Жасыратыны жоқ, 1986 жылғы желтоқсанның сол бір үрейлі үш күні еске түскен сайын көңіл жүдеп, жүрек сыздайды. Желтоқсан құбылысы қаһары мен ызғары бетіне теуіп тұратын тоталитарлық әкімшілік жүйе мен енді тәй-тәй басқан демократиялық балаң ойдың алғашқы беттесуі болды. Бірақ бұл екі күш Алматы қаласында беттеседі деп ешкім күтпеген еді. Бұл ретте жас қазақ демократиясы талай жылдар бойы бұзылмайтын беріш болып қатқан коммунистік ескі ойлау жүйесінің тас бөгетіне келіп соқтықты. Әуелде жас демократтар көкейде туындаған сан алуан сұрақтарға толымды жауап алатынына сенді. Алайда бейбіт сипатта басталған шеру өзінің бастапқы қалпын ұзақ сақтай алмады. Мұны өздеріне көрсетілген қарсылық, ұлтшылдық сипаттағы дөңайбат деп түсінген билік оған мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, партиялық билік пен құқық қорғау құрылымдарының тарапынан әртүрлі арандатушылық, бұзақылық, күш көрсету сипаттағы шаралар ұйымдастырылып, жоқтан өзгеге қоқан-лоқы жасауы, сес көрсетіп, ұлттық сезімді қорлауы жастардың ашу-ызасын тудырып, ақыры жаппай ереуіл жасауына апарып соқтырды.
Мәскеудің жауыздығы шектен шыққан еді
Қалай десек те, жас қазақ демократиясы сол бір қиын-қыстау күндері әлі буыны қатпағанын, солқылдақтығын, әлжуаздығын көрсетіп алды. Есесіне «мемлекеттік жазалау машинасын» іске қосқан коммунистік билік бұл мүмкіндікті босқа жіберген жоқ. Жастардың қателігін пайдалана білді. КСРО Ішкі істер министрлігі мен КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бірлесіп өмірге әкелген «Метель» жоспарын сынақтан өткізуге мүмкіндік алды. Жастарды жазалауда аяушылық болған жоқ. Мәселе жазалауда немесе ереуілші топты сабаға түсіруде емес, жазалау әдісінің жауыздығында, қатыгездігінде еді. Ал сол кездегі жазалаушылардың жасаған жауыздығынан жаның түршігеді. Қазір жазалаушылардың жазықсыз жастарға жасаған жендеттік іс-әрекеттері туралы бүкпесіз айтылып та, жария етіліп те жатыр. Бірақ оның аяқталар түрі жоқ.
Қонаев ақсақалдың ойда жоқта орнынан алынуы оған бүйрегі бұратын жастарға біреу басына мұздай су құйып жібергендей әсер етті. Өз құлақтарына өздері сенбей, шындыққа көз жеткізу үшін жастардың алаңға жиналуы, яғни ұлттық сананың наразылығы – билік тарапынан мемлекетке, партияға, социалистік қоғамға қарсы шығу ретінде қабылданды. Және дүниежүзі қауымдастығына солай түсіндірілді. Ал бұлай түсіндіру шын мәнінде КСРО-да болып жатқан қоғамдық-әлеуметтік шындықты белінен басу, өрескел бұрмалау еді.
Желтоқсан дүрбелеңінің туу себебіне баға беру және түсіндіру жұмыстары да көп уақытқа дейін тек бір жақты бағытта – «қазақ ұлтшылдығы», қазақ ұлтын қаралау мақсатында жүргізіліп келгені бұл күнде ешкімге құпия емес. Бейбіт мақсатта басталған шерудің алдымен ереуілге ұласып, кейін ұлт-азаттық көтерілісіне айналу төркіні тым әріде жатқаны ол кезде қаперге алына бермеді.
Төртінші Шаханов комиссиясының талаптары неге орындалмады?
