Жаңа ауыл құрылымы қандай болуы керек?

Жаңа ауыл құрылымы қандай болуы керек?

Газетіміздің «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясы әу баста «ХХІ ғасыр ауылы қандай болуы керек?» деп тұсауын кескен. Біз жаңа ауылдың ондаған жобаларын ұсынғанбыз. Мына мақаланы жазып отырған оқырманымыз жаңа структура, яғни ауылдың жаңа құрылымын ұсыныпты. Осыны назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. 

ҚР Парламент  Мәжілісінде «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті. Заң жобасында жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару өкілеттіктерінің аражігін ажырату мақсатында жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі органдары, олардың міндеттері мен өкілеттіктері талқыланды. Жобада органдар мен ауыл әкімдерінің дербестігін кеңейту көзделеді. Бюджетті бекіту құқығы кеңес атынан тікелей тұрғындарға берілмекші. Округ бойынша құрылатын  кеңес өзге де құжаттарды, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларын, абаттандыру ережелерін, әкім аппараты азаматтарға көрсете алатын ақылы қызметтер тізбесін, сондай-ақ көше саудасы, мерекелік іс-шаралар өткізу орындарын бекітеді. Кеңес мәслихат алдында әкімді қызметтен босату туралы мәселеге бастамашылық жасау құқығына ие болатын көрінеді. Ауыл деңгейінде басқару  қоғамдастық жиналысы арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде халықтың рөлін біртіндеп арттыру көзделіп отыр. Негізгі мақсат: ауыл өмірін жақсарту,  елді мекендерді абаттандыру мәселелерін сапалы шешуге қатысуын арттыру, сапалы тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді алуға, санитарлық жағдайды, қоғамдық тәртіпті жақсартуға халықтың мүдделілігін арттыру.

    

Ұлттық құндылықтарымыздың қайнар көзі

 

Халқымыз үшін ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі. Мал өсіріп, егін егін, шаруасын өрге сүйреген  ауыл – елдің асыраушысы,  еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі. Экономика дамуы деңгейі мен халықтың өмір сүру сапасынан ауылдың жағдайын білуге болады.  6454 елді мекеннің 119 аудан орталықтары, 2182  ауылдық  округтердің орталық мекені  әлеуметтік-экономикалық әлеуеттің деңгейі жоғары 18,9 пайыз, орта – 74,6 пайыз, қалғаны төмен. Ауылшаруашылық жүйесінің дұрыс құрылмай, барды игере алмай, жеке шаруа қожалықтары техника, қаражат тапшылығынан  дұрыс ұйымдастыра  алмай келеді.  1990 жылдағыдан қазір мал басы барлық түрінен 2-3 есеге кеміп кетті. Жалпы егістік алқабы 35,2 млн гектардан 21,8 млн гектарға төмендеді. Егістік жер құнары  кеміп, тозып бара  жатыр. Шаруаның  ауыспалы егіс жүйесін енгізу, оргминералды тыңайтқыштар қолдануға және  зиянкестермен күресуге шамасы келмейді. Егістіктің тұқымын жаңарту, мал тұқымын асылдандыру шараларын да орындай алмайды.  Қосалқы шаруашылық иелері үшін жайылымдық жер азайды, жемшөп қымбатшылығы алқымнан алып отыр. Жайылым жерлер  тозып барады. Шаруалар  бекітілген жеріне ғана малын жайып жерді тақырлауда. Жайылымды суландыру, екпе шөп егіп құнарландыру, тыңайту жұмысы тарих қойнауында. Ауылды жұмыссыздық, кедейшілік жайлаған.     Ауылдағы кедейшілікті табиғи, экономикалық, əлеуметтік жəне демографиялық факторлар  туғызып отыр.  Бүгінде ауыл халқы Үкімет тарапынан ауылды дамыту мәселесінде  оң өзгерістерге бағытталған шешімдерді күтуде.             

Жобада ауылдық округтер деңгейінде азаматтардың ашық дауыс беруі арқылы төрт жыл мерзімге кеңес құрылады. Ауылдық округ бір ғана ауылдан құралса, кеңес жұмысы ойдағыдай болады. Алайда, ауылдық округ құрамында 5-6 ауылдық мекендер де кездеседі. Кезінде кеңшар әкімшілігі көтерген ауыл проблемалары бүгінде көп ауылдарда шешімін таппай күрделене түсуде. Әр ауылда тұрғындардың жиналысында  сайланған қоғамдастықтың қызметін жоққа шығаруға болмайды.       

