Желтоқсан көтерілісіне мәртебе беру – Әділетті Қазақстанның мәртебесін көтеру

Желтоқсан көтерілісіне мәртебе беру – Әділетті Қазақстанның мәртебесін көтеру

«Тәуелсіздік бастауы  – Желтоқсан көтерілісі»

 

Тәуелсіздік тағанысың, Желтоқсан,

Еркіндіктің бағамысың, Желтоқсан.

Жауап берер жан бар ма екен ғаламда

Жанымдағы жарам үшін, Желтоқсан! 

– деп желтоқсаншы ақын Баян Бекетова жырлағандай, Тәуелсіздік күні жақындаса, сонау желтоқсанның  ызғарлы күндерінің лебі сезілгендей болады, көз алдымызға тәуелсіздік үшін құрбан болып кеткен боздақтарымыздың аяулы бейнесі келеді. Иә, Желтоқсан қазақтың мәңгі жазылмас жарасы іспеттес...

Өткен аптада «Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан көтерілісі» деген атпен Желтоқсан қаһармандарын еске алып, өшпес рухтарына тағзым ету мақсатында дөңгелек үстел болып өтті. Бұл жиын С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасында Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған болатын. Оған Желтоқсан қаһармандары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, режиссерлер, қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Жиынды ұйымдастырушылар – «Тәуелсіздік 1986 Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен халықаралық қоғамдық-саяси «Qazaqstan dauiri» газеті ұжымы. Кіріспе сөзді дөңгелек үстелді жүргізуші газеттің бас редакторы Ертай Айғалиұлы алды.

Ертай Айғалиұлы, жазушы,  журналист: 

Еліміздің сын кезеңінде үн қатайық!

– Өздеріңіз білесіздер, биыл бабаларымыз аңсай күткен Тәуелсіздігімізге 31 жыл. Ол оңай жолмен келген жоқ. 400-ге жуық орыс басқыншыларына қарсы көтеріліс болды. Сұрапыл ашаршылықта миллиондаған қазақ қырылса, 25 мың Алаштың арыстары атылды. Орыс империясының біздің елімізге  көрсетпеген азабы жоқ десек қателеспейміз. Желтоқсан көтерілісі халқымыздың түйінді, қорытынды бас көтеруі болды. Бұл бүкіл төрткүл әлемді өзіне қаратқан нағыз қаһарман көтеріліс болып, КСРО-ның шаңырағын шайқалтты. Аллаға шүкір, Тәуелсіздігімізді алдық. Бірақ шынайы Тәуелсіздігіміз болмағанын, 30 жыл бойы мемлекетіміз жемқорлық ұйығына батқаны жөнінде қазір айтылып жүр. Ұлы мереке қарсаңында осы дөңгелек үстелді еріккеннен ұйымдастырып отырған жоқпыз. Еліміз ауыр да қиын шақтарды бастан кешіп отыр. Бұған Қаңтар оқиғасында алаңға шыққан бауырларымыздың аянышты тағдырларын қосыңыз. Жалпы болашағымыз бұлыңғыр. Осындай қиын кезеңде Желтоқсан батырлары, зиялы қауым өкілдері үн қатып, өз ойларын ортаға салмаса, ащы шындықты айтпаса, онда не болғаны? Бүгін сіздерді осы себептермен арнайы шақырып, мүмкіндік беріп отырмыз. Ендеше, сөз кезегі өздеріңізде! 

 

Сәуле Мешітбайқызы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің бас директоры: 

Менің аналық тілегім: Бәрің бірігіңдер!

– Армысыздар, құрметті желтоқсандықтар, қонақтар! Бүгінгі дөңгелек үстелімізге қош келіпсіздер! Біз осы жаңа Қазақстан деген сөзден аулақ болайықшы. Қазақстан біреу ғана, ол ескі, жаңа деп бөлінбейді. Біз одан қашып құтыла алмаймыз. Әділетті Қазақстан деп өзімнің мақалаларымда жазып жүрмін. Желтоқсан десе көңілім толқып, көзіме жас келеді. Намысым көтеріледі. Мен өзім Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жоқпын, бірақ балаларым көрді, қатысты. Мен жұмыс істейтін мектеп алаңға екі-ақ аялдама болатын. Қазір әлі де желтоқсанның ызғарынан қорқатындар бар. Іштерінде айтылмай қалған қаншама сыр, ақиқат жатыр.  Бүгін мына «Тәуелсіздік 1986 Желтоқсан» қоғамдық бірлестігіндегі қыз-жігіттердің жұмысын көріп, көңілім толып отыр. Қазір не көп, түрлі қоғамдық ұйымдар көп. Әкелер, әжелер, аналар ұйымы... Бірақ бір үні шықпайды. Кеше ғана 10 облысты аралап келдім. Мен жасымды мақтан етемін, ылғи елдің мұң-мұқтажын көріп, ортасында болып, қолдан келгенше жазып жүрем. Өткенде бас редакторымыз Ертай Айғалиұлы «осындай дөңгелек үстел жасайық, рұқсат етсеңіз» дегенде, ойланбай-ақ келісімімді бердім. Тәуелсіздіктің тұғыры болған Алматыда және соның батырлары біздің газетті қажет етіп, газет арқылы ақпарат айдынына шығып жатса, одан қасиетті іс жоқ. Бұған біздің газетіміз әрқашан да дайын. Шын мәнінде қазақ газеттері жоғары жақтағыларға керек емес. Биікте өңшең орыстілділер отыр. 

Президент мырза! Әділетті Қазақстан құратын болсаңыз, еліміздің Тәуелсіздігі үшін күресіп, алаңда қасық қандарын қиған Желтоқсанның батыр ұл-қыздарының мәртебесін беріңіз! Осының жоқтығынан олар ұйым-ұйымға бөлініп бытырап жүр. Менің арманым, әттең, бәрі бірігіп, бір үлкен күшке айналса!.. 

 

 

    Марат Тоқашбай, публицист-жазушы, қоғам қайраткері: 

Әлі де шынайы тәуелсіздік болған жоқ

– Қазақ халқы үшін Тәуелсіздіктен артық қастерлі нәрсе жоқ. 1990 жылы Қазақстанның егемендігі туралы декларацияның 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік Тәуелсіздігі Конституциялық заңын қабылдауына тікелей куә болдым. Ол жылдары «Халық кеңесі» газетінде жауапты хатшы болып қызмет істедім. Газет журналистеріне депутаттармен бірге заңдарды талқылайтын кез келген нәрсеге қатысуға рұқсат берілген еді. Соны пайдаланып, 16 желтоқсан күні 12-ші шақырылған жоғары кеңестің сессиясына қатыстық. Кешке 6-жарымда дауысқа салғанын көзбен көрдік. Сол басым дауыспен Тәуелсіздік туралы конституциялық заңды қабылдағанда бөркімізді аспанға атып қуанған алғашқы журналистердің бірі болғаныма өзімді бақыттымын деп санаймын. Бір-бірімізді бас салып құшақтап, құттықтап жатырмыз. Мемлекет басшысының: «Тәуелсіздікті алғашқы боп мойындап, Түркия мемлекеті бізді құттықтап жатыр» дегенін естіп, одан сайын қуандық. Содан бері 31 жыл өтті. Колбиннің кезінде 1988 жылы Алматыдағы ГорОНО мекемесінің басшысы Нұрбақыт Тойшыбек деген азамат 17 адамды жинап, «Қазақстанның Тәуелсіздік партиясын» құрмақшы болды. Құрамында С.Ақатаев, М.Әуезов, М.Тәтімов, М.Сембин, т.б. белгілі қоғамдық ұйымның басшылары жиналған еді. Белгілі себептермен партия құрылмай қалып, кейін «Азат» партиясын құрдық. Жақында «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының мерейтойы өтті. Мәдени шаралар жасалды. Газет шығару оңай, ал оның жұмысын жалғастыру қиын. Бәрі қаржыға келіп тіреледі. Осы басылымды жалғастырып тынысын кеңейтіп, алып келе жатқаныңыз үшін Сәуле Мешітбайқызы, сізге үлкен рақмет! Еңбегіңізді айрықша атап өтуге болады. Мен қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы ретінде осы мәселені қарап, сізге «Қазақ журналистикасының қайраткері» деген атақ беруді ұйғардық. Марапатыңыз құтты болсын!

 

Көлбай Адырбек, жазушы, журналист: 