Осы ретте атап өтетін жайт, Желтоқсан көтерілісінің құпиясын ашу мақсатында бір емес, екі емес, бес рет комиссия құрылып, жұмыс жасағанын көпшілік жұрт білмеуі мүмкін. Соның бәрінде де комиссия мүшелері СОКП бастаған жоғары билік құрылымдарымен қиян-кескі күрес жүргізді. Алғашқы құрылған комиссиялар кедергілердің көп болуы себепті нәтижелі жұмыс істей алмады. Тек ССРО Халық депутаты М.Шаханов пен Қазақ ССР Халық депутаты Қ.Мырзалиевтің тең төрағалығындағы, құрамында Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Т.Бурабаев, Алматы архитектура-құрылыс институтының аға оқытушысы Н.И.Фокина, Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы М.Сәрсенбаев, осы университеттің кафедра меңгерушісі А.А.Ким, кафедра профессоры Ә.Стамқұлов, социалогия кафедрасының доценті Ю.Е.Дуберман, қылмыстық істер кафедрасының аға оқытушысы С.Жақсымбетов Қазақстан ЛҚЖО ОК бірінші хатшысы И. Тасмағамбетов, Қазақ ССР Халық депутаттары Н.В.Задорожный мен С.Әбдірахманов, «Казахстанская правда» газетінің редакторы Ф.Ф.Игнатов, «Рабочая трибуна» газетінің тілшісі Ю.И.Кириницианов, Қазақ ССР Президенттік кеңесінің кеңесшісі С.Қасымов, Қазақ ССР Министрлер Советі аппаратының қызметкері Т.Ізмұғамбетов және ССРО Халық депутаты Е. Мергенов енген төртінші комиссия ғана көптеген қорқыту, үркіту, аяқтан шалу сияқты кедергілерге қарамастан Желтоқсан ақиқатын ашып, жариялауда табысты жұмыс жасағанын атап өтуге тиіспіз. Халқымыздың қаһарман ұлы, ақын М. Шаханов өзінің «Желтоқсан эпопеясы» атты деректі еңбегі мен баспасөзге берген сұхбаттарында мұны жеткілікті түрде талдап, баяндағандықтан, бұл мәселеге тоқталмаймыз.
Біздің бүгінгі сөз ететін әңгімеміз, осы тақырып төңірегіндегі басы ашық жайлардың бірі – Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы жанынан құрылған Алматы қаласындағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаларға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссияның қорытындысында көрсетілген тұжырымдары мен ұсыныстарының орындалу, орындалмау мәселесіне қатысты болмақ.
Сонымен, Желтоқсан – 86 құбылысына қатысты мәселенің анық-қанығы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы жанынан құрылған комиссия (төртінші) қорытындысында біршама егжей-тегжейлі айқындалып, түйінделгені белгілі. Бұл өткен ғасырдың 1990 жылдары болатын. Советтер Одағының дәурені жүріп тұрған кезі. Содан бері арадан аз ба, көп пе, отыз екі жыл уақыт өтті. Алайда Қазақ ССР Жоғарғы Советінің төрағасы Е. Асанбаев мақұлдап, қол қойған, баспасөз арқылы кеңінен жарияланған сол Жоғарғы Совет Президиумы қаулысының қорытынды шешімдері орындалды ма, орындалмады ма деген сауал қойылатын болса, ауызды құр шөппен сүртуге тура келеді.
