Аспан таудың ұланы

Аспан таудың ұланы

Кіндігімді байлаған қазығым-ай,

Сен болмасаң бұл жерге келмес едім.

М. Мақатаев.

 

Адамның жастық шағы өткен жерде жарты жүрегі қалады.

Рахымжан Отарбаев.

 

 

Қазақ тілі  ғылымына арналған ғұмыр

 

Атақты күрескер ақын Жұбан Молдағалиев қылышынан қан тамған кеңестік империяның кезінде-ақ «Мен қазақпын – мың өліп, мың тірілген» деп жырлаған жоқ па еді?!

Ал, «Қырық неше мемлекетте қазақ бар» деп Қайрат ақын, Алтайдың ақиық айтыскер ақыны Қайрат Құлмұхамметұлы жырға қосқандай, сол мың өліп, мың тірілген қазақтың дені Алтай мен Алатаудың, Тарбағатайдың арғы беті, Іле мен Ертістің арғы жағында, яғни бүгінгі адреспен әдіптесек, Қытай Халық Республикасының батыс өңірі есептелетін шекарасы Қазақстанмен шектескен Шыңжаң провинциясына қарасты Іле қазақ автономиялы облысының үш аймағына – Іле, Алтай, Тарбағатай аймағына және Бұраталға (Бұратала облысы) мен Санжы облысында құмды аймағында өмір сүріп жатыр. 

Бейресми деректерге сенсек, онда 2,5 миллионға жуық қандас бауырымыз бар. Демек, олар қазақтың мәдениетіне, руханиятына, ғылымына, демографиясына үлес қосып жатыр. Онда қазақ интеллигенциясының үлкен бір шоғыры бар. Әне, сол Шыңжаңдағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерінің бірі, қазақ тіл ғылымының басында тұрған санаулы ғана үш-төрт ғалымның бірі – лингвист, филолог, аудармашы, профессор Әлімсейіт Әбілғазыұлы.

Бұл кісіні мен жасөспірім шағымнан білемін. Мектепте оқып жүрген кезімізде қазіргі тілмен айтқанда біздің кумирімізге айналған сол 1980 жылдарда біздің ауылда үлкен шаһарда оқитындар, онда қызмет істейтіндер де тым аз еді. Мұнда ғой оқыған қазақ баласының көбейгені. Біз қалада қызмет істейтіндердің (салыстырмалы түрде) Әлімсейіт Әбілғазыұлы, Ынтымақ Болатбайұлы, Бек Тойекеұлы, Серік Нұғыман, Думан Аман секілді ағаларымызға қарап бой түзедік. Өлке орталығы Үрімжіден 1000 шақырым шалғайдағы шекара аудандағы кішкентай ғана қазақ ауылының (Алматы облысының Райымбек ауданы, Нарынқолмен шектесетін) мектеп оқушысы үшін Бейжің мен Үрімжіде оқу қол жетпес арман сияқты көрінетін. Рас, енді есейген шағымызда өмір дейтін асау өзеннің ағысы мені өмірдің басқа арнасына салып жіберді де, үлкен шаһарда оқу біздің пешенемізге бұйырмапты. Тек содан көп кейін ғана Шыңжаң университетінің сырттай оқу бөліміне түсіп оқығанымыз болмаса, бұл университетте сонау 1950 жылдардың ішінде біздің ауылдан көрнекті әдебиетші ғалымдар Шыңжаңдағы қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары Тілеужан Сақалов пен Тәліпбай Қабаев (1952-1954 жылдары) содан сәл кейін менің анам Іле өңірінен шыққан әйел мұғалімдердің бірі, ағартушы, ұстаз Мейрамхан мұғалім де (Көжекбаева Асылбекқызы), біздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мүтән Нұрсейітұлы да оқыған екен (1957-1959 жылдары). 

