Қазақта «Жыланды үш кессең де, кесірткелік қауқары бар» деген тәмсіл бар. Сол рас секілді. Көршіміз Ресей алып держава болсада, Украинаға қарсы соғыс ашамын деп әлем алдында абыройдан жұрдай болғаны жасырын емес. Экономикалық, саяси санкциялардан көз аша алмай тұрғаны және бар. Сөйте тұра ТМД аймағына әлі де беделі асқақ. Айбары күшті. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс!
Күні кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге ҰҚШҰ саммитіне барып қайтты. Айта кетейік, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа (ҰҚТ) 1992 жылғы 15 мамырда Ташкентте қол қойылған. 2002 жылғы 14 мамырда Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Мәскеуде өткен сессиясында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың тетіктері мен құрылымдарын халықаралық аймақтық ұйым – «Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымға» өзгерту, оған тиісті мәртебе беру туралы шешім қабылдады. 2003 жылғы 18 қыркүйекте ҰҚШҰ Жарғысы өз күшіне енді. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан кіреді. Биыл 2022 жылы ҰҚШҰ-ға Армения Республикасы төрағалық етті.
15 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің және ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның шақыруымен Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай өтетін мерейтойлық саммитке қатысу үшін Мәскеуге барған болатын. ҰҚШҰ-ға мүше елдер басшыларының кездесуі 16 мамыр күні Кремльде өтті. Саммитке Қазақстан Президентінен басқа, Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Ресей Президенті Владимир Путин, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Станислав Зась қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде сөйлеген сөзінде бейбітшілік пен тұрақтылықты, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті сақтау, мүше мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау ҰҚШҰ-ның басты міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына, көші-қонға, соның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың өршуіне қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды. «Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. ҰҚШҰ барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін», – деді Қазақстан Президенті.
Қ.Тоқаев ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің әлеуетін нығайту жөнінде де өз пікірін жасырмады. «Біздің ойымызша, қазірдің өзінде ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметімен байланыстыру міндетін күн тәртібіне қою қажет. Бұл қадам Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының субъект ретіндегі құқығын нығайтады. Сондай-ақ Ұйымның бейбітшілікті сақтау жөніндегі халықаралық бітімгершілік операцияларға қатысу тәжірибесін қамтамасыз етеді», – деді Мемлекет басшысы. Ресей Президенті Владимир Путин атап өткендей, биыл күзде ҰҚШҰ-ға мүше үш елдің - Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумағында оқу-жаттығу жиыны өтеді. «Қазіргі кезеңде ҰҚШҰ қызметін әрі қарай жетілдіру және оның басшылық құрылымдарын оңтайландыру мәселесі – бірінші кезектегі маңызды шаруа екені толығымен қисынды. ҰҚШҰ ұжымдық күштерін заманауи қарумен және техникамен жарақтандыру, жауынгерлік контингенттің оперативті сәйкестігін ұлғайту, біздің әскери құрылымдар мен арнайы қызметтердің бірлескен әрекетінің үйлесімділігін жақсарту мәселелерімен де айналысамыз. Тиісті мәселелер тұрақты негізде ҰҚШҰ желісі бойынша өтетін әскери оқу жиындарында пысықталып отырады», - деді Ресей басшысы. Сонымен қатар В.Путин оқу жиынын одан әрі кеңейту ниеті барын жеткізді. «Биыл күзде Қазақстанда, Қырғызстанда және Тәжікстанда біздің ұйымның оқу жиындарының тұтас сериясын өткізу жоспарланған. Бұл шаралар мемлекеттеріміздің әскери дайындығы мен әскери құрылымдарының үйлесімділігінің артуына, жалпы бітімгерлік әлеуеттің күшеюіне мүмкіндік туғызатынына сенімдімін», – деді РФ Президенті. Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық мәлімдемесін қабылдады. ҰҚШҰ елдері басшыларының саммитінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен В.Путин кездесу өткізді. Президенттер екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ сауда-экономикалық саладағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын талқылады. «Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және саяси ықпалдастықтың қарқыны нашар деуге еш негіз жоқ. Тауар айналымы 25 миллиард долларға жетті. Ресей – Қазақстан үшін сауда-экономикалық саладағы басты серіктес. Осы себепті, мен, Үкіметімізге осы қарқынды және сауда мен инвестициялар көлемін сақтап қана қоймай, қазіргі геосаяси жағдайдағы барлық қиындықтарға қарамастан оларды арттыру жөнінде міндет жүктеймін. Мен өзіммен бірге осы салаға жауапты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары бастаған Үкіметтің негізгі шенеуніктерін ала келдім. Олар табысты келіссөздер жүргізді және нақты нәтижеге қол жеткізу үшін олардың алдына Федерациясының Үкіметімен іскерлік бағытта жұмыс істеу міндеті қойылды және олар нәтижелі келлісөз өткізді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Ресей Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың оң қарқынын атап өтті. «Жалпы бізде барлық сала жақсы дамып келеді. Былтыр тауар айналымының өсімі 34 пайыз болды. Ресей компаниялары Қазақстан экономикасына 17 миллиард доллар инвестиция салды. Бәрімізге түсінікті әрі белгілі қазіргі қиыншылықтарға қарамастан, жағдай жақсы дамуда», – деді Владимир Путин.
Қ.Тоқаев Владимир Путиннің шақыруы бойынша биылғы маусым айында Петербургте өтетін экономикалық форумға қатысатынын қуаттады.