Жағымпаздар шеруін елімізде кім басқарады?

Жағымпаздар шеруін  елімізде кім басқарады?

Жағымпаздық деп аталатын кесірлі кесапаттың аяғымызға оралып, қанымызға сіңісті болып кеткені жасырын емес. Бүгінде өмірімізге дендеп еніп кетті. Осы дертпен жан сақтап, жан бағып, күнін көріп, өмірін өткізіп жүргендер қаншама. Қолында билігі бардың, лауазымы биік біреудің, байлығы тасыған мықтының алдында қоғадай жапырылып, көзсіз көгенделіп, ессіз басын шұлғып, жан дүниесі тұтқындалып, болмысынан айырылып, ақылы түгесіліп, жандәрмен күй кешетіндерді көріп аяйсың. Аяп қана қоймайсың, солардың сорақы қылығынан жиіркенесің, тіпті түңілесің.

Бүгінгі өмірімізде керемет бір жарысты өткізу естен шығып барады. Ол жағымпаздар жарысы десек болатын шығар. Бұл бәсекені алаулатып-жалаулатып, оның мазмұнын байытып, сапасын арттырып, жүлдесін аямай ұйымдастырып жіберсе ғой, шіркін! Шашасына шаң жұқтырмайтын талай жүйріктерді осы бәсекеде көріп қалатын едік. Ал жақсылықтың жарысын өткізуге ешкімнің қолы тимей жүр. Дұрысы, ешкімнің ойына кіріп-шықпай жүр. Ал, біз бір-бірімізге жапондар секілді жылылық таныту, жақсылық жасау жөнінде толғанып көрдік пе?

Жағымпаздар шеруі бүгінде шектен шығып бара жатқандай. Өте белсенді, ешкім тоқтата алар емес. Жарамсақтар да жағаңнан алып, жұтқыншағыңды жұлып алардай, жөн сөзіңді сөйлетпей, делебелері қозып тұрған қатерлі шақ.

 

Төле биді «құрбандыққа» шалып, есімін ұрлаған кімдер?

Тараздың орталығында ойып тұрып орын алған Төле би көшесіне елдің амандығында «шабуыл жасалды». Осыдан бес жыл бұрын қазақтың төбе биі атанған Төле биді «құрбандыққа» шалып, бидің атындағы көшені биліктен кеткен бір адамның атымен жайбарақат атай салды. Төле биді қорғай алмай бір кісіге өлердей жағынғысы келген жағымпаз 35 депутаттың есімдері «Жас Алаш» газетінде жарияланып, барша қазақ еліне таныстырылды. /«Жас Алаш» газеті, №24, 26 наурыз 2019 жыл/ Кезінде Алаш арыстарына араша түспеген, «Кеңес өкіметінің жаулары» деп аттарын қағазға тізіп жазып, ұстатып жіберген қазақтар бұл жолы халқының ақылманы болған, ауызы дуалы теңдесіз тұлға Төле биді қуғын-сүргіннен аман, бейбіт заманның өзінде күресінге лақтырып тастады. Осы көшенің бойында қалың ойға шомып тұрған Төле бидің заңғар ескерткішінің қасынан әлгі араша болмағандар қалай өтеді екен? «Кешіріңіз, біздің кінәміз жоқ. Жоғарыдан нұсқау болды, біз соны орындадық», – деп, өзгені кінәлаумен өздерін ақтап алатын шығар? Сонда деймін-ау, өз пікірі қайда қалды? Принципі, позициясы деген болмай ма? Ең болмағанда арасынан бір белсенді шығып қарсы дауыс берсе, не болмаса қалыс қалып, адамға емес, Аллаға жағынып, жүрек үкімін  білдіріп жатса, ақылға сыйымды болар еді ғой. Оған да бойсұнбаған әлгілердің бұл әрекеттеріне таңғалудан басқа амалың жоқ.

Сонда әсіре жағымпаздар нені ойлады? Нені көкседі? Мансабын ба, жоқ әлде орынтағын ба? Сонда Төле бидей ұлы тұлғаның әруағынан қорықпағаны ма? Әруақ аттаған не боларын білмегені ме?

Алланың құдіреті неткен күшті десеңізші! Әлгі әруақ аттағандардың ниеттері күл-талқан болып, әдірем қалды. Құдай жарылқап  Төле бидің есімі қайтарылып, ел-жұртының тілегі қабыл болды. Міне, ойланбай-толғанбай істелген жарамсақтық жарға жығып, ел алдында абыройдан айыратындығын уақыттың өзі көрсетіп берді.

