28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні

28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні

 

Әлібек ӘБДІРАШ,

ақпарат саласының ардагері:

 

«Журналист – жәй саясаткер емес, сұңғыла саясаткер»

 

Республикалық «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде жемісті еңбек еткен Жезқазғандық журналист, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ұлттық «Алтын Гефест», республикалық «Алтын қалам» және Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» жүлдесінің иегері Әлібек ӘБДІРАШҚА кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді.

 

 

 

– Мереке құтты болсын, Әл-аға!

– Көп жаса! Бірге болсын!

– «Арқалағаны алтын болса да, жегені жантақ» журналист мамандығына қалай келдіңіз?

Ел аузында «төртінші билік» аталып кеткен саланың жауынгері – журналистің адамзатқа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқанына бесінші ғасырға аяқ басыпты. Жазуды ерте бастағаныммен, кәсіби журналистикаға жету жолым қиындау болды. Кеңестік кезеңде «даңғайыр шопан» атанып, бүгінде білдей фермер болып отыруым әбден мүмкін еді.

– Сонда қалай?

– «Өмір» атты дарияның асау айдынына тәуекелдің желкенін жайған кез келген жастың келешек тағдыры көп жағдайда төңірегіне тәуелді. Жасағанның жазмышы жер басып жүрген пенденің қолымен жасалады, қоғамдағы қалыптасқан саясатпен сабақтасып жатады. Мен мектеп бітірген жылы Семей облысындағы шұбартаулық жастардың «Қой шаруашылығына – комсомолдық қамқорлық!» деген бастамасы бабына келген кезі еді. Компартия оны «екпінді майдан» деп жариялаған.  Мектеп түлектері қой бағуға жаппай жөнкілген.

Жылда мамырда есеп беру-сайлау жиналысы өтіп, жаңадан мектеп комсомол комитеті мен хатшысы сайланады. Комитет мүшелігіне міндетті түрде бір жас мұғалім енгізіледі. Ол мектеп басшылығының «көзі» мен «құлағы», комитеттің қалған мүшесінің ақылшысы, бағыт-бағдар берушісі. Ал, хатшылыққа 9-класты бітіретін бала сайланатын. 1973 жылы сол дәстүр бұзылды. Хатшылық мансапқа 8-класты бітірген мен сайландым. Мұндай бетбұрысты тәртібім «томпақтау» болғанмен, белсенділігім мен үздік оқуымды ескерген шығар деп топшыладым. Комитет мүшелігіне класс жетекшіміз Гүлбаршын апай енгізілді.

Келесі жылы мектеп бітірген екі қыздың орны жаңасымен толықтырылып, комитеттің қалған құрамы «бір ауыздан» қайта сайландық. Мектеп бітіретін жылы есеп беру-сайлау жиналысы мамырда өтетін болды. «Оған аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы мен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қатысатын көрінеді» деген әңгіме тарады. Жиналысқа жақын қалғанда Гүлбаршын апай: «Баяндамаңды көрейін, қонақтардың алдында ұятқа қалып жүрмейік» деді. Екі нұсқасын дайындап қойғам. Қарап шыққан ол: «Жобаң дұрыс! Оқығанда асығып-аптықпа» деді.

Ал, мен жиналыста ұзын-ырғасы «қой бағу қазақтың ғана маңдайына жазылған ба?» деген түйінге келіп тірелетін басқа нұсқасын оқыдым. Турасын айтсам, толық оқуға мүмкіндік бермеді. Жартысына жетер-жетпесте «Тоқтат!» деді аупарткомның салалық хатшысы. Жиналыс жайына қалды. Одан арғысы айтпасам да, түнінікті шығар?! Оңашада ортаға алып, әкемді танытты. Ауданнан келген хатшы «халық жауысың» дегенді ашық айтпаса да, астарлап аңғартты. «Көрген күніңді көп қыламын» дегенді сесімен сездірді.

