Былтыр Үкімет Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады. Бұл – қуанышты жаңалық. Заман көшіне ілесудің төте жолы. Бар ғалам жасанды интеллектіні айналысқа қосып, түбегейлі зерттеп жатқанда біздің мемлекеттің бейқам жатпасы анық. Атқарылып жатқан істер де көп-көрім.
Қазақстан цифрландыру саласында әлемдік аренадағы деңгейін нығайтып келеді. БҰҰ рейтингінде еліміз E-government-ті дамыту бойынша 24-орынды иеленді. Электронды үкімет порталы мен банктердің цифрлық экожүйесі халықтың тұрмысын жеңілдетіп, Қазақстаннан экспортталатын ІТ-қызметтер саны да артып отыр.
«Ana tili» газетіне берген сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің даму перспективаларына тоқталуы бекер емес. Президент еліміздің жаһандық цифрлы көшпенділер үшін қолайлы мемлекетке айналып келетінін атап өтті: «Қазақстаннан экспортталатын ІТ-қызметтер саны артып келе жатқаны көңіл қуантады. Astana Hub табысты жұмыс істеп тұр. Бұл технопарк бір жарым мыңнан астам компанияның басын біріктіреді. Оның үштен біріне жуығы – шетелдік компания. Осылайша, еліміз жаһандық цифрлы көшпенділер үшін қолайлы мемлекетке айналып келеді» деді.
Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу үшін стратегиялық құжат қабылданды. Қазақстанда ЖИ дамыту және цифрлық ортаны құқықтық реттеу мәселелері бойынша ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тұжырымдама биылғы (2024) 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасы бойынша әзірленіп жатыр.
Экономистердің есептеулеріне сәйкес, жасанды интеллектіні қолдану 2030 жылға қарай жаһандық ЖІӨ-ні 14%-ға арттыруы мүмкін. Бүгінгі таңда Қазақстанда 93 ақпараттық база қосылған Smart Data Ukimet-те мемлекеттік органдардың деректерін жинау бойынша шаралар кешені жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде елімізде суперкомпьютерді орналастыру, деректерді өңдеу орталықтарын салу, Ұлттық ЖИ платформасын құру және талшықты-оптикалық байланысты дамыту көзделген. Сонымен қатар адами капиталдың өсуі үшін бірқатар білім беру және акселерациялық бағдарламаларды іске асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта 17 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 15 бағытты енгізді. Осы мамандықтар бойынша пәндерді 2 196 студент оқиды.
Сөз орайы келіп тұрғанда https://abai.kz/post/192932 сайты Қазақстанда жасанды интеллекттің дамуы: мүмкіндіктер, кедергілер және болашақ перспективалары жөнінде Сәтбаев университеті Автоматика және ақпараттық технологиялар институтының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Айнұр Ахмедияровамен сұхбаттасқан екен, соны айта кеткенді жөн көрдік.
– Айнұр Таңатарқызы, Қазақстанда жасанды интеллекттің даму қарқыны қалай жүріп жатыр? Саланың әлеуетін арттыруға не кедергі? Оларды шешу жолдарына тоқталсаңыз.
– Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) технологияларының дамуы соңғы жылдары айтарлықтай қарқын алып келеді. Цифрлық Қазақстан бағдарламасы, Astana Hub инновациялық технопаркі, Alem.AI зерттеу орталығы және KazLLM сияқты ұлттық жобалар еліміздің ЖИ саласындағы әлеуетін көрсетеді. ЖИ технологияларының денсаулық сақтау, білім беру, экономика және мемлекеттік басқару салаларында кеңінен қолданылуы елдің цифрлық трансформациясына айтарлықтай серпін береді. Алайда, саланың дамуы жолында әлі де бірқатар қиындықтар бар: кадр тапшылығы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі және инфрақұрылымның дамымауы. Бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет, ғылыми қауымдастық және жеке сектор арасындағы үйлесімді ынтымақтастық қажет. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуы, шетелдік тәжірибені бейімдеу, кадрларды сапалы даярлау және заманауи инфрақұрылым құру Қазақстанның жасанды интеллект саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Бұл бағытта мемлекет тарапынан нақты шаралар қабылданып, стратегиялық жоспарлар жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс, – депті.
Еліміздің басым бағыттарының бірі – жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаев KazLLM цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасын бұл бағыттағы маңызды қадам екенін атап өтті. «Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алады. Оған мүмкіндігіміз толық жетеді. Ол үшін жасанды интеллект технологияларын дамыту керек. Болашағы зор жобалар қазірдің өзінде бар. Мысалы қазақ тілінің KazLLM атты цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасы жасалды. Бұл – қазақ тілінде ойлап, сараптама жасап, қазақша сөйлесе алатын жасанды интеллект. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Жыл соңына дейін жасанды интеллектінің Alem.AІ атты халықаралық орталығы ашылады. Бұл орталық инвестиция тартатын, әлемдік тәжірибені және инновацияларды енгізетін орынға айналуы керек».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде жасанды интеллекттің дамуына қолдау білдіріп, оны білім, медицина, өнеркәсіп және мемлекеттік басқару сияқты әртүрлі салада белсенді пайдалануға шақырды. Президент жасанды интеллектті дамыту Қазақстанның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ете алады деп санайды.
«Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды. Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс процестерін автоматтандырады және ауқымды экономикалық құндылық қалыптастыра алады. Кейбір сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі – дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне пара-пар. Аталған технологияның кең қолданысқа ие болуы Қазақстанның қарқынды дамуында маңызды рөл атқара алады. Сондықтан қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет», – деген еді Қ.Тоқаев Digital Bridge форумында.