Сөз болып отырған мәселе оқырманға түсінікті болу үшін Комиссия тұжырымдары мен ұсыныстарынан үзінділер келтірейік:
«Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсанда Алматыда және Қазақстанның бірқатар облыстарында бой көтерулері ұлтшылдық сипатта болған емес...», «...Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшылығына Г.В.Колбиннің жасырын және халықты қорлайтындай түрде тағайындалуы... республика халқының өмірлік мүдделеріне қатысты мәселелерді шешу кезіндегі Орталықтың өрескел өктемдігі деп қабыл алынды», «...Пленум шешімімен өздерінің келіспейтінін білдірді», «Республика басшылығы әуел бастан тең праволы диалог бастағысы келмеді...», «Саяси наразылықты билікке төнген қатер деп санап... оған Алматы гарнизонын әзірлік жағдайына келтірумен және алаңды әскери күштермен қоршау арқылы жауап берді», «...наразылық демонстрациясының жаппай тәртіпсіздіктерге ұласуына республика басшыларының өткір жағдайдан шығудың бейбіт жолын таба білмеуі, ...күшке сенуі себеп болды», «Тәртіпсіздікті басып-жаншу кезінде тәртіп қорғау күштері заңдылықты өрескел түрде бұзды, ұсталғандарды ұрып-соқты... қала сыртына апарып тастады, тергеу изоляторында бірнеше тәулік бойы ұстады», «демонстрацияны қуып-тарату кезінде сойылдар, саперлік күректер, қызмет иттері пайдаланылды», «қақтығыстар қайғылы зардаптарға әкеліп соқты – қаза тапқандар болды (екі жақтан да), көптеген адамдардың денесіне ауыр жарақат түсті», «...адамдарды ұлттық белгісі бойынша бір-біріне қарсы қойған партия және совет қызметкерлерінің іс-әрекеті айыпталуға сөзсіз лайық...», «мұндай саяси соқырлық ұлтаралық алауыздықтың өршуіне әкеліп соқтырды», «...Желтоқсандағы қайғылы оқиғаға әміршіл-әкімшіл системаны басты кінәлі санай отырып, оның нақты өкілдерін, нұсқаулар беру барысында борышын теріс пайдаланған жекеленген адамдарды көрмеуге болмайды...».
Комиссия қорытындысында республика халқының пікірін ескерместен Қазақстанның жоғарғы саяси басшылығын тағайындау кезіндегі өктемдігі үшін; сондай-ақ соңы ауыр зардаптарға апарып соқтыратынын біле тұра ІІМ арнаулы бөлімдерін Алматыға енгізу арқылы ауыр салдарға, оның ішінде адам өліміне алып келген Конституцияға қайшы шолақ шешімді мақұлдап, рұқсат бергені үшін; Қазақстан халықтарының достық қатынастарына ауыр зардабын тигізген, қазақ ұлтына саяси жағынан сенімсіз деп баға беріп, бүкіл қазақ халқының ұлттық сезімі мен намысын қорлайтын «ұлтшылдық» айдарын тағуға жол бергені үшін СОКП ОК Саяси Бюросы құрамының (әрине, СОКП ОК Бас хатшысы М.С.Горбачев бастаған) 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жөнінде ұстанған саясаты мен іс-әрекетін айыптайтын шешім шығарады. Айыптап қана қоймайды, бейбіт наразылықты басу кезінде күш қолдануға, оқиғаға қатысушы жастарға қарсы жазалау науқанын бастауға пәрмен берген партия және мемлекет басшыларының, бейбіт наразылықты басу кезінде аяусыз басып-жаншуға, жазалаудың заңсыз әдістерін қолдануға бұйрық берген лауазымды адамдардың атын жіпке тізгендей жеке-жеке атап көрсетіп, осыншама заңсыздықтар мен кеудемсоқтыққа жол берген кінәлі адамдар заң алдында жауапкершілікке тартылуы тиіс дейді. Осылайша, жас қазақ демократиясын қанға бөктіріп, аяусыз жазалауға нұсқаулар мен бұйрықтар берген, Орталықтан түскен заңсыз үкімдерді көз жұмып мүлтіксіз орындаған, өздерінің адамзатқа жасаған зұлымдықтарын жасырып-жабу үшін бүкіл бір халықты «ұлтшыл» деп қаралаудан да тайынбаған 44 жоғарғы лауазым иелерінің атын атайды. Олар кімдер еді? Ендеше, осы мүмкіндікті пайдаланып, Желтоқсан қасіретіне күнәһар адамдарды тағы бір рет жеке-жеке атап өтейік.
