Шәмші Беркімбаева атындағы Алматы қыздар лицейі Қазақстандағы 100 үздік мектептің ең алдыңғы шебіндегі білім ордасы болып саналады. Бір ғажабы, осы лицейді бітірген түлектердің жылма-жыл 35%-ы шетелдердегі, 60-70 пайызы еліміздегі белгілі-белгілі ірі оқу орындарына түседі. Осы лицейге түсушілердің оқу төлемі кәдімгідей қымбат болса да, жыл сайын мұнда келуші талапкерлердің легі сиреген емес. Мұнда оқуға конкурстық байқаумен сыннан өтеді. Сонда бұл оқу орнының ерекшелігі неде? Бұл жөнінде келесі мақалада айтуды жөн көрдік. Жуырда осы лицейдің ғимаратында маңызы зор шара өтті. Шараның аты «Жарқын болашаққа жол: қоғамды тазартатын 5 қадам» деп аталады. Маңызды тақырып па? Әлбетте, өте маңызды тақырып.
Мұны ұйымдастырған кімдер, қандай ұжымдар? Оның басты ұйымдастырушысы – Білім-инновация қоры оқу-тәрбие үйлестірушісі Шабан Джожкун басқаратын ұжым. Әрине, бұған атсалысқан басқа да азаматтар бар. Солардың ішінде өзі басқаратын лицейдің ғимаратын берген директор Тамер Гузирді ерекше айтып кеткен жөн. Осы шараның да шымылдығын Тамер бей ашты.
Ұйымдастырушылар, Абай бабамыз айтқандай, «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деген қағидаға сүйенген болу керек, 5 тақырыпты таңдапты. Нашақорлық, вандализм, ысырап, зорлық-зомбылық және лудомания.
Скиперлер осы тақырыптарды тереңнен қаузап, жиналғандарға қолмен қойғандай жан-жақты түсіндіріп берді. Мұнда жиналғандар – мұғалімдер, ата-аналар. Мектеп-лицейлердің директорлары да осында. Облыстардан да қатысты. Сонымен спикерлердің, яғни баяндамашылардың аты-жөндерін айта кетейін: Жанайхан Мұстафа, Ресей және Еуропа арт-терапия одағының және ҚР педагог-психологтар қауымдастықтарының мүшесі; Мөлдір Тоғжанова балалар психологы, бірнеше кітаптың авторы, @qalamschool almaty мектебінің құрылтайшысы; Нұрлан Асанов, Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, Мәдина Сүлеева, педагог-психолог, академиялық коуч профориентатор, «Үздік жыл психологі – 2023» республикалық байқауының жеңімпазы және мен. Көріп отырсыздар, менен басқасы аттарынан ат үркетін кілең жұлдыздар. Шындығына келсек, қонақтар спикерлердің жасаған баяндамаларына, түсіндірмелеріне риза болып тарады. «Жан дүниемізге көп нәрселер алдық» деп олар ағынан жарылды.
Тәуелсіздігімізді алғаннан соң ашық қалған қақпадан жаман да, жақсы да нәрселер лап берді. Кейінгі кездері балаларымыздың арасында болып жатқан сорақы оқиғалар қазір мемлекетімізді де, мамандарды да, ұстаздар мен ата-аналарды да алаңдатып отыр. Бүгінгі шара осы келеңсіз жайттарға тосқауыл қоюға, сондай-ақ ұрпағымызды қауіп-қатерден сақтандыруға, ата-аналар мен мұғалімдерге көмектесетін методикалық-педагогикалық әдіс әрекеттерді ортаға салуға арналды. Жақсы шара, тамаша бастама!
Әлбетте, жиналыста сөйлеген сөзімізден кейін «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналына жазылуға үндедік. Жиналғандар жазыла ма, жазылмай ма, оны өздері шешетін болар. Бірақ мынаны ұғыңыздар: Газет оқымаған мұғалім қатты ұтылады, журнал оқымаған оқушының білігі төмен болады. Сондықтан газет-журналдан басқа кітап оқуды да ұмытпаңыздар. Сонда, Абай бабамыз айтқандай, толық адам дүниеге келеді.