ӘЛЕККЕ ТҮСКЕН АЛЕКСАНДР

ӘЛЕККЕ ТҮСКЕН АЛЕКСАНДР

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловтың назарына! Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловтың назарына!

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газеті өзінің халқадерінше ауылдағы ағайынның тіршілігін көзбен көріп, ондағы қордаланған мәселелерді газет бетінде тынбай көтеріп келе жатқан басылым. Біздің газеттің бұдан өзге де «арқалап алған» міндеті толып жатыр. Біреулер «Әділдіктің жеңіске жетуіне септесіңіздерші» деген өтінішпен арнайы келіп жатса, енді біреулер құзырлы мекемелердің құлықсыздығын айтып, шағымданып жататыны бар. Әрине, ақпараттың қайнаған ортасында жүрген соң, мұның барлығы сырт көз үшін қалыпты жағдай болып көрінуі мүмкін. Алайда, көтерген мәселемізді соңына дейін жеткізгенше оның салмағы тұп-тура жүрекке түсетіндігін басқалар білмесе де, әріптестердің сезінетіндігіне күмәніміз жоқ.

Осыдан бірнеше ай бұрын редакцияға бір шетелдік инвестор іздеп келді. Жөн сұрасқан соң бұйымтайын білгіміз келді. Әңгімесі мен айтар уәжі қысқа болғанымен, «қолында заң қуаты бар» құзырлы мекемелер – билік барынша сендіруге тырысып жүрген «Жаңа Қазақстанның» Ішкі істер мен Прокуратура органдары даулы мәселені артық-кемі жоқ отыз томға сыйғызып алып, ары қарай қорыта алмай отыр екен. Оны аз десеңіз, көзді бақырайтып қойып тергеп-тексеруі екі жылға созылған қылмыс құрамы бар істі енді жылдам жауып тастауға әрекет етіп жатқан көрінеді. Осыларды айтқан инвестор азамат өзінің заңгерлерінің аузынан «Qazaqstan dauiri» дейтін газеттің әділдік үшін аянбайтындығын» естіп, бізден ақпараттық қолдау күтетіндігін айтып бір-ақ тоқтады. Оның соңғы сөзі бізге сенім артқаны әрі салмақ салғаны еді. Сөйтіп Александрдың ісін зерттей бастаған едік. Сонан бері басталған журналистік зерттеулерімізді қортындылап газет бетіне жариялаудың реті келіпті.

Александр деген кім еді? 

Даулы мәселенің соңында жүрген Александр Лакай есімді неміс жігіт Германия мемлекетінің азаматы екен. Сұлу Көкшенің тумасы Александр Целиноград ауылшаруашылық институтын бітіргеннен кейін «Қазақ Алтын» тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейді. Кейін тарихи отаны Германияға жаппай қоныс аударып жатқан өзге ағайындары секілді Александр да 1998 жылы Германияға көшіп барады. Қанша жерден тарихи отаны десе де, Германияда ол бәрін басынан бастауға мәжбүр болды. Алты айлық тіл курсынан өткеннен кейін еңбек биржасында қиындықтарға тап болыпты. – Мектепте, институтта неміс тілін оқыдым, бірақ жұғымы аз болды. Германияға барғаннан кейін алты айлық курстан өтіп, ары қарай мамандығым бойынша қызмет істеуге кірістім. Бірақ, еңбек биржасы мені қолдамады, қайта оқыту ақысын төлемеді, себебі менің дипломым Германияда толығымен электр инженері ретінде танылады екен, ал шын мәнінде, біліктілігім көп қатарластарымнан әлдеқайда жоғары еді. Сондықтан мен бағдарламашы мамандығына қайта оқуға бардым. Осы мамандықты игеріп шыққан соң төрт жыл бағдарламашы болып жұмыс істедім, бірақ кәсіпкерлікке деген құштарлығым барлығын жеңіп кетті, – дейді Александр ағынан жарылып. Осылайша 2005 жылы Қазақстанға келген сапарында көнекөз достарымен ақылдаса келіп, еуропалық техникаларды Қазақстанда сатуды жоспарлап, бизнес-модель жасайды да, еліне қайтып барғасын, ешқандай бастапқы капиталы жоқ шағын көлік компаниясын ашады. Сөйтіп құлшына жүріп, Қазақстан нарығына ауылшаруашылығы техникасын, комбайндар мен қосалқы бөлшектерді жеткізуді бастайды. Жеңіл автокөліктердің түр-түрін, ескі-жаңасын әкеліп сатады. Бұдан бөлек автобустарды да жеткізеді. Оларды Қазақстаннан бөлек Ресей, Өзбекстанға дейін апарыпты.

Осылай басталған бизнес біртіндеп ұлғая береді. Жұмыстың қажетіне, айналымның ұлғаюына байланысты Александр Лакай 2012 жылы Қазақстан Республикасының азаматы Ш.-мен бірлесіп ЖШС құрады, екі тараптың өзара келісімі бойынша Ш. директор болып тағайындалды. Әрі Александр Лакайдың сенімді өкілі ретінде жұмыс істеу құқығын алады.