Күнәһар 44 адамның тізімі
Г.В.Колбин – Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы, Қазақстаннан КСРО Халық депутаты;
М.С.Соломенцев – СОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі;
В.М.Чебриков – СОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, ССРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы;
Е.З.Разумов – СОКП ОК ұйымдық-партиялық жұмыс мәселелері жөніндегі бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары;
А.В.Власов – ССРО Ішкі істер министрі (кейін СОКП ОК бөлім меңгерушісі);
Н.Ф.Мищенко – СОКП ОК-нің ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімі Қазақстан секторының меңгерушісі;
О.С.Мирошхин – Қазақстан Компартиясы ОК-нің екінші хатшысы (кейін ССРО-ның Замбиядағы Төтенше және өкілетті елшісі);
З.К.Камалиденов – Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы;
В.И.Ефимов – Қазақстан Компартиясы ОК-нің әкімшілік органдары бөлімінің меңгерушісі (кейін СОКП ОК жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясының докторанты);
А.А.Устинов – Қазақстан Компартиясы ОК-нің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі;
Б.К.Елисев – ССРО Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары;
О.В.Сорока – ССРО Бас прокурорының бірінші орынбасары;
Ф.Д.Бабков – ССРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары;
В.К.Стрельников – КСРО Бас прокурорының көмекшісі (кейін ССРО прокуратурасы Ішкі істер министрлігінің органдарында тергеу жүргізілуімен жауап алынуын қадағалау жөніндегі басқарма бастығының орынбасары);
В.И.Андреев – ССРО прокуратурасының мемлекет қауіпсіздігі органдарында тергеу жүргізілуін қадағалау жөніндегі бөлімнің бастығы;
Г.Н.Князев – Қазақ ССР Ішкі істер министрі (кейін Свердловск қаласындағы ССРО Ішкі істер министрлігі жоғары курсының бастығы);
В.М.Мирошник – Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздігі комитетінің төрағасы (кейін ССРО Мемлекеттік қауіпсіздігі комитеті басқармасы бастығының орынбасары, ССРО Халық депутаты);
Э.О.Басаров – Қазақ ССР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары;
А.М.Паридуха – ССРО Ішкі істер министрлігінің Орта Азия және Қазақстан бойынша әскерлер әскерилер бас басқармасының бастығы;
В.С.Дубиняк – ССРО Ішкі министрлігі ішкі әскерлер бас басқармасы бастығының орынбасары;
В.С.Комиссаров – ССРО Ішкі министрлігі қылмысты істерді іздестіру басқарма бастығының орынбасары;
С.Д.Серіков – Қазақ ССР Ішкі істер министрінің орынбасары;
Б.А.Коряковцев – Қазақ ССР Ішкі істер министрінің орынбасары (кейін ССРО Ішкі істер министрлігі мемлекеттік автомобиль инспекциясы бас басқармасының бастығы);
К.Т.Мусин – Алматы қалалық атқару комитеті Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары;
И.Г.Карпов – ССРО Мемлекет қауіпсіздігі комитеті Алматы Жоғары командалық шекара училищесінің бастығы (кейін ССРО МҚК Мәскеу жоғары командалық шекара училищесінің бастығы қызметіне жоғарылатылды);
Ю.А.Косолапов – ССРО Ішкі істер министрлігі Орта Азия және Қазақстан бойынша ішкі әскерлер басқармасының штаб бастығы;
С.М.Исабаев – Алматы облысының атқару комитеті Ішкі істер басқармасының бастығы;
Н.Т.Куликов – Транспорттағы ішкі әскерлер Шығыс басқармасы бастығының орынбасары (кейін бастығы етіп тағайындалды);
М.А.Әбділманов – Алматы қаласы атқару комитеті Ішкі істер басқармасы өрттен қорғау басқармасының бастығы;
В.А.Рекун – Алматы қаласы атқару комитеті Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары;
Ғ.Б.Елемесов – Қазақ ССР-нің прокуроры;
Г.К.Айтмұхамбетов – Қазақ ССР Жоғарғы сотының төрағасы;
Д.Досполов – Қазақ ССР Әділет министрі (кейін Қазақ ССР Министрлер советінде жауапты қызметке ауысты);
А.Д.Мызников – Қазақ ССР прокурорының орынбасары;
В.С.Волтунов – Қазақ ССР прокуратурасы тергеу бөлімінің бастығы;
С.Д.Мурзалин – Қазақ ССР МҚК тергеу бөлімі бастығының орынбасары;
И.А.Тетеркин – Қазақ ССР Әділет министрінің бірінші орынбасары;
М.С.Меңдібаев – Қазақстан Компартиясы Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшысы (кейін Қазақстан Компартиясы ОК екінші хатшысы қызметіне жоғарылады);
Г.В.Шулико – Қазақстан Компартиясы Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы;
А.В.Хмызов – Қазақстан Компартиясы Алматы қалалық комитетінің бөлім меңгерушісі (кейін Алматы облысының атқару комитеті еңбек және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлім меңгерушісі);
Ю.А.Ежков – Қазақстан Компартиясы Алматы қаласы Москва аудандық комитетінің бірінші хатшысы (кейін Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылады);
Ю.А.Мещеряков – Қазақстан Компартиясы Алматы қаласы Октябрь аудандық комитетінің бірінші хатшысы (кейін Қазақстан Компартиясы Павлодар облыстық комитетінің бірінші хатшысы, ССРО халық депутаты болды);
В.И.Романов – Қазақстан Компартиясы Алматы қалалық атқару комитетінің бірінші хатшысы (кейін СОКП ОК партия құрылымы және кадрлармен жұмыс бөлімінің сектор меңгерушісі болды);
В.А.Долженков – Алматы қаласы Фрунзе аудандық атқару комитетінің төрағасы (кейін Қазақстан Компартиясы Алматы облыстық комитетінің екінші хатшысы болды).
