Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл. Не өзгерді?

Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл. Не өзгерді?

Әр халықтың тарихында өзінің ұлттық ар-намысын, құқықтары мен мүддесін қорғап қалуға, өзіндік бет-бейнесін анықтауға, өз алдына ел болып, тәуелсіз дәулет құруға лайық екендігін көрсететін сын сағаттар болады. Егер сол бір сын сағатта уақыт талабына лайық үн қата алмаса, қарсы тұра алмаса, сынып кетсе, онда ол ұлттың болашағы бұлыңғыр. Ал егер басына түскен мұндай қилы сынақтан сүрінбей өтсе, бұл сәт осы халықтың тағдырында тарихи оқиға ретінде мәңгілікке қалады. Қазақ халқының тағдырында қалған сондай оқиғаның бірі – 1986 жылғы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі.

Содан бері көзді ашып-жұмғанша арадан 35 жыл уақыт өтіпті. Қазір сол бір қайғы-қасіретке толы күндер мен түндер тарих еншісінде қалды. Бірақ қалдырған таңбасы әлі күнге тағдырымызда, тағлымымызда, денемізде, рухани дүниемізде сайрап жатыр. Жүрек ауыртады. Ендеше айқайлап теңдік сұрап алаңға шыққан жастар өздері көксеген арманына жетті ме? 35 жыл бұрынғы халықтың батыл қадамы үмітті ақтады ма? Содан бергі уақытта не өзгерді?

Жалпы бүгінгі күнде Желтоқсан құбылысы күрделі де қызықты тақырып. Бұл тақырыпқа әсіресе жастардың қызығушылығы өте-мөте зор.

Кремль қазақтың көз жасына сенбеді

Ең алдымен еске салатын нәрсе, Желтоқсан өзінен өзі кездейсоқ болған оқиға емес, ол қазақ халқының көп жылғы іште тұншыққан запыраны, жүректе қайнаған көз жасы, жан айқайы. Бірақ «Мәскеу көз жасына сенбейді» демекші, Кремль көсемдері қазақтың көп жылғы іште тұншыққан көз жасына сенбеді. Сенбеген соң түсінбеді, тіпті түсінуге тырыспады да, өйткені түсінгісі келмеді. Соңы айтса нанғысыз ауыр қасіретке апарып соқтырды. Әрине бұл бас көтеру Кеңес Одағындағы әкімшілдік-әміршілдік жүйеге қарсы бағытталған акция болатын. Яғни біреулер айтып жүргендей бір ұлттың екінші бір ұлтқа қарсы немесе белгілі бір ұлтшылдардың ұйымдастыруымен болған көтеріліс емес, желкесінен ызғырық жел үре бастаған тоталитарлық жүйеге қарсы бас көтеру, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін болған соңғы серпіліс еді. Өкініштісі сол, «КСРО-ның күйреуіне 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі себеп болды» деген сөзді әлі бір де бір қазақ ғалымы шегелеп тұрып айтқан жоқ. Керісінше мұндай нақты пікір білдіруде отандық тарихшыларға қарағанда, шетелдік ғалымдар әлдеқайда батыл, еркін, ашық. Мұның сыры неде?.. Біздіңше Желтоқсан тақырыбындағы мәселеде отандық ғалымдар мен саяси қайраткерлердің іс-әрекетіндегі батылдық пен ашықтық көп нәрсені шешеді деп есептейміз және әлемдік қауымдастық тарапынан бірден қолдау табарына еш күмәніміз жоқ. Өйткені АҚШ-тың атынан ат үркетін саясат серкелері мен ғалымдарының айтуынша, бұған дейін бәсекелесі КСРО-ны ұзақ уақыт және тыңғылықты зерттей келіп, «бұл елде жалпыхалықтық толқулар болса, Украина, Литва, Эстония, Латвия немесе Қапқаз елдерінің бірінде орын алуы мүмкін» деген қортындыға келген екен. Бұл ретте олар Орталық Азияға, оның ішінде «алыстағы бос жатқан провинция» – Қазақстанға мүлде назар аудармаған, қазақ жастары азаттық ұранын көтеріп көшеге шығады деген ой миларына кірмеген. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі күтпеген жерден бұрқ ете қалғанда АҚШ билігі «Қалайша Қазақстан?.. Неге Алматы?..» деп қайран қалыпты. Көтерілістен кейін ғана әлем назары күрт Қазақстанға ауып, көзқарастары бірден өзгеріп сала берген көрінеді. Америка саясаткерлері бұл пікірлерін баспасөз бетінде ашық жария етті.

