай Стамбеков, Шынарбек Махамбетов, Жолтай Байқожаев, Николай Михайлович Меркеевич, Мадиярбек Назарбеков, Тұрсын Айтайбеков, Әбдімәжит Дәуренов, Сатыбалды Назарқұлов, Мәдіқұл Қожақов сынды – алды соғыстың сұрапылынан аман өтіп, елге оралған майдангерлер, ал соңы балалық шағы сол бірқиын-қыстау жылдарға тұстас келген ағайларымыз болатын. Бәрінің айтатын әңгімелері мен бойымызға ұялататын тәрбие- тағылымдары ерекше. 

 

Адалдық пен адамгершілік, кісілік келбеттің кіршіксіз тазалығынан өрілген сөздеріне жүріс-тұрыс, іс-әрекеттері қиыса қабысып, елтітетін еді. Әлбетте, содан соң олардың болашақ мамандығымыз жөнінде білгісі келіп қойған сыншыл сауалына көбіміз ұстаз боламыз дейтін едік. Біздің тұрғыластарымызға осындай өрісті үлгі-өнеге берген, ақ-адал еңбек етіп, ел мен жердің шынайы жанашыры бола білу қасиетін дарытқан алтын ұядағы аяулы жандардың бәрі дерлік бақилық болды. Бүгінде сол кісілермен тізелесіп қатар жүрген, ұлағатты қызметімен соңдарында елеулі із қалдырған ұстаздарымыздың ішінен Әбдімәжит Дәуренов, Төлен Жұмағұлов ағайларымыз ғана қалыпты. 

Әбдімәжит аға телефон арқылы үзбей хабарласып тұрады. Санасы сергек, ойы айқын, тұрмысы тұралаған халықтың нағыз жанашыры. Тілдескен сайын ойыма ой қосады, елдің ертеңіне алаң көңіл сөздерімен дараланып қамшылай түседі. «Жазғандарыңды жібермей оқып тұрамын. Парызыңа адалсың. Қаламның қадірін үстеп жүрсің. Сен секілді қаламгерлер аз ғой», – деп нали сөйлейді. Сол сөзін естігенде: «Ой, аға, мені солай биіктетіп, дәріптесеңіз, дәл осылай қалыптасуыма оңды ықпал еткен өзіңіз секілді ұстаздарым емес пе? Адал бол, ақиқатшыл бол деп тәрбиелік мәні терең сөз арнап, ақыл-кеңес бердіңіздер. Әр ұшырасқан сайын тек шындықты ғана жаз деуші едіңіз. Айтқаныңыздан аттап кетпей, шырылдап, шыбын жаны шырқыраған қалың елдің сөзін билікте отырғандарға жеткізуге құлшынамын. Өзіме жайсыз тисе де, жалпақ жұрттың жайын ойлап әлекпін, аға», – деймін. «Разымын, айналайын. Біздің бәрімізге керегі қалам ұстағандардың шындыққа құрылған шынайы жазбалары», – дейді бұрын да, бүгін де ұлағатты ойларымеy өрелі ойын көрсетіп келе жатқан ұстазым. 

***

Сұрапыл соғыстың еңсені езген ауыртпалығы мен одан кейінгі жылдарда да белін жаза алмай әбден тұралаған елдің әлеуметтік жағдайы енді ғана түзеле бастаған кез. Соның нақты көрінісіндей болып Жуалының ең түкпірдегі Кантемировка, қазіргі Қошқарата ауылында да жаңадан еңсе көтерген тұрғын үйлер көбейді. Тура ауылдың өкпе тұсынан қос қабатты колхоз кеңсесі бой көтерді. Жанынан «Н» әрпіне ұқсатып жобаланған мектептің іргетасы қаланды. Жаз бойы құрылысы қарқынды жүргізіліп, 1965-1966 жылғы жаңа оқу жылын сонда бастадық. Бесінші сыныптан кейін әр пәннен арнайы білім алған мұғалімдер сабақ береді екен. Институтты енді ғана бітірген бір топ жас мамандар келіпті. Бәрі әдемі киінеді. Қарап тұрып қызығамыз, Әбдімәжит ағайымызды алғаш рет сонда көрдік. Шымкент педагогикалық институтының қазақ мектептеріне орыс тілі мен әдебиетін оқытатын бөлімін тамамдапты. Бізге елжірей қарап, «Балақайларым менің!» деген шуақты сөзін естіген сайын ұнатып, үйіріле түземіз. Студенттік жылдарында үлкен әдебиетші-ғалым Әбіш Байтанаев жетекшілік еткен үйірмеге белсене қатысыпты. Төлеген Айбергенов, Сабырхан Асанов, Мұхтар Шаханов сияқты халыққа өлеңдерімен жаңа ғана таныла бастаған ақындармен қызықты кештер өткізгендерін айтады. Домбыра, мондолина тартатында өнері бар екенін байқатып үлгерді. Бірден мектептің көркемөнерпаздар үйірмесін басқаруды қолға алды. Әуелі хорға қатысатын ұл-қыздардың дауысын жеке-жеке тыңдап, іріктеді. Сол уақытта радиодан күнде шырқалатын «Қаракөз» деген әнді сыныптасым Әзім Әлімқожаевпен айтып едім,бірден мені тоқтатып тастады. Әзімнің дауысы әдемі еді. Әрине, түрім бұзылып кетсе керек, соны заматында байқап: «Талғат, ренжіме, сені де хорға аламыз», – деді. 