 

Серіктестердің жұмысы бірқалыпты дами береді. Александр Лакай өз ісіне белсене кіріседі. Германиядан өзге де Еуропа елдерінде өндірілген ауылшаруашылығына пайдаланылатын озық техникаларды Қазақстан нарығына шығарады. Сатып қана қоймай, сапа кепілдігі, сервис жақтарын барынша жетілдіріп отырады. Компаниясындағы қызметкерлерін үнемі Еуропаға апарып, оқытып, олардың біліктілігін жетілдіруді әдетке айналдырады. Оның Германияда құрған «LIET International Trading GMBH» (бұдан әрі – LIET) атты компаниясы өз ортасында танымал бола түседі. 2018 жылы Александр Лакай тағы бір компанияны тіркейді. Сөйтіп Қазақстанның ауылшаруашылығының дамуында жемісті еңбек етіп жатқан шетелдік инвестор ретінде белсенді үлес қосуын жалғастыра береді. Бұл компания – Лакайдың Қазақстандағы маңызды серіктесі ретінде Manitou сияқты телескопиялық жүк тиегіштер, Starra өздігінен жүретін бүріккіштері (Бразилия), Weidemann телескопиялық жүк тиегіштері, Lemken топырақ өңдеу техникасы және неміс Krone брендінің жем-шөп дайындау техникасы сияқты брендтерді сатады екен. – Біздің өнімнің негізгі үлесі – еуропалық өндірушілер: Германия, Франция. Бүгінгі таңда компания Қазақстанның барлық өңірлерінде жұмыс істейді. Бас кеңсе және база Көкшетауда. Біз негізінен мемлекет бойынша дәнді дақылдарды себу мен жинау жүріп жатқан барлық аймақтарда бармыз. Әрі ол жерлерде сервистік қызметіміз орналасқан. Маңыздысы, компания Қазақстандағы барлық қаржылық институттармен жұмыс істейді, сондықтан кез келген мемлекеттік бағдарлама қатысушысы техниканы сатып ала алады. Компанияның барлық сапа сертификаттары бар және жаңа бастамаларға әрдайым ашық. Арнайы техниканы сатумен қатар, компания техникалық қызмет көрсетуді де ұсынады. Техникаға кепілдік беріледі, сондықтан компания қызметкерлері кез келген уақытта техниканы жөндеуге немесе қосалқы бөлшектерді ауыстыруға дайын. Бұл өте маңызды, өйткені бірнеше күндік тоқтап қалу жергілікті ауылшаруашылығы өндірушілері үшін үлкен шығындар әкелуі мүмкін. Компания клиенттері үшін трейд-ин жүйесі бойынша техниканы сатып алу немесе жаңарту мүмкіндігін де ұсынады. Біз осылайша ауылшаруашылығы өндірушілеріне ыңғайлы жағдай жасап отырмыз деп ойлаймын. Өйткені біз ескі техниканы қалпына келтіру немесе трейд-ин бойынша жаңарту мүмкіндігін ұсынамыз. Барлық адамдар жаңа техниканы ала алмайды, бірақ қажеттілік туындайды. Біз осындай клиенттер үшін барынша пайдалы жұмыс істеп келе жатырмыз, – дейді Александр Лакай өзінің бизнесі жайлы таныстыра келіп.

Ортадан өткен қара мысық

Өкінішке қарай, 2012 жылы құрылғаннан бері он жыл бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан серіктестердің арасына 2022 жылы сызат түседі. А.Лакайдың сенімді серіктесі болған Ш. әйелінің атына компания тіркеп, Еуропада өндірілген ауылшаруашылық техникаларын сатуды бастайды. 

Яғни Александрдың «LIET International Trading GMBH» компаниясының жұмысын айнытпай қайталауға кіріседі. Бұл жерде қаржылық жақтан Лакайдың мүмкіндігін «пайдалана» отырып, сол қызмет түрімен жұбайына параллельді бизнес ашуына, ЖШС қызметкерлерін әйелінің кәсіпорнында пайдалануына сондай-ақ серіктестікке селкеу түсіретін өзге де әрекеттеріне байланысты А.Лакай оны құрылтайшылар құрамынан шығаруға, бизнесті бөлуге және Ш.-ға берген барлық сенімхаттарды қайтарып алуға шешім қабылдайды. Ш. бұл шешімнен үзілді-кесілді бас тартады. Тіпті күзетшілерге А.Лакайды компанияның кеңсесіне жіберуге тыйым салды, оның бизнеске қатысуын шектеуге, сатуға алған тауарлар мен бөлшектер үшін ақша төлеуді тоқтатады. Сонымен қатар, Ш. елеулі материалдық ресурстарға рұқсатын жоғалтатынын және болашақта бизнесті жүргізу үшін мүлдем қаражатсыз қалуы мүмкін екенін түсініп, LIET компаниясы Қазақстанға жеткізген және «СВХ» ЖШС-да сақтаудағы ауылшаруашылығы техникасын ұрлауды шешіпті. Осылайша дау басталып А.Лакайдың арызы бойынша іс қозғалады. 2022 жылы 7 қазанда Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасынан ҚР ҚК 188-бабы 3-тармағының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде ұрлық) бойынша «LIET International Trading GMBH» (бұдан әрі – LIET) директоры А.Лакайдың күдікті азамат Ш.-ға қатысты LIET компаниясына тиесілі «СВХ» ЖШС аумағынан шамамен 500 000 еуро сомасына бағаланатын ауылшаруашылығы техникаларын ұрлау фактісіне қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталады. 2022 жылы 30 қарашада қылмыстық істі одан әрі тергеу үшін Астана қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасына беріледі. 2022 жылы 7 қазанда, яғни іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған күні Ш. «СВХ» ЖШС аумағынан тағы екі техниканы ұрлап әкетеді. Осылайша, 22.08.2022-07.10.2022 жыл аралығында Ш. «LIET International Trading GMBH» неміс компаниясына тиесілі жалпы сомасы 258 695 014,2 теңгеге (проформалар бойынша сома, нарықтық құны едәуір жоғары) 12 бірлік ауылшаруашылығы техникасын заңсыз алып кетеді. Басталған іс бойынша 2023 жылы 11 қарашада Ш. ҚР ҚК 188- бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша күдікті деп танылады. 2023 жылы 13 қараша күні Астана қаласының тергеу соты күдікті азамат Ш.-ға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдайды. 2023 жылы 22 қарашада Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы, тараптың шағымы бойынша Астана қаласы тергеу сотының күдікті азамат Ш.-ны қамауда ұстау жөніндегі қаулысын үй қамағына алу түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертеді. 2024 жылы 6 ақпан күні тергеуші сотқа дейінгі тергеудің аяқталғаны туралы хабарлайды. Содан кейін тараптар 2024 жылғы ақпаннан мамырға дейін қылмыстық іс материалдарымен танысады. 2024 жылы 28 мамырда Астана қаласының полиция департаменті қылмыстық істі ҚР ҚІЖКнің 300-бабы тәртібімен Астана қаласының прокуратурасына сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен жібереді. 2024 жылы 7 маусым күні Астана қаласының прокуратурасы ҚР ҚІЖК 302-бабы 3-тармағының 1-бөлігі тәртібімен ҚР ҚІЖК 24-бабының талаптарын қамтамасыз етпеуіне байланысты қосымша тергеу жүргізу үшін қылмыстық істі Астана қаласының полиция департаментіне қайтарды (тергеудің толықтығы мен жан-жақтылығы).