Осылайша қазақ деген ер жүрек батыр халықтың қайсар ұрпағының әділдік іздеп шырқыраған жанайқайы сол замат-ақ айдай әлемге жайылды. Сонда қақ жарылған ақиқаттың салдарынан бір кездегі қаһарлы қызыл империяның қабырғасы қақырап, оның бодандығындағы 15 республика өз еркіндігін алып, ашық аспан астында қанатын еркін қағу мүмкіндігіне ие болды. Тіпті ол-ол ма, осы қазақ астанасындағы жастардың көтерілісінен кейін жер жүзін үрей мен қорқынышта ұстаған капиталистік (НАТО) және социалистік лагерьлердің (Варшава блогы) арасындағы қырғи қабақ соғысқа сына қағылып, әлемдік ынтымақтастық деген жаңа саяси ұғым қолданысқа енгенін көбіміз біле бермеуіміз мүмкін. Сол себептен де Желтоқсан құбылысының тарихи орны мен мән-мағынасы жайлы ЮНЕСКО штаб-пәтері мен АҚШ Конгресінің биік мінберінде сөз болғаны тегіннен тегін емес еді.

Өкінішке қарай, неге екенін кім білсін, қазақ қоғамында мемлекеттік тіл мәселесі мен Желтоқсан көтерілісі жөніндегі әңгімелер өте ауыр қозғалады. Тіпті бұл мәселелер әр түрлі мінбелерден сөз бола қалса, қазақ азаматтары қызбаланып, арқаланып кететіні бар. Неге? Өйткені аталған тақырыптар ұлтымыздың ең жанды жері, сыздаған жарасы болып тұр. Сондықтан да Тәуелсіздік алғалы 30 жыл бойында жергілікті атқарушы биліктен бастап жоғарыдағы заң шығарушы билікке дейін осы әбден қордаланған өткір мәселелер тұрғысында келелі әңгіме қозғауға тайсақтап-ақ келеді.

35 жыл аз ба, көп пе?

Енді оқырманға көптен жауабын білгім келіп жүрген сұрағымды қояйын. Желтоқсан көтерілісінің тарихи бағасын беру үшін 35 жыл уақыт – аз ба, көп пе? Сіздердің бұл тұрғында қандай ой-пікірде екендіктеріңізді білмеймін, ал менің ойымша, Желтоқсан көтерілісінің тарихи бағасын беру үшін аз уақыт емес. Көтерілістің алғы шарты мен тарихи орнын анықтап,тиісінше бағалау үшін жеткілікті. Бірақ, неге екені белгісіз, қазақ халқының осы жаппай ерлік ісін зерттеп, зерделеп, оның ақ-қарасын айқындап, түбегейлі шешім шығарып, нүктесін қоятын тиісті орындар тым жайбарақат, тым сылбыр. Міне, аталған тақырыпқа байланысты мәселенің осы жағы бізге шынымен де түсініксіз. Әлде, мұның ақиқатын ашу, шындығын анықтау, бағасын қайтару үшін міндетті түрде 50-100 жыл күту шарт па?