Куба деген шағын мемлекет бар. Осы елде бостандық жолында басын бәйгеге тігіп күрескен ұлы революционер Фидель Кастро жеңіске жетіп, жаңа қоғам орнатты. Жан-жағында алпауыт елдер болғанына қарамастан, өздері таңдаған жарқын жолмен алға басып келеді. Қаншама жыл өтсе де, құрыштай беріктігін сақтап, революцияның ұлы мұраттарына адалдық танытып, нық қадам жасауда.

Фидель Кастро 95 жастан асып, дүниеден қайтты. Көсемнің тірі кезінде айтқан сөздеріне қайран қаласың. «Маған ескерткіш қоюдың, біреуге табынып өмір сүрудің қажеті жоқ. Мен оған қарсымын», – депті. Елінің азаттығы жолында аянбай алысқан қайраткер жүректегі сөзін осылай жеткізіпті. Сосын: «Біздің революция жеке басқа табыну идеясына негізделмеген. Біздің революция тек принциптерге негізделген», – деген сөзін кейінгілерге шегелеп айтыпты.

Куба елінің парламенті өздерінің сессиясында бірде-бір қалаға, бірде-бір көшеге Фидельдің атын бермеу жөнінде шешім шығарыпты. Жүрегінде Құдайы бар иманды адамда артық ештеңе болмайды екен. Таза болып өмірге келіп, таза болып өмірден өтеді екен.

Атақты жазушы Лев Толстойды патша шақырып, құрмет көрсетпекші болыпты. Ол шақыртудан бас тартыпты. Ұлы қаламгер патшадан жоғары тұрғандығын, құрметке зәру еместігін білген. Ең бастысы біздегілер секілді билік иесіне бас шұлғып, жағынып, жалтақтап, жақсы болып көрінуді ар санаған. Ар-ұжданды бәрінен жоғары қойған.

Батыстың аса танымал жазушысы Уильям Фолкнер Нобель сыйлығын алғанда оған ілтипат танытып, сол кездегі Американың президенті шай ішуге шақырыпты. Сонда жазушы: «Бір шыныаяқ шай ішуге бола мен неге 200 шақырым жерге жанармайды шығындап баруым керек?» – деп бармай қойыпты. «Біздегілер қайтер еді?» деген сұрақ туындайды осындайда.

 

«Сорлы ағаларымыздың сорлы қылығы»

«Пайғамбар жасына келген соң адам Аллаға мұқтаж болуы керек. Ал, біздің біраз ақсақалдарымыз әлі күнге әкімге мұқтаж боп жүр», – дейді көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаев өзінің «Көрген-баққан» деген еңбегінде. / «Ақ жол» газеті, №16, 9 ақпан 2022 жыл/

«Герольд Бельгер өзінің «Тень дней минувших» деген күнделігінде Сафуан Шаймерденовтің ұлттық әдебиеттен, ұлттың жай-күйінен гөрі өз басын көбірек күйттеп кететінін бір емес, бірнеше жерде нақты әрі жағымсыз деректер келтіре отырып жазады. Ал Әлжаппар Әбішевтің «Біз сізді 25 жыл зарыға күттік қой» деп,  Колбиннің қолынан сүйгенін өз көзімізбен көргенбіз. Дүкенбай Досжанов пен Сәбит Досановтың кім екені, қандай қайраткер және қайдан шыққан қайраткер екені болса да әмбеге аян. «Қазақстан Президентінің қабылдауына неге бұлар кіреді де, қазақтың мұрат-мүддесін айта алатын жазушылар сырт қалып қояды?» – деп әрі қынжылып, әрі өкінеді Гер-ағаң. Гер-ағаңның қынжылысы қандай қасиетті!» деп ой толғайды қаламгер Әмірхан Меңдеке өзінің «Дос жылатып айтады» деген мақаласында. / «Жас Алаш» газеті, №9, 4 ақпан 2016 жыл/

«Біздің үлкен кемшілігіміз – анау шенеуніктерді өте жоғары көтереміз. Ол әкім екен, бастық екен деп, олардың алдында дірілдеп, қалшылдап, жұмсақ сөйлеп, биязы бола қаламыз. Ал Батыста интеллектуалдар бастықтың алдында өзін әлдеқайда жоғары санайды. Өйткені билік өткінші дүние де, әдебиет, мәдениет, философия – мәңгілік ескірмейтін құндылықтар. Осы ұғым бізде жоқ.