Заңды түрде күші жойылған сенімхат пен мөрді пайдаланып, жүк алушыны ауыстыру туралы хаттарды қолдан жасап, инвойстарды (еуроаймақ мемлекеттеріндегі шот-фактуралардың аналогы) өздігінен дайындап, сондай-ақ уақытша сақтау қоймасының қызметкерлерімен және кеден брокерімен қалыптасқан сенімді қатынастарын пайдалана отырып, Ш. заңсыз, меншік иесінің еркіне қайшы, материалдық баю мақсатында 2022 жылдың 22-23 тамызында «СВХ» ЖШС аумағынан 10 бірлік техниканы әкетеді. Ал қылмыстық іс қозғалғаннан кейін тағы 2 бірлік техниканы әкетеді, олардың бір бөлігіне өз қалауы бойынша билік етеді. Дегенмен Александрдың дер кезінде Ішкі істер мекемесіне түсірген шағымы бойынша Ш. ұрлап кеткен техникаларының 7 данасын ЖШС аумағынан полиция қызметкерлері тауып алып, тәркілейді. Залалдың жалпы сомасы тек проформалардың бағасы бойынша, яғни тауардың өзіндік құны бойынша ҚР Ұлттық Банкінің бағамымен 258 млн теңгеден асады.

 

Заңгердің уәжі

Осы дау басталғалы бері А.Лакай төрт заңгердің көмегіне жүгінген екен. Өкінішке қарай, оны бастапқы кезде жұмыс істеген бір қорғаушы оппоненттерге сатылып, күдікті жақ қатарына өтіп кеткен көрінеді... Қазіргі кезде А.Лакайдың даулы мәселесімен айналысып жүрген заңгерлердің арасында Әлия Ахметжанова мен Риза Нурбаева ханымдар іс туралы мынадай уәждерін алға тартты. Аталған деректер заңгер қамтамасыз еткен сот материалдары болғандықтан, сол күйі беруді жөн көрдік. Күдікті азамат Ш. оның іс-әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауы және тараптар арасында азаматтық-құқықтық қатынастардың болуы туралы негізгі дәлелі LIET INTERNATIONAL TRADING GmbH (бұдан әрі – мәтін бойынша LIET компаниясы) мен ЖШС арасында 2021 жылы 27 желтоқсанда жасалған келісімшартқа сілтеме болып табылады, оны Тараптар әр жылға жасасқан. Күдікті азамат Ш.-ның пікірінше, осы келісімшарттың, сондай-ақ LIET компаниясының атынан жеке тұлғаға сенімхаттың болуы күдікті азамат Ш. оған келісімшарттың қолданылу мерзімі ішінде жеткізілген техникаға, оның ішінде оның «СВХ» ЖШС-дан ЖШС аумағына еркін ауысуы бойынша еркін билік ету құқығын берді. Күдікті азамат Ш. «СВХ» ЖШС-дан ЖШС аумағына 12 бірлік техниканы әкету – бұл мүлдем заңды әрекет және көп жылдық бірлескен қызметтің эпизодтарының бірінен аспайтынын атап көрсетеді. Күдікті азамат Ш.-ның мұндай ұстанымы төмендегілерге байланысты құқық нормаларына толық қайшы келеді. 1.1-тармаққа сәйкес, 2021 жылы 27 желтоқсан күні жасалған №20220103 келісімшартты Сатушы (LIET компаниясы) сатады, ал Сатып алушы (ЖШС) INCOTERMS 2010 сәйкес ауылшаруашылығы техникасын, жабдықтары мен қосалқы бөлшектерін сатып алады, бұл тауардың әрбір жеткізілімі кезінде берілетін және келісімшарттың ажырамас бөлігі болып табылатын инвойста көрсетілген сан мен бағаға байланысты. Осы тармақтан, егер тауарды ЖШС тағайындалған болса, онда ол жасалған келісімшарт шеңберінде жүк алушы ретінде инвойста көрсетілер еді. Біздің жағдайда LIET компаниясының инвойстары мүлдем жазылмады, яғни техника ЖШС үшін келісімшарт шеңберінде емес, Көкшетау қаласына басқа мақсаттар мен әлеуетті сатып алушылар үшін жеткізілді, сондықтан алушы ретінде «СВХ» ЖШС, ЖШС – уақытша сақтау қоймасы, кімге сатылатыны көрсетілмеген проформалар ғана қойылды. Тиісінше, LIET компаниясы техниканың иесі болып қала берді және осы уақытқа дейін қалады. Істегі барлық құжаттама көрсетілген дәлелдерді толық растайды, дәл осы тауар партиясына күдікті азамат Ш. да, ЖШСнің заңды әрі нақты қатысы жоқ. Осыған байланысты, күдікті азамат Ш. жасалған келісімшартқа сілтеме жасап, оның 12 бірлік техниканы «СВХ» ЖШС-дан кедендік рәсімдеуге және әкету жөніндегі заң шеңберіндегі әрекеттердің негізі ретінде келтірген дәлелдері негізсіз болып табылады. Сонымен қатар, күдікті азамат Ш. тарапы 2022 жылы 6 қаңтардағы сенімхатқа байланысты оның «СВХ» ЖШС-не түскен техниканы басқару өкілеттігі болғанын көрсетеді. Сенімхат мәтініне сәйкес, LIET компаниясы күдікті азамат Ш. компания атынан келесі әрекеттерді жасауға: тауарды жеткізуге шарттар жасасуға, тауарды жеткізуге байланысты барлық қажетті актілерге қол қоюға, Қазақстан Республикасының аумағында компанияның мүдделерін білдіруге өкілеттік береді. А. Лакайдың осы сенімхатты қайтарып алу туралы айғақтарына сәйкес, ол күдікті азамат Ш. әйелін 2022 жылдың 16 тамызында хабардар етті, ал 2 күннен кейін – 18 тамызда одан LIET компаниясының мөрін қайтарып алды. Сондықтан, күдікті азамат Ш. техниканы кеден қоймасынан шығару жөніндегі әрекеттері аталған өкілеттіктерге мүлдем қайшы келеді, өйткені ол сенімгер ретінде сенім білдірген тұлғаның мүддесі үшін емес, оған қарсы әрекет етті. Алайда, бұл қайтарып алынған сенімхаттың өзі күдікті азамат Ш. «СВХ» ЖШС-нен техниканы әкету құқығын бермейді, бұған оның бірқатар құжаттарды, соның ішінде LIET компаниясының атынан өздігінен жасау жөніндегі іс-әрекеттері дәлел бола алады. Ұрланған техниканың барлық тауарларға арналған ілеспе құжаттарында, атап айтқанда, CMR-де қоса берілген құжаттар ретінде тек проформалар ғана көрсетіледі, инвойстар жоқ, бұл техниканың түпкілікті жүк алушысы немесе сатып алушысы болмағанын және LIET компаниясының балансында қалғанын А.Лакайдың дәлелдерінің негізділігін көрсетеді.