Бүгінде күн тәртібінде ауылда  экономиканың даму және өндірісті жаңғыртудың, шағын және орта бизнесті қолдау жолдарын, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын, тұрғын үйлер салу, қызметтер көрсету жүйесін қалыптастыратын кешенді даму жоспарларын жасап іске асыру қажет болып тұр.  Ауылшаруашылығын  дамытудың маңызды себебі, азық-түлік қауіпсіздігін сақтаудағы шешілмеген мəселелер қоғамда əлеуметтік, саяси жəне басқа да мемлекет үшін қауіпті тəуекелдердің күшеюіне әкеліп соғады. Ауылдың дамуына əсер ететін институционалдық факторлардың қатарына ауылдық аймақтардың тұрақты дамуын басқару жөніндегі комиссия құрылуы, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, аграрлық өндірістің бəсекеге қабілеттілігі, орта жəне шағын бизнесті дамыту, ауыл экономикасын əртараптандыру, ауылдық жерлерде ақпараттық жəне өндірістік-өткізу инфрақұрылымның дамуы жатқызылады. Ауылда  əлеуметтік, инженерлік, мəдени-тұрмыстық инфрақұрылымның дамуы, қоғамдастықтағы моральдық-психологиялық ахуалдың тұрақтылығы, қоршаған ортаны қорғау жұмыстары, санитарлық-қорғау бағыттары, есеп беру кездесуінде көтерілген мәселелердің шешілу жағдайы туралы мониторинг және ай сайын есеп беру қажеттігі, жас мамандарды ауылға тарту,  еңбек, қолайлы жалақы ұсыну, өндірістік-өткізу кооперациясын құру барысында  жаңа мамандықтарды оқыту алда  тұрған меже. Ауылда  тұрмыс деңгейі мен тұрмыс сапасын көтеру үшін шаруашылықта бар қолданыстағы ресурстарды жұмылдыру, бір-бірімен байланысты «өндіру-өңдеу-сақтау, сату» азық-түлік жүйесін дамыту,   халық табысын арттыруға бағытталған жаңа жұмыс орындарын құру  артта қалушылықты жоюға әкелері  сөзсіз.

Аталған заң жобасында   абаттандыру және санитарлық тазалау, жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау, үй жануарларын жаю және серуендету қағидаларын әзірлеу және бекіту;   қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендіру мәселелерін шешу;  көрме-жәрмеңке қызметін ұйымдастыру және көше саудасына мониторинг жүргізу;  бейіттерге арналған жер учаскелерін есепке алу;  көшелерді санитарлық тексеру, коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру;  есеп беру кездесулерінде көтерілген мәселелердің шешілу жағдайы туралы мониторинг және ай сайын есеп беру;   өз құзыреті шегінде ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып электрондық қызметтер көрсету;  әлеуметтік шиеленістерді және еңбек жанжалдарының тәуекелдерін бақылау және т.б. аудан деңгейінен ауылдық деңгейге көшіру маңызды қадам  деп ұйғарылған.        

     

Тіршілік тәртібінің тынысы

 

Біздің пайымдауымызша, жобадағы «өзге де маңызды мәселелерді»  дегеннің орнына нақты округ бойынша жаңа сайланатын кенестің және әр ауылдағы қоғамдастық, ақсақалдар алқасы, жігітбасылардың міндетті түрде күнбе-күн көңіл аударатын ауыл тұрғындары  тынысының  маңызды сұрақтарына  төмендегі мәселелерді кіргізгенде ғана ол  ауылға тиімді. Ауыл өміріндегі күнбе-күн міндетті орындауға жататын тіршілік тәртібі заңдастырылуы керек. 

Ауылшаруашылығы өндiрiсiн дамытуға жәрдемдесу, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту үшiн жағдайлар.  

Егістік  танаптарда  желге, жер эрозиясын болдырмауға  қатарымен ағаш отырғызу  шараларын ұйымдастырып бақылауға алу. Егістік жерді даярлау, себу, өнімнің өзіндік құнын шарықтатпау мақсатында жиын-терінде монополияға жол бермей, техникалық  қызмет көрсетудің бағасын келісіп реттеп отыру. Қабылдау, өңдеу, сақтау, сату құзырына ие ауылдық кооператив ашуды ұйымдастыру. Шаруа қожалықтары мен жеке отбасылары үшін өз өнімін тиімді бағамен өткізуде  әлеуметтік дүкен, базар ұйымдастыруды ауылдық  деңгейде реттеу. 

«Ауыл – адамдар тұратын тұрақ» дегенді негізге алып,  жазда жекеменшік малды  мейлінше далада баққызу,  бағу бағасын реттеу, дәрілеуді, тұқымын асылдандыру, мал індетіне қарсы күрес ұйымдастыру, жайылым жерлерді тиімді пайдалану. Су ресурстарын дұрыс пайдалану, ауызсу алатын құдықтардың маңайын қоршау, тазалығын қадағалау; Ауызсуды үнемдеу мақсатында әр үй жанындағы жерді суаратын суды арықпен   жеткізу үшін  көше арықтарын толықтай қалпына келтіру; Халыққа көліктік қызмет көрсетуді жүргізушілермен тиімді бағасын келісе отыра ұйымдастыру.

Мәдениет және спорт, жастармен жұмыс.  

Дәстүрлі халық өнерін дамыту үшін жағдай жасау,  халық қолданбалы өнерін сақтауға, жаңғыртуға және дамытуға қатысу; ат спорты, ұлттық ойындарды, бұқаралық спортты, спорттық сауықтыру,  ауыл біріншілігін ұйымдастыру; Жастарға салауатты өмір сүруге  іс-шараларды ұйымдастыру; жастармен зиялы адамдармен кездесулер өткізу; спорт алаңдарын күту; ауылдық кітапханада кітапхана қорын жинақтау және сақтау; Бос уақытты өткізуде  мәдениет ошақтарын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау; ауыл тұрғынының жаппай демалу  орны тазалығы,  сауықтыру орнын дамыту және қорғау. 

Қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп адам құқығын дәріптеу. 

Қоғамдық тәртіпті бақылау, отбасындағы жат қылықтарға жол бергізбеу. Өрт қауіпсіздігінің бастапқы шараларын қамтамасыз ету; Аумақтық қорғаныс, азаматтық қорғаныс,  табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі іс-шараны ұйымдастыру, асар арқылы жүзеге асыру. Су объектiлерiндегi адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету. Ауыл ішіндегі үйлердің жанынан өтетін арықтарды көптеген тұрғындар цементтеп жауып тастаған әрекеттері таудан үлкен су келген жағдайда көшені шайып, іргетасы төмен ескі үйлерді құлату қаупін туғызып отыр, сонымен қатар, көшедегі ағаштар суарылмай тамырлары құрғап кетуге әкелген. Ауылда мал ұрлығына қарсы, қоғамдық тәртіпті қорғауға  халық жасақшыларының қызметін ұйымдастыру; 

Күнделікті ауыл тынысының жалпы тәртібін бұзушылықтың әрбір көрінісін ақсақалдар кеңесі,  отбасы шырқын бұзғандар ақсақалдар және аналар алқасы отырысында талқылануы міндетті. 

 Абаттандыру, тазалық.  

Ауылдың  аумағын абаттандыруды, бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту, елді мекеннің шекарасында орналасқан ағаштарды қорғау, молықтыру; тұрғын үйлерді, ғимараттарды күтіп ұстау, көше тазалығын қадағалау, қоғамдық орындарды  абаттандыру және сыртқы безендіру мәселелерін шешу; санитарлық тазалау.

Ономастика.   

Ауылдың дамуына еңбегі сіңген адамдарға ауыл алаңы, спорт алаңы, көше атын беру, олардың өмір жолына байланысты ақпаратты орналастыру, бұрынғы атауларды өзгерту.

Бейбіт өмір.  

Ауылда  сепаратизм  көріністерін  алдын ала жоюға; этносаралық  жанжалдың алдын алуға бағытталған іс-шараларды іске асыру,   конфессияаралық келісімді нығайтуға, қоныс аударушылардың әлеуметтік-мәдени бейімделуіне; ауылдағы  тарихи, мәдениет ескерткіштерін сақтау, пайдалану және насихаттау, мұрағат қорын қалыптастыру; ауылдың бір шетінде жаназа оқылып жатса, екінші шетінде даңғаза той өткізуді тоқтату.                

Тұрмыстық қалдықтар.  

Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтауды ұйымдастыру, күл-қоқысты ретсіз төккізбеу, төгетін арнайы жерді белгілеп,  санитарлық эпидемиялық  жағдайды, мал, ит, құс өлекселерін бір  жерге жинақтап өртеу, көму, залалсыздандыруды  бақылау; 

Әлеумет. Жалғызілікті, тұрмысы нашар отбасыларына, мүгедектерге қол ұшын беру, тұрмыстық жағдайларына мониторинг жасап тұру; Қарттар күніне даярлық, құрмет көрсету;   өмірден өткен адамдарды ақтық сапарға шығарып салу, ғұрыптық қызмет көрсету және зиратты күтіп ұстауды ұйымдастыру; 

Бюджетке байланысты жобада көрсетілген нысаналы алымдардан басқа  ауылдық бюджеттің жеке кіріс көздеріне  ақылы қызмет көрсетуден, ерікті демеуші, қайырымдылық қор жарнасы, арнайы белгіленген орындардағы сауда үшін алым, абаттандыру қағидасын бұзғаны, инфрақұрылым нысаны  мен жасыл желектерге зақым келтіргені үшін айыппұл, бір қой ұрлағанға 5 қой төлету, заңға қайшы келмейтін өзге көздерден кірістер қалыптастыру.

   Қауымдастық  жиынында  қабылданған шешімдерді  мұраты мен тілегі бір ауыл тұрғындары қабылдап, орындалумен құнды болатын ұйымдасқан  бейбіт ортаны құру  мақсатында  «Ауыл тынысы тәртібі»  туралы бөлімді    «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңға қосып,  заңдастыру қажет. Сол тәртіп қауымдастыққа ауылды басқаруға тура жол ашады.  Әр ауылда қауымдастық басшысын сайлап, аудан бойынша  қауымдастық жетекшілері кеңесін құру, олардың бастарын мәслихатта қосып, пікір бөлісіп, тәжірибе алмасуды  ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар, мәслихат барлық елді мекендерде бір күнде қауымдастық жиналысы өткізу күнін белгілеуі дұрыс деп ойлаймыз.

 

НҰРЛАН ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,  

Шелек ауылдық округі 

қоғамдастық мүшесі, 

Журналистер одағының мүшесі 

16.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1162
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7210
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11072
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7275
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7422