Көріп отырғанымыздай, мұнда негізінен жас қазақтардың бейбіт шеруін асқан қатыгездікпен басу кезінде ерекше белсенділігімен көзге түскен жоғары лауазым иелерінің тізімі көрсетілген. Бірақ тізімде Желтоқсан қасіретінің «бас дирежері» болған М.С.Горбачев пен Саяси Бюро мүшелерінің аты-жөндері жоқ. М. Шахановтың айтуынша, комиссия тұжырымдамасының алғашқы редакциясында «қазақ халқына ұлтшылдық таңба басып, қарусыз жастарға әскер күштерін қарсы қоюға рұқсат бергені үшін СОКП ОК Бас хатшысы М.С.Горбачев бастаған Саяси Бюро айыпты деп танылсын» деген сөйлем енгізген екен. Алайда Қазақ ССР Жоғары Советі төралқасының сол кездегі төрағасы Е. Асанбаев және басқа да басшылар: «Бұл мүмкін емес қой! Әлде, Кеңес Одағын кімнің басқарып отырғанын ұмыттың ба?» деп азарда-безер болып, қорытынды шешімге қол қоймай қойыпты. «Көп талас-тартыстан соң, ақыры «СОКП ОК Бас хатшысы М.С.Горбачев бастаған» деген сөйлемді ғана сызуға әрең келістім», – дейді комиссия төрағасы М.Шаханов («Аңыз адам», №12, 2010 ж.).
Осы тұста Шаханов комиссиясына байланысты мынадай бір мәселені айтып өтуге тиіспіз: қазақ халқына ұлтшылдық таңба басып, бейбіт шеруді қанға бөктіріп, асқан қатыгездікпен басуға нұсқаулар мен бұйрықтар берген СОКП ОК мен Саяси Бюро төралқасымен бірге, оқиғаға енжар, келісімпаз айқындама ұстаған, өзекті шешімдер қабылдау, оқиғалардың барысына және одан кейін өрістеген жазалау науқанына ықпал етуден өзін шет қалдырған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюро алқасын да айыптағаны туралы шешім шығарды. Шешімде: «Қазақстан Компартиясы ОК бюросы моральдік жауапкершілікті Орталықтан келгендермен бірдей дәрежеде көтеруге тиіс» деп атап көрсетті.