Біздің ақын-жазушылардың көбісі уақытша әкімдердің алдында өздерін төмен ұстайды, бағасын тым арзандатып алады. Менің ызамды келтіретіні – сол. Шын жазушы биліктің емес, өзінің сөзін сөйлеп, арды мойындатқызуы керек. Мәселе сонда. Пендешілік дейміз бе, әлде рухани ерекшелігі дейміз бе? Әйтеуір мен түсінбейтін қазақтың осындай бір мінезі бар», – депті Герольд Бельгер өзінің тілшіге берген сұхбатында. / «Қала мен дала» газеті, №47, 14 желтоқсан 2018 жыл/

Жазушылар одағында Колбинмен болған жиында бір ағамыз залдан көтеріліп, төрде отырған орыс басшыға жақындап, алдындағы стақанға су құйып ұсыныпты. Ол міз мақпай отыра беріпті, «рахмет» демепті. Тағы бір ағамыз «Әкем тірі болғанда, сіздің келгеніңізге қуанар еді» дегенімен шектеліп қоймай, Колбиннің бетінен сүйіпті. Желтоқсан көтерілісіне қатысты тағы бір жиында Тұманбай Молдағалиев пен Мұзафар Әлімбаев жастарды жазғыра сөйлепті. «Біз масқара болдық, ұлтымыз масқара болды. Мына бұзақылыққа қатысқан оңбағандарды атып тастаса да артық болмайды», – деп қалшылдапты Тұманбай ағамыз. «Бұл біздің кінәміз. Біз оңбаған ұрпақ тәрбиелеппіз. Жексұрындарды аямау керек!» – деген Мұзафар ағамыз да одан қалыспапты. «Ең бастысы, сол оқиғаның болғаны, бола білгені еді. Рух тірі еді! Күйгенім – біздің «сорлы ағаларымыздың» сорлы қылығы. Мұны айту керек. Өзім қайталамауым үшін. Кейінгілер сорлы бола бермес үшін. «Ұят» дегенді ең болмаса, өз ұлдарым біліп өсуі үшін. Менің архивімде Колбиннің атына жазылған екі топ жазушылардың хаты жатыр. Әрқайсысы «кімді құрту керегін» айтады!» – деп толғанады ақын Мейірхан Ақдәулетұлы өзінің «Сорлы ағаларымыздың сорлы қылығы» атты мақаласында. /«Қала  мен дала» газеті, №35, 2 қазан 2020 жыл/

Колбин қатысқан сол жиында ұлт зиялыларының абыройын Жұбан Молдағалиев сақтап қалды. «Мен қазақтың ұлын қорлап, қызын қарға отырғызып, астынан теуіп, шашынан сүйреп жатқанын көргенше, Ұлы Отан соғысында өлуім керек еді!» – деген болатын арлы ағамыз. Өзгелер жаны қалмай жапырылып, жарамсақтанып, қайтсем жағамын деп аласұрғанда жалғыз Жұбан ағамыз төрдегі кісіге өткір сөзін айтқан.

Жарлы емеспін, зарлымын,

Оны да ойла толғанып.

Жұртым деуге арлымын,

Өзге жұрттан ұялып... – деп, ұлы Абайдың зарлануы тегін емес.

 Ресейдің Ульяновск облысынан келген Колбинге жалпаңдап жанын жалдаған, ел сенген мүйізі қарағайдай қаламгерлеріміздің жадағай әрекетіне не дерсің? Желтоқсан көтерілісінің дүбірі басылмай тұрған  сол бір ауыр күндерде біздің редакцияда партия қатарына адам алынатын болды. Облыстық «Еңбек туы» газетінде істеп жүрген кезім. Партия ұйымының хатшысы Қыстаубай Байтуов партия мүшелігіне мені ұсынатындығын айтты. Бірден қарсылығымды білдірдім. «Колбин басқаратын Қазақстан коммунистік партиясының қатарында болғым келмейді. Сондықтан партия мүшелігінен бас тартамын» дедім. Қыстаубай ағам шошып кетті. «Бұл сөзді қалай айтасың?» деумен болды. Мені көндіруге барынша әрекеттенді, ақыл-кеңесін аямады. «Ешқандай кінәсі жоқ халқымның өрімдей жас жігіттері мен қыздарын итке талатқызып, соққыға жыққан, ешбір тексерусіз, сотсыз түрмеге қамап, талай сұмдықты ұйымдастырушы коммунистік партияның қатарында болғанша, болмағаным жақсы» деп партия ұйымының жетекшісіне жазбаша түрде өтініш жаздым. Ол «Мұны ешкім естімесін» деп қағазды менің көзімше жыртып тастады. Газет редакторы шақырып алып, ағалық ақылын айтты. Мен амалсыз көндім. Партия қатарына ықтиярсыз кірсем де, Колбиннің Қазақстанға, қазақ халқына ешқандай жақсылық жасамайтындығына, қайта ұлтымыздың құндылықтарын аяққа таптап, орыстандыру саясатын одан әрі жалғастыра беретіндігіне еш күмәнім болған жоқ. Көп кешікпей Кеңестер одағы күйреп тынды.

