40 жылда қарапайым аграрлы мемлекеттен әлем бойынша экспорттаушы мемлекеттердің алдыңғы қатарынан көрініп, экономикасы тұрақты мемлекетке айналған Оңтүстік Корея – бизнес пен билік жасаған мемлекеттік саясатта мәдениет пен тілді қозғаушы күш ретінде ұтымды қолданғанына күллі әлем куә. Бүгінде Корея өзінің тұрақты экономикасының арқасында, ЭЫДҰ құрамына қарыз алушы емес, қарыз беруші ретінде тіркелген жалғыз мемлекет. «Басқа мемлекеттер ғасырлап әрең жететін осындай таңғажайып жетістікке аздаған уақытта жетудің сыры кореялық нунчи философиясында» дейді ғалымдар.
«Нунчидің» не екенін білу үшін өзіңізден К-pop (Korean pop – Оңтүстік Кореяда пайда болған музыкалық жанр) әлемде неге әйгілі екенін сұраңыз. Корея экономикалық қарқынымен қатар, мәдени динамо-машинаға айналды. Бір қарағанда, ақылға қонымсыз дүние. Әндер ағылшын тілінде де емес. Кәріс тілінде әлемнің екі мемлекеті ғана сөйлейді: Солтүстік және Оңтүстік Корея. Сондай-ақ кореялық косметика кейінгі жылдары Париж бен Лондонның сауда желілерін басып озған. 70 жыл бұрын су құбырлары да болмаған Кореяны алға жетелеген – өзі тұрмақ, басқа халықтардың қажеттілігін көзбен көріп, іштей сезу, сараптау қабілеті.
Қазақстан Президенті Жолдауында айтып өткен, жоғарыда аталған міндеттерді орындау мақсатында проблеманы көзбен өлшеу, іштей сезу, сараптау әдісін – «нунчи» философиясын қолданып көрдік. Айта кету керек, көшпенді өмір салтын ұстанып өмір сүрген халқымыздың руханияты, ғылым-білімі, салт санасы – таста, ғимаратта емес жадында еді. Бұл күнде сол жәдігерлерден ажырап бара жатқанымыз қай салада болсын көзге айдан анық көрінеді. Әйтпесе сол «нунчи» философиясын қазақ бір-ақ ауыз сөзбен «Ымды білмеген – дымды білмейді» деп айтып кеткен ғой. Осы философияны басшылыққа ала отырып, еңбек өнімділігін жетілдірудің негізі – ұлт сапасын арттыруға, ел экономикасының ішкі-сыртқы айналымына серпін беруге мүдделі мәдениет саласы екенін айтқым келеді.
Президент Ким Ен Сам Стивен Спилбергтің «Юра кезеңіндегі парк» фильмінің кассалары бір жарым миллион Hyundai автомобильдерін шетелге сатудан түскен кірістерге тең екенін білгенде мәдениетті дамытудың маңызын түсінген. Содан кейін Корея ел бюджетінің шамамен 1%-ын субсидияларға және мәдениет саласындағы компаниялар мен стартаптарға төмен пайыздық қарыздарға жұмсай бастаған.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында білімсіздіктің салдарын, проблема ескерілмеген жағдайда мемлекетке тигізетін зардабын болжап, айшықтап берді. «Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм. Осыны естен шығармаған жөн. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді».
Білімсіздіктің салдарын – алысқа бармай-ақ, статистикадағы мәліметтерге көз жүгіртіп шығу арқылы да түсіне аламыз. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша 2019 жылы 15-29 жас аралығындағы 887 қазақстандық суицид жасауға шешім қабылдаған. 2020 жылы жастар арасында өлім саны күрт өсті, бұл туралы Парламент депутаттары Үкіметке хабарлады. ДСҰ деректері бойынша Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау саны бойынша әлемде үшінші орын алады және Орталық Азия елдері арасында алдыңғы орында тұр.
Әлеуметтану магистрі Татьяна Резвушкина бұл трагедиялық көрсеткіштер – қоғамда шешімін таппаған проблеманың бар екенін және ол тақырып елімізде зерттелмегенін айтады. Жастардың суицидке баруына итермелейтін отбасылық, материалдық, психологиялық факторлардан бөлек, тұлғалық қалыптасудағы проблемалардың қоғамдағы сценарийіне назар аудардым. Тал бесіктен санасында қалыптасқан ойлау үлгісі, мәдени, эмоциялық, психикалық, генетикалық ерекшеліктердің компоненті, дүниетанымы, тілі, ділі жаңа қоғамда жарамсыз екенін сездіріп, сыртқы факторлардың (ақпараттық ағын, тренд, тенденция) соққысы табиғи, рухани құндылықтарға қолайсыз вирустық фотосинтез құбылысына қамайды. Басқа елдердің экономикалық тиімділікке негіздеп жасаған жат мәдениетіне, өмір салтына ілесе алмау, қалыпты өмір салтының жетістікке жеткізбейтінін сезіну – өзіне деген сенімділікті жоғалтады. Азаматтар тұлғалық нигилизмге ұшырайды.
Конституциямыздағы 1-баптың 1-тармағында «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі» деген тұжырым аталған проблеманы шешуге үлкен негіз деп ойлаймын. Мәселен халлю (корейлік толқын) тек телешоуларды ғана емес, сонымен қатар ұлттық тағам, киім, тілді де таратады. Бұл құбылыс елдің саяси және экономикалық мүдделерін алға тартатын «жұмсақ күштің» (soft power) тамаша құралы болып саналады. Бангкок университетінің профессоры Ворасуан Дуангчинда жастар туралы былай дейді: «Олар кәріс дорамаларын көре бастайды, содан кейін кәріс әндерін айтады. Содан кейін олар бүкіл кәріс тілінің жанкүйерлері болады. Менің көптеген студенттерім кәріс тілін үйретеді, өйткені олар кореялық сериал мен музыканы ұнатады».
Жастардың қалыптасып өсуіне сыртқы, вирустық емес, табиғи, таза, ұлттық фотосинтез үрдісін ұйымдастыру туралы бастамама Мемлекет басшысының «Кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады» деген сөзін темірқазық етіп алдым.