Орынтағын ойлаған екіжүзділер
Мойындау керек, Желтоқсан аласапыраны кезінде ұлты қазақ басшылардың ешқайсысы да өздерінің халық үшін маңызды істен заңсыз шеттетілуіне қарсылық білдірген жоқ, Орталық Комитеттің Бюросын, Пленум шақыруды талап етпеді, СОКП ОК-не, халыққа үндеу тастаған жоқ. Олардың ешқайсысы заң қорғау құрылымдарының өз өкілеттіктерін асыра пайдаланған әрекеттерін біле тұра қарсы шыққан жоқ, ескерту жасаған жоқ. Мысалы, С. Мұқашев, З. Камелиденов, Н. Назарбаев, М. Меңдібаев, Рыбников, Н. Морозов, В. Демиденко, тағы басқалар жағдай мен ыңғайына қарай әрекет етті, сөйтіп өздерінің принципсіз солқылдақ адамдар екенін көрсетіп алды. Олар халықтың қасіретінен гөрі жеке басын, ертеңгі күнін, орынтағын көбірек күйттеді. Олар қалай дегенде ертең билік ауысқан жағдайда өздерін, сөздерін, ұстанымын өзгертуге бейім болып тұрды, екіжүзді принцип ұстанды. Тіпті, комиссияға берген түсініктемелерінде олар күтпеген оқиғадан өздерінің ес жия алмай қалғанын айтып, тәртіп бұзушылықты көрмегендерін, ол туралы ештеңе білмейтіндерін мәлімдеді, «керек десеңіз, біз де жағдайдың құрбандарымыз» деп өздерін сүттен ақ, судан таза көрсету үшін жанталасты, бейшаралық танытты.
Расында, Желтоқсан қырғыны кезінде билікте отырған қазақ баласының арасынан неге бірде-біреуі Кремльге қарсы атылып шықпады? Әділетсіздікке қарсы бас көтермеді? Қазақтың сөзін сөйлемеді? Сіздердікі негізсіз, заңсыз демеді, наразылық білдірмеді? Неге бұғып қалды?..
Кейін Комиссияның ұсынысы бойынша Қазақ ССР Жоғары Советі ССРО Жоғары Советі мен ССРО Президентінің алдына мынадай мәселе қоюға мәжбүр болды: Г.В.Колбинді ССРО Бақылау комитетінің төрағалығы қызметінен босату туралы; О.С.Мирошхинді ССРО-ның Замбиядағы Төтенше елшісі қызметінен кері шақыру туралы; Ф.Д.Бобковты, В.М.Мирошникті – ССРО Мемлекеттік қауіпсіздігі комитеті жүйесінде, О.С.Сороканы, Г.Н.Князевті – ССРО Ішкі істер министрлігі жүйесінде басшы қызметке лайықсыз деп тану мәселесін қарауды, сонымен бірге Желтоқсан көтерілісі кезінде жіберген қателіктері үшін Ғ.Б.Елемесовті Қазақ ССР Прокуроры, Т.Қ.Айтмұхамбетовті Қазақ ССР Жоғары сотының төрағасы, И.А.Тетеркинді Қазақ ССР Бас арбитрі қызметінен, бұлардан басқа жоғарыда аты-жөндері көрсетілген оқиғаға күнәһар қырықтан астам лауазымды адамдарды қызметінен босату туралы талап қойды.
Сондай-ақ, шеруге қатысқандарға қарсы сапер күрегін, қызмет иттерін, өрт сөндіру машиналарын қолданғаны үшін; прокурордың санкциясынсыз және соттың арнайы қаулысынсыз шеруге қатысқандарды заңсыз қамауға алып, тұтқында ұстағаны үшін осы оқиға барысында адам өлтірген және ауыр және орташа дене жарақатын салған, ұсталғандарға, оның ішінде әйелдерге, балаларға қатыгездік көрсеткен кейбір тәртіп сақтау қызметкерлеріне фактілер бойынша қылмысты іс қозғауды және Қазақ ССР Прокуратурасы мен Қазақ ССР Жоғары Соты Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды қылмыстық және әкімшілік жолмен жазалаған барлық істерінің негізділігі және заңдылығын қайта қарауды талап етті. Тиісті жауапты орындар бұл істерге қайта оралуы керек деген қорытынды шығарды.
Бірақ жауапты орындар тарапынан комиссиясының бұл қорытынды шешіміне дер кезінде назар аударылмады. Назар аударса да, қажетсіз санады. Жоғары лауазым иелері Желтоқсан оқиғалары кезінде жіберген қателіктері үшін жауапқа тартылмады, кінәлары мойнына қойылмады, қызметінен босатылмады, заңсыздықты бұзғандарға қылмыстық іс қозғалмады, демонстранттарды ұстау, тергеу, түрмеге қамау, қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту барысында қозғалған істердің негізділігі мен заңдылығы қайта қаралмады, тексерілмеді, сараптама жұмыстары жасалмады. Сөйтіп, бұл істі бұлталақтатып, ақыры аяқсыз қалдырды, ұмыттыруға тырысты.