Алайда, күдікті азамат Ш. кедендік ресімдеу рәсімі үшін 2022 жылғы 22 тамызда LIET компаниясының бланкілерінде және мөрімен хаттар дайындайды, онда ол қайтарып алынған сенімхатқа сілтеме жасай отырып, компания атынан заңсыз, құқықтық негіздер болмағанына қарамастан (сөзбе-сөз): «жөнелту құжаттарында алушының қате көрсетілген деректері үшін кешірім сұраймыз, ЖШС тауарларын алушы деп санауды сұраймыз», – дейді. 

Сонымен қатар, күдікті азамат Ш. осы 12 бірлік техникаға «табиғатта» жоқ инвойстарға қол қояды, 2022 жылғы 18 тамызда одан А.Лакайдың өз қолымен қайтарып алған LIET компаниясының мөрінің таңбасын қояды. Сонымен қатар проформ және инвойс нөмірлері бірдей, бұл негізінен мүмкін емес, өйткені бұл әртүрлі есепке алынған құжаттар. Осыған байланысты, А.Лакай күдікті азамат Ш. LIET компаниясының жалған инвойстары, проформалары, мөрін жасап алғанын (мөр 18 тамызда алынды, құжаттар 22 тамызда дайындалды), сондай-ақ жүк алушы туралы дұрыс емес ақпараты бар хаттар дайындағанын дәлелдейтін негіздер келтіреді. Бұл барлығы оған техниканы уақытша сақтау қоймасынан шығаруға мүмкіндік берді, ал сондай-ақ, бұл жағдайда инвойстар мен хаттарды қолдан жасау қылмыстық құқық бұзушылық жасау тәсілі болып табылады, өйткені басқа жағдайда техниканы әкету мүмкін болмас еді. Іс бойынша күдікті азамат Ш. өзіне айып тағылған аса ірі мөлшердегі ұрлыққа А.Лакайды алдау және оның сенімін теріс пайдалану арқылы қатысы бар екендігі туралы жеткілікті дәлелдер жиналды, барлығы 10 том, онда күдікті азамат Ш.-ның қылмыстық іс-әрекетінің бұлтартпас дәлелдері бар. Мысал ретінде ЖШС-нің бұрынғы қызметкері куәгер азамат К., айғақтарын, сондай-ақ куәгер азамат К. өзі шығарған күдікті азамат Ш. арасындағы сөйлесудің аудиожазбасының дәлелі ретінде іске тіркелген үзіндісін келтіреміз. Оның телефонына, күдікті азамат Ш. (сөзбе-сөз): «қысқасы біреу фирмаға, менің фирма ашқанымды жеткізіп отырған, (стукачил), ақырындап дайындала бастадым... Мен кеше бәрін шатастырдым (замутил), СВХ-дағы барлық техниканы кедендік рәсімдеп, кеңсеге 300 000 еуроға әкелдім. Енді ол прокуратураларға жүгіріп, барлық жерде жазып жатыр және т.б..., Мен адвокатпен кеңескен едім, жасаңыз, қазір сізде осындай пирог бар, екіге бөлетін, ал қазір сіз оны жасайсыз, мұндай пирог болады, сәйкесінше өседі, қазір 800 000 000 қойма құны, міне, осындай істер» (... «у Вас сейчас такой пирожок на пополам пилить, а сейчас вы это загоните будет такой пирожок, соответственно вырастет, сейчас 800 000 000 стоимость склада, вот такие дела»)... Осыған байланысты тергеу органының күдікті азамат Ш. аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау арқылы бөтен адамның мүлкін ұрлау туралы күдіктерінің негізділігі туралы тұжырымдары негізді болып табылады және іс материалдарымен толық келісіледі. Заңгерлердің келтірген дәлелдерінің түйінді әрі қысқартылған нұсқасы осындай... 

 

– Егер мен техникамды қайтарып алып, оны сататын болсам, шығындарымның бір бөлігін қайтара алатын шығармын, бірақ, шынтуайтына келгенде, оның өзіндік құнынан арзанға сатуға мәжбүр боламын. Екі жылдан астам уақыт ішінде техниканың құны айтарлықтай төмендеп кетті, сондықтан оны сатқан кезде мен үлкен шығынға ұшыраймын. Егер барлық тікелей және жанама шығындарды қоссақ, олар айтарлықтай көлемге жетеді. Яғни, бұл техника зауыттан сатып алынған және менің қоймамда болатын, сол себепті менің кәсіпорнымның шығыны жарты миллион еуроға ұлғайды. Қазақстанда корпоративтік табыс салығы 20%, ал Германияда 30%. Менің кәсіпорнымның мүлкі жарты миллион еуроға өскендіктен, мен жыл соңында 30% көлемінде, яғни 150 мың еуро салық төлеуге мәжбүр болдым, өйткені техника сатылмаған болатын. Тек бизнесіміздің динамикасы мен ауылшаруашылығындағы мал шаруашылығы сегментінің үлкендігі арқасында біз өткен жылы болған нашар өнім мен төмен бағаға қарамастан, қаржылық тұрғыдан тұрақты бола алдық, – дейді А.Лакай.

 

 

Александрға ашылған және ашылмаған есіктер

«LIET International Trading GMBH» неміс компаниясының басшысы А.Лакай нәтижелі жұмыс істей отырып, өз кезегінде бизнесті дамыту үшін Қазақстан нарығына миллиондаған еуро инвестиция әкелген екен. Ол басқарған кәсіпорындарда табысты және серпінді дамып келе жатқан бизнес қалыптасып, жүздеген жұмыс орындары құрылыпты. Бюджетке кедендік және салықтық төлемдердің қомақты сомасы төленген. Өзінің айтуынша, тек 2023 жылдың өзінде мемлекетке шамамен 4 млрд теңге салық төлепті. Өкінішке қарай, Александр Лакай мырза мұндай әлекке түсемін деп ойламаса керек. 2022 жылы күзде басталған іс күні бүгінге дейін соңына жетпепті. Астана қаласы Алматы ауданы ПБ істі тергеп-тексерудің аяқталғандығын қалалық прокуратураға мәлімдегенімен, істі сотқа жіберуге кейбір құзырлы мекемелер асықпай отырған көрінеді. Александр құзырлы органдарға жүгінумен қатар өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы жанайқайын қоғамға жария етеді. Тіпті өзінің арызын Президенттің назарына да ұсыныпты. Осы іс бойынша инвестор жалпы шығынның көлемін шамамен 1,5 миллион еуроға бағалап отыр екен. А.Лакай құзырлы мекемелерге жүгінуден бөлек БАҚ беттерінде де даулы мәселенің тез арада шешім таппай, процестің тым ұзаққа созылып кеткендігін айтып сұхбаттар беріпті. Бизнес жаңалықтарын тарататын қазақстандық мультимедиялық тұңғыш «Atameken Business» арнасы 2024 жылы 13 тамызда А.Лакайдың компаниясы туралы «Бизнес без границ: История Александра Лаккая» атты арнайы репортаж дайындап, эфирге шығарған.(https://youtube.com/playlist?list=PLJa0ymfOY6tWss6Vyc655oapFLrg0c5me&si=crgvYibRAcx_E-Ak)

Александр Лакайдың жағдайы Парламент өкілдерінің де назарына ілігеді. Оның жанайқайына ең алдымен Қазақстан немістерінің «Возрождение» қоғамдық қоры үн қатады. Аталмыш қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы әрі сенатор Евгений Больгерт осындай ұзаққа созылған қылмыстық істердің инвесторларға қатысты орынсыз екенін атап өткен. – Мұндай жағдайлар біздің инвестициялық ахуалға нұқсан келтіреді. Мемлекет басшысы, Үкімет басшысы барлық жерде Қазақстанның кәсіпкерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға бет алғанын айтып жүр. Инвесторлардың құқықтарын қорғауға және Қазақстанды инвестиция үшін тартымды ел етуге бағытталған көптеген заңнамалық актілер қабылданды. Көп жылдық тәжірибесі бар инвестор осындай кедергілерге тап болған кезде, біздің заңнамада қарастырылған механизмдер іске қосылуы керек деп ойлаймын. Соңғы екі жылда бұл процесс созылып келеді, мұнда инвестордың шығыны шамамен 1,5 миллион еуроға жетіпті, ал техника әлі де қоймада шаң басып тұр, – деп күйініш білдіріпті сенатор Евгений Больгерт мырза. Бұдан бөлек А.Лакай Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Берік Асыловтың атына 2024 жылғы 12 тамызда арыз жолдаған. Онда «Астана қаласының полиция департаментінде күдікті азамат Ш. қатысты қылмыстық істі тергеу мәселесі бойынша Сізге тағы да жүгінуге мәжбүрмін. 2 жыл бойы күтіп жатқан тергеу барысында жәбірленуші ретінде тергеудің созылуына, оның ішінде Астана қаласының прокуратурасына және ҚР Бас прокуратурасына бірнеше рет шағым түсірдім. Сонымен қатар, менің Қазақстан Республикасының Сенатына, ҚР ІІМ ҚР Парламенті Сенатының депутаты Е.А. Больгерттің атына берген ақпаратына жүгінгенімнен кейін ағымдағы жылдың маусым айында күдікті азамат Ш. іс-әрекеттері ҚР ҚК 2-тармағының 190-бабы 4-бөлігі бойынша сараланғанын, ал іс айыптау актісімен сотқа беруге дайындалып жатқанын хабарлады, яғни біздің компанияға тиесілі мүлікті аса ірі мөлшерде 258,6 млн теңге сомасына ұрлаудың белгіленген фактісін мәлімдеді. Осыған қарамастан, ешқандай да қиындық тудырмайтын бір эпизодтан тұратын қылмыстық істі тергеу әлі аяқталған жоқ, қылмыстың барлық мән-жайлары және оны жасады деп күдіктелген адам анықталғанына қарамастан, іс сотқа мәні бойынша қарау үшін жіберілмеген. Менің білуімше, іс бойынша күдікті азамат Ш. істің тоқтатылатынына сенімді бола отырып, осы жылдың көктемінде ата-анасымен бірге ҚР Бас Прокуратурасы басшылығының қабылдауында болған, ал 2024 жылдың 13 тамызында ол ҚР Бас прокурорының орынбасарына қайта жазылды. Осыған байланысты, 2024 жылғы 12 тамызда ҚР Бас Прокуратурасы басшылығына мені жеке қабылдау туралы өтінішпен жүгіндім, өйткені қылмыстық процесте зардап шеккен адамның мүдделері ауыр қылмыс жасады деген күдіктінің мүдделерінен кем маңызды емес екендігімен келіспеу қиын.

Сонымен қатар, күдікті азамат Ш. ҚР Бас Прокуратурасында қабылдауда болған, ал менің Бас прокуратурадағы дәлелдерімді әлі ешкім тыңдамаған, дегенмен біздің неміс компаниямыз Қазақстанның ауылшаруашылығын дамытуға зор үлес қосып, ел экономикасына миллиардтаған инвестиция құйғанымен, ауыр қылмыстың құрбаны болып, неше жүз миллион теңгелік шығындарға ұшырадық, олар бүгінгі күнге дейін өтелген жоқ.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Скляр Роман

Осыған байланысты, сізден Бас және қалалық прокуратура қызметкерлеріне біздің өтінішімізді объективті түрде қарауды, күдікті азамат Ш.-ның негізсіз дәлелдеріне тиісті баға беруді, істі мәні бойынша қарау және оған қатысты заңды сот үкімін шығару үшін айыптау актісімен сотқа жіберуді тағы да сұраймын» деген жолдар бар еді. Біздің бұл сөйлемдерді қаз-қалпында беріп отырудағы мақсатымыз оқырманға түсінікті деп ойлаймыз. Себебі Лакай күні бүгінге дейін ҚР Бас Прокуратурасының лауазымды тұлғаларына кездесе алған жоқ. Ал ұрлық жасады деп айыпталып отырған күдікті азамат Ш. Бас Прокуратураның айбынды кеңсесінде отырған лауазымды тұлғаның алдына екі рет кіріп «сәлем беріп» шығыпты... А.Лакай бұдан бөлек Премьер-министрдің бірінші орынбасары Скляр Роман Васильевичтің атына 2024 жылғы 28 тамызында арыз жолдайды. Роман мырза бұл іспен танысқаннан кейін А.Лакайдың ісін назарға алуды өтініп, ҚР Ішкі істер министрлігіне, Кәсіпкерлер палатасына хат жазыпты. Алайда ІІМ-нің адамдары арызбен танысып, Александрға жолыққанымен, ары қарай «тілдерін жұтып қойған»... А.Лакай мырза бұдан бөлек мынадай күдігін жасырмады. «Біздегі бар ақпараттар бойынша қылмыстық іс ҚР Бас прокуратурасының қысымымен Астана қаласы прокуратурасының қосымша тергеуіне қайтарылды, Астана қаласы Прокуратурасынан оңалту негіздері бойынша істі тоқтатуды талап етеді, олар өз кезегінде Астана қаласының полиция департаментіне де осындай талап қояды». Ал Лакайдың заңгерлері Риза Нурбаева мен Әлия Ахметжанова мынадай маңызды фактілерді алға тартып отыр. Олардың сөздері бойынша, күдікті азамат Ш. қазірге дейін Бас прокуратураның лауазымды тұлғаларының қабылдауында екі мәрте болған. Ал жәбірленуші А.Лакай мен оның заңгерлерін әлі де қабылдамаған. Дегенмен, ҚР Бас Прокуратурасының ішкі ережелері талап еткендей, ол Астана қаласы прокурорының қабылдауында болған. Нәтижесінде, ҚР Бас Прокуратурасы бірінші қызметінің орынбасары оны үлкен қиындықпен (және, әрине, құлықсыз) қабылдауға келісті, алайда А.Лакай адвокаттармен бірге Бас Прокуратураға келгенде, оны басқарма бастығының орынбасары және ҚР БП басқармасы прокуроры қабылдады. ҚР БП басшылығына ҚР БП Бірінші қызметі А.Лакайды табандылықпен қабылдауға жібермей отыр. Қазіргі уақытта ҚР БП-ның заңсыз нұсқауы орындалмады, іс Астана қаласының полиция департаментіне тергеуге қайтарылды, алайда А.Лакай тарапынан істің қалыпты нәтижесіне сенімділік жоқ, өйткені қысым үнемі жалғасуда, бұл қабылданбайтын жағдай, сондықтан істі құтқару мен заңды әрі дұрыс шешім қабылдау үшін ең қатал шараларды қабылдап, істі сотқа айыптау актісімен қарауға бағыттау қажет. Жалпы іспен танысқан ұзақ әңгіменің соңында А.Лакай мен оның заңгерлері 2024 жылы 17 қазан күнгі жағдай бойынша істің анықтамасы ретінде бізге тағы да мынадай ақпараттарды ұсынды. Бас прокуратура басшылығынан қабылдау алу туралы бірнеше рет жіберген өтініштерімізге жауап ретінде бізге шақырту түсті, бірақ шақыруды төменгі деңгейдегі ұйымға – Астана қаласының прокуратурасына алдық. 16 қазанда бізді Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары Е.О.Өтеуов мырза қабылдады. Қабылдау барысында біз жағдайдың жалпы көрінісін қысқаша баяндап, іс бойынша негізгі дәлелдерімізді жеткіздік. Біз сондай-ақ тікелей сұрақ қойдық: шын мәнінде, Бас прокуратурадан Полиция департаментіне істің қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылуы туралы нұсқау берілді ме және қандай негізде, прокуратураның өзі күдікті азамат Ш.-ның әрекеттерін ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлімі бойынша саралап, істі айыптау актісімен сотқа жіберуді көздеген емес пе еді? Оған жауап ретінде қала прокурорының орынбасары және осы кездесу кезінде қатысқан басқарма бастығы бізге мұндай нұсқау берілмегенін және істің материалдарын тексеру үшін прокуратураға түсуін күтіп отырғанын, оның ішінде істі сотқа жіберу мәселесі де қаралатынын растады. Алайда, бүгін, яғни 17 қазанда, таңертең бізге Астана қалалық Полиция департаментінен Астана қаласының прокуратурасынан істі шұғыл тоқтату туралы талаптардың әлі де жалғасып жатқаны жөнінде ақпарат келіп түсті. Тергеудің ұзаққа созылуын, шенеуніктермен кездесулерді және алынған ақпаратты ескере отырып, біз Полиция департаментінің дәл прокуратура істі екі жылға созылған тергеуден кейін тоқтатуды талап етіп отырғанына сенуге негіз бар деп санаймыз. Осылайша, жағдай өте күрделі болып тұр, сондықтан істің жақын арада тоқтатылу ықтималдығы өте жоғары. Бұл жерде мыналарды ерекше атап өту керек, тергеушінің айтуынша, осы жылдың басында күдікті азамат Ш. мен оның қорғаушысы оған (тергеушіге) істің прокуратураға түскен бойда қылмыс құрамы болмауына байланысты бірден тоқтатылатынын мәлімдеген. Іс бойынша қазіргі жағдай адвокаттың сөздерінің негізсіз болмағанын көрсетіп отыр: прокуратура дәл осындай талап қойып отыр, бірақ істің тоқтатылуын тергеуші арқылы іске асыруды қалауда. Астана қалалық Полиция департаментінің ақпараты бойынша, істі тоқтату талабы Астана қаласы Полиция департаментінің Тергеу басқармасының жұмысының бұғатталуымен қатар жүріп жатыр, полиция күдікті азамат Ш.-ға қатысты істі тоқтату туралы қаулы әкелмейінше, бұл құжаттар мен істерді қабылдаудан бас тартуға дейін жалғасуда...