 

«Президент,  бұл – портрет емес. Менің портретімді ілмеңіздер!»

Жағымпаздық дертіне шалдықпаған бір адам болса, ол Шерхан Мұртаза ағамыз дер едім. «Жау жаманы – жарамсақ» деген сөзді де Шер-ағамыз айтқан. Қаламын қару етіп күрескені өз алдына, қайраткерлігімен де қазақ халқының ұлттық  рухын сергек ұстап, тәуелсіздікке жеткізді. Парламент мәжілісінің төрінде арыстандай ақырған айбатымен танылды. Тіл мәселесіне келгенде де алмас қылыштай тіліп сөйледі. «Қос тіл жыланда ғана болады. Қазақстанда бір ғана тіл болу керек. Ол – қазақ тілі» деп өткір мінезімен ел жадында жатталып қалды. Республикалық телерадиокорпорациясын  басқарып тұрған заманда да ұлттық мүддені алдыңғы кезекке қойды. Оның бұл әрекетіне жоғары жаққа шағым айтқандар да болды. Президент қатысқан үлкен жиында Шер-ағамызға сындар айтылды. Ол көпшілік күткендей кешірім сұрамады, елбасынан да қаймықпады. «Құрметті Президент, бұл қызметке мен сұранған жоқпын, өзіңіз қойдыңыз. Азар болса осы жиыннан кейін мені қызметтен босатарсыз. Оған өкінбеймін. Бірақ менің қолымдағы  қаламымды тартып ала алмайсыз» деген жауабын қалың қазақ елі естіп құлақтанды.

 

Академик Рымғали Нұрғалиевтің «Таудан түскен адам» деген естелігіне көз жүгіртейік. Ғалым ағамыз Дінмұхамед Қонаевтың туған күнінде болған оқиғаны әңгімелейді. «Бүгінгі менің мынау туған күнге жайған дастарқанымдағы ең үлкен адам – Бердібек. Жазушы баласында қазақта Мұхтар Әуезовтан кейін осы үйді көрген ең үлкен жазушы – Бердібек», – дейді Д.Қонаев. Ал, Бердібек Соқпақбаев: «Сіз дүрілдеп тұрған шағыңызда қол ұшын берген жоқсыз. Бүгін мені мақтап, жүрегімді жара жаздадыңыз. Түгел айтатынымыз өтірік. Кітап өтірік, газет өтірік. Адамдар арасындағы қарым-қатынас өтірік. Бәрінен жалығып кеттім», – деген екен осы отырыста. Шындықтан жалтармай, ақиқаттан аттамай, үлкен кісінің алдында бүгежектемей, нағыз қаламгерге тән жүрек сөзін бүкпесіз айтқан еді. Өмірінде ешқандай сыйлық бұйырмай, ешбір атақ алмай, кеудесіне орден-медаль тақпай, жағымпаздықты жалау етпей жұмбақ жағдайда дүниеден қайтты.

 

«Кабинеттеріңізге менің портретім ілінбегенін қалар едім. Өтінемін президент – икон, тас мүсін емес. Президент,  бұл –портрет емес. Одан да өз балаларыңыздың суреттерін іліңіздер. Сосын, шешім қабылдаған сайын солардың көздеріне қараңыздар» – депті Украинаның жаңа президенті Владимир Зеленский ант беру рәсімінде сөйлеген сөзінде. Жеке басқа табынбау керектігін, жағымпаздықтан безіну керектігін меңзеп тұр. Бізде бір кісінің портреті кез келген мекеменің төрінде отыз жыл бойы міз бақпай ілініп тұрды емес пе?

