Есірткі дертімен күрес қоғамда үздіксіз жүріп жатқанымен, адам ғұмыр-әйнегінің күл-паршасын шығаруға дәрмені жетер дерт дауасы мен кесапат кеселдің түп-тамырын түбегейлі қопара жұлуға қауқарлы амал-айла табыла қойған жоқ. Заң аясында есірткі мен психотроптық заттарды тұтыну мен тарату қатаң қудаланады. Десек те заң талабын місе тұтпай, құйтырқылық жолдармен заңсыз есірткі саудасының жандануына күш салып жүрген қылмыстық топтардың айла-шарғысына құрық бойламай тұр. Өрмекшінің торындай адам ойөресін шырмап, санасын тұмшалайтын, тастүнек тұңғиық шымырауға құлдилатып жіберер кеселге бой алдырған тәуелді жан ғана емес, оның жанына жақын жандары зардабын шегіп, қасірет уын ішері сөзссіз. Күннен-күнге есірткі өнімдерінің түр-құрамының түрленуі, адам ағзасына тигізер залалының еселенуі бойымызға үрей ұялататындығы жасырын емес. Себебі кез келген ата-ана өз перзентінің келешегі үшін уайым шегеді. Ал желкілдеген жас желектің бүр жармай жатып солуы, бой түземей тұрып жарқын болашағына балта шабылуы тек бір шаңырақтың ғана емес бүкіл ұлт пен саналы қоғам үшін қайғы жұтқызар қасіреті емей не?!
Қазіргі таңда телеарна, баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілерде синтетикалық есірткілердің заңсыз сауда айналымы жөнінде ақпарды жиі көзіміз шалады. Есірткі және психотропты заттардың электронды сауда платформасы ретінде Telegram мессенджеріндегі интернет-дүкендер көш бастап тұр. Бұдан бөлек қаланың қалтарыс-қуысындағы ғимараттар мен тұрғын жайлар қасбетінде есірткі жарнамасы менмұндалап тұр. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап есірткіні насихаттайтын және сататын интернет сайттардың сілтемесін таратуға байланысты қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізді. Қылмыстық кодексінің 299-1-бабына сүйенсек, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Құқық қорғау қызметкерлері ұйымдастырған арнайы рейдтер барысында есірткі жарнамасы жойылғанымен, қоғам ішіне іріткі салып, жегідей жеген жауыз індеттің тамырына балта шабу мүмкін болмай тұр. Осы орайда шет ел тәжірибесіне көз жүгіртіп өтсек. Есірткіге тәуелділерді емдеу кезінде Қытайда наркологиялық диспансерлерде мәжбүрлеп емдеумен қоса, қоғамдық құрылымдардың көмегімен кешенді тәсіл қолданылады екен. Мәжбүрлеп емдеу курсынан өтіп, диспансерден шыққаннан кейін есірткі тұтынуды қайта бастағандарды еңбекпен түзеу мекемелеріне жібереді, ол жерде еңбекке қатысумен қатар нашақор-рецидивистерді мәжбүрлеу тәртібімен емдейді. Қандай да бір себептермен наркологиялық диспансерлерде болуға қарсы көрсетімдері бар есірткіге тәуелділер туыстарының қамқорлығымен және жергілікті милиция бөлімшесінің қадағалауымен емделуге барады. Ал Малайзия есірткіні таратуға және тұтынуға қарсы күрес бойынша қатаң саясат жүргізеді. 15 грамнан артық героин немесе 200 грамм марихуана сақтағаны үшін, сондай-ақ күшті әсер ететін есірткі заттарын елге әкелгені үшін қылмыскердің азаматтығына қарамастан, ерекше жазалау шарасы – өлім жазасы ұйғарылады. Елімізде былтыр есірткі қылмысы 8,5 пайызға өсті. Ел аумағында 5 мыңға жуық есірткі қылмысы анықталған. Соның ішінде мыңнан аса синтетикалық есірткі айналымына байланысты қылмыс тіркелген. Синтетикалық есірткі өнімін тұтану деректері жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Әсіресе мектеп оқушылары, яғни бұғанасы бекіп, белі қатпаған балғын жеткіншектер үшін бұл таңсық дүние емес. Синтетикалық есірткінің адам ағзасына әсері, есірткіге тәуелділіктің алдын алу жөнінде оқырманға түсінікті тілмен кеңірек мағлұмат беру мақсатында Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының мәжбүрлі емдеу бөлімінің басшысы Александр Решетниковпен сұхбатты ұсынамын.
МИ МЕН ЖҰЛЫНҒА ӘСЕРІ ЖОЙҚЫН
– Александр мырза, синтетикалық есірткі дегеніміз не?