Жыл сайын мектеп оқушылары көркемөнерпаздарының аудандық байқауы дүрмекпен өтетін. Бір жолы мен де Абай атындағы орта мектептің өнерлі оқушыларының құрамында соған қатысқаным әсерлі естелік оқиға болып ойыма ұялапты. Сондай-ақ соңғы сыныпта оқып жүргенімізде Әбдімәжит ағайымыздың режиссерлік етуімен драматург Шахмет Хұсайыновтың «Есірткен ерке» комедиясын сахналап, қыстың көзі қырауда көрші ауылдарға «гастрөлге» барып өнер көрсеткеніміз жиналған жұрттың көңілдерін тасытып, өзіміздіде айрықша әсерлендіргенін сыныптастар басымыз қосыла қалса, мәз болып еске аламыз. 

Кім-кімде бала кезінде тезірек есеюге асығады. Біз де сол таңғажайып арманшыл ауылдан келдік қой. Сыныбымызда жиырма екі оқушы болдық. Жетеуі қыз бала. Кейін жазу өрнегімен дараланған талантты журналист, жазушы Алпысбай Шымырбаевтың өлең жазатын да өнері болатын. Қоштасар кездегі қимастық сезімге бөленіп «Жиырма екі жас өрен» деген толғау жыр жазып, әрқайсысымызға бір-бір шумақтан арнаған. Әбдімәжит ағайымыз байқампаз, сезімтал екендігін оны оқыған сәтте-ақ алған әсерін аңғартып қойды. 

«Әй, Алпа, – деді. Оны солай еркелетіп атаушы еді. – Несанға (Несіпбаланы айтқаны) «Қара көзің жалт етіп қарағанда – еліктейсің» деген теңеуің қандай ғажап! Оның арғы жағында ешкімге айтыла бермейтін құпия ойың бұғып тұр-ау, ә?» – деп әзілдеген. Сонда өз сезімімен өзі арпалысып отырған Алпысбайдың беті алмадай алабұртып шыға келген. 

Осылай өзіміз он жыл отырған мектеп партасымен қоштасар күнімізде жеткен. Бізбен бірге Ә. Дәуренов ағайымызіштей басқа жаққа қызмет ауыстырғалы жиналып жүр екен.

– Әй, менің балақайларым, – деді жылдық қорытындыны шығарған күні. – Мен сендердіоқыта жүріп, өзім де оқыдым, үлкен мектептен өттім. Ұстаздық тәжірибе жинадым. Білім деңгейім кеңейді. Ойым өсті. Сендер менің өмірімдегі әрдайым сағынып еске алатын, мақтаныш қылып айтып жүретін сүйікті шәкірттеріме айналдыңдар. Баспалдақтарың берік қаланды, енді қалғанын әрмен қарайда белсенді еңбекпен, үздіксіз оқумен ұштастырыңдар. Сонда келешектеріңнің қақпасы айқара ашылып, өмірлерің нұрлана түседі. Мен сендерге сенемін...

Ағайымыздың сол сөзімен қуаттанып көбіміз оқуға түстік, оқуға бармағанымыз әр салада еңбекке араластық. Адалдықты ту еттік. Жексен Бижанов әскери маман боламын, шекарамызды қорғаймын деуші еді. Көкейдегі көксеген арманына жетпегенімен, қоғамдық тәртіп сақшысы болып жүріп, бір кісінің өміріне қатер төндірген үш-төрт бұзақыға жалғыз өзі қаймықпай қарсы тұрды.Сөйтіп небәрі жиырма төрт жасында ерлікпен қаза тапты. Осы ерлігі ескерусіз қалмай «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бақытты балалық шақтың қызық-қуаныштарын қатар өткізген қимас парталастардың біразы арамызданозды. Ал жер басып жүргендеріміз өткен жылдың қоңыр күзінде, мектеп бітіргеніміздің елу жылдығы кезінде, алыс  армандарымызға қанат қақтырған алтын ұямызда кездестік. Ортамызда аяулы ұстаздарымыздан Әбдімәжит ағайымыз болды. Тура баяғысынша:

– Әй, балақайларым менің, – деді жылы жымиып. – Сендер де соңымыздан қуалап келіп қалыпсыңдар ғой. Шаштарың ағарған, түрлерің есейген. Аман болыңдаршы. Іздеріңнен ерген ұл-қыздарға адалдық туралы көп айтыңдаршы. Ол адамның көркі емес пе?! Бүгінгі билік тізгінін ұстағандар сондай қасиетті ұғымнан алшақтап кетті-ау деймін. Сендер менің осы ойымды отырған жердің бәрінде айта жүріңдерші...

Міне, бұл – сексеннің сеңгіріне кісілік келбетінекір шалдырмайкөркейіп жеткенаяулы да ардақты, сыйлы да сыршыл ұстазымыздың ақ жүрегіменақтарылып айтқан тілегі. 

Иә, ағайын, бауырлар, бізді білетін, білмейтін, алайда ұстазымның аталық, абыздық лебізін оқыған баршамыз адалдықты ардақтайықшы. Онсыз өмірдің сәні болмайды екен ғой...

 

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, публицист-жазушы, Жамбыл облысы Б. Момышұлы ауылы
22.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 100
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 100
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 619
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 737
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 648
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 658

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8791
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8192
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11419
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9173
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10404