 

Мәскеуге бас имеген қос баһадүр ағамыздың ерлігі

Кешегі кеңестік империяның зымиян саясатына тосқауыл болған  елдің намысы, қазақтың атақонысы үшін басын қатерге тігіп, қасқайып қасқыр мінез танытқан екі адам болса, соның бірі Нұртас Оңдасынов болатын. «Ел басқару өте қиын. Ел басқару біреуге бақыт, біреуге мехнат. Мен өзіме мехнат жолын таңдадым. Мен өз бала-шағамнан гөрі қазақ халқының жағдайын ойладым. Ел қатарына қосылса екен дедім. Үш нәрседен тазамын. Бірінші, сонша жыл ел басқарып, біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған емеспін – арым таза. Екінші, 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға да қол қойған емеспін – қолым таза. Үшінші, адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» – деп жазыпты Нұртас ағамыз өзінің естелігінде.

Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған басшы ағамыз Мәскеудің ығына жығылмай, оның көсемдерінің айтқанына көнбей, Қазақстанның үш ауданын Өзбекстанға бергізбей қасқая күресті. «Өзбектер мақтаны жақсы егеді», – деп діңкілдеген Н.Хрущевқа: «Ол үш аудан менің жерім емес, оны беру-бермеуді халық шешеді. Ал мақтаны біз де жақсы өсіреміз. Өткен жылы жоспарды асыра орындадық», – деп жауап қатады Нұртас ағамыз. Міне, асыл қасиетінен айнымаған, жоғары лауазым иесіне жалтақтап жасқанбаған, жарамсақтанып жанын сатпаған, арыстан жүректі, жолбарыс мінезді есіл ер осындай болса керек-ті. Н.Оңдасыновқа талай шүйліккен Н.Хрущев ақыры оны  58 жасында зейнеткерлікке кетуге мәжбүрледі. Нұртас ағамызды кетіргеннен кейін Бостандық, Мақтаарал, Киров, Жетісай, Шымқорған сияқты шұрайлы өлкелер Өзбекстанға беріліп кетті.

Н.Хрущевтың алдында тайсалмаған екінші азамат Жұмабек Тәшенов екендігі даусыз. Кремль төрінде отырған ұлыққа жалпақтап бас имеген қалпында қазақ елінің жүрегінде қалған қайраткерді бүгінде қалай дәріптесек те жарасады. Оның ерлік істерін ұмыту еш мүмкін емес. Н.Хрущев 1960 жылдардың басында Тың өлкесін құру идеясын қозғап, сол мақсатына жету үшін Қазақстанның солтүстіктегі бес облысын бөліп алуды, Тың өлкесін осылайша тікелей Мәскеуге бағындыруды көздейді. Қазақстан Үкіметін басқаратын Ж.Тәшеновты өзіне шақырып алып, осы мәселеге келісім беруін сұрағанда қасқайып қарсы тұрады. «Конституцияда көрсетілгендей, жер халықтыкі. Қазақстан халқы рұқсат етсе алыңыз. Мен түбегейлі қарсымын», – деп жауап қатқан рухы мықты тау тұлғалы Ж.Тәшенов.

Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаев Жұмекеңе қарап: «Сіз нағыз ержүрек батырсыз, арыстан жүректі азамат екенсіз», – деп бағасын береді. Димекеңнің бұл бағасына: «Туған халқым үшін тозақтың отына түсуге дайынмын», – деп жауап қайтарады.

Міне, болсаң, Жұмабек ағамыздай болу керек. Болмасаң, билік басында отырғаннан отырмаған жақсы. Жағымпаздық деген кеселді жұқтырмаған қайсар қазақ Жұмекең осылай жерін қорғап қалған. «Елім мен жерімді таққа айырбастамаймын», – деп, ұлтына адал қызмет еткен, ел мүддесін бәрінен жоғары қойған.

Бұл екі азамат жарамсақ болып, мықтыға жағып майысқан жоқ. Жағымпаз болып құрдай жорғалаған жоқ. Осындай есіл ерлері бар қазақ халқы талай зұлматтардан аман өтіп, бүгінгі жаҺандану заманына тап келіп отыр. Бұл кезеңнен қалай өтеміз? Өгізді өлтірмей, арбамызды сындырмай өтудің жауапты шағында ел басқарған ерлеріміз қандай мінез танытпақ? «Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден. Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» –  деген еді Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан. Әлихан сынды ағаларымыз адамға жағынған жоқ. Аллаға жағынып, Алаш идеясымен ғұмыр кешті. Осы идея жолында мерт болды. Тәуелсіздік жолында жандарын қиды. Алаш көсемдерінің ұстындарын басшылыққа алып, алдағы істерімізге темірқазық етіп алғанымыз маңызды болмақ. Нұртас пен Жұмабек секілді ағаларымыздай елімізге тұтқа болуға жарайтын азаматтарымыз Қазақстанды өркениет жолына бастай берсін деген тілек бар бізде.

