Ентіге жүгіріп келген мен табалдырыққа оңбай сүріндім. Қатты құлағаным соншалық, қос алақаным жанымды көзіме көрсете тызылдап ауырды-ай. Оған тастай табалдырыққа соғылған оң аяғымның ауырғанын қосыңыз. Сонан соң жыламай көр! Десе де мұндай оқиғалардың күніне бірнеше рет болатынын ескерсек, мәрттік жасап, жұққан шаңды бұрқ-бұрқ қаға ештеңе болмаған тәрізді көзге жас алмай кете беруге әбден-ақ болар еді. Дегенмен алтыншы класты дөңгелентіп жүрген он үш жасар дырдай жігіт табалдырыққа сүрініп құлады дегенді қалқан құлақ Қауынбай естісе, не болатынын көзге елестетудің өзі қиын. Қалжыңбас досым бұл қылығымды айдай әлемге жайып жіберуге әсте шімірікпес. Жығылған жерімнен көзді ашып-жұмғанша төрге төрт аяқтап тез жеттім. Сонсоң бар ұятты жиып қойып, үйді азан-қазан етіп жылай бастадым. Бүгін, дәлірек айтсақ, қазір менің өз-өзімді тоқтатуға ешқандай күш жоқ деп білем. Ешқандай күш, тіпті көкем де тоқтата алмайды. Жылап жатырмын, жылағанда қандай?! Әлдеқандай дүлей ашу буған менің қос қолыммен бірге қос аяғым да бірдей жұмыс істеп жатыр. Ызалана еденді тепкілеймін, ызалана ауырғанына қарамай қолыммен жер сабалап жатырмын. Көп өтпей сырт-сырт басып қасыма біреу келді. Жеңешем. Гүлшәрі жеңешем екенін бірден білдім. – Айналайын, Төрежан-ay, не болды, кім ұрды? – дейді ол менің жаныма тізерлей отыра қалып. Кеше ғана анам көзімнен сорамды ағызып, айнадай етіп қырған жалтыр басыма жеңешем қолын тигізуі мұң екен, қағып тастадым. «Төрежан дейді ғой тіптен!». Бұл менің әлгі жалтыр басыма сарт ете қалған қасақана ойым. Әйтпесе айтуға тіл сүрінетін Нұрмағанбет атты есімімді жеңешемнің Төрежан деп айтуы өзіме керемет ұнайтын. – Мінеки, қызық! Мына жылағаныңды естісе қыздар күлмейді ме? «Он үште отау иесі» деп босқа айтылған жоқ. Масқара, масқара! – Жеңешем қолдарын шапалақтады. Одан сайын бақырған мен жауап та қайтарып үлгермедім. – Өзің масқара, өзі-ің! Сен кінәлі, се-ен! Сезіп жатырмын. Қолдарын шапалақтағанын қойып жеңешем аңтарылып қалды. – Төрежан деймін! Неге, неге өйтіп айтасың? Менің кінәм не, ә? Құлағымның түбін ып-ыстық демімен күйдіріп ол жалына сұрады. «Жоқ! Мен енді саған жоқпын, мен саған өкпеледім. Мен... мен...» Ішкі дүнием құлазып сала берді. Алақанымдағы қимас бір затты мәңгіге жоғалтып алатындай одан сайын жылауымды үдеттім. – Қой, қой деймін. Мейлі, мен-ақ кінәлі болайын, жыламашы. Төрежан, жыламашы. Әйтпесе ағаңа хат жазып жіберем. Бізге сүйеу болады десек, о несі-әй, дап-дардай болып жылағаны. Ұшып тұрдым. Анадай жерде жатқан қағаз қалпағымды да іле кетуді ұмытқан жоқпын. – Ағама мен жазамын хатты. Бәрін, бәрін жазамын! – Бас-көз демей үйден шыға айдалаға безе жөнелдім. Артымнан жеңешем қоңыраудай дауысымен айқайлап жатыр. – Төрежан, қайда барасың, Төрежан! Әрине, құйын болып дөңгелеп бара жатқан