Жасыратын ештеңесі жоқ, бізде 35 жыл бойы Желтоқсан туралы шындық айтылған жоқ десе болады. Дұрысы айтуға рұқсат етілген жоқ, жабық тақырып ретінде ұстады. Себебі, ең алдымен бізге тәуелсіз мемлекет құрып алуымыз керек болды. Тәуелсіздікті аяғынан нық тұрғызып алуымыз керек еді. Сондықтан да халықтың санасын оятып, рух дәнін себуге тиіс біздің қадірлі тарихшыларымыз бұл тақырыпты айналып өтуге тырысып, терең бойламады. Терең бойламақ түгелі, ұлтымыздың басына түскен бір тағдырлы кезең ретінде ой қорытып, өз ұстанымдарын білдіруге де жарамады. Шын мәнінде, Желтоқсан – қазақ ұлт-азаттық көтерілістерінің органикалық сипаттағы бір құрамдас бөлігі ретінде, сондай-ақ, қазақ халқының жаппай ерлік ісі жөнінде ойлану, ой қорыту, талдау, ұлттық мүдде тұрғысынан азаматтық бағасын беру әрбір тарихшы-ғалымның кәсіби міндеті, парызы емес пе, өкінішке орай тарихшыларымыз бұл тақырыпта әлі күнге дейін өз парызына адалдық таныта алмай келеді. Қолдағы бар деректерге сүйенсек, Желтоқсан тақырыбына байланысты осы күнге дейін екі-ақ адам ғылыми диссертация қорғаған. Біріншісі, ғалым Нәрбин Кенжеғұлова «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің Қазақстан баспасөзінде жазылуы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаса, екіншісі Түркиядағы қазақ диаспорасының арасынан шыққан қандасымыз Абдіуақап Қара, ол шетелдік баспасөз беттерінде жарық көрген Желтоқсан қозғалысы туралы деректер негізінде Ыстамбұл қаласында докторлық диссертациясын қорғаған. Бұл екеуінен басқа Желтоқсан тақырыбына бірде бір ғылыми жұмыс жазылмады десе болады. Көріп отырғанымыздай, мұның өзі тек журналистік ізденістерден ғана тұрады. Ал, бұл тақырыпта шын мәніндегі толыққанды тарихи зерттеулер әлі жазылған жоқ.

Сол себептен де Желтоқсан көтерілісінің мәселелері тарихшылар үшін әлі күнге дейін жабық тақырып, әлі күнге дейін құпия. Олай болса, біздің елімізде осы тақырыпқа байланысты кешенді тарихи зерттеулердің кенжелеп қалғанын үлкен қынжылыспен және өкінішпен мойындауға мәжбүрміз.

Қоғамда Желтоқсанға қатысты көптеген құжаттар құпияланған, сол құжаттар қолға түспей тарихшылар бұл тақырыпты зерттемейді деген пікір бар. Ғалымдар бұл құпия құжаттарды қолға түсіру үшін мемлекеттің рұқсаты мен қолдауы керек деп санайды.

Тарихшы ғалымдар неге жалтақ?

Сол тарихшыларымыз: «Ғылыми дәлелі мен негізі жоқ болса, оның саяси құқын бер деп биліктен қалай талап етеміз?» деген уәж айтады. Осы жерде тарихшыларымызға қатысты өз ойымды қысқаша айтып өтсем, қарсылық бола қоймас. Келіссеңіз де, келіспесеңіз де анық нәрсе, біздің тарихшы-ғалымдар тым жалтақ, бүгежек, саясаттың ығына жығылғыш, өз бетімен жұмыс істеуге қабілетсіз, жел қай жақтан тұрса, солай қарай иілуге бейім. Немесе қараңыз, Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісінің саяси құқын талап етуде, өздері мойындайтындай, оның дәлелі жеткіліксіз, ғылыми негізі жоқ болса, оған кім кінәлі? Әрине, тарихшы-ғалымдар кінәлі. Көтерілісті зерттеп ғылыми негізін қалау, оған түрлі дәлелдер келтіріп, тұжырымдамасын жасау, сөйтіп биліктен саяси-құқықтық мәртебесін талап етуде сол тарихшыларымыздың өздері бастамашы болып, жауапкершілікті мойнына алу керек емес пе?!. Халықтың тарихын шырылдап қорғауға тиіс тарихшыларымыз биліктің ығына жығылудан аса алмай отыр. Егер олар биліктің қас-қабағын бағып, аңдысып аңдып отыра берсе, Желтоқсанның ғылыми негізі ешқашан қаланбайды, ғылыми негізі қаланбаса, оның саяси-құқықтық мәртебесі де берілмейді деген сөз.