 

Асыл қасиеттерімізден неге айырылып қалдық?

Бұрын біз қайсар мінезді едік, айбатты едік. Кеңестік империяның әсері болар, асыл қасиеттерден айырылып қалдық. Жетпіс жыл құлдық психологиядан арыла алмай, соның зардабын тартып келеміз. Толық тәуелсіздік болмағандықтан, жалтақтап отырамыз. Жетпіс жыл құл болғанымызды білдіріп қоямыз. Большевиктер партиясы ұлтымыздың қаймақтарын қырғаннан кейін қазақтың мысы басылып қалды. Жағымпаздық пен жалтақтық белең алды. Осы жаман қасиеттер бізге кеңестік биліктен мұра болып қалған сияқты. Сондықтан құлдық санадан арылып, ұлттық сананы қалыптастыруға жедел бет бұрғанымыз абзал. Ол үшін ұлттық идеямыздың болғаны маңызды. «Ұлт бар жерде сол ұлттың өсіп-өнуін қамтамасыз етіп отыратын ұлттық идея да болады. Ұлт жоқ жерде ұлттық идея да жоқ. Екеуі егіз. Бірінсіз-бірі өмір сүре алмайды. Ұлтшылдық арқылы ғана ұлт қалыптасады, ұлтшылдық ұлт тудырады. Сондықтан да ұлттың өмір сүруінің бірден-бір шарты – ұлтшылдық. Ұлтшылдық болмаған жерде ұлт та болмайды. Ұлтшылдық – ұлттың өмір сүруін қамтамасыз етіп отыратын басты қорғанышы. Ұлтшылдығы әлсіресе, ол елдің ұлттық иммунитеті де жойылып, жеке ұлт ретінде өмір сүру қабілетінен айырыла бастайды», – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы өзінің «Ұлттық идеяның үлкен жауапкершілігі» атты мақаласында. /«Түркістан» газеті, 8 қаңтар 2015 жыл/

Қазіргі алмағайып ауыр кезеңде тұтас ұлт болып ұйысудың маңызды екендігі айтпаса да түсінікті. Ел басқарған азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен қазыналы қарияларымыз ұлтымыздың асыл қасиеттерін қастерлеп, ауызбірлігі мықты елдер қатарына қосылудың қамын жасап, алдымызда тұрған ұлы істерімізді тыңғылықты атқару жолында жол бастап, жол көрсетіп жүргендері абзал. «Орыс жазушысы Гоголь Құдайға деген алғашқы махаббаттың өз халқыңа деген аяушылық сезімнен басталатынын жазыпты. Яғни, жүрегінде өз ұлтына деген аяушылық сезімі бар адам ғана Құдайды шын сүйе алады. Егер біз өз ұлтымызды сүйе алмасақ, Құдай бізді кешірмейді. Халық Құдайдың бір аты болғандықтан, Құдайды сүю де, қазақты сүю де бір-ақ ұғым. Мына жалған дүниеден өз қазағымызды сүйе алмай өтсек, ертең Құдайдың алдына барғанда не үшін өмір сүрдік деп ақталамыз?» – деп толғаныпты сыншы, әдебиетші Амангелді Кеңшілікұлы «Қазақты сүю» атты мақаласында. /«Жас қазақ» газеті, №28, 21 шілде 2006 жыл/

Құдай сүйетін қазақ болып ғұмыр кешіп, қазіргі тағдырлы кезеңдерден аман өтуден артық қандай мұрат болуы мүмкін?! Ұлтты ұлы жолға салып, ұлы мақсаттарға жетелейтін заман туды. Ол үшін бірлікті – ту, татулықты – тұғыр етуден басқа амал жоқ. Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең, бәрі бекер! Бұл Абайдан жеткен аманат екенін ұмытпайық!  

 

   Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,

 Қазақстанның құрметті журналисі

 

01.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 199
Жамбыл облысында 500-ге жуық мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды
Р.Ш.Шарипов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 09.12.2024 31
ЖОЛДАР ТАЗАЛАНЫП, ИНЕРТТІ ЗАТТАР СЕБІЛІП ЖАТЫР
Сарысу ауданы әкімдігі - 08.12.2024 31
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 214
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 214
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 231
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 214
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 202
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 197
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 221
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 210
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 218

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10495
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9475
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12711
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11681
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16693