мен қайырылған да, тыңдаған да жоқпын. Алдымнан ескен жел көз жасымды лезде құрғатты. Бетімді, тіптен өзімді аямай сабалаған қалың жыңғылға қарамай тоғайдың ен ортасына бір-ақ сүңгідім. Кесілген ағаштың түбіріне отырған мені жан адам таба алмас. Оның үстіне қыркүйектің күні жып-жылы боп тұр. Көк күмбез аспан. Тек арқаңды күнге қыздырып отыра бер. Ауыл шетіндегі осынау тоғайдың іші қазір қилы-қилы дыбысқа толы. Құстар ән салады, сиырлар мөңірейді, тіптен ағаштардың басында кішкентай күйшілер отырғандай. Ал қазір бұл дыбыстарға көңіл аударып тыңдауға менде ешқандай жағдай жоқ. Әлі де ызалымын. Әлі де ықылық атқан өксік басылар емес. Әрине, мұның бәріне меніңше жеңешем кінәлі. Жеңешем... жеңешем! Ол кезде біз мынау ауылдан тым-тым жырақта едік. Шопанбыз. Бір отар тоқтыны көкем, апам, ағам Тыныштық бағатын. Қызылқұмның етек-жеңі кең. Бір төбеден ассаң, бір төбе. Төбе болғанда сусыған құмды төбелер. Біздің үй сол жылы Жиекте отырды. Құм мен Сыр өңірін бөліп тұратын үлкен құм төбе көлбей созылып, аяғы ұзаққа созылатын. Осы биік жал төбеден төмен түстім дегенше табиғат өзгеше түрге енеді. Бұл Сыр өңірі басталды деген сөз. Біз бұл аймақты Жиек деп атаймыз. Мен күзгі каникулға шықтым. Қос атпен көкем мені алып кетуге өзі келіпті. Менімен бірге көкемнің ағасының баласы Тәуекел ерген. Ол сегізінші, мен төртінші класта оқимын. Тәуекел домбыраны жақсы тартады. Десе де ұялшақ. Есесіне көпшіліктің арасында ұятты ысырып қойып алдымен ән салатын мына менмін. Келсе де, келмесе де домбыраны сабалап шырылдақ дауыспен «Тау ішіндені» орындап беремін. Жұрт мәз-мейрам. Екіленіп алған мен екіншісіне кірісемін. Шатып-пұтып үшіншісіне келгенде сөзсіз сүрінетінмін. Өйткені ән қорым таусылады. Ұялшақ Тәуекел бұл қылығыма ызаланып домбыраны өзі шертеді. Жұртты сілтідей тындырып ғажап әндерімен, енді-енді үйреніп жүрген күйлерімен баурап алады. Қызығамын, қызғанатынмын. Амал нешік, ондай өнер қолдан келмейді. Мінеки, көкем жетектеп келген боз биеге Тәуекел екеуіміз жәйлана жайғасып Жиекке салып-ұрып келеміз. Көкем анау-мынау зат аламын деп қалып қойды. Әрине, ер үстінде Тәуекел, артында жарбия жабысқан мен. Екеуіміз айдаланы азан-қазан етіп басымызға көтеріп келеміз. Сақ-сақ күлеміз, анда-санда жын ұрғандай өлең айтамыз, қысқасы, көңілдіміз. Себебі жолға шығарда көкем бізге құлаққағыс жасады: «Бүгін Тыныштық ағаларың келін түсіреді, ертерек жетіңдер». Енді көңілді болмай көр! Мен жеңешелі болайын деп жатырмын. Естисіз бе? Енді бұдан былай менің өзімнің жеңешем болады. Бірақ мынау домбырасын алдына өңгеріп, өзінше репетиция жасап келе жатқан Тәуекел асығатын емес. Ертең жеңешемнің бетін ашатын дәу осы ғой. – Ақ келін-ay, ақ келін, Сауысқаннан сақ келін. Менің артыма жабысқан Мынау сумұрын қайнысына бір сәлем! Ха-ха-ха! Ызаланып