Солай болды да. Аудандық «Октябрь туы» газетінде жүргенімде айға жетпей айдап шықты. Жездіден жер жетпегесін, облыс орталығына тарттым. Жезқазғанда да мені ешкім күтіп отырған жоқ екен. Жарты жылдан астам уақыттан кейін барып облыстық радионың тілшілік қызметіне қолым әрең жетті.

– Қолыңызға алғаш қалам алғызған, көңіліңізді алаңдатқан қандай мәселе еді?

– Мен компьютер қолданғанша жарияланған мақалаларымның тігіндісін жасағанмын. Бүгін архивімді ақтардым. 5-класты бітіретін жылы көктемде Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде жарияланған «Монша туралы» деген сын мақаламды:«Тұрмыста моншаның қаншалықты қажет екені баршаға мәлім. Бірақ, осыны «Байқоңыр» совхозы басшылары ескере бермейді. Совхоз орталығындағы жалғыз моншаның жұмысы қалыпты жағдайға көшпей-ақ қойды» деп бастап, «Оған жауапты адамдардан қатаң талап сұралғаны жөн» деп көсіліппін.

Ал, 7-класқа барған жылы күзде жазылған «Олқылық бар» деген мақалада әкем мал дәрігері болып істейтін №3 фермадағы қысқа дайындықтың нашарлығын, күйек алу науқанындағы кемшілікті, ауызсу мәселесі шешілмей отырғанын, «Ильич» шамы дұрыс жанбайтынын сын садағына алып, «Бұл фактілер мүмкіндіктің жоқтығынан орын алып отырған жайлар емес. Шаруашылық басшыларының оралымсыздығынан, барды ұқсата алмауынан болып отыр» деп, «көсемсіппін».

Ол кезде маған бұлай жүйелеп жазу қайда?! Газеттегі Ишанбек Жауыртаев, Әбсаттар Жәнібеков, Жанболат Мұқанов, Советбек Бөлегенов сияқты ағалардың арқасында ел қатарына қосылып кеттік. Негізі мені мақала жазуға баулыған алғашқы ұстазым – №4 Байқоңыр орта мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлиахман Стамқұлов.

Ізтай, менің жауабым «Бір сом беріп айтқызып, бес сом беріп тоқтата алмаптының» керін келтіріп, тым жайылып бара жатқан жоқ па?

– Әл-аға, бәрі дұрыс! Сұхбаттың соңына қарай қойғалы отырған бір сұрақ бар еді, соның орайы келіп қалды. Журналистикада кімді ұстаз тұтасыз, шәкіртіңіз бар ма?

– Өз басым: «Анау – менің шәкіртім!» деп, елге танылған азаматқа «ен тағып» жататындарды түсінбеймін. Сол «шәкірті» өзін «ұстаз» санай ма, санамай ма, шаруасы жоқ. Сабақ беру немесе қызметтес болу жеткіліксіз. «Ұстаз» – одан әлдеқайда ауқымды ұғым. Өзім Сұлтан Әли, Сәбит Байдалы, Бағдат Мекей, Сапабек Мырзатов, Намазалы Омаш, Қуаныш Жиенбай, Ержұман Смайыл, Шерхан Мұртаза, Нұрмахан Оразбековті ұстаз санаймын. Оларға Ишанбек Жауыртаев, Ұзақбай Төлеуов, Сабыр Сауытбаев, Нұрлан Оразалин сияқты қамқоршы ағамды қос. От пен суға ұрынбай осы күнге аман жеткенім – алдымен Алланың, сосын сол аға шоғырдың арқасы. Бүгінде оның біразы бақилық болған, иманы саламат, шыққан жері жұмақтың төрі болсын!