– Синтетикалық есірткі дегеніміз тұрмыстық жағдайда қолдан әзірленген психоактивті заттар. Үй-жайларда жасақталған шағын зертханаларда даярланып, есірткінің желідегі бизнес схемасы - делдалдар, жеткізушілер мен даярлаушылар және тыйым салынған тауарды діттеген жерге жасырушылар - «закладчиктер» арқылы іске асады. Синтетикалық есірткі – таза химиялық қоспа. Орталық жүйке жүйесінің өзегі – ми мен жұлынға әсері жойқын. Ағзаның ішкі мүшелері зардап шегеді, синтетикаға құмарлық әп-сәтте, алғашқы дозадан-ақ тұтанады. Есірткі ағзаға енген соң, жастар тілімен айтқанда «движ» басталады, яғни бойға қуат дариды. Көңіл-күйі лезде құбылады. Бірі өзін емін-еркін ұстап, кез келген ортада тіл табысуға бейімділігі артады. Өзге бірі кірпідей жиырылып, күйзеліске түсуі мүмкін. Есірткімен күрес үздіксіз жүргізілсе де, оның заңсыз айналымына қатысты қылмыстық деректер толастар емес. Синтетикалық есірткінің 1 граммы 35- 40 мың теңге жобасында бағаланады. Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы өкілдерінің қылмыс үстінде қолына түскен «закладчиктерді» сот-медициналық сараптамадан өткізу үшін біздің орталыққа әкеледі. Олар өз басын қатерге тігіп, тауарды межелі нүктеге жеткізіп, белгілі орынға жасырғаны үшін ақша алады. Өздері есірткіні тұтынбайды. Жеңіл жолмен ақша жасауды күйіттеген ақылсыз жастар ауыр жаза арқалап жатады. Әдетте есірткі саудасы схемасының басында тұрған қылмыскерлерді қолға түсіру өте қиын. Олар шетелде жатып-ақ, ғаламтор арқылы барлық үдеріске бақылау жасайды.
– Синтетикалық есірткілердің ең танымал түрлері турасында мағлұмат берсеңіз?
– Бүгінгі таңда синтетикалық есірткі индустриясында «Мефедрон», жастар арасында «меф», «мука» ретінде және «скорость» деген ұнтақ тәріздес түрлері ең көп танымал. «Мефедронды» иіскеу, ал «скорость»-ті иіскеу, егу, шегу арқылы қолданады. «Скорость» есірткісі «ваннаға арналған тұз» ретінде тасымалданады. Синтетикалық есірткілердің молекула құрамындағы өзгерістерге орай реңкі құбылып тұрады. Сары, сарғыш, алқызыл түстес, оларға аса жағымсыз иіс тән. Бұл есірткілерді жою мақсатында өртеу кезінде пластмасса өнімдері секілді жалын атып, жанады.
– Есірткі тұзағына түскендер жас санатына қарай бөліне ма?
– Есірткі шырмауына түскен жандар қатарында есерсоқ жас та, естияр ересек те бар. Көбіне есірткі құрығына ілігетіндер балаң бозбалалар мен бойжеткендер.Үйкүйі бар, қызметі тұрақты, тұрмысы жайлы азаматтардың да «меф»-тың арбауында арандап жүргендері бар. Бұл ретте әсіресе жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесіне ерекше мән берілуі тиіс дер едім. Мінез-құлқындағы өзгерістер, жора-жолдастары мен ортасы, бос уақытындағы қызығушылықтары жайлы ата-ана үнемі хабардар болғаны жөн. Қазіргі қоғам тынысына зер салсаңыз, көбінің күнкөріс күйбеңінен қолы қалт етпейді. Баланың сабақ үлгерімі күрт нашарласа, көңіл-күйі құбылмалы болса, үйден себепсіз ақша ұрланса, жаңа достар пайда болса ата-ана дереу дабыл қағуы тиіс. Баланың үнемі ұнжырғасы түссе, қызығушылығы төмендесе немесе керісінше аса көңілді, сөзшең, күлегеш болуы бұл есірткінің сана-сезімге тигізген әсерінен болуы мүмкін.
НАШАҚОРЛАР ЕМГЕ НЕГЕ ҚҰЛЫҚСЫЗ?
– Науқастарды анонимді түрде емделу мүмкіндігі бар ма?
– Әрине науқастар арасында аты-жөнін жасырын ұстауды өтініп, ем-дом алушылар да, кеңеске жүгінетін жандар да бар. Біздің орталық – бүткіл облыс халқына ортақ жалғыз емдеу мекемесі. Халық арасында «нашақор» десе ат-тонын ала қашатын ұғым бар екендігін ескерсек, көбіне есірткіге тәуелді жандар нарколог мамандардың көмегіне жүгінуге құлықты емес. Жалпы бұл ретте жекеменшік наркологиялық клиникалардың бой көтеруіне мүмкіндік туғызған жөн. Себебі нашақорлықты емдеу ұзақ мерзімге көзделген, кезең-кезеңімен іске асырылатын күрделі үдеріс екендігін ескеру керек. Кәсіби психиатрдың көмегі ауадай қажет.