кеттім. Боз бие үстінде кішігірім айқас басталды. – Әй, әй, қойсаңшы, жәй әзілдеп едім. Ертең басқаша айтамын ғой, – дейді Тәуекел. Ол өлеңді аяқ астынан өзгертті. «Су мұрынның» орнына «әдемі» деген сөзді қонжитты. Ырза болған мен шабуылымды тоқтаттым. Дегенмен «әдемі» деген сөзге менің келіп тұрғаным шамалы. Тұздай көкшиген көзімді қайда қоярмын. Қазандай болған басым өзімнен үлкен. Десе де әлгі сөз көңілімді көтеріп тастады. Күздің күні аса суық болмаса да, солтүстіктен соққан ызғарлы жел мазасыз-ақ. Біз ауылға келгенде әлгі беймаза жел үдей түсті. Ауыл болғанда екі-ақ үй. Оның үстіне кішігірім ақ боз үй жаңадан тігіліпті. Сірә Тыныштық ағамның отау үйі осы болар. Апам етегіне сүрініп жүгіріп жүр. Қуанышты. Үйдің айналасында қара-құра адамдар. Қараймын, бәрі де таныс. Көкемнің құрдасы көрші шопан Қаржау мені көре салды да әдеттегі қалжыңына басты: – Ал, Мырқымбай, жеңешелі болайын деп жатырсың. Ендігі кезек өзіңдікі, – деді қарқ-қарқ күліп. Ыржалақтап күлген бойы отау үй жаққа өтіп кеттім. Түннің әлдебір уақыты. Әрбір дыбысқа елеңдеп отырғанбыз. Ақыры тағатсыздана күткен ат тұяғының дүбірі де естілді- ау. «Келін келді, келін келді!» деп өрекпи дабырласқан жұрт далаға жапырылыса ұмтылысты. Әрине, алдыңғылардың бірі болып мен де шықтым. Тәуекелдің ағасы Мұса аттан түсіп жатыр екен. «Әнеу келе жатыр», – деп жол жақты нұсқады. Тырағайлап жүгіріп Тәуекел және мен бірінші жеттік. – Келдіңдер ме! Ендеше жеңешелеріңе ие болыңдар. – Тәуекел екеуміз бір-бірімізді итермелей тұрып қалдық. Тастай қараңғы. Жеңешем менің қасыма келді де: – Тыныштықтың інісісің ғой, – деді сыңғырлай сөйлеп. Дірілдеп тұрғанын сезіп қалдым. Толқып тұр ма екен деп ойладым. «Иә» деуге үлгерген жоқпын, көпшілік кимелеп кетті. Шашу шашылып жатыр. Апам мен көкем келіп жеңешемнің маңдайынан сүйісті. Отау үйдің есігі айқара ашылған... Әрине, той тамаша өтті. Жеңешемнің аты Гүлшәрі екен. Ертеңіне-ақ шымылдықтың ішіне сүңгіп кетіп шүйіркелесе сөйлескенбіз. Кәдімгідей іштартып қалдым. Ақжарқын. Ал білесіз бе, менің жеңешем әдемі екен. Аққұба келбетті, көздері біздің үйдегі ботаның көзіндей дөп-дөңгелек, мөлдіреп тұр. Бір түрлі қарай бергім келеді, десе де Тыныштық ағамнан ұяламын. Екеуміз достасып кеттік. Көбінесе бірге жүреміз. Құдық едәуір жерде. Қауғаны терең құдыққа тастамас бұрын екеуміз жалма-жан биік ернеуге жарыса шығып аламыз. Көздің жасындай мөлт-мөлт етіп тұрған айна суда қараң-құраң етіп екеу шығады. «Кім барей?» деп айқайлаймын. Құдықтың іші де осы сауалды қайталап жаңғырады. Жеңешем дауысы сыңғырлап ол да айқайлайды. Мен үндемей әсем дауыс ырғағына құлақ түремін. Күміс теңгелер сылдыр-сылдыр ете құдық ішінде дөңгелеп жүргендей әсерде боламын. Жеңешем құдды өзім сияқты. Ылғи күледі де жүреді. Мұндай кезде ойқы-шойқы тістерімді жасыра