Орыстанғандар қазақтың жанын түсінбейді

– Ашық хаттың 4-5 талабы дұрыс жазылыпты. Басшы қызметтерге, министрліктерге қазақша білмейтін жандарды қоймау керек. Орыстанып кеткендер қазақтың жанын түсінбейді. Кезінде «Түркістан» газетінде Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың қарамағында істегем. Ол кісі Елбасына: «Нұреке, бұл болмайды. Шетелдің діндері елімізге сыналып кіріп кетіп жатыр. Ертең алауыздық болып, ие бола алмай қалуымыз мүмкін», – деп ескерткен болатын. Бірақ сол мәселе ескерусіз қалды. Бұл өте қауіпті! Елдің басын біріктіретін де, бүлдіретін де дін! Марқұм желтоқсаншы Қалдыбай Әбенов бұрындары «Аллажар» көркем фильмін түсіріп келді. Ол дүниеден өткен соң желтоқсаншы Ерлан Декелбаев екеуміз 4 жарым сағаттық бірнеше пленканы «Қазақфильмге» өткіздік. Бірақ қысқартып тастапты. Қазір жас толқын газет-журнал, кітап оқымайды. Сондықтан киноның рөлі өте күшті! Желтоқсан көтерілісінің 40 жылдық мерейтойы да әне-міне дегенше кеп қалады. 3-4-ақ жыл қалды. Сондықтан біз талап-тілектерімізді жоғары жаққа жеткізе беруіміз керек. Зардап шеккен желтоқсаншылар өтемақы алуы қажет.

    Ыдырыс Аяп, желтоқсаншы, 

«Тәуелсіздік 1986 Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы орынбасары: Ашық аспан астындағы музейге айналдырса...

– Мен 4 ұсыныс айтқым келіп отыр. Осыны Ашық хаттың талаптарына қосып қойсаңыздар. 

1. Алматының сыртындағы Жаңалық ауылында Алаш арыстарының құрбандарына арнап музей салынғанын білесіздер. 4 мыңдай адам атылып, шейіт болып кеткен  екен. Қап-қара залы бар. Менің ұсынысым – Желтоқсан батырларының, одан кейінгі Қаңтар қырғынында қайтыс болған қаһармандардың қаны төгілген қасиетті алаңды ашық аспан астындағы музейге айналдыру керек. Өз ойым Жаңалық ауылындағы музейді осында көшіру қажет. Қасында тұрған әкімшілік ғимаратын қалың жұртшылық, өскелең жас ұрпақ келіп көретін музейге айналдырсақ. 

2. Желтоқсаншылардың әлеуметтік жағдайын көтеру. Мемлекет тарапынан үлкен қамқорлық керек. Қазіргі таңда тек ақталған желтоқсандықтар ғана транспортта тегін жүре алады. Айтарым, Желтоқсан қоғамдық ұйымдарының барлық ақталмаған мүшелері де тегін жүрсе деймін. Коммуналдық төлемдері ең болмаса 50 % жеңілдікпен төленсе. Баспанасы жоқ қиналып жүрген жандарға жер бөлініп, пәтер кезегіне тұрғызылса. 

3. Ажалсыз адам жоқ, желтоқсаншылардың алды 80-ге таяп, арты 50-ден асты. Шетінен қатары азайып келеді. Ауыр да болса айтайын, алда-жалда қайтыс болып жатса, жерлейтін жер бөлініп, арнайы қорым берілсе. Елі үшін, ұлтарақтай жер үшін, тілі, діні үшін жандарын аямай күрескен жандардан енді мемлекет несін аяйды? Олардың мәртебесін көтеріп, талап-тілектерін ескерген жөн. Міне, осылардың бәрі Президентке жіберілген Ашық хатта жазылсын!

 

Жаңабек Жетіру, кинорежиссер: 

Ұлттық құндылықтарымыз аяққа тапталып жатыр

– Мен кинодағы ұлттық дүниені айтқым келеді. Жоғары жақтағылардың өзі орысша сөйлейді. Қоғамымыз екіге бөлініп, ұлттық құндылықтарымыз құрметтелмей, аяққа тапталып жатыр. Ол тек саясатта ғана емес, өнерде де солай. Мысалы қазір түсіріп жатқан фильмдерде орысша-қазақшаны араластырып, қойыртпақтап сөйлейді. Немесе адамгершілікке жат пиғылдар айтылып, келешек ұрпаққа кері әсерін тигізетін дүниелер қойылып жүр. Көбіне батысқа еліктейді. Кино саласындағы құрылған жобалардың 90%-ы орыс тілінде. Бұл өсіп келе жатқан ұрпақ ана тілін білмейді деген сөз. Яғни Ш.Айманов, А.Қарсақбаев, М.Бегалин сияқты белгілі кинорежиссерлердің қалдырған ұлттық кино дәстүрлерін ары қарай жалғастырмайды деген сөз. Қазір жастарымыз кітап оқымайды. Бүкіл жастар киноға барады. Ал киномызды дұрыстамай, олардың сана-сезімін, жан дүниесін ұлттық дәстүрде қалыптастыра алмаймыз. Барлық система, оқу жүйесі орыс тілінде. Кинорежиссерлер сценарийді орыс тілінде жазады. Бұл біз өзіміздің қазақи менталитетімізді қалыптастырып, жүзеге асыра алмаймыз деген сөз. Ол үшін балабақшадан бастап, мектепке дейін қазақша оқытып, тәрбиелеуіміз керек. Басты мәселе – тіл. Ата-бабамыздың қазақша ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінде қалдырып кеткен мұрасын әрмен қарай жалғастырып, жаңаша стильмен, жаңа формамен халыққа жеткізуіміз керек.  Желтоқсан көтерілісі елдің сана-сезімін оятты, жастарымызға рух берді. Өкінішке орай, Тәуелсіздіктің кезінде осының бәрі тоқтап қалды. Дамудың орнына кері кетіп барамыз. Тілімізге мәртебе бергенмен, іс жүзінде емес, сөз жүзінде қалды. Оның дәлелі – қоғамымызда осындай келеңсіздіктер орын алып жатыр. Сол үшін сіз боп, біз боп күресуіміз қажет!