Осыдан шығарып айтарымыз, біздің тарихшылардың өткенге көзқарасы тұрғысынан пайымдасақ, әлі күнге дейін «күштіге мойынсұнуды», «билікке қарсы шықпауды», «кіріптар идеологияны жарнамалауды», яғни құлдық психологияны дәріптеп келе жатқанын өздері де сезбейтін сияқты. Егер билік Желтоқсанды зерттеуге емеурін танытып, қаржы-қаражат бөлетін болса, онда кешегі интернационалшыл, кейінгі алашшыл тарихшылар жаппай Желтоқсан тақырыбына шұғыл бет бұрып, осы тақырыппен айналысып кететініне ешбір шүбә келтірмеймін. Осыдан-ақ біздің тарихшылардың уақыт ағымынан қалмайтын өмірге бейімделгіш «кәсіпкерге» айнала бастағанын көруге болады.

Бүгінгі негізгі мәселе Желтоқсан көтерілісіне барлық халықаралық стандарттарға сай шыншылдықпен, сондай-ақ қазіргі тәуелсіз ел мүддесі тұрғыснан жаңаша объективті баға беру болып отыр. Бұл не деген сөз?

Ұлтымыздың теңдік, тәуелсіздік жолындағы күрестері туралы шындықты айтып, бағасын беру, оларды ақтау тек жеке азаматтар үшін, не олардың ұрпақтары үшін ғана емес, жалпы қоғамдық сананы сауықтыру, азат жадты жаңғырту үшін қажет. Мұны жанын құрбан еткендер мен жеке басының қамынан аса алмағандардың ара жігін ажырату үшін қажетті шара деп қабылдау орынды. Сондай-ақ әр кезеңдегі азаматтық қоғам қайраткерлері белсенді іс-әрекеті үшін тарихтың әділ бағасы болатынын қалыптастыру жолы деп те қарастыруға болады. Сондықтан ең алдымен кеңестік тоталитарлық режим белгілеп беріп кеткен «Желтоқсан оқиғасы» деген ұғым-терминді қайта талқыға салып, тарқатып әлемдік құқық практикасына сай «Желтоқсан ұлт-азаттың көтерілісі» деп заңды анықтамасын қайтару керек. Бұл кеңестік-әкімшілік саясатқа қарсы бас көтергендер мен жазықсыз жазаланғандарға сұрау салу, обал-саубын анықтау, оның ақ-қарасына көзжеткізу, ақиқи бағасын беру, ақтау барысында жіберген қателіктері үшін ұрпақ алдында арылу парызындай болар еді. Бұл-бір.

Екіншіден, еліміздің негізгі халқы болып табылатын қазақ ұлты мен Қазақстанда тұратын басқа да этностардың арасындағы өзара сыйластық, құрмет, төзімділік сияқты асыл қаситетерді жоғары көтеру, сол арқылы арада қағылған қажетсіз сынадан бас тарту болып табылар еді. Ал, бұл үрдісті өз кезегінде мемлекет жүргізіп отырған саяси идеологияның жалғасы, әрі ұлтаралық, дінаралық және қоғамдық келісімді одан әрі нығайту жолындағы асыл мұраттарымызға қол жеткізудің айғағы десе болады.

Үшіншіден, мұны оқиға құрбандарымен бірге қызметтік және қоғамдық міндеттерін жаңылыс түсіну салдарынан асыра сілтеген адамдардың да ақиқатқа бір қадам жақындауы, шындыққа мойынұсынуы, өз ара татуласуы десе болар.