қоямын. Екеуіміз әсіресе құм ішіне сексеуілге барғанда еркін, кәдімгі қалқан құлақ Қауынбай досыммен ойнағандай алысып-жұлысып ойнаймыз. Жүгіріп биік-биік құм төбелеріне шығып, қосыла ән айтамыз. Бұл жағына келгенде жеңешем озып кетеді. Тіпті, менің ойымша, Тәуекел жолда қалады. Ән айтып жүріп үйге отын жинаймыз. Мектепте жүргенде сонау сағыммен көмкеріле көзге ұрып тұратын құм төбелерге жиі-жиі қарағым келеді. Ішкі дүниемде әлдебір өзгеріс бардай. Ол не өзгеріс? Өзім де түсінбеймін. Әйтеуір жеңешемді сағынамын, көргім келеді. Әрине, көкемді, апамды, ағамды да ойлаймын. Дегенмен жеңешем өзімнің құрдасым сияқты. Оның сыңғыр-сыңғыр күлкісін, балаша жайраңдап жүрер қылықтарын сағынғаным рас. Осылай ұзаққа созылған қыс та өтті. Мамыр айы. Білесіз бе, біздің өңір бұл айда қалай құлпырады десеңізші! Сабақта отырып та далаға елеңдеп отырасың. Үйдің іргесінен бастап даланы қып-қызыл қызғалдақтар жауып кетеді. Әлем қып-қызыл. Қырмызы далада жүгіре бергім келеді, аунай бергім келеді. Қараймын да тоймаймын. Сарайда жатқан велосипедімді Тәуекел қатырып жөндеп берген. Сонымен күнде сабақтан соң ауылға тартып тұратынды шығардым. Жеңешемді алыстан бірден танимын. Мен жеткенше ақсия күліп күтіп тұрады. Сірә, менсіз оның да іші пысатын тәрізді. Кейде жолай бір десте гүл теріп аламын да оған сыйға тартамын. – Ой, айналайын, Төрежан-ай, – дейді ол жайраң қаға. – Рақмет, рақмет саған! Алқызыл гүлдерді бипаздай ұстап ол гүл салғышқа салады да, отау үйге апарып қояды. Мен мәзбін. Өзімше үлкен бір іс тындырғандай қодыраңдап үйге сыймаймын. Өйткені жеңешемді қуанттым ғой. Бүгін біздің үйде зор оқиға болды. Тыныштық ағам әскерге кетейін деп жатыр. Ағам әскерге кетсе, біздің отбасымызға қиын болайын деп тұр. Онда қойды тастап, орталыққа көшеміз. Әнеки, автобус жүрейін деп тұр. Ағам толқулы. Апам жылады. Көкем ұрысты: – Тәйт, жамандықты шақырып неге жылайсың? Онан да бейбіт заман болсын деп тіле. Екі жыл деген немене? Кешегі соғыста да алты жыл мені күткен жоқсың ба? Жылама, о несі-ей, жалғыз сен ғана армияға бала шығарып тұрғандай. Жеңешеме көзім түсті. Өзін-өзі ұстағысы келеді, дегенмен көздері боталап тұр. Ағам кемпір-шалдан батпады-ау, жеңешемнің қасына келді де: – Ал, Гүлшәрі, кемпір-шал анау бұзық екеуіңе аманат. Ренжітпеңдер, хатты үзбей сал, – деді арқасынан қағып. Мені құшақтап бетімнен, мұрнымнан сүйді. Ағам аттанып кетті. Біз ауыл шетіндегі үш бөлмелі үйге көшіп келдік. Көкем қоймаға қарауыл, жеңешем мектепке еден жуғыш боп орналасты. «Ағаң келген соң оқимын» дейді ол. Мен құптап қоямын. Іштей оқыған дұрыс қой деп ойлаймын. Екеуіміз күнде кешке жақын мектептеміз. Мен парталарды ысырамын. Жеңешем тезтез жуа бастайды. Бір жақсысы, күнде біргеміз. Жақсы көретін адамыңды күнде көріп тұрған қандай ғажап! Күндер сынаптай