 

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, 

«Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас редакторы: Ерліктің айбынды мүсінін орнату керек

– 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне  нақты мәртебе берілмей келеді. Ең әуелі   мәртебе берген жөн. Өткен 30 жыл бойы Назарбаев билігі ашып ештеңе айтқан жоқ. Біреулер оқиға, біреулер қозғалыс, енді біреулер көтеріліс деп жазып жүр. Мемлекет тарапынан нақты орныққан аты, белгіленген дәрежесі жоқ. Біздіңше, ол «Желтоқсан көтерілісі» болу керек. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ұлт патриоттарына да мәртебе беріп, өміріне, денсаулығына көңіл бөлген дұрыс. Жарық жалғаннан өткендерін мәңгілік есте қалдыру шараларын жасау, онан соң Республика алаңындағы ескерткішті қайта өңдеп, жөндеп, реставрациядан өткізіп дизайнын жаңалаған абзал. Ол Желтоқсанды әспеттеп емес, қорлау сипатындағы ескерткіш. Тіпті оны алып тастап, ерліктің айбынды мүсінін орнату керек.

 

 

Әділетті Қазақстан,  жаңа кемел, жемқорлықсыз  мемлекетті қалай  құрамыз?

«Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан көтерілісі» атты дөңгелек үстелге қатысқан

Желтоқсан қаһармандарының, зиялы қауымы, өкілдері, ғалымдары,

қаламгерлері мен қоғам қайраткерлерінің

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа

 

Ашық хаты

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! 

Сіз еліміздің тарихын, саяси жүйесін, әлеуметтік мәселесін, тіптен болашағын өте жақсы білесіз. Сіз Қазақстан мемлекетінің гарантысыз. Ант бердіңіз. Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызын, оның тек еліміздің ғана емес, бүкіл әлемдік дәрежедегі әсер-ықпалынан, КСРО құлап, ондаған мемлекеттік тәуелсіздік алуына жол ашқан құдіретінен молынан хабардарсыз. 30 жыл өз елін тонаған жемқорлардың да кімдер екендігін, оларды қалай құрықтауды да жоспарыңызға енгізіп отырсыз. Ұлықтау рәсіміңізде: «Келесі маңызды бағыт. Біз әділдікті қалпына келтіріп, елден заңсыз шығарылған барлық активтерді қайтаруға тиіспіз. Бұл үшін үкімет заңсыз шығарылған капиталды қайтару үшін заң жобасын әзірлейді. Сонымен қатар, заң жобасы әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жоюға бағытталады» деген сөзіңіз халқыңызды бір серпілтіп тастады. Желтоқсан көтерілісі қаһармандары елде әділеттіліктің орнауы, Ұлттық рухтың салтанат құруы, қазақ тілінің төрге шығуы, қазақ ұлты өкілінің басшы болуы үшін алаңға атойлап шықты. Біз осы тұрғыдағы ашық хатымызда сіздің назарыңызға бірнеше талабымызды қоямыз. Бұл тек біздің ғана емес халықтың талаптары деп біліңіз.

1-талап: Желтоқсан көтерілісі болғанына 36 жыл өтсе де, әлі өз мәртебесін алған жоқ. 1993 жылы «оларды ақтау» жөнінде заң шықты. Неден, кімнен ақталамыз? Бұл біздің намысымызға тиді. Сондай-ақ екінші дүниежүзілік және Ауғанстан соғыстарына қатысқандарға белгіленген жеңілдіктер көтеріліске қатысушыларға жасалған жоқ. «Ақтау» деген сөз алынып тасталынып,  «Көтеріліске қатысушы» деген мәртебе беріліп, тиісті жеңілдіктер жасалынып, әрбір Желтоқсан батыры баспанамен және жеңілдіктермен  қамтамасыз етілуі тиіс. 