Бұдан шығатын қорытынды, қоғамды өзгерткіміз келсе, біз алдымен өзімізді өзгертуіміз керек. Өткенімізге деген көзқарасымызға түзету енгізуіміз қажет. Желтоқсан көтерілісінің тарихына басқыншылардың көзімен қарап, бағалауды жалғастыра беретін болсақ, түптің түбінде өзіміз де сол басқыншылардың өзіне айналатын боламыз

Бұл жерде, ең бастысы, үлкен мемлекеттік деңгейдегі идеологиялық жұмыстың қазақ ұлтына бетбұрысының кезеңі басталғанын халықтың түсінуі маңызды, жан-дүниесімен сезінуі одан да маңызды. Мәселенің негізгі мәні мен өзегі осында жатыр. Халық мұны түсінбесе, сезінбесе, онда қазір жүргізіліп жатқан идеологиялық жұмыстың құны көк тиын.

Желтоқсанға әділ баға керек! 

Ендігі бір мәселе – біздің арамызда осы оқиғаның құрбандары аз емес. Көпшілігінің көзі тірі. Желтоқсанға әділ баға берілуін, саяси тұрғыдан ақтауды алдымен солар күтіп отыр. Комиссияның мұны да ескергені жөн. Бұл жерде қадап айтатын нәрсе, біздің ниетіміз қара бастың қамы емес, өскелең ұрпақтың қамы, солардың болашағы. Қазақ жастарының жаппай ерлігі мен қаһармандығын тану, мойындау, ерлігіне лайық баға беру, ақтау-мұның бәрі тікелей ұрпақ қамымен байланысты әрекеттер мен қадамдар. Біз осы жаппай ерлікті үлгі етіп, өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін тиісті деңгейге көтерсек дейміз. Әкелері мен аналарының, ағалары мен апаларының қаһармандық істерін біліп, танып, соған еліктеп өссе екен дейміз. Болашақ отан қорғаушыларымыз ынжық, бойкүез, күйреуік болмаса екен дейміз. Осындай аса күшті адамгершілік-патриоттық негізде Қазақ елін жұдырықтай жұмылдырып, олардың келешекке қарышты қадам жасап, Отан үшін ерлік істерге баруын, әкелерінің өткен жолын мақтаныш тұтуын, еліміздің әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекетке айналуын қалаймыз.

Былтыр ғана 1150 жылдығы тойланған ғұлама бабамыз әл-Фараби: «Мемлекетті басқару үшін қандай ащы шындық болса да, оны халықтан жасырып қалуға болмайды» деп жазыпты. «Шындықты жартылай жеткізу, шындықты айтудан да қауіпті» дейді сол отырарлық кемеңгер. Ендеше шындықты күлбілтелеп жеткізу, яғни кей жерін айтып, кей жерін жасырып қалу да ұлтқа зиян әкелмесе, пайдасы жоқ. Айтайын дегеніміз, солтүстік тараптағы көршіміздің көңілін аулау, оның кез-келген империялық амбициясына төзу өткен уақыт еншісінде қалды. Жағымпаздық, жалпақшешейлікке де орын жоқ. Десек те біз әлі отаршылар салып берген ізбен алға жылжып, империяның қалдырған сарқыншағымен күресіп жүрген сияқты көрінеміз. Әлде мен жаңылыс айтып отырмын ба? Рас, қазақ қонақжай, толерантты халық, төзімді, сабырлы, керек десеңіз көнбіс халық. Бірақ өмір бойы бұлай шыдап отыру, төзу мүмкін емес қой. Меніңше, қазақ басқалардан көрген қорлығы мен қиянатын білуі керек. Оған билік тосқауыл жасамауы тиіс.Бізден кейін келетін ұрпақ та ата-бабаларының жеңістері мен жеңілістерін, оның себептерін, басқалардан көрген қорлығы мен қиянатын біліп, жүрегіне тоқып өсуі керек. Сонда еліміз рухани шыңдалады, кемелдене түседі. Бізге басқаша жол жоқ. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргінді «саясаландырмау керек» дейтіндерге айтар уәжіміз – осы!