– Есірткіге еліткендерге қандай емдом жүргізіледі?
– Қазір мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында наркологтар саусақпен санарлық қана. Көбі жұмыстағы жүктеме мен мардымсыз жалақыны місе тұтпай жеке меншік салаға бет бұрып кетті. Мәселен мен қызмет ететін мәжбүрлі емдеу бөлімінде сот шешімімен жолданған азаматтар емдом алады. Есірткіге тәуелділіктен арылу үшін ең алдымен үлкен ерік-жігер, шынайы ниет қажет. Қорқыту-үркіту, зеку, мәжбүрлеу арқылы кеселден айықтыру мүмкін емес. Нашақорлар үшін психикалық тәуелділіктен арылу аса қиынға соғады. Ағзадағы синтетика уыты психозға немесе күйзеліске ұшыратады. Қимыл-қозғалысы, көру, есту қабілеті, ақыл-ойы ауытқып, физиологиялық тұрғыдан аса ауыр халді бастан өткереді. Қазір ел арасында кең тараған бейнероликтерге көз жүгіртіңіз. Қолы-аяғы сірескен, өңі қашқан, сұстанған «тірі өлік» күйдегі жандар көшелерді кезіп жүр.Бұл қоғамдағы қауіпсіздік мәселесін де туындатары сөзсіз. Сондықтан есірткіге қарсы күрес қарқын алуы тиіс. БАҚ арқылы мағлұмат берудің өзі көп жандарға ой салады. Синтетикалық есірткілер ағзадағы зат айналымына ауыр соққы жасайды, теңгерімін бұзады. Адамның барлық мүшесіне тигізер зардабы орасан. Сондықтан синтетикалық есірткі заттарын қолдану – өлімге жетелейтін жол. Жеке тұлғаның рухын қаусыратып, жігерін құм қылады. «Синтетика» сергелдеңіне түскен жанның қалыпты тұрмысқа қайта оралуы неғайбіл. Есірткіге әуестіктен арылғанымен көкірек көзінің оянуына ұзақ жылдар кетеді. Біз наркологтар емдеу протоколына сәйкес ем-дом жүргіземіз. Мәселен 5-7 күн аралығында детокс жүргізіледі, яғни ағзада қордаланған уытты қалдықтар несеп-зәр жүйеі арқылы шығарылады. Бес күнге дейін жүйке жүйесіне әсер ететін белсенді заттар нейролептиктер, одан әрі науқастың эмоциялық ширығуын, импульсивті мінез-құлқын бәсеңдету үшін седативті транквилизаторлар, ұйқы режімін қалпына келтіруде нормотимиктер, еске сақтау мен зейінді көтеретін ноотроптар, бауыр жасушаларының бұзылуына тосқауыл қоятын гепатопротекторлар мен жалпы қан айналымын, зат алмасу үдерісін, ішкі ағза мүшелері жұмысын қалпына келтіру, иммундық қорғаныс қабілетін көтеру үшін дәрумендер кешені қолданылады. Бұл дәрілік препараттар қатаң түрде дәрігер нұсқауымен және жіті бақылауымен қабылданады. Бұл әрине нашақорлықтан емдеудің медикаментозды тәсілі. Жоғарыда атап өткенімдей есірткіге тәуелділікті еңсеруде білікті психиатр қоса жұмыс жасауы керек. Науқас алғаш рет ем алса және құпиялықты сақтау шартымен түссе, есепке тұрмайды. Өзге есірткіге тәуелді азаматтар орталық есебінде бір жыл тұрады, учаскелік нарколог бекіткен кестеге сәйкес уақытылы келіп, арнайы медициналық тексерістен өтеді. Жыл бойы тәртіпке бойұсынып, қағидатқа қарсылық көрсетпеген науқас есептен алынып тасталады. Біздің орталықтан ем алған науқастар учаскелік нарколог нұсқауымен амбулаторлық ем алуға құқылы. Жалпы наркологиялық медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жабдықтауға көңіл бөлінуі қажет. Кеңес кезінде есірткіге еліткендер еңбекпен түзеу лагерьлеріне жөнелтілетін. Жазасын толық өтеп болғаннан кейін уческелік полицейдің кураторлығымен қалыпты өмірге бейімделетін. Жұмысқа орналасу мәселесі де туындамайтын. Есірткіге тәуелді адамдарды емдеу мен оңалтудың қазіргі уақытта қолданылып жүрген тәжірибесіне талдау жасау қажет деп ойлаймын.
– Александр мырза, сұхбатыңызға рақмет!
Ақтау қаласының 1-шағынауданында орналасқан облыстық психикалық денсаулық орталығы психоневрологиялық диспансер мен наркологиялық диспансердің біріктіріліп, ұйымдастыруынан құралған. Науқастардан және тұрғындардан түсетін арыз-шағым, ұсыныстарды қабылдайтын сенім телефоны 50-80-88 жұмыс жасайды.