Жеті бірдей ботасын жетілдірген аяулы анашым!

 Жеті бірдей ботасын жетілдірген аяулы анашым!

Шешем менің иілген сұрау белгі,

Сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді.

Қалай ғана қалпына келтірерсің

Дауылдар майыстырған мынау белді?!

М. Мақатаев

 

Бізді өмірге әкеліп, ақ сүтіне тойдырып, аналық мейіріміне қандырып, осы халге жеткізген анамыз жайында азды-көпті сөз қозғайын. Өзі кейде есіне алып әңгімелеп кеткеніндей, тағдыр тауқыметін аз тартпаған анамыз қырыққа да жетпей жесірліктің жаулығын ерте жамылады. Кенеттен келген ажал атпалдай азаматынан айырып, «аһ» ұрып қала береді. Әкеміз де қырықтан енді асқан қылыштай күнінде өмірден озған екен. Жеті бірдей жетімегін етегіне орап еңіреп қалған анама шиеттей шикі өкпе балаларды асырап-бағу үшін, жетілдіру үшін денсаулық та, күш-қайрат та, қаржы да керек екені белгілі. Азаматынсыз аңырап жалғыз қалған шерлі Ана жігерлене түсті. Бірі әкелерін білсе, бірі әлі толық танып та үлгермеген сары үрпек балапандай балаларын бағып-қағып, тәрбиелеп, еңбекке баулыды. Жылдар жылжып өте берді. Құрғақ сөзбен қамшыламай, өзі ісімен, әрекетімен, бейнетімен үлгі бола білді. Оның есепсіз еңбегі мен бейнетіне ауыл-аймақ, ағайын-жұрт түгел қанық. 

Мен анамның өзі, «төлімнің басы – Түйеқызым» деп еркелеткеніндей, тұңғыш перзентімін. Институтқа түсу үшін арман-қиял арқалап ауылдан Алматыға аттанып кеткен күндерге дейін жанында едәуір уақыт болдым. 

Кім бол мейлі, тағдыр тақтасына жазылғанын көріп өтеді. «Басқа түссе баспақшыл» деген бар, Анам Алла салған қандай сынақ болса да жігерленіп, төзім мен шыдамдылық танытты, қажыса да қайраттана түсті. Ол кісі кейде: «Әкеден жалғыз едім, енді бірің – інім, бірің – сіңілім, балаларым – байлығым, барым да сендерсіңдер, сендер аман болыңдар» деп, кәдімгідей кемсеңдеп қалатын, жарықтық. 

Уақыт тізгінін кім тежеп тұрған дерсіз, жылжып жылдар да өтті. Біз есейіп, әркім өмірден өз орнымызды таптық. Анам тістелеп жүріп бәрімізді жеткізді, ұл ұясына қонып, қызы қияға ұшты, шүкір дейміз! Өмір бар болғасын, өлімнің қатарласа жүруі – өмір заңдылығы. Әлемді жайлаған індет қазақ жерін де айналып өтпеді, талайдың түбіне жетті. Қаншама тарлан тұлғалар кетті бұл өмірден, жаны жайсаң жандар мен қимас құрбылар да бір сәтте көзден ғайып болды. Тажалдың тырнағына кенеттен ілінген Анам бес-алты айдың жүзіндей уақыт аурухана төсегіне таңылды, ұзақ жатып дүниеден озды. Қанша қарттық жасқа жетсе де асылымыз, Анамыз ғой. Есеңгіреп қалдық, еш күтпеген жағдай еді, аяқ астынан айырылып қаламыз деген кәперде де болмаған, қапыда келген қасіреттен «қап» деп қала бердік. Бес күн жалған дүние осы екенін түсіндік. Қатты сырқаттанып, бірде ауруханада, бірде үй жағдайында жатып қиналғанын көріп, қимастық пен жанашырлық сезімдегі жанайқаймен жанталасқан сәттерді, күлкісіз күндерді айтсаңызшы, еш амал жасай алмай дал болдық. Бар қолдан келгені сол – Аллаға ғана жалынып, алақан жайдық! Алыс-жақын қалаларда тұратын балалары, немерелері ат терлетіп келіп, жағдайын көріп жыламсырап жүріп жаттық. Сол күндері қимастықтан туған «Бізді тастап кетпеші, Анашым» деген кең көлемде мақала да жазылды, ел-жұрт оқып, тілекші болса игі еді, «көптің тілеуі – көл» деп те үміттендік. Алайда туралап келген тажалдың тырнағынан ажыратып алып қалған қайдан... Алланың қалауы солай болды, анамыз алыс сапарға, мәңгілік сапарға аттанып кетті!

Дәрігерлердің пайымдауынша, Қазақстан бойынша індетке қарсы дайындалған ем-дом, дәрі-дәрмек түгел салынды, алайда анам басын көтермеді-ау! Кім қиған асылын, аһ ұрып аңырап қала бердік. 

Міне, анасыз бір жыл да жылжып өтіп барады. Перзенттері, мына біз алдымыз жетпістің жағасынан ұстап, кенжеміз елуді еңсеріп қалсақ та, анамыздың орнына қарап ойша іздейміз. Орны ойсырап тұр. «Жат жұрттық» делінетін қыздары жинала қалсақ, көкірек кернеген күйініш пен сүйінішімізді, өкініш пен сағынышымызды айтып тауыса алмаймыз. 

Иә, «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» дегендей, анамыздың барында өзімізді әлі де сәбидей сезініп жүрген бізәп-сәтте «қартайып» шыға келгендей болдық. Іздейміз, жоқтаймыз іштей, мәңгілікке кеткенін білсек те, сенбегендей сенделектеп, сергелдеңге түскен сәттер де жоқ емес, ондайда Аллаға алақан жайып кешірім де сұраймыз. Қайтпастың кемесіне мініп кеткен анамның рухына Құран бағыштап, еске алу ғана қалды. 