Қаулы неге жүзеге аспады?
Айтыңызшы, жоғары лауазымдағы адамдарды жауапқа тарту жөніндегі осы қаулы неге жүзеге асырылмай қалды?..
Қалай болғанда да, Шаханов комиссиясының ССРО Жоғары Советі мен ССРО Президентінің алдына қойған талаптары орынды еді. Өздерінің қызметін асыра пайдаланып Желтоқсанды қанға бөктіргендер, жазалаушы машинаға дем бергендер, қолшоқпар болғандар, нұсқау мен бұйрықты қарсылықсыз орындағандар, заңсыз әрекет еткендер, адамгершілікті белден басқандар, жазықсызды ұрып-соққандар, Ішкі істер, МҚК қызметкерлері, тергеушілер, соттар, жалған куә болғандар, кеспелдекті дайындағандар, сатқындар істеген қылмыстарының дәрежесіне қарай жауап беруі тиіс еді, олардың бостандықта жүруге заңдық та, моральдық та қақысы жоқ еді. Мысалы, арнаулы қызмет «Алматыда маскүнем, нашаға еліткен қазақ жігіттері қала көшелерінде орыстарды ұрып-соғуда, балабақшаға шабуыл жасап, орыс балаларын өлтіруде» деген жалған ақпарат таратты. Бұл жалған ақпар 17 желтоқсан күні алаңда рация арқылы хабарланды. Ол солдаттар мен орыстілді халықтардың ашу-ызасын тудырып қана қойған жоқ, қазақ ұлтына деген жеккөрушілік пен өшпенділікті туғызды. Биліктен қатаң шаралар қолдануды, қазақ ұлтшылдарын аяусыз жазалауды талап етті. Мәскеу метролитетіне керегі де осы болатын. Содан кейін-ақ көпұлтты интернационалды болып басталған шеру «қазақ ұлтшылдығы» деген рең алып, әрі қарай қазақ жастарын жаппай аяусыз жазалау науқанына ұласты. Сұрақ: «Маскүнем, нашаға еліткен қазақ жігіттері қала көшелерінде орыстарды ұрып-соғуда, балабақшаға шабуыл жасап, орыс балаларын өлтіруде» деген барып тұрған арандатқыш идеяны кім ойлап тапты, авторы кім және оны рациядан кім хабарлады? Міне, сол адамдарды тауып, жалған ақпарат таратқаны, ұлттар арасына май құйып, от тұтатқаны үшін жауапқа тартылуы керек еді. Кінәлілер тиісті жазасын алу керек еді. Алайда мұндай теріс әрекеттері үшін жауапқа тартылыпты деген бірде-бір оқиғаны естімедік. Баспасөз бетінде де ондай хабарлама жарияланған жоқ.
Жасыратыны жоқ, комиссия біраз құпия нәрселердің бетін ашты, Желтоқсан ақиқатын жақындата түсті. Бірақ ол кеңістік дәуірде құрылып, жұмыс істеген комиссия екенін бізге ұмытуға болмайды. Яғни Қазақ ССР Жоғары Советі жанынан құрылған комиссия Желтоқсанның астарын, құпия қабаттарын ашып, шынайы бағасын қайтару үшін емес, қайта барынша бұрмалап, тұншықтырып, халықты шындықтан адастыру үшін жұмыс жасады деуге болады. Дәл осылай болғанын комиссияға жетекшілік жасаған М.Шахановтың өзі де мойындайды. Керек десеңіз, империялық амбициясы басым Ресей түгілі, өзіміздің тәуелсіз еліміздің билігі де Желтоқсанның саяси астарын ашып, жариялауға аса құлшынып отырған жоқ. Неге? Біздіңше, бұл жерде Желтоқсан қасіретіне байланысты осы уақытқа дейін жария болған, белгілі болған ақпараттардан басқа, сұмдық бір құпияның бар екенін аңғартатындай.