сырғыды. Жайдары жазбен бірге каникул да көзден бал-бұл ұшты. Ағамнан хат жиі-жиі келеді. Жеңешем өзіне хат келгенде қуаныштан жайраң қаға үйден шығып кетеді. Сәт өтпей қайтып келеді де, көкем мен апама дауыстап оқып береді. Сонан соң әдемілеп қайтадан конвертке салады да, кішкентай оюлы сандығына салатын. Түннің бір уағында екеуміз үстел басына жайғасамыз. «Төрежан, не айтасың?» – дейді хаты аяғына тақалғанда. Мен ойланамын. Сонан кейін қулана жымиып: «Демалысқа тезірек келсін, маған футбол добын ала келсін», – деймін. Жеңешем қуанады: «Дұрыс айтасың, демалысқа келсін», – дейді бота көздерінен қуаныштың оттары ұшқындап. Мен жеңешемнің ойынан дәл түскеніме қуанамын... Біздің достығымыз жалғаса берер еді-ау. Мен жеңешемді ешқашанда ренжітпеуге тырысатынмын. Әйткенмен мына бір оқиға барлығын да тасталқан етті. Мен бағана неге жыладым, неге жеңешеме қатты-қатты сөздер айттым десеңші! Мінеки азан-қазан шуға толы тоғайда ойға батып отырысым мынау. Ең жақсы көретін адамыңмен мәңгіге айырылысарда өткендегі онымен бірге өткізген әдемі сәттер осылай еске түседі екен. Мен жылап отырмын. Айырылысуға болмайды. Бүгін барлығын айтып ағама хат жазуым тиіс. Хат жазылды дегенше Гүлшәрі жеңешем үйден біржолата кетеді. Барлық пәле мектептің завхозы Жұбаныштан басталды. Обалы не керек, Жұбаныш әдемі жігіт. Әсіресе оның маған қияқтай қап-қара мұрты ұнайды. Сол жігіт соңғы кездері менің жеңешемнің қасынан үйірсектеп шықпайтынды шығарды. Анау-мынау жұмыс тапсырған болып біз жуып кеткен класта көбірек болады. Менің ең бір қынжылатын нәрсем – жеңешем де кет әрі еместей. Олар кейде ұзақ әңгімелеседі. Ондайда қалқиған құлағымды барынша соларға бұрып, бір нәрселерді ұғуға тырысамын. Өзімше шаруалар тындырғансып жандарынан ұзамаймын. Білесіз бе, мен Жұбанышты сұмдық жек көріп кеттім. Қайткенде де мұқатуға, тиісуге сылтау таба алмай тұрамын. Ол біздің класқа енгенде еріксіз жұдырығым түйіліп, оның әдемі бетінен осып жібергім келеді. Әттең, кішкентаймын. Төбелесе қалсам, быт-шыт болып таяқ жеп қалатынымды сеземін. Бірақ менің қайткенде де бұл әділетсіздікке қарсы шығып, жеңешемді төніп келген апаттан құтқаруым тиіс. Қайтып, қалай... ол әзірше шешілмеген түйін. Түйін басқаша шешілді. Ымырт кезі. Жеңешем мені су әкелуге жұмсады. Шелекті жартылай толтырып шалпшалп еткізе жүгіріп келемін. Төгіліп келеді – назар аударған жоқпын. Тезірек жетуім керек, тезірек. Өйткені мен есіктен шығарда кілттерін сұқ саусағына іле шыр айналдырған Жұбаныш кездесіп қалған. Құлағыма көмекке шақырған жеңешемнің дауысы естілгендей. Есік жабық екен. Қолыммен ұрдым – ашпады. Болмаған соң тепкілей бастадым. Есікті сыздақтата ашып Жұбаныш ысылдай сөйлеген. – Саған не керек өзі? – Әдемі көздері шатынап кетіпті. – Аш, аш деймін. Әйтпесе директор ағайға