Алпауыт елдердің аранына жұтылып кетпеу үшін... Сабыр керек
Әр Жолдауында елдегі өзекті проблемаларды қаузайтын, экономиканы саралайтын, әлеуметтік мәселелерді қамтитын Мемлекет басшысы бұл жолы да жүрісінен жаңылмады. Қасиетті жеріміз туралы алыпқашты әңгімеге нүкте қойды. «Жер – ауылшаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі. Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауылшаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Бұл мәселеге қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн. Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс. Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру мемлекеттің басты міндетінің бірі екенін баса айтты.
Көлік-логистика секторын дамытуға және келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосуға ерекше ынталы екенін аңғартты.
Қоғамдағы ең өзекті дүниелерді жолдауға арқау етіп қоймай, әлемдік саясатты да ой ұршығында шыр айналдырды. Геосаяси жағдай мәз емес. Ғаламды теңселткен экономикалық дағдарыстың дауылы Қазақстанды да «толқытқанын», сөйтіп «қорқытқанын» да астарлап жеткізді. Алпауыт елдердің аранына жұтылып кетпеу үшін, кейде тізгінді тартып, аңысын аңдап, сабыр түбі сары алтын екенін естен бір сәт шығаруға болмайтынын да әріден қозғап өтті.
Әсіресе Президенттің қазақ қоғамындағы несие «қамытына» жегілген азаматтардың көптігіне, олардың бірнеше несиеге «байланып» отырғанынан хабар екеніне көзіміз жетті. «Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады. Сондықтан осы бағытта арнайы заңдар қабылданды» деп арнайы тоқталуы тегін емес. Демек, Президент халықтың тұрмыс деңгейін де, айлықтарының шайлықтарына жетпей отырғанын да біліп отыр...
«Өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданды. Оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Сондай-ақ ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді.
Әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатаңдады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды» деп атап өтті Президент.
Орта тап қалыптаспай, экономика қарқын алмайды
Ел үшін жасалып жатқан игі істерді де жіліктеп берді. Әсіресе ел дамуы жолындағы күрестің нәтижесіне ерекше тоқталды. «Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр. Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа.
Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек. Сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз. Ол үшін кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет» деп бір тоқтады.
Расында да, орта тап қалыптаспай, экономиканың қарқын алуы қиын. Қай қоғамда да орта тап – ел табысын арттырушы күш. Оны қолдау Үкіметке сын!
Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқаны ащы да болса шындық. Керек десеңіз, шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отырғаны да рас.
Жасыратын несі бар, біздегі банктердің қожайындары – бай-манаптар мен бұрынғы жүйенің «өнімдері». Олардың халыққа беріп отырған пайыздық мөлшерлемесінің өзі ақылға сыйымсыз. Ол банктер «жер таянып» қалғанда мемлекет «донор болып» халықтың қаржысын құйып «аяғынан тұрғызып» алғаны да ел есінде. Біздегі банктер экономикаға көбірек қаржы құюға құлықсыз. Оларға берген несиесінің қайтарымы тез халықты сорған әлдеқайда тиімді.
Мемлекет басшысының Жолдаудағы мына сөзіне бей-жай қарауға болмайды.
«Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным. Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды. Бізге банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды». Өте орынды көтерілген мәселе. Түйінді өткір ой!
Банктердің «еркелігін» халық ЕНДІ көтермейді
Осы орайда белгілі журналист Арнұр Асқар ФБ парақшасына мынадай жазба қалдырды. Жазба сараптамалық көзқарасымен құнды. Көптің көкейіндегі ойды шертуімен мұңды! «Жалпы, экономика тақырыбы өте қызық. Спорт, шоу-бизнес, хайп тақырыптар тамақ болмайды ғой, бірақ ел соның айналасынан шықпайтыны жаман. Біртіндеп келетін шығар.
2008 жылы басталған жаһандық кризис кезінде банктерді «құтқаруға» жүздеген миллиард мемлекет қаржысы бөлінді. Проблемалық несиелерін, ипотекалық кредиттерін сатып алу үшін мемлекеттік қор да құрылды. Бірақ біздің коммерциялық банктер дағдарысқа дейін де, дағдарыстан кейін де елдің экономикасына қаржы құюға құштар болған емес. Әйтпесе, халықтың көп бөлігі жұмыс істейтін агросектор, шағын және орта бизнес несиеге мұқтаж.
ШОБ деген дені дұрыс елдерде экономиканың драйвері саналады, кей елдерде ІЖӨ-нің 50 пайызына дейін соның үлесінде.
Бүгін Президент Тоқаевтың банк туралы заң қажет дегені, банктердің экономикаға қаржы құюына жағдай жасау керек дегені осыған байланысты. Яғни, осы нарықта жұмыс істейтін банктерді экономикаға қаржы салуға иіп әкелу керек. Сол үшін де әбден пісіп-жетілген мәселені қолға алды Тоқаев.