Иә, еске алу ғана... Анам кеткелі болған жағдайлар мен көрген түсімізді айтып, сағынышымызды басамыз. Түсімізде көрсек те марқайып қалатын болдық, оны жарыса айтып шығамыз. Қайран анашым, көзінің тірісінде жанында ұзақ отырып сырласып, мұңдасып, нендей аманатың бар деп сұхбаттасып та үлгермеген екенбіз, соған өкінеміз, бұл жалғаннан жалт етіп кете қалар деп те ойланбаған екенбіз. Уақыт жоқ, «тірлік-тірлік» деп тепеңдеп жүргенде бәрі де өте шығатын көрінеді. Мына бір болған жағдай жөнінде сөз қозғайын. Сіз де тыңдай отырыңыз, оқырманым!

Ештеңе де жайдан-жай емес-ау деп ойға қалдым. Алла Тағала әр пендесінің бойына әрқандай қасиет, тылсым күш, әртүрлі дарын беріп қоятын көрінеді. Анамызды арулап қара жер қойнына тапсырған соң, аз күн уақыт өткен. Қыркүйек айы күз мезгілі болғанмен, біздің өңірде жылы рай танытып тұрады. Есік алдына қазақ үй тігілді. Анамның соңғы түндері сонда өтті. Есіктің дәл алды болатын. Мына ғажайыпты қараңыз, оқырманым. Үлкен үйдің арты көкпеңбек бау-бақша, соның көлеңкесінде иттің үйшігі бар еді. Көлеңкелі үйшігін тастап сары төбет ит дәл сол иесі тұрақтаған жерге келіп ұзыннан түсіп жатып алады. Арада екі-үш күн өтеді. Қанша рет үйшігіне қуғанмен, сары ит тырп етпестен сол жатқаннан мол жатқан екен. Нәр татпастан сұлқ жатқан мақұлықтың сол жерде демі үзілген ғой. Келін қазақы ырымын жасап, балалар алыстау жерге апарып көмеді. О, тоба деймін осы күндері, мына бір болған жайтты естіген соң, еріксіз қолыма қалам алып, сол жөнінде ой бөліскенді жөн көрдім. Мәңгілік ештеңе жоқ қой, әрине. Жаратушының жаны бар жануарлары да уақыты келгенде әрқандай жолмен өлім құшады, демі бітеді деген. Мына тылсым дүние Анама Алланың берген аманаты дейін бе, қасиеті десем бе, әлде мейірімділігі, жаны ашығыштығы ма, өзіңіз екшеп бағамдай жатарсыз, оқырманым! 

 

Анамның айтуынша, мен әкемнің ең сүйікті қызы болыппын. Сондықтан да әкесінің ерекше қызы деп мені қатты қадірлейтін. Ана – әр бала үшін ең қымбат адам. Анам мейірімді, ақкөңіл, өте еңбекқор жан еді. Қатты сағындым, бірақ бәрі арман боп қалды. Анам өз аузынан жырып бар тәтті-дәмдісін, жылы-жұмсағын балаларына, немерелеріне беріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай әлпештеп өсіріп жеткізді. Анам менің үш қызымды (немерелерін) оқытып, ұясына қондыруға көмектесті. Күйеу баласының жоқтығын білдірмей, ұлымды да ержеткенше қолғабыс жасап, жоғары оқу орнына оқуына да атсалысты. Жаным анашым! Кеттің ғой келмеске, жақсылығыңды, баққаныңды қайтіп ақтаймын? Мен үшін өмір сүрдің, мен түгіл немерелеріңді жан-тәніңмен уайымдап, қамқоршы болушы едің. Рақмет, Анашым!                                                               

Анамыздың абысын-ажындары арасында беделді, ағайынына абыройлы, келіндеріне сыйлы, туған-туыс, жекжат-жұраттарына құрметті болғанын ауыл азаматтарының әңгімесінен естігенде қатты қуанып қаламыз. Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа, орныңыз пейіш болсын, ұрпағыңызды рухыңыз жебеп-желеп жатсын, жан Анам!

 

Әбішева Жанат Рахымқызы 

(ортаншы қызы, ардагер ұстаз)

 

Сөзімнің соңында айтарым, Анамның көзінің тірісінде елге барып, қайтарда: «Осылай көз алдымызда жүре берші, Анашым!» деп, қақпа алдында ақ самай шашы желбіреп, қол бұлғап қалып баратын Анама Алладан амандық тілеп, көзге көрінбей кеткенше терезеден сығалап қош-қош десетін едік.

Енді міне, Анамызсыз ауылдан аттанатын болдық. Осы күндері көз жасымызды ешкімге көрсетпей, тұншыға отырып тас жолға шыққанымызға жыл болып барады. Жылдар жылжыған сайын Анам да бізден алыстап бара жатқандай ма..? Қанша алыстап кетсең де, жүрегіміздің түкпірінде рухың орын алып бірге жүрер, жан Анам! Жаның жәннатта шалқысын! Орның пейіш, артың кеніш болсын!

 

Жаз өтеді, тағы да күз келеді,

Жадымда ғой Анамның із-дерегі.

Қақпа алдында қол бұлғап талай тұрған

Бүгін міне елес болды сол күндері...

Рыскен ӘБІШЕВА, ардагер ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
21.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЛАР ЖАЛҒАСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 66
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 120
 ОТЫРАРЛЫҚ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРҒА ДУБАЙҒА ЖОЛДАМА ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 29
ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 69
ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 67
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 120
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 153
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 155
Жарқын жобаның жемісті жалғасы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 145
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 152
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 158
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 152

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11280
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10216
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13462
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12416
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 17424