2-талап: Ұлықтау рәсімінде айтылған заң жобасы дереу іске асырылып, ол жарлықтың орындалуы жөнінде халық үнемі хабардар болуы тиіс. Елге қайтарылған және жер асты, үсті байлығының қызығын халық көріп, девидент тағайындалуы керек. Қанша байлығымыздың шетелге асқаны туралы оның кімге тиесілі екені жөнінде мәлімет нақтыланып, олар қатаң жазалануы тиіс. Биылғы жылы 25 қазақ Республика күні болып қайта жаңғыртылды. Біздің ұсынысымыз: 16-17-18 желтоқсан Демократия құрбандарын еске алу, тағзым ету күндері етіп жасалынып, Тәуелсіздік күні 25 қазанға ауыстырылса. Сондай-ақ қуғын-сүргінді бастан кешкендерді ақтау жөнінде мемлекеттік жұмыс тобы құрылған. Бірақ осы комиссияның ақтауында Желтоқсан көтерілісінің батырлары жоқ. Осыған байланысты Желтоқсан көтерілісіне арнайы комиссия құрылса. 

3-талап: Қаңтар оқиғасына да мәртебе беріліп, қарапайым адамдардың қырылуына кім кінәлі екендігі айқындалып, әділетсіз сот, тергеуші, полицейлер де өз қызметтерін асыра пайдаланғаны үшін қатаң жазаға тартылсын! Кінәсіз сотталып, түрмеде азап шеккендерді әділ түрде ақтап, олардың отбастарына көмек берілсін. 

4-талап: Елімізде арнаулы ұлттық идеология жасалып, жеріміздің байырғы халқы қазаққа ұлт, ал басқа ұлттарға этнос атауы берілгені жөн. Отарсыздандыру мәселесі нақты жүзеге асқан жөн. Мемлекеттік тіл қазақ тілі, әрбір қазақстандықтың үйренуіне, білуіне деген талап күшейтіліп, азаматтық алғандар мен алатындарға мемлекеттік тілді білуге талап қойылып, оны орындамаса, елден шығаратын заң шығарылуы тиіс. Бұл талап жұмысқа орналасатындарға да қойылғаны абзал. Мемлекеттік тілді білмегендер лауазымды орындарға қойылмасын. Аралас мектептер түбегейлі жабылып, қазақ тілі пәнінің оқытылуы жоғары, орта оқу орындарында, мектептерде, балабақшаларда тереңдетіліп, талап күшеюі тиіс. 

5-талап: Дін туралы заң қатаңдатылып, дін ағымдардың тіркелуін шектеп, қатаң шаралар қолданылуы керек. Елімізде екі дәстүрлі дін қалдырылуы керек. Басқа ағымдарға кіріп кеткен бауырларымызды қайтаруға деген үгіт-насихат жұмыстары күшейтілгені абзал. Қаптап кеткен көгілдірлер, гейлер, трансгендер, лесбиянкалардың жолдары кесіліп, олар елімізден аластатылсын!

6-талап: Әділетті Қазақтан, Жаңа Қазақстан құрудағы мақсатыңызды біз қолдаймыз. Бірақ ескі жүйе, оның ішінде сайлау, қызметке қою жүйелері түбегейлі қайта жаңартылуы тиіс. Жемқорларды, парақорларды жазалау шаралары күшейтіліп, сот, прокуратуралар да әділдік орнатпайынша елімізде жарқын болашақ болмайды. Осы мәселеде де қатаң шаралар қолданылуы тиіс. 

7-талап: Алматы қаласы – Тәуелсіздігіміздің бесігі. Көтеріліс болған алаң қасиетті де киелі. Себебі бұл алаң қазақтың қанымен суарылған. Бір емес, екі рет! Желтоқсан және Қаңтар көтерілістері. Осы алаң екі жағынан жабылып, қос алып қақпа жасалынып, аспан асты Алаш мұражайына айналуы тиіс. Макеті бар. Ондай мұражайдың үлгісі Таразда жасалынған. Алаңның астындағы дүкендер алынып тасталынып, сол мұражайдың бір бөлігіне айналуы тиіс. Сондай-ақ алаңдағы өртенген қалалық әкімшілігі ғимараты Алаш мұражайына айналдырылып, Алматы облысында орналасқан Жаңалық ауылындағы мұражай осында көшірілсін. Арнайы жер бөлініп, қайтыс болған Желтоқсан батырларына арналған қорым-пантеон ашылса. Назарбаев көшесі жойылып, оның аты Бостандық немесе Алаш болсын. 

