Адам баласы жөнінен алғанда, бір адамның өмір жолы – кімнің жақсы, кімнің жаман екенін танытатын керемет таразы. Мен өз өмірімде керемет азаматтығы күшті, абзал жандармен танысып, онымен қоса түрлі адамгершілігі төмен жандармен де жолықтым. Бірақ өміріме өзгеріс енгізген, жақсылық жасаған ізгі ниетті жандарды ғұмыр бойы ұмыта алмайтыныма сенімдімін.
Соның бірі – «Шынжаң жастар-өрендер» баспасының бұрынғы орынбасар бастығы, аға редактор, ақын Тәліпбай Қабаев аға еді. Бұл кісі көңілімнің түкпірінен мәңгі өшпейді десем, артық емес.
1983 жылдың көктемі болатын. Шынжаң жазушылары қоғамының автономиялы аудан бойынша балалар әдебиетінің тұңғыш кезекті сыйлық тарату қимылының шақыру қағазын тапсырып алдым. Осыдан бір жыл бұрын жарияланған «Туған жерде» атты балаларға арналған әңгімем бірінші дәрежелі сыйлыққа ие болыпты, және сол салтқа Тәліпбай аға да келген екен. Ол кісіні бұрын тек сырттай танушы едім. Сахнаға шығып, сыйлық куәлігімді алған сәтте, ол қолымнан ұстап, қуанышты бейнемен:
– Шәміс бауыр, қуанышыңды құттықтаймын, – деп, өз қасына шақырып отырғызды.
Бұл менің шығармашылықтағы автономиялы аудан бойынша тұңғыш рет алған сыйлығым еді. Мұндай сыйлыққа ие боламын деп мүлде ойламаған едім.
– Рақмет, аға, құттықтағаныңызға ыңғайсызданып отырмын. Шығармам да оншалықты керемет емес, қарапайым сияқты еді, сыйлыққа ілінеді деп ойламаған екем, – дедім.
– Сенің бұл шығармаңды сыйлыққа ұсынғандардың бірі – мен, – деді Тәліпбай аға күліп. – Сенің бұл әңгімең жалаң оқиға емес, ұлттық салт-сана, ғылыми сауат, ауыл баласы мен қала баласының білім ортақтығын қамтитын, балаларды білімге, өнерге қызықтыратын, салмағы ауыр сара шығарма.
Тәліпбай ағаның әдеттегі редактор ғана емес, әдебиет тану деңгейі биік, білімі терең адам екенін аңғардым. Сол минутта білімді адамдармен танысып, араласудың жастар үшін мол білім алу жолы екенін түсіндім.
Сыйлық тарату салты аяқталып, жұрт залдан шыға бастағанда Тәліпбай аға қолымнан ұстап:
– Балаларға арналған әңгімелерің болса, жинақтап алып кел, шағын жинағыңды шығарайық, – деді.
Басылымдарда жарияланған әңгімелерімді жинақтап ұсынайын деген ойға келдім.
– Рақмет, аға. Жинаққа тола ма, толмай ма? – дедім.
– Сенің жинағыңды шығарып берейін, – деді Тәліпбай аға. Бұл мені қатты қуантты. Бір күні шығармам бірінші дәрежелі сыйлыққа ие болса, енді Тәліпбай ағаның жинақ шығарып беруі қуаныш үстіне қуаныш болды.
Тәліпбай ағаның сол күнгі қуанышыма ортақтасып, өзімнің туған ағамдай жылы мейір көрсеткен күлкі үйірілген жүзі әлі көз алдымда. Балаларға арналған әңгімелерімді түгел реттеп, емлесіне дейін дұрыстап, жинақ етіп құрастырдым. Жинақтың атына сыйлық алған «Туған жерде» деген әңгіменің атын қойып, бір апта өткен соң Тәліпбай ағаға апарып бердім.