Біздің айтарымыз

Неміс бизнесменінің екі жылға созылған ісі туралы оқиғаның ұзын-ырғасы осындай. Өкінішке қарай, басында күдікті деп танылып, бір мезгіл қамауға алынған Ш. қазір «мемлекет шекарасынан сыртқа шықпау» шарты аясында өзінің отбасында алаңсыз өмір сүріп жатыр екен. Полиция басқармасы тергеп-тексерудің аяқталғандығын мәлімдеп, істі әрі қарай сотқа жіберуге дайын отырғанымен, Астана қалалық прокуратурасы бұл істі сотқа жіберуге асықпай отырған көрінеді. Тіпті біржолата жабу туралы нұсқаулар да толастамай тұр дейді арызданушылар... Осындайда «Ұрысы күшті болса иесі өледі» дейтін мақал еске түседі екен. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында ел экономикасын дамыту жағында шетелдік инвестицияларды көбірек тарту туралы Үкіметке арнайы тапсырмалар беріп келеді. Соның ішінде 2029 жылға дейін кемінде $150 млрд шетелдік инвестиция тарту жоспары бар. 2023 жылы 4 желтоқсанда Президент Қ.Тоқаев Қазақстан экономикасына инвестиция тартудың тиімділігін арттыру және экономикалық өсуді жеделдету шаралары туралы маңызды жарлыққа қол қойды. Жарлықта Инвестицияларды ынталандыру кеңесіне (Инвестициялар жөніндегі штаб) бұрын-соңды болмаған өкілеттіктер берудің кешенді жоспары белгіленген. Жарлыққа сәйкес, Инвестицияларды ынталандыру кеңесі орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдарына қатысты міндетті шешімдер қабылдауға құқылы. Сонымен қатар, Кеңеске үкіметтің инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі күш-жігерін толықтыратын заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу құқығы берілген. Мемлекет басшысы шетелден инвестиция тарту, жаһандық деңгейдегі экономикалық байланыстарды нығайту мәселесіне баса назар аударып отыр. Ол шетелге шыққан әр сапары кезінде, сол елдегі іскер топ өкілдерімен кездесуді естен шығарған емес. Мәселен 2023 жылғы 29 қыркүйекте Германияға сапары барысында Қазақстан мен Германияның іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысып маңызды сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Кемелұлы, неміс бизнесмендерін Қазақстанға келіп жобаларды іске асыруға, жаңа өндірістер ашуға, озық неміс технологияларын енгізуге белсенді қатысуға шақырып, Қазақстан экономикасына неміс инвесторлары үшін үлкен әлеует бар екендігін айтқан болатын. Биыл қыркүйекте Астана қаласында 2-кезекті «Орта Азия-Германия саммиті» болып өтті. 16 қыркүйек күні Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Сол кездесулер барысында қазақ елінің басшысы неміс әріптесіне ағынан жарыла отырып, «2005 жылдан бері Германиядан шамамен 6,7 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Бұл қаржының 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі екені қуантады. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді», – деді. Бұл реткі келіссөздердің қорытындысы бойынша екі елдің басшылары ынтымақтастық туралы Бірлескен декларация қабылдады. 63 тармақтан тұратын аса ауқымды мәселелер қарастырылған маңызды құжаттың ішінде Экономикалық ынтымақтастық, Энергетика, Өнеркәсіп, Көлік және логистика, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы, Инновациялар қатарлы маңызды мәселелер қамтылған еді. Бұдан кейін «Қазақстан-Германия» бизнес форумы болып өтті. Айтпақшы, А.Лакай 2024 жылғы 28 тамызда Қазақстандағы неміс бизнесінің өкілі ретінде ҚР Үкіметінің бірінші вице-премьерінің қатысуымен Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің 15-отырысына қатысыпты. Ол сондай-ақ 16 қыркүйекте Астанада мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Қазақстан-Герман бизнес форумына да қатысқан. Бұл оның Қазақстандағы ұйымдастырған бизнесінің жоғары деңгейін, сонымен қатар ел экономикасындағы маңызды материалдық ресурстарына тиімді инвестиция әкеліп жүрген бизнесмен екендігін тіпті де айғақтай түссе керек. Міне, жоғарыда атап көрсетілгендей, А.Лакай мырза 20 жылға жуық уақыт еуропалық өндірістің заманауи ауылшаруашылығы техникасын, яғни ауылшаруашылығы үшін аса сұранысқа ие жоғары сапалы өнімді жеткізумен, оның кепілдік және сервистік қызмет көрсетуімен айналысып, жүздеген жұмыс орындарын ашып, көптеген қазақстандықтарды жұмыспен қамтып отырған инвестор болып табылады. Осы жылдар аралығында мемлекет қазынасына миллиардтаған теңге салық төлегенін де естен шығармаған жөн. Өкініштісі осындай азаматтың даулы мәселесін ҚР заңдарын негізге ала отырып әділ шешім шығаруға біздің құзырлы мекемелер асығар емес. Ал осындай келеңсіздіктерден кейін, «Қазақстанда инвесторларға қолайлы климат қалыптасқан, бизнесмендерге шарт-жағдай жасалған» деп қалай айта аламыз? Құқықтық саланы реттеуге жауапты құзырлы мекемелердің өзі құлықсыздық танытып, түсініксіз қадамдар жасап отырған елде кімге сенеді олар? Сұрақ көп, жауап жоқ. Біз әлі де болса заңның салтанат құратындығынан үмітімізді үзбейміз. Айтпақшы, А.Лакай мырза бір сөзінде «Германиядағы іскер топ өкілдерінің арасында менен Қазақстанға барып инвестиция салып жұмыс істеуге бола ма?» деп сұрайтындар көп. Мен оларға мемлекеттің шетелдік инвесторларға жағдай жасауға барынша көңіл бөліп отырғанын айтамын. Ал өзімнің басымдағы даулы мәселелер туралы биік мінбелерден мәлімдеме жасауға, құқықтарымның тапталып жатқандығы туралы ақпараттарды Германияда таратуға толық мүмкіндігім бола тұрса да ондай қадамға барған жоқпын. Себебі Қазақстан менің туған жерім, қазақ елінің тек жақсы жақтарымен танылғанын қалаймын», – деп қалды ағынан жарылып.

PS: Біз өзін жәбірленуші санап отырған А.Лакайдың басында болып жатқан жағдайларды қаз-қалпында баяндауға тырыстық. Әрі бұл материалды құзырлы мекемелердің назарына ұсынып отырмыз. Газет жалпыға ортақ платформа болғандықтан, қарсы тараптың да уәждері болса құлақ түріп, баспасөз бетінен орын беруге дайын екендігімізді ерекше ескертеміз. Сондай-ақ осы орайда күдікті азамат Ш.-ға қоңырау шалғанымызбен, онымен байланысқа шыға алмағанымызды айта кеткіміз келеді. Мүмкін алдағы уақытта күдікті азамат Ш. немесе оның заңгерлерімен тілдесудің орайы келетін болса, аталған жағдай бойынша оқырмандарымызды құлағдар ететін боламыз. Ал жазылған материалға ҚР Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы назар аударады деп үміттенеміз. Әрі аталған мәселеге қарата бұдан кейін де журналистік зерттеулерімізді жалғастырып, сот әділ шешім шығарғанша баспасөз арқылы құзырлы мекемелердің қақпасын қаға беретіндігімізді айтқымыз келеді. 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ, ҚР Ақпарат саласының үздігі

23.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 68
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 592
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 707
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 621
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 631

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8764
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8163
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11392
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9146
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10377