8-талап: Ұрпақ тәрбиесі өте өзекті мәселе. Батыр бабаларымыздың, сондай-ақ Желтоқсан көтерілісі қаһармандарының ерлік істерін кеңінен насихаттап, олармен жыл он екі ай бойына балалармен, жастармен, әсіресе студенттермен кездесулер өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр. Мәселен 4 желтоқсаншы батырдың қасқайып түскен аты шулы суреті (Т.Рысқұлбеков, Ж.Тайжұмаев, Қ.Күзембаев, Т.Тәшенов) қалалар мен ауылдарда көрнекті жерлерде ілініп қойылса, бұл  өскелең ұрпағымыздың патриоттық тәрбиесі мен ұлттық рухын көтерер еді. Осыған байланысты Патриоттық рух кеңесі ашылса.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 Қазір біздің еліміз сын үстінде тұр. Қауіп-қатер жан-жақтан төніп тұрғанын жақсы білеміз. Баға шарықтап, қарапайым халықтың жағдайлары күн сайын нашарлауда. Байлар мен кедейлердің арасы жер мен көктей. Алпауыттар алшаң-алшаң басып дес беретін емес. 70+30=100 жыл адастық. Енді адаспауымыз тиіс. Ынтымақ- бірлігіміз жоғарыда айтылған кемшіліктер кесірінен әлсіреді. Сіз билікке келгелі әділеттілік жөнінде жиі айтылып жатыр. Бірақ әзірге ол сөз жүзінде ғана. Тайсақтамай ойыңызға алған жоспарларды батыл жүзеге асырыңыз. Сонда халық сізді қолдайды, сізге сенеді. Халықтың қолдауындағы адамды жау алмайды. Жоғарыда айтылған біздің және халықтың талаптарына құлақ асыңыз. Халқымыз аман болсын, көк туымыз әрқашанда биікте желбіреп, тәуелсіздігіміз шынайы және ұзағынан сүйіндірсін! Әумин!

 

 

 

 

Болат Шарахымбай, ақын, журналист: 

Түбегейлі баға беруге билік құлықсыз

– Биыл 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне 36 жыл болды.  Айтыңызшы, осынау ұлы оқиғаның тарихи бағасын беру үшін 36 жыл – аз уақыт па, көп уақыт па? Біздіңше, аз уақыт емес. Бірақ, неге екені, қазақ халқының жаппай жасаған ерлік ісінің зерттеліп, зерделеніп, тарихи орны айқындалып, түбегейлі бағасы берілуіне құзырлы орындар тым құлықсыз, жайбарақат, сылбыр. Қайткенде де, биліктің Желтоқсанға деген мұндай екіұшты көзқарасы бізге түсініксіз. Осы жылдар ішінде Желтоқсан туралы айтылмаған нәрсе қалмады десе болады, барлық мәселе айтылды. Айтылмаған бір-ақ нәрсе қалды, ол – әділетті Қазақстан жағдайындағы Желтоқсан мәселесі. Осы мәселе бүгінгі көтеретін тақырыбымыздың негізгі өзегі болу керек деп ойлаймын.    Ұлтымыздың теңдік, тәуелсіздік жолындағы күрестері туралы шындықты сөз етіп, бағасын беру, желтоқсаншыларды ақтау тек жеке азаматтар үшін, не олардың ұрпақтары үшін ғана емес, жалпы қоғамдық сананы сауықтыру, азат жадты жаңғырту үшін қажет. Сонымен қатар алдымызда кеңестік режим белгілеп берген «Желтоқсан оқиғасы» деген ұғым-терминді қайта талқыға салып, әлемдік құқық практикасына сай «Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі» деп заңды анықтамасын қайтару мәселесі тұр.

Желтоқсан – ұлт-азаттық көтерілісі, ең алдымен зұлымдық империясына қарсы, тоталитарлық жүйеге қарсы серпілген сана қозғалысы, Тәуелсіздік таңының хабаршысы болды. Желтоқсан қазақ халқының азаттық жолындағы көтерілістердің заңды жалғасы ғана емес, жаңа дәуірдің жаршысы болды. Желтоқсан өзінің саяси сұсымен, әскери күшімен әлемді ықтырып отырған Кеңес Одағын тітіретіп қана қойған жоқ, күл-талқан болып ыдырауының алғышарттарының бірі болды.