Екі күннен кейін Тәліпбай аға телефон шалды:
– Шәміс, жинағыңды түгел оқып шықтым. Жинағыңның «Туған жерде» деген атын «Ақ серке мен көк серке» деген әңгімеңнің атына өзгертіп қойдым, ренжімейсің деп ойлаймын, – деді.
– Аға, сіз қандай ат қойсаңыз да қосыламын ғой, жинақ өте шағын болып қалар ма екен, – дедім.
– Балаларға арналған кітап осындай шағын болғаны жақсы. Біріншіден, балалардың сатып алуына арзан келеді.
Тәліпбай ағамен жақын араласу барысында бұрын білмеген, ойлап та көрмеген ұшан-теңіз білімдерге ие болдым. Сол жылдары тек Тәліпбай аға емес, осы секілді адамгершілігі жоғары, терең білімі бар ағалармен де араластым. Олармен қарым-қатынас арқылы кәсіптік және қоғамдық білімдерім кеңіп, көзқарасым биіктей түсті.
Тәліпбай аға жинағымды тез шығарды, сол жылдың өзінде оқырмандар қолына тиді. Арада екі жыл өткенде, 1986 жылдың қыркүйек айында, мен «Бөке батыр» атты романымды жазып бітірдім де, оны тағы Тәліпбай ағаға апардым. Ол кісі редакциялап отыр екен. Амандық-саулықтан кейін жұмысын тоқтатып:
– Тағы бір жинағыңды әкелдің бе? – деп күлді.
– Біздің қазақта «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген сөз бар ғой, ағасы, тағы да өзіңізді іздеп келдім, – дедім де сөмкемнен «Бөке батыр» романымның түпнұсқасын шығарып қойдым.
Тәліпбай аға кітаптың бас жағынан мазмұн бетін асықпай қарап, маған қадала қарап:
– Тарихи роман екен, әуелі мен көріп шығайын. Шығармашылықта ысылып қалдың ғой, жаман емес шығар, басуға жарап жатса, өзгертетін жері болса, хабар берермін, – деді.
Сол бір жыл бұрын жазып, «Қарамайлы аңызы» атты көлемді повесті, оған «Жусанды дала» атты повестімді қосып, бір кітап етіп Шынжаң халық баспасына өткізген едім. Кітап 9 айдың аяғында шықты, мен романымның тағдырын білмек болып Тәліпбай ағаның кеңсесіне бардым. Ол кісі романымды редакциялап отыр екен. Сәлемдескен соң, жылы жүзімен мейірлене қарап:
– Шәміс, жақсы келдің, романыңды редакциялап болайын деп қалдым, аз күнде баспа заводына өтеді. Жақсы жазыпсың, қызығып оқыдым. Кітап оқырманы көп болары сөзсіз, – деді.
Тәліпбай ағаның мені ағынан ақтарыла қолдауы ерекше ағалық ізгілік екенін көрсетті. Бұл мені қатты қуантты.
Тәліпбай ағаның тағы бір кереметі – қайсы орынның адамы болса да, еңбегі жанып, сыйлыққа ілінгендердің табысына шын жүректен қуануында еді. Басқалардың еңбегіне қызығып, қолдап, қуанышына ортақтасатын ізгі ниетті адамдар нағыз адам деп айтуға болады. Тәліпбай аға дәл сондай жан еді. Солшылдықтың соққыларына ұшырап, зиян шексе де, басқалар үстінен шер төгіп көрмеген жан еді.
Мен Тәліпбай ағаны 1980 жылдардың басынан танысып, өмірден озғанға дейін бір туған аға-бауырдай жақын араласып өттім. Сол арқылы, нағыз адам сирек туады екен-ау деп түйсіндім.
Тәліпбай ағаның жұбайы Гүлниса жеңгеміз – өмір бойы өнер мен кәсіпте жанқияр қолдаушысы, адал жары, балаларын бағып, ержеткізген мықты тірегі болды. Мен оларға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!
Шәміс ҚҰМАРҰЛЫ