Екіншісі, ШОБ-ты қолдайтын салық жеңілдіктері туралы. Өзім бұрын осы тақырыпта материал дайындағанда экономистер біраз елдің тәжірибесін мысалға келтірді. Айталық, АҚШ-та «алғашқы жыл бонусы» деген бар екен. Кәсіпті енді бастаған кәсіпкер 1 жыл бойы салықтың 50 пайызынан босатылады. Бұл тәжірибе басқа мемлекеттерге де үлгі болыпты. АҚШ-та 20 адамға дейін жұмыс істейтін кішігірім бизнесмендер 7 миллионнан асатынын ескерсек, тиімді тәсіл болған сияқты.
Бізде керісінше аяққа оралғы салық нормалары көп. Аз-мұз тиын-тебен уақытылы төленбегені үшін есепшоты бұғатталған таныстар туралы өзіміз де естіп жүрміз. Президент Тоқаев бүгін осы проблемаға әдейі тоқталғанын Үкімет естіп отыр, ескеретін шығар деп үміттенеміз» дейді журналист. Иә, қолдауға тұрарлық пікір.
Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді. Бұл жайлы да Президент айтып өтті. «Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды. Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн. Бөлшек салықтың енгізілуін мысал ретінде айтуға болады. Осы нормаға сенім артқан кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты. Алайда бұл режим негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болуға тиіс!» – деді.
Ел ішінде әңгіме көп. Соның бірі балағынан «ақша саулаған» байлардың шетке кеткен қаржысына барып тіреледі. Ол ақша қашан қайтады? Кім қайтарады? Президент бұл сыпсың сөздерге де тігісін жатқызып жауап берді. «Былтыр бизнес өкілдерімен өткен кездесуде бұл мәселе бойынша мен нақты ұстанымды айттым. Біз кәсіп иелерімен өзара келісімге келдік, яғни «капиталды заңдастыру» үшін міндетті түрде Қазақстан экономикасына қаржы салу қажет болады. Ең бастысы, салынған қаржы ел игілігіне жарауы керек. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан бекітіп алу қажет. Тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы бекітуге болады. Бұл – шын мәнінде, ірі кәсіп иелерінің мүддесіне сай келетін маңызды қадам. Бірақ, кәсіпкерлер де қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен және Бас Прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз. Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал, одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады» деп, «жұдырығын» да көрсетіп қойды. Бәлкім бұл сөз ұқпастарға соңғы ескерту болар...
Ел арасында көптен сөз болып, біреулер қарсы болып, біреулер жанын сала қолдап жүрген, Атом электр стансасын салу мәселесі де Жолдауда айтылды. Стансаны салу, салмау жайлы жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Президент Жарлыққа қол қойды.
«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз», – деді Мемлекет басшысы сеніммен.
Биыл жекеменшік мектептерге 134 миллиард теңге бөлінген
Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады. Бұл туралы Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауында айтылды. Алдағы уақытта білім саласына қатысты біраз жаңалық болғалы тұр.
Біріншіден, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Екіншіден, Президент Үкіметке жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруды тапсырды. Сонымен бірге, еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізілетінін айтыпты. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керегін ескертті.
Үшіншіден, мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді. Ата-аналар мемлекеттің жекеменшік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады.
Төртінші, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал. Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек екенін айтты.
Бесінші, баланы мектепке дайындау мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек. Осылайша, біз білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетілмек.
Басты құндылығымыз – бірлік пен келісім
Білім саласы қашанда өзекті тақырып қой. Сондықтан бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде көтерілуі және талқылануы орынды. Президент атаған жайттар оң шешім тауып, білім саласы дами түседі деп сенеміз.
Президенттің тағы бір қадап айтқан нәрсесі мынау. «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.
Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды. Дегенмен қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан, Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын» деді.
Әкімдер сайлауы жайлы және мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру жағы да көзден таса қалмады. Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы айрықша маңызды міндет екені де нақтыланды.
Мемлекет басшысының түйінді сөзі мынаған сайды. Жылда сөз болатын, дүркін-дүркін тілге тиек етілетін Мемлекеттік тіл мәселесі бұл Жолдауда айтылмады. Бәлкім оны сөз етуді жөн көрмеді. «Ханда қырық адамның ақылы болады» деуші еді, кім білсін, Президенттің де бір ойлағаны бар шығар. «Қазақ тілі – әр қазақтың жеке шаруасы. Жер мен ел керек болса, білуге міндеттісің. Неге оны көптің талқысына салуым керек» деген емеурін болуы да мүмкін ғой...
Есесіне Президент «Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен. Халқымыз осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі.
Ылғи да кейін қайырылып, өткенмен өмір сүруге, бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды. Өз халқыңның тарихын білу керек, бірақ одан тек еңсеңді түсіріп, өзгеге өкпе артуға себеп іздемеу қажет. Қандай қасіретті болса да, өткен оқиғалардан, ең алдымен, тағылым ала білген жөн. Біз келешекке сеніммен көз тігіп, еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуын ойлауымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін. Тағы да қайталап айтамын: біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет. Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті», – деді ағынан жарылып.
Жолдау көптің қолдауына ие болары сөзсіз. Себебі ұлт мүддесі мен халықтың қамы Жолдауға нәр беріп тұр. Тек Жолдаулардың орындалу барысы туралы ел ішінде қарама-қайшы пікірлер көп. Қалай десек те, берілген уәде мен айтылған сөздің нәтижесін халық беретінін естен шығармасақ екен!