айтамын. Шіңкілдеген менен емес, директордан қорықты-ау деймін, есікті айқара ашты. Бірден жеңешемді іздедім. Қос беті алаулап қызарып кеткен ол тарқатылып кеткен бұрымын өріп тұр. Шелектегі су төгіліпті. Жұбанышқа қарадым. Топ кілтін сылдыратып маған кекесінмен қарайды. – Кет! Кет деймін! – Ызалана осылай айқайлап жібердім. Жұбаныш бәз-баяғы қалпы. Тек: – Күшік! – деді дауысы тарғылданып. Мен ұмтылып барып оған атылдым. Көзімнің оты жарқ ете ұшып түстім. – Неге ұрасың Төрежанды? Шық, қазір шық! – Бұл жеңешем. Мен жалма-жан ұшып тұрдым да, көз ілеспес жылдамдықпен шелектегі кір суды Жұбанышқа шашып жібердім. Аласапыран басталды да кетті. Жұбаныштың әдемі костюмі бүлінді. Мен парта-партаның үстінен ұстатпай жүрмін. Жеңешем шыр-пыр. Ақыры түтіккен күйі Жұбаныш кетті. Алғашқы айқас менің жеңісіммен аяқталды. Десе де көңілімде әлдебір күдік ой қалып қойды... Бағана сабақтан қайтып келе жатып Қауынбай досыммен шекісіп қалдым. Дүйім балалардың көзінше ол мені масқара етті. – Сен мақтанбай-ақ қой әуелі. Сенің сұлу жеңешеңнің алдыңғы күнгі кеште біздің завхозбен құшақтасып тұрғанын мына көзіммен көргенмін. Солай, өтірік айтсам. шошқа болып кетейін, – деді ол шімірікпестен. Мен үшін дүние төңкеріліп кетсе, әлдеқайда жақсы болар еді. Мынау, мынау сұмдық қой! – Өтірік айтасың, қалқан құлақ! Өтірік айтасың! – дедім мен Қауынбайдың жағасынан ұстап. – Шын, шын! – деді ол қорқып кеткендей көздері жыпылықтап. Мен оны итеріп тастап, үйге қарай зыттым. Маған енді бәрібір еді. Жылап келемін. Сол бетіммен келіп мен табалдырыққа оңбай сүріндім. Төңірек қараңғылана бастады. Денем тоңазығандай. Бұл уақытта біз күнде мектепте жеңешем екеуміз жұмыс істеп жататынбыз. «Жоқ! Жеңешемді ешкімге бермеймін. Ешкімге! Менің жеңешем адал». Бұл менің қазандай тақыр басымнан шыққан ой. Көп ойланып тұрмай мектепке зымырадым. Бірнеше минуттан кейін мектепке де жеттім. Мынау біз жуатын кластың терезесі. Іші самаладай жарық. Жеңешем жеңін түрініп ала парталарды сүртіп жүр. Кенет... Жүрегім зу ете қалды. Есіктен әлгі Жұбаныш кіріп келеді. Қолында кілті, өзі миығынан күледі. Жеңешеме сәндене басып жақындады. Жыным келіп тұр. Қауынбайдың айтқаны дұрыс келгені ме? Терезе ернеуінен тырмыса ұстап, кірпік қақпаймын. Жеңешем де оған қарсы жүрді. Қызықтың көкесі Жұбаныш оған қолын соза бергенде болды. Менің жеңешем, білесіз бе, менің жеңешем оқыс қимылдай шапалақпен әдемі жігітті бірнеше рет ұрып жіберді. Сонан соң көзді ашып-жұмғанша шелектегі суды жігіттің үстіне бір-ақ шашты. Судан шыққан тауықтай Жұбаныш не істерін білмегендей тұрып қалған болатын. Бұл жолы оның ту сыртынан еден сүрткіш шүберек қамшыдай осып-осып түсті... Өзімнен-өзім күле беріппін. Мен қуаныштан жылап тұрдым. Іштей екі сөзді күбірлеп қайталай беремін. «Менің жеңешем... менің жеңешем...»