Қанға бөктірген жендеттер мен сатқындар жазалансын!
Содан бері 36 жыл өтті. Осы жылдар ішінде сол кездегі биліктің ұлтқа қарсы бағытталған қателігі, сол қателікке жоқ берген СОКП ОК Бас хатшысы М.Горбачев бастаған Саяси Бюро мүшелірінің, жоғары лауазым иелерінің жауапқа тартылуы туралы татымды сөз әлі айтылған жоқ. Сол Желтоқсан дауылы кезінде қаншама адамның тағдыры қыршынынан қиылды, болашағына балта шабылды, қаншама адам опық жеді, өмірі өксіді – оқудан шығып қалды, жұмыстан қуылды, моральдық тұрғыдан қысымға ұшырады. Денсаулығын жоғалтты. Қаншама ата-ана балалары үшін ұйқы көрмей қиналды. Жүйкесі сыр беріп, жындыханаға түскендер, өліп-тірілгендер болды. Жендеттердің ұрып-соғуынан мүгедек болып қалғандар, сондағы алған соққыдан айыға алмай кейін қайтыс болғандар қаншама?! Бала көтермей зар жылаған аналар ше – олардың бәрін кім санапты?!. Комиссия жинақтаған мәліметтерге бір сәт көз жүгіртіп, зер салып көріңізші, қарадан қарап отырып денең түршігеді, жүрегің сыздайды.
Орайы келгенде айта кететін тағы бір нәрсе, 1986 жылы Желтоқсанда жас қазақтарға жазықсыз жала жапқандар, жазалауды ұйымдастырғандар, қаскүнем жендеттер басқа планетадан келген жоқ. Олар өз арамыздан, осы өзіміз өмір сүріп отырған қоғамнан шықты. Көбісі әлі арамызда аман-есен жүріп жатыр. Біразының өздері болмаса да, ұрпақтары мен ісін жалғастырушылардың көзі тірі. Олар арамызда көп болмаса, аз емес. Желтоқсан қасіретінде жіберілген қателіктер оларға өмірлік сабақ болуға тиіс. Заңнан, қоғамды қоғам етіп отырған адамгершілік нормалардан аттап өтуге болмайтынын түйсініп, бойына сіңіріп өсуі керек. Сондықтан мұндай тенденцияға тоқтау салу үшін, кейін қайталанбау үшін, кейбір кеудемсоқтарды тәубесіне түсіру үшін Желтоқсан айыпкерлері мен жендеттерін сырттай болса да соттау керек деп есептеймін.
Желтоқсан қасіретінің негізгі жауапкершілігі Горбачевтер пен Колбиндердің мойнында десек те, оны қолдап, дем берген, нұсқауды мүлтіксіз орындаған лауазымды адамдар да, оның ішінде ұлты қазақ басшылар да бар, жауапкершіліктен қаша алмайды. Өйткені олардың кінәсі шешім қабылдағандардың кінәсінен бір де кем емес. Айтпақшы, бұйрық орындаушылар да Кетпентау асып кеткен жоқ, көбісі – Қазақстанда, тіпті түрлі деңгейдегі билік басында отырғандары да бар. Біреулеріміз олармен күнде қол алысып (қанға малынған), жүздесіп, амандық-саулық сұрасып, дастарқандас болып жүруіміз де мүмкін.
Күнәһарлар жазаларын тартуы тиіс!
Тағы да қайталап айтайын, әміршіл-әкімшіл биліктің террорлық қысымынан опат болған қыз-жігіттердің әруағы үшін, жазықсыз жала жабылып, сотталған, абақтыда азап шеккен кінәсіз жас қазақтардың нақақтан төгілген көз жасы үшін, бізден кейін келетін өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі үшін Желтоқсанды қанға бөктірген жендеттер мен сатқындар айыпталып, күнәһарлар жазаларын тартуы тиіс!
Ал өз кезегінде күнәһарлар қазақ халқының алдында тізерлеп отырып кешірім сұрасын, кешіру-кешірмеу – соңғы сөз халықтың өз құзырындағы нәрсе.