Желтоқсан – жалынды жастарымыздың Тәуелсіздікті көксеген рухының алаулаған сәті еді. Сондықтан да ұлт тарихындағы бұл ұлы оқиға ешқашан, ешуақытта ұмытылмақ емес, атаусыз, сұраусыз қалмақ емес. Олай болса, Желтоқсан алдына қойған мақсатына, өз арманына қолы жетті ме? Міне, бәрімізді ойландыруға тиіс негізгі сұрақ осы болуы тиіс деп ойлаймын.   

Осы орайда, мен үш ұсыныс айтпақшымын. Желтоқсан көтерілісі дегенде ең алдымен 1987 жылы 17 маусымы күні жазықсыз жазаға тартылған төрт боздақ еске түседі. Сот залында жалақорлардың өздеріне шығарған сот үкімін қасқайып тыңдап тұрған бейнелері көз алдымызға келеді. Олар кімдер еді? Аты-жөнін тағы бір еске түсірейік: Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбеков және Қайыргелді Күзембаев. Мұнда Түгелбай мен Жамбыл әрқайсысы 15 жылдан арқаласа, Қайыргелді 14 жылға сотталды, ал, Қайрат ату жазасына кесілді. Меніңше, Желтоқсанның нағыз батырлары, қаһармандары осы жігіттер! Оларды репрессиялық жазалау орындары тектен-текке іріктеген жоқ. Олар өздеріне тағылған айыпты «еркек тоқты – құрбандық» деп қасқайып тұрып қарсы алды. Тоталитарлық жүйенің өздеріне қасақана жала жауып тұрғанына олар осылай қарсы тұрғысы келді, кінәлі емес екендіктерін осылай дәлелдегісі келді, әділетсіз сотқа осылай асқақ қарап тұрып қарсылығын білдіргісі келді. Бұл төрт батырдың сол суреттегі бейнесі қоспасы жоқ шындық, онда бір грамм фальш жоқ. Және қандай әсерлі шыққан десеңізші! Бұл – Желтоқсан көтерілісінен түсірілген суреттердің ішіндегі ең атақтыларының бірі (суретті түсірген Юрий Беккер деген ҚазТАГ-тың тілшісі еді).

Енді ұсынысымды айтайын. Өктемдікке иілмей қасқайып тұрған 4 батырымыздың осы суретін үлкейтіп, Алматы қаласының көрнекті деген бірнеше жеріне іліп қою керек деп есептеймін. Ол жас өскіндерімізге рух беріп тұрар еді, тәуелсіздік үшін күрескен боздақтарымыздың ерлігін мәңгі ұмытпай, солардан үлгі алып тұрар еді. Осы жерде айтпауға болмайтын нәрсе, сол 4 жігіттің бірі марқұм Қайрат Рысқұлбековке Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді. Бұл өте дұрыс. Бірақ осы Қайратпен бірге тергеуде болған, небір азапты күндерді бастан кешірген, кейін ұзақ мерзімге сотталған Қайыргелді, Жамбыл, Түгелбайды ұмытып кеткен жоқпыз ба деген ой келеді кейде. Мұндай ой сіздерде болмай ма? Себебі оларды бүгінде ешкім іздемейді. Көпшілік олардың кейінгі тағдырларынан бейхабар. Бұлар ұмытуға, елемеуге тиіс жігіттер ме еді? Неге оларды іздемейміз, өз арамызға шақырып кездесу ұйымдастырмаймыз, неге жағдайын сұрамаймыз? Қазір бұл жігіттердің түрмеде қастандықпен өлтірілген Қайраттан басқасының көзі тірі, үшеуі де Алматы қаласында тұрып жатыр. Осы мәселені Алматы қаласының әкімдігі өз бақылауына алса деген ұсыныс бар. Ату жазасына кесілген Мырзақұл Әбдіқұлов туралы да осыны айтуға болады. Бұл менің бірінші ұсынысым.

Енді екінші ұсынысыма көшейін. 1986 жылы 16, 17, 18 желтоқсанда жастарды алаңға негізінен студенттер бастап шықты. Яғни шеруді бастаушылар студенттер болды. Жұмысшы жастар оларды қолдап кейін қосылды. Яғни бұл алаңда негізінен студенттердің қаны төгілді, шашы жұлынды, басы жарылды, миы шайқалды, итке таланды, құрбан болды. Қайрат, Ербол, Ләззат, Кенжегүл, т.б. бәрі студенттер еді. Ресми мәлімет бойынша, Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырды деген айыппен 758 студент оқудан шығарылған, 1164 студент комсомолдан, партиядан шеттетілген, басқа да түрлі жазаға тартылған. Сотталған 100-ден аса желтоқсаншының 80 пайызы студенттер еді. Бірақ сол 1986 жылғы студенттердің  қаһармандығын бүгінгі ізбасарлары – жаңа Қазақстан студенттері  біле ме? Білсе, қаншалықты дәрежеде біледі? Міне, меніңше, бұл мәселе елеусіз қалмау керек деп ойлаймын. 