Сауалыңның екінші бөлігіне келсем, жауабым: «Кім мені ұстаз санаса, сол – менің шәкіртім!». Құдайға шүкір, олай ойлайтын жас әріптес те, өкшемді басып келе жатқан сақа журналист те бар! Бұдан үш жылдай бұрын мені Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне бас редактордың орынбасары қызметіне шақырды. «Жарты жылдан кейін зейнеткерлікке шығатынымды білесіңдер ме?» деп сұрадым. «Әрине!» деді. Ұжыммен таныстыру кезінде бас редактор Ерсін Мұсабек: «Әл-ағаңды мен ұстаз санаймын» дегенде таң қалдым. Күтпеген жағдай еді. Мен өзімді екінің біріне бұйыра бермейтін мықты журналистік мектептен өттім деп ойлаймын.

– Журналисті жеке мүддесіне пайдаланғысы келетіндер кездеседі. Сіз көбіне сыни тұрғыдағы тақырыпқа қалам тартасыз. Қандай «заказ» орындауға тура келді? Әлде...

– Ондай да болған. «Қанша сұрайсың?» деген, қасқа да кездескен. Алайда, ақшаға алданып, адамшылықтан аттап, біреудің мүддесі үшін басқаның обалына қалған жоқпын. Бәлкім, адами құндылықтың бағасын білетін біздің буынның тәрбиесі солай болған шығар?! Бәрі бірдей ақшамен өлшенбейді ғой?..

Әңгіме орайында мынаған назар аударғым келеді. Қоғамдағы жауапкершілігін сезінбеген адамның қолына қалам ұстауы – қылмыспен тең. Журналист жауапкершілігін сезіну үшін қаламның киесінен қорқу керек. Бізді солай тәрбиеледі. Қазір қаламның киесінен қорықпайтын тобыр қара көрсете бастады. «Журналист этикасының кодексін» оқымақ түгіл, қолына қалам ұстап көрмеген сол көргенсіз тобыр ақпарат кеңістігін жайлай бастады. Бұл – өте қауіпті!

– Сынағанды ешкім ұнатпайды. Билік, қалталы тарапынан «Осы тыныш жүрсін!» деп, біреу-міреудің «пара» ұсынбауы мүмкін емес... Сондайда «ет қызуымен» қаламның «қамшысын» қатты сілтеп жіберген кез кездесті ме?

– Бұл сауалға жаңа ішінара жауап бердім. Енді, бірер мысалмен «тұздықтайын». Біреудің «жеке мүддесі» үшін қаламды қор қылған емеспін. «Ортақ мүдде» деген ұғым бар. Бірде сондай «ортақ мүдде» үшін жарты жыл сын жазбаған кезім болды. Себебі, сын садағына алсам, халыққа ортақ бір үлкен шаруаға кесірім тиіп, қомақты қаржы бөлінбей қалу қаупі туды. Сондықтан, сабыр сақтауға тура келді.

Шындығында, сынағанды ұнатқан адамды әлі көрген жоқпын. Таяуда бір таныс адвокат мынандай әңгіме айтты. Бір іргелі мекеменің басшысы «Әлібекті сотқа беріп, сорын қайнатып, әкесін танытыңдар!» деп, заңгерін әлгі адвокатқа жұмсапты. Тыңдап отырса, тарпа бас салатын бір «ілік» жоқ. Сосын: «Сау басқа сақина тілеп қайтесің!» деп, кері қайтарыпты.

Тағы бір мысал. Бірде жүзі сұп-сұр, оқ жыландай қайқаңдаған бір келіншек келді. «Фирманың абыройын айрандай төктің, сотқа береміз!» деп, тепсінеді. «Отырыңыз, сосын сабаңызға түсіңіз! Мені менсінбесеңіз де, қарашаңыраққа қараңыз!» дедім. Жайланып отырғасын: «Жақсы, сотқа беріңіз! Өркениетті қоғамда солай. Бірақ, мен сотқа шақырту алысымен екі қаладан жазғанымның дұрыстығын қолдайтын жүздеген адамның қолын жинап, судьяның алдына тастаймын. Бұған қалай қарайсыз?» дедім. Сол кеткеннен қарасын батырды.

–  Жазғыңыз келгенмен, жаза алмаған жәйт кездесті ме?

– Кеңестік кезең еді. Онда облыстық «Жезқазған туы» газетінде істеймін. Редактор бір мекеменің қызметі облыстық партия комитетінің бюросында қаралғалы жатқанын, соған сәйкес өткір сын мақала жазуды тапсырды. Іске кірісіп кеттім. Бастығы іс-сапарда екен. Керекті деректі жинап, енді жазғалы жатқанда әлгі мекеменің бастығы келді. Әйелі біздің ауылдың қызы көрінеді. «Жазба!» деген жоқ. «Сотта да жақынына куәгерлік жүрмейді ғой» деп, жезделік базынасын білдірді. Бас тарттым. Бастық түсінді.

– Кім жазғаны есімде қалмапты, біреу: «Журналист саясаткер болуы керек» дегенін, көзім шалып қалды...

– Кім болса да, дұрыс айтқан. Журналист – жәй саясаткер емес, сұңғыла саясаткер! Бірақ, қандай да бір партияның қатарында болып, соның сойылын соғуға міндетті емес. Журналистің партиясы – көзқарасы қабысқан белгілі бір топ емес, қалың бұқара, қарапайым халық.

– Газеттер бәсекелестік ортаға берілді. Бұл қадам журналистиканың сапасын арттыруға және тақырып ауқымын кеңейтуге мүмкіндік бере алды ма?

– Өте маңызды мәселені көтеріп отырсың. Былтыр желтоқсанда бір журналист інішек хабарласты. «Құрылтайшы қаладағы әйелін, ұлы мен келінін редакцияға тіркеп қойған. Жазатын екі журналист. Азғантай жалақыны алмағанымызға үшінші айға айналып барады. Қандай көмегіңіз бар?» дейді. «Өкінішке орай, ешқандай көмегім жоқ. Ол – жекеменшік мекеме, әкімнің әмірі жүрмейді» дедім. Журналист жетіспейді, жалақы жарытымсыз. Ешкімнің көңіліне келмесін, әр редакция өз күнін өзі әрең көріп отырғанда, қандай бәсекелестік орта болуы мүмкін?

– Әл-аға, аймақтың ғана емес, тұтас елдің ақпарат саласына сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз. Қазір де қарап отырған жоқсыз. Қолға алған жұмысыңыз, жобаңыз жайлы айта отырсаңыз...

– «Қарақыпшақ Қобыланды» деген дүниені қолға алғаныма көп бола қойған жоқ. Аңызға айналған адамның өзімнің көңіл төріндегі бейнесін жарыққа алып шықсам деймін. Осыны аяқтауға ғұмырым жетсе, «анау» жаққа армансыз аттанар едім.

«Мен де адаммын жаралған сүйек-еттен» деп, Бауыржан Момышұлы айтпақшы, Ә.Әбдіраштың кәдуілгі адами өмірі қандай? Ол неге сүйінеді, неге күйінеді? Қателескен, шалыс басқан кезі болды ма?

– «Адамның бәрі – бірдей!» деген – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Алайда, қоғамда, тіпті туған-туыс арасында алатын әркімнің өз орны бар. Міне, сол орнын білген адам мені сүйсіндіреді. Ал, енді, «әлін білмей – әлек» болып жүргенге қатты күйінемін. Алғашқысы, адами қасиетімен сүйкімді, кейінгісі – керсінше!

Қателескенде қандай! Одан әлі құралақан емеспін. Шалыс басқан кезім де көп. Ең бастысы, кез келген кемшіліктен уақытылы қортынды шығарып отыру керек. Сонда бәрі орын-орнына келеді. Жалпы, мен – өткенге өкінбейтін адаммын.

– Бүкпесіз ақтарылған шынайы сұхбатыңызға рахмет!

 

Ізтай Белгібайұлы.
28.06.2023

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 102
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 99
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 93
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 82
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 979
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1018
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 993

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5983
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5426
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8610
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6417
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7625