Кейіпкерімізді бала кезімнен жақсы білетінім, әкесі менің әкеммен дос, ағайын болды, ескі көздер болатын. Әлімсейіт Әбілғазыұлы деген есім бізге алдымен аға, сонан соң тілші, ғалым, ұстаз ретінде таныс болды. Әкесі Әбілғазы ақсақал өткен ғасырдың (ХХ ғасыр) қырқыншы жылдары сол тұста билік жүргізген Гоминдаң үкіметінің жергілікті билік орнында (Іле Гоминдаң губерниясы) қызмет етіп, жастай атқа қонған. 1949 жылдан кейін жаңа Қытай үкіметі орнаған соң да аттан түспеген. Елдің қоғамдық, әлеуметтік өміріне белсене араласқан ел ішіндегі беделді, зиялы азаматтардың бірі болған. Мұнда ғана тоқсан жастың ортасына таяп өмірден өткен қадірлі қарияның барының үлкені де, серкесі де осы Әлімсейіт аға. 

Әлімсейіт Әбілғазыұлы тышқан жылы 1960 жылдың 15 қаңтарында Шыңжаң провинциясының (ШҰАР) Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Мұңғылкүре ауданының (Өртекес) Көлбұлақ ауылында туылған. Туған ауылында 8 жылдық мектепте оқып, сонан соң аудан орталығындағы қазақ орта мектебін тамамдаған соң бүкіл Қытай бойынша тұңғыш рет ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, Шыңжаң университетінің филология факультетіне филолог-аудармашы мамандығына оқуға түседі. Бұл 1978 жылдың күзі болатын. Осы жерде айта кетерлік бір жәйт, болашақ лингвист-ғалым, ұстаздың балалық шағы Қытайдағы аты шулы Мәдениет революциясына (1966-1976 жж.) дөп келді. Мектептерде сабақ тоқтаған, мәдени ағарту ошақтары түгелдей жабылған, экономика тоқырап, оқыған зиялылар «сасық тоғызыншы» саналып, ғылым мен мәдениет құлдыраған заман болды. Елдің бәрі стил дұрыстау, оңшылдарды әшкерелеп, сын тезіне алумен айналысып кеткен. Бірақ, туада зерек, әкеден алған өнегесі бар зерделі жасөспірім оқу мен білімнің қадірін ерте сезінді. Өздігінен үйренудің арқасында мектепте оқытылатын негіздік пәндерді толық меңгерумен бірге кітапты өзіне серік етті. Кейін 1970 жылдардың соңында билікке ұлы реформатор Дэн Сяопин келген соң ғана заман оңалып, ғылым мен білімге, зиялыларға көңіл бөлінді. Ғылым мен мәдениеттің жаңа көктемі басталды. Әбілғазыұлының Шыңжаң университетіне оқуға түскен кезі осы кез болатын. Білімге сусап келген жас талапкердің алдынан шыққан үлкен асу – қытай тілі болды. Бір жылға жетер-жетпес уақытта ол өткелден де өтіп, қытай тілінің негіздік білімдерімен бірге аударма өнерін де меңгере түсті. 

Қазіргі қазақ тілі қытай тілінің негіздері, қытай тілінің грамматикасы, қытай тілінің  аударма негіздері (практикасы мен теориясы), көркем аударма өнері, ауызша аударма өнері сынды негіздік пәндерді тереңдете оқыған төрт жылдық студенттік өмір оны кәсіби маман ғана емес, жан-жақты тұлға етіп қалыптастырды. Бұл Гн Шмин, Әуелхан Қалиұлы секілді ұстаздардың өнегесі болатын. Сонымен, 1982 жылы оқуын қызыл дипломмен тамамдаған жас маманды факультет басшылары Аз ұлт тілдері факультетінің қазақ тілі кафедрасына оқытушылыққа алып қалады. Содан басталған ұстаздық жол оны үлкен өмірге әкелді. 

Шәкірт тәрбиелей жүріп, өзі де жалғасты білімін жетілдірді. 1987-1988 жылдары атақты Бейжің университетінде дүниеге әйгілі түрколог, лингвист-ғалым Гың Шымин профессорға аспирант бола жүріп, лингвистика және қытай филологиясын зерттеумен айналысады. 1992-1993 жылдары сондағы шет тілдерін оқыту және зерттеу орталығында шетелге шығып оқитын аспиранттарға арналған шет тілдер курсынан орыс тілін үйренеді. Бірақ, сол кезде Қытай Ресей арