Самат Өтениязовтың Абылай хан туралы мақаласы соңғы бір жарым жыл ішінде бір-екі басылымдарда жарық көріп отыр, соңғы рет 2022 жылы 23 маусымда «Qazaqstan dauiri» газетінде шығыпты. Төменде сол мақаланың кейбір тұжырымдарына өз жауабымызды беріп отырмыз. Бірақ алдымен талданып отырған мақаланың жанрын түсіну мақсатында әдіснамалық шегініс жасағанымыз жөн.
Көптеген әлеуметтік ғылым зерттеушілері тарихты «мамандық ретіндегі тарих» және «идеология ретіндегі тарих» деп, екі деңгейге бөледі.
Бірінші деңгейде талқылау эмоциясыз мейлінше ұтымды түрде жүреді. Бұндай зерттеулердің мақсаты жаңа ғылыми мәліметтер негізінде жаңа ғылыми білім қалыптастыру болып табылады. Бұл деңгейде көпшілікке көп таныс емес тарихшылар еңбек етеді.
Екінші деңгейде талқылау бояуы барынша қанық эмоциялармен (оң немесе теріс эмоциялар) әрленіп отырады. Бұндай талқылаулардың мақсаты – жаңадан «халық аңыздарын» немесе «мемлекеттік мифтерді» (өткен күннің шырғалаң шындығы туралы қарабайыр әрі дөрекі пікірлер) ойлап табу.
Қазақстанда кейбір тарихшылар «тарихи шындыққа» деген жанашырлықты бүркеніп, тарихи ақиқаттан алшақ жаңа аңыз-әпсаналарды ойлап табуға құштар.
Абылай ханның төменде талқыланатын «қылмыстары» туралы жазылған мақала осы санатқа жатады.
Талқыланып отырған мақаланың авторы балаларға арналған «Атилла» атты кітаптың авторы, сонымен қатар оның Шоқан Уәлиханов, Әбілқайыр хан және басқа тарихи тұлғалардың өмірі туралы монографиялары мен мақалалары бар. Сондай-ақ, ол испан тілінен қазақ тіліне аударылған көркем шығармалардың аудармашы авторы.
Ақсақал жасында қарамастан, Самат Өтениязов өзінің көзқарасына сай «аңыздармен» күресте пассионарлық танытады.
Абылай ханның тұлғалық бейнесінде аңыздық көріністері бар екендігі туралы тұжырыммен әбден келісуге болады. Бұл – кез келген қоғамда сөзсіз кездесетін құбылыс. Александр Невский, Әмір Темір, Исмаил Самани, Ярослав Мудрый және көптеген тарихи тұлғалар туралы Ресейдің, Өзбекстанның, Тәжікстанның және Украинаның ұлттық тарихи қағидаларында ойдан шығарылғандары жетерлік.
Кәсіби тарихшылардың Абылай ханның өмірбаянын оның көркем бейнесі мен эмоциялық реңктерден тыс талдауы тиіс екені сөзсіз. Алайда талданып отырған мақала бұндай тәсілден ада. Ол – ол ма, мақалада не пайдаланылған әдебиеттер тізімі, не сілтемелер жоқ. Мазмұны мен құрылымына қарағанда, бұл мақала ғылыми зерттеуден гөрі эссеге қатты ұқсайды.
Біз де өз жауабымызда эссе форматын пайдаланып, талқыланып отырған мақаланың да, тұтастай пікірталастың да кәсіби тарихи ұсақ-түйектілікке қатысы жоқ екенін көрсеткіміз келеді.
Мақала авторы «аңыздармен» күресе отырып, өзінше бөлек аңыз ойлап шығаруға тырысқан, алайда ол да тарих пәні бойынша жазылған мектеп оқулықтарында Абылай ханның канондық бейнесі сияқты ақиқаттан әлдеқайда алшақ жатыр.
Төменде мақала авторының Абылай хан туралы тұжырымдарын талдайық:
1.1. Автордың пікірінше, Абылай хан қолбасшы болған емес, өйткені оның әскері де болмаған. Әскерді билер мен рубасылар жинап беріп отырған, бірақ Абылайдың олармен достық қарым-қатынаста болғаны туралы ауызша не жазбаша ешқандай дерек жоқ, демек олар ханға ешқандай әскер бермеген. Автордың пікірінше, Абылай тек Ресей империясының қолдауына ғана ие болған.
1.2. Бұнда біз саналы айлакерлікті көріп отырмыз. Автор өз тұжырымының дәлелі ретінде ешқандай уәж келтірмейді, дереккөздерге, тарихи немесе монографиялық зерттеулерге бірде-бір сілтеме бермейді. Оның тұжырымы ойдан құрылған әрі дәлелсіз.
2.1. Автордың айтуынша, Абылай ханға Орта жүздің арғыны мен қыпшағының біреуі де бағынбаған. Тіпті хан Орынбордың губернаторы И. А. Рейнсдорпқа «қазақ елін шетелдік жаулардан қорғау» өтінішімен емес, керісінше «оны хан ретінде мойындамайтын қазақты қорқыту» үшін көмек сұраған.
2.2. Егер мәтіннен келтірілген осы жолдарға қарасақ, онда бұл мәселеге бойламайтын оқырмандар үшін залым Абылай хан қарсы болып жүрген «қазақ жерін жаудан қорғауға» Орынбордың бекзат губернаторы И. А. Рейнсдорп сол заманда барынша күш салғандай пікір қалыптасуы әбден мүмкін. Бұның қияли дақпырт екені сөзсіз әрі ол мәтіннен үзіп алынған сөздермен оңай айла жасауға болатынын айқын көрсетеді.
3.1. Бұдан әрі автор «Абылай туралы аңызды» Ресей империясының шығарғаны туралы жазады. Дегенмен оған ешқандай дәлел келтірмейді, автор Абылайдың Ресей империясының қолдауында болғаны ежелден белгілі екендігін жазады.
3.2. Бұл жерде автордың Абылай хан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас, сондай-ақ басқа да билік басындағылармен өзара қатынасы туралы тіпті жақ ашпағанын атап өту қажет. Шамасы бұл фактілер автордың Абылай ханды ешбір қазақ қолдамағанын және ханның Ресей империясының айтағына ерген «шынжырлы төбеті» болғанын көрсететін қияли туындысына сыймаған сияқты.
4.1. Бұдан әрі автор 1825 жылы Ресей үкіметінің тарихшы А.И.Левшинге (1797-1879) ұлы міндет жүктегенін жазады. Автордың пікірінше, бұл міндет 250 жыл бойы Ресейге қарсы тұрып, азаттық үшін күрескен Кіші жүздің өз еркімен Ресейге қосылғанын көрсету болған. Сонымен бірге автор Ресейдің басты мақсаты Кіші жүздің Ресейге қарсы күресін 48 жыл бойы басқарып келген батыр әрі қолбасшы Әбілқайыр ханды кейіннен өз халқының тізесін бүктірген сатқын ретінде көрсету болған деп жазады.
4.2. Мақала авторының математикаға деген керемет қабілетін атап өткен жөн. Кіші жүздің 250 жылдық күресі мен Әбілқайыр ханның 48 жыл бойғы басшылығы – дәлелсіз берілген құр сандар. Егер Кіші жүздің күресі 1825 жылға дейінгі 250 жыл бұрын басталды деп есептесек, онда бұл күрес 1575 жылы «басталған» болып шығады. Осылайша, автор өтірік дерек беріп отыр немесе «Кіші жүздің Ресей империясына қарсы 250 жылдық күресінің басталуы» туралы бүгінгі күнге дейін жарияланбаған дереккөзді тапқан. Ең дұрысы – бірінші нұсқа деп білеміз. Әбілқайыр ханға қатысты автор оның шамамен 1700 жылы Кіші жүзді бастап Ресейге қарсы шыққаны туралы жазады. Әбілқайыр хан туралы монографиялық және басқа зерттеулерді қарасақ, автордың оқырманға жеткізгісі келген жай ғана «Ресейге қарсы күрестен» гөрі, ханның күрделі әрі шиеленісті саяси өмірді басынан кешіргеніне көз жеткізуге болады. Сол себепті мақаладағы бұл жылдар негізсіз әрі «250 жылдық күрес, 48 жылдық күрес» деген анықтамалар біз білетін сонау шырғалаңы мол тарихи ақиқатты сипаттауға ешқандай лайық емес.
5.1. Әрі қарай автордың айтуынша, «Ресейге адал қызмет еткен Абылайды мақтап дәріптеп, келешекте қазақ халқының батырына айналдырған» кітап 1832 жылы Петербургте шыққан. Автор бұл әрекеттің Абылай ханды мақтап дәріптеу саясатының бірінші кезеңі болған деп толықтырады.
5.2. Бұл жерде, әрине, автор өзінің тұжырымдарын дәлелдеуі керек еді, 1825-32 жылдары Ресей үшін «Абылай ханды мақтап дәріптеудің» қандай саяси пайдасы болғаны мүлдем түсініксіз. Бір жағынан, Ресей ол кезде Орта жүздегі хандық билікті жойып, хан тағын қалпына келтіргісі келген Абылай ханның барлық тұқымына қарсы күрес жүргізгенін түсінген жөн. Абылай ханның хандық билігін дәріптеудің дәл сол кезде ешқандай мәні жоқ еді. Екінші жағынан, А.И.Левшиннің еңбегі қазақтарға ешқандай әсер еткен жоқ. Ол орыс тілінде жазылғандықтан, қалың қазақ арасына таралған да жоқ, тіпті оның тиражы да аз болды. 1832 жылы орыс тілін еркін білетін және А.И.Левшиннің еңбегін оқи алатын қазақтардың саны мүлдем аз болды. Автор бұл жерде ХІХ ғасырдың алғашқы отыз жылындағы ғылыми коммуникация жүйелері мен заманауи жүйе арасындағы айырмашылықты түсінбейтін сияқты. Сонымен бірге А.И.Левшинге берілген саяси тапсырыс пен оның қазақ тарихын «бұрмалауға» ұмтылысы туралы автор тұжырымдарын дәлелдеу үшін үлкен монографиялық зерттеу жүргізу керек екенін атап өткен жөн. Бұл жерде біз тек негізсіз жала жабу фактілерін көріп отырмыз.
Сонымен қатар автордың Абылай ханның рөлін мадақтап дәріптеу бойынша «Орталықтың» 1825 жылдан 1980 жылға дейінгі көп кезеңді стратегиясы туралы тұжырымдарына да дәлелдер келтіру қажет. Әзірге біздің көріп отырғанымыз – үйреншікті ғылыми дәлелсіз жала жабу.
6.1. Автордың пікірінше, 1860 жылы Ресей басшылары екінші ауқымды әрекетті, яғни «қазаққа Абылайды көсемі етіп көрсетудің екінші кезеңін» бастады. Автор А.И.Левшиннің тапсырыс бойынша жазған «Абылай хан» атты мақаласын Ресейдің іргелі басылымы, алғашқы Ресей энциклопедиясына (1861 ж.) басып шығарған. Сосын А.И.Левшиннің авторлығын жойып, оның орнына автор ретінде Ш.Уәлихановты қояды. «Ресей империясының абстрактілі саяси басшылығы» сол кездің өзінде-ақ Абылай ханның 26 жастағы шөбересінің Қазақстанның тарих ғылымының классигі болатынын ұққан сияқты. Бұл жерде «белгісіз жоғарғы шенділер» тарапынан жоғарғы деңгейде көріпкелдік жасалғанына таңданбасқа амал жоқ. «Левшин-Уәлиханов мақаласы» туралы айта келе, автор «Империяның саясаты керемет... Бір мақаламен бүкіл қазақтың тарихын да, саяси санасын да 180 градусқа кері қарай бұрып қойған» деп жазады.
6.2. Біз бұл жерде де жала жабу фактісін көріп отырмыз. Жалған авторлық туралы ешқандай дәлел жоқ. Ешбір архив құжаты да, тіпті оған ишара да жоқ. А.И.Левшин мен Ш. Уәлихановты «білдіртпей» айласына түсірген «бірінші» және «екінші» кезеңнің авторының кім екені де айтылмайды. Бұл жерде автордың қиялының жүйріктігін тағы да көреміз. Сонымен бірге Ш. Уәлихановтың шығармашылығын зерттеушілердің біреуі де оның Абылай хан туралы мақаласына авторлығы туралы еш шүбә келтірмейді. «Ресей империясының керемет саясатын» көрсететін мақала туралы автордың жалақорлық әрекеттері негізсіз.
7.1. Бұдан әрі автор Кіші жүздің Ақтабан шұбырындыға ұшырамағанын және Кіші жүздің Хиуа мен Бұқараға қашпағанын, сонымен бірге орыс және қалмақ әскерлері Батыстан бастап шабуыл жасап, Әбілқайыр ханның қолына тап болғаны туралы жазады. Бұдан әрі ол И. Унковскийдің жоңғарларды «орыс қаруын» пайдалануды үйретіп, содан кейін жоңғарлардың қыста қазақтарға қарсы шауып, Петр І-нің жоспарын орындағанын және Түркістанға дейінгі аумақты жайлағанын айтады. Содан кейін Әбілқайыр хан орыстар мен қалмақтарды ойсырата жеңіп, Қазақстанның оңтүстігін жоңғарлардан тазартқан.
7.2. Орыс әскерлерінің 1723 жылы Әбілқайыр ханмен соғысып, И. Унковскийдің жоңғарларды орыс қаруымен қазақтарға қарсы соғысуға үйретуі туралы ой-пікір психологиялық тұрғыдан өте қызық. Бұл жерде автор ешқандай дереккөз келтірмеген. Тағы да автордың қиялына куә болып отырмыз.
8.1. Бұдан әрі автор Абылай ханды дәріптеудің үшінші кезеңі туралы жазады. Бұл Шоқан Уәлихановтың 1904 жылы шыққан бір томдық шығармалар жинағына қатысты. Автор Абылай туралы мақала «аса беделді қазақ зиялыларының алдында» Шоқан Уәлихановтың беделін мықтап түсірді дейді.
8.2. Бұл жерде де біз Шоқан Уәлихановтың беделден айырылуы туралы құр сөзді көріп отырмыз. Автор Абылай хан туралы кез келген материалдың астарынан Ресейдің «қолтаңбасын» көреді.
9.1. Автордың пікірінше, 1946 жылы Абылай ханды дәріптеудің төртінші кезеңі басталады. Оның кеш басталу себебі, автордың ойынша, екі дүниежүзілік соғыс және революция, олар Ресей идеологтарының қазақ саясатына көңіл бөлуіне кедергі болды. Алдымен Х.Г.Айдарованың 196 беттік «Чокан Валиханов» атты кітабы шықты. Содан кейін 1947 жылы Алматыда Шоқан Уәлихановтың авторлығымен 160 беттік «Статьи и переписка» кітабы шықты, оған «Левшин-Уәлиханов» мақаласы кірді. Кейін 1949 жылы кітаптың аудармасы 10 000 дана тиражбен жарық көрді. Автордың пікірінше, бесінші кезең 1961 жылдан, яғни «Абылай» мақаласы Ш.Ш.Уәлихановтың бестомдық жинағының бірінші томына енген кезден басталады.
9.2. Автордың бір адамды көпке танымал етуге 6 беттік мақала жетіп-артылады деп санауы таңқаларлық. Оған қоса барлық кезеңде дерлік Шоқан Уәлихановтың шығармаларының жарық көруін «Абылай ханды дәріптеудің» жаңа кезеңі деп есептейтінін көреміз.
10.1. Автордың пікірі бойынша, «Абылай ханды дәріптеудің» алтыншы кезеңі Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясынан басталады.
10.2. Таңқаларлығы – автор тарапынан І.Есенберлинге «Абылай рөлін дәріптеу» мақсатын көздеген Ресей идеологтары мен саясаткерлерінің еңбегі таңылмапты.
11.1. Жетінші кезеңді автор Қазақстанның Ресей империясына қосылуына 250 жылдығын және Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығын тойлаудан бастайды. Автордың пікірінше, 1982 жылы билік Әбілқайыр ханға құрмет көрсетпей, 1985 жылы Абылай хан туралы кітапқа негізсіз тапсырыс береді. Сонымен бірге автор Кремль үшін Шоқан Уәлихановқа қарағанда Абылай ханның аса қадірлі болғандығын жазады.
Абылай хан туралы кітаптың авторы В.А.Моисеев болуы тиіс екен, бірақ Р.Б.Сүлейменов, автордың айтуынша, қосалқы авторлыққа қолқа жасаған. Бұдан әрі мемуарлық сипаттағы лирикалық шегіністер жасалады. Соңында ол Абылай ханға Қытай мен Ресей қанша көмектессе де, оны Орта жүздің ханы етіп сайлағанмен, қазақтар арасында оның ешқандай беделі болмағандығы туралы ойымен толықтырады.
11.2. Бұл жерде Абылай хан «Ресей идеологтары мен саясаткерлері» үшін соншалықты маңызды болса, онда 1961 жылы оның 250 жылдық мерейтойы неге тойланбады деген орынды сұрақ туындайды. «Ресей идеологтары мен саясаткерлерінің» әрекеттері соншалықты тайға таңба басқандай болғаны ма – «автордың әуесқойлығы» сол кездің ешқандай архивін ақтармай-ақ, ешқандай құжатын тексермей-ақ олардың 150 жылдық жоспарын зерделепті. Сонымен бірге қазақтардың Абылай ханды қолдау деңгейін автордың соншалықты терең анықтай алғанына таңданасың. Бұндай социологиялық инсайдтарды «социологияның эмпирикалық мәліметтерімен» растау немесе жоққа шығару мүмкін емес. Бұл жерде біз автордың Абылай ханды өз халқының қолдауынан айырып, Ресей мен Қытайдың қолшоқпары қылып көрсету арқылы оның рөлін төмендетуді қалағанын көреміз. Сондай-ақ, Абылай ханның тұлғасы «қайбір ресейлік идеологтарға» соншама маңызды болса, онда В.А.Моисеев пен Р.Б.Сүлейменовтың кітабы неге «Абылай хан» деп аталмады?!
Егер мақаланы кәсіби ғалымдардың арасындағы дау деп қарастырсақ, онда «Абылай хан» мақаласын А.И.Левшин жазып, Ш.Уәлихановқа телініп жүргені туралы тұжырымның дұрыстығына қатысты пікірталас өткізу қажет. «Рассель шәйнегі» тұжырымдамасынан белгілі болғандай, дәлелдеу ауыртпалығын (Абылай хан туралы мақаланың жалған авторлығы бойынша) тұжырым авторы көтереді.
Бұл тұжырымды келтірген адам ғылыми сілтемелер жасап, барлық дәлелдерді көрсетуге міндетті. Олай болмаса, бұл ғылыми айналымға тағы бір бейғылыми аңызды енгізумен бірдей.
Сонымен бірге мақалада Әбілқайыр хан мен Абылай ханды бір-біріне қарама-қарсы қою ұмтылысы бар екенін атап өткен жөн. Егер кейбір «тарихшылар» Абылай ханды жағымды кейіпкер, Әбілқайыр ханды жағымсыз кейіпкер етіп, мифологиялық туындыларын алға тартса, мына жерде керісінше әрекетті көріп отырмыз. Екеуі де аңызға құрылған, ғылыми сипаты жоқ. «Жағымсыз Абылай» туралы аңыздың «Жағымсыз Әбілқайыр» туралы аңыздың тоны айналдырылған түрі екенін айтып кеткенді дұрыс деп санаймыз, жаңа аңызда оңды теріске, терісті оңға ауыстырып қоя салған.
Шындығында, бұл екі ханның шынайы өмірбаяндары жоғарғы кәсіби деңгейде әлі толық зерттелмеген (бұл тұлғалар туралы жекелеген сапалы монографиялардың барлығына қарамастан), бірақ бұл тұлғалар ежелден-ақ халық арасында аңыз болып айтылады.
Мақаланы қорытындылай келе, төмендегілерді атап өткен жөн:
Біріншіден, «жағымсыз Абылай» туралы жарияланған мақала ғылыми зерттеу емес. Онда жаңа білім жоқ. Автор Абылайдың теріс бейнесін жасау үшін мәтіннен алынған үзік-үзік сөздермен, фактілермен, әрекеттерімен айла жасаған. Автор ақылға тоқтау бермей, эмоцияға бой алдырған. Әдетте, идеологиялық дауларда «жағымды және жағымсыз кейіпкерлері» бар әлемнің ақ-қара түсті бейнесі болады, басқа реңктер қатыспайды. Шындығында, әлем бейнесі көптеген реңкті тоғыстырған түрлі-түсті болып келеді. Бұл күрделі шындықты тек екі түске сыйғызу бейнені бұзып, оны көмескілендіреді. Автордың Абылайға теріс қарайтыны анық, сондықтан ол тарихи тұлғаға алдын ала өз үкімін шығарып, кейіннен оны талқылап отыр.
Екіншіден, «жағымсыз Абылай туралы жаңа аңыздың» авторы «Левшин-Уәлханов ғылыми мақаласын» өз тұжырымының басты негіздемесі етіп алып, бұл мақала жөнінде де жаңа миф ойлап шығарып отыр. «Абылайды дәріптеудің» 5 кезеңінің төртеуі осы мақаладан басталады. Осылайша, автор сол мақаланы егжей-тегжейлі талдап, жалған авторлық фактісін дәлелдермен келтірген өзінің ғылыми мақаласын жарыққа шығару арқылы өзінің тұжырымдарын дәлелдеу қажеттігін туындатып отыр. Осыған орай автор 1860 жылы жоғары лауазымда болған жасы үлкен А.И.Левшиннің 25 жастағы Шоқан Уәлиханов туралы білгенін және оның ХХ ғасырда Қазақстанның тарих ғылымының шоқжұлдызы ретінде танымал болатынын болжағанын дәлелдеуі тиіс. Сонымен бірге Шоқан Уәлихановтың өзіне таңылған мақалаға ешқандай қарсылық білдірмегені де түсініксіз. Ол сол мақала жарияланғаннан кейін бірнеше жылдан соң қайтыс болды емес пе?! Достарына жазған хаттарында да бұндай жағдайды айтар еді ғой.
Үшіншіден, Ресей империясы 150 жыл бойы, одан кейін КСРО Абылайды дәріптеу туралы саясатты не үшін жүргізгені туралы да уәж жоқ. Сонымен бірге бірінші кезең 1825-1832 жылдары, яғни патша өкіметі хандық билікті жою үшін Абылайдың ұрпақтарымен күрес жүргізген жылдары басталғаны да түсініксіз. Тұтастай алғанда, бұндай болжамдар тарихи фактілерге де, парасатты ойға да қарсы келеді.