Қысқасы Желтоқсан көтерілісіне қатысты туындап отырған мәселелерге ресми билік назар аударғанда ғана ол нақты шешімін табады. Әйтпесе, оның түйінінің түйнектеліп қалғаны сондай,тарқатылуы мүмкін емес екендігі осы өткен отыз жылда анық көзіміз жетті.

Олай болса, Мемлекеттік комиссия мен тиісті жауапты орындар біздің жоғарыда айтып өткен ой-пікірімізді ескеріп, мынадай ұсыныстарымызды ескергені жөн деп есептейміз.

1) 1986 жылғы Желтоқсанды Қазақ елінің орыс отаршыларына қарсы көтерілген ұлт-азаттық көтерілістерінің құрамдас бір бөлігі ретінде мойындау;

2) Отаршылардың ықпалымен жазылып кеткен «Желтоқсан оқиғасы» деген қазақ халқының жаппай ерлігі мен қаһармандығын төмендетіп көрсететін ұғымнан бас тарту, оның орнына халықаралық стандартқа сай «Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі» деген заңды анықтамасын қайтару;

3) Желтоқсан құбылысының атауын бір ізге түсіру. Яғни оқулықтарда, кітаптарда, баспасөзде және барлық деңгейдегі ресми құжаттарда осы мәтінде таңбалауды енгізу. Өкінішке орай, әзірге біз мұндай қадамға бара қойған жоқпыз. Оқулықтарымызда әлі күнге дейін бірінде «желтоқсан оқиғасы», екіншілерінде «желтоқсан көтерілісі» деумен келеміз. Мысалы, 9 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында «1986 жылғы желтоқсан оқиғалары» деген тақырыппен жүрсе, жаратылыстану-математика бағытындағы 11 сыныптарға арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары ұлт-азаттық қозғалыстардың жалғасы» деген тақырыппен жүр. Бір қызығы, дәл осы 11 сынып оқулығында 1986 жылғы жастардың бас көтеруі «желтоқсан оқиғасы» деп берілсе, 1989 жылғы Жаңаөзендегі оқиғаларды «Жаңаөзен көтерілісі» деп бағалаған. Ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 11-сыныптарға арналған оқулықта «1986 жылғы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі» деп жазылғын;

4) Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Мемлкеттік комиссия жанынан Желтоқсан көтерілісі мәселесімен мақсатты түрде айналысатын жұмыс тобын құру;

5) Желтоқсан көтерілісі болып өткен облыс орталықтарында арнайы жұмыс тобын құру;

6) Астанадағы Мемлекет тарихы институты жанынан Желтоқсан көтерілісін зерттеумен айналысатын арнайы бөлім ашу. Ол мүмкін болмаған жағдайда, еліміздегі әрбір ЖОО жанында ондаған ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары жұмыс істейді, сол институт жанынан Желтоқсан мәселесімен айналысатын арнайы бөлім ашуға әбден болады.Комиссия қандай шешім қабылдаса да бірінші кезекте қазақ халқының ұлттық мүддесі ескерілгені жөн. 

Бізге сырттан келіп ешкім де тарихымызды түгендеп бермейді. Желтоқсан көтерілісі – ұлт тарихындағы қатардағы бір өткінші оқиғалар тізбегі емес, тағдырлы кезеңге жатады. Сондықтан ол тағдырлы кезең жөнінде ойлану, ой қорыту, әділ бағасын беру әрбір буынның міндеті, парызы. Оларды ой елегінен өткізу арқылы ұлт кемелденеді, рухани өседі. Олай болса сол бір кезеңде елім деп еңірегенде етегі жасқа толған ерлердің ісі ақталсын десек, қыршынынан қиылған, жастықшағын құрбан еткен желтоқсаншылардың аруағы риза болсын десек, олардың бір де біреуін атаусыз, іздеушісіз қалдырмау керек деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің ұлттық қасиетін терең ұғынып, лайықты бағасын береді деп үміттенеміз. 

Болат ШАРАХЫМБАЙ, ақын, Желтоқсан көтерілісінің ардагері
16.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 102
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 99
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 93
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 82
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 979
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1018
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 993

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5983
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5426
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8610
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6417
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7625