Ұсынысым: 16, 17, 18 желтоқсанды Демократия құрбандарын еске алу, тағзым күні деп жариялап, Қазақстандағы барлық ЖОО-ның ректорлары студенттерін алаңға өзі бастап келіп, тағзым етіп, әріптестерінің ерліктерін неге еске алмасқа?.. Құран бағыштамасқа? Жас ұрпақ үшін бұдан артық қандай патриоттық тәрбие болуы  мүмкін! Мұны ұйымдастыру Алматы қаласы әкімдігінің қолынан келетініне менің еш күмәнім жоқ.

Енді үшінші ұсынысыма көшейін. Осыдан бірер жыл бұрын Президент пәрменімен Қазақстандағы жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Комиссия осы күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Бір өкініштісі, аталған комиссия 1986 жылғы Желтоқсан мәселесімен айналыспайды, оған мұндай мүмкіндік берілмеген. Осы тығырықтан шығатын жалғыз жол – Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы комиссия жанынан Желтоқсан көтерілісі мәселесімен мақсатты түрде айналысатын жұмыс тобын құруды ұсынамын. Бұл топ Желтоқсан туралы өз анықтамалары мен бағалауларында әділетті Қазақстан жағдайындағы қазақ халқының ұлттық мүддесін бірінші кезекте ескеріп, жұмыс жасауы керек деп есептеймін. 

Біз ел боламыз десек, өкшебасар ұрпағымыз өз Отанын сүйіп өссін десек, билік біздің ұсынысымызға бей-жай қарамауы тиіс. Өйткені жыл өткен сайын Желтоқсан көтерілісінің маңызы арта түсіп отыр. Әсіресе, Желтоқсанды білсем, зерттесем, сондағы ержүрек ағаларым мен апаларымдай болсам деген жастардың құлшынысы мен қызығушылығы жоғары.  Осыны ұмытпайық!

 

Бақыт Байниязов, желтоқсаншы, 

 «Тәуелсіздік 1986 Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: Билік неге өз халқынан қорқады?

– Бүгінгі дөңгелек үстелге уақыт тауып келгендеріңізге рақмет! Қазір елімізде жағдай нашарлап кетті. Сол мәселелерге байланысты ойымызды ортаға салайық деп дөңгелек үстел өткізіп жатырмыз. Осыдан 4-5 жыл бұрын Сәуле Мешітбайқызының қабылдауында болдым. Сол кезде де осындай жайттар қозғалған болатын, ол кісі мені бірден түсінді. Жақында 9 желтоқсан күні Жамбыл облысының Меркі ауданына барып желтоқсандықтармен кездесіп, қоғам мүшелерін қабылдап келдік. «Тәуелсіздік 1986 Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің алға қойған мақсаттарының бірі – мемлекет бойынша желтоқсандықтардың беделін көтеру, абыройын асқақтатып, ұлтымыздың құндылықтарын насихаттау. Олардың ішінде тіліміз, дініміз, діліміз, ұлттық киімдеріміз, тағамдарымыз, т.б. бар. Біздер Бірлестіктің мүшелері бірдей ұлттық киімімізді киіп, басқаларға жарнамалап, қолдан келгенше үлгі-өнеге болып жүрміз. Билікке де  талаптар қойып жатырмыз. Жоғарғы, орта оқу орындарында студенттерді Тәуелсіздік күні қарсаңында сабақты тоқтату, каникулға жіберу сияқты кедергілерді жою қажет. Білім алуға белгіленген сағаттарды қысқарту студенттердің білім алу мүмкіндігін шектейді. 

Бұдан кейін  дөңгелек үстелге қатысушылар жарыссөзге шығып, өз ойларын ортаға салды. Президентіміз Қ. Тоқаевқа үндеу жазып, ашық хат жариялады. Жиын соңында газетіміздің бас директоры, Еланасы Сәуле Мешітбайқызына публицист жазушы Марат Тоқашбай «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалін табыстап, журналистика саласында сіңірген қажырлы еңбегі үшін алғыс жариялады. 

 

 

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ
22.12.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 35
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 81
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 27
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 35
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 40
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 35
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 75
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 81
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 275
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 271
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 892

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8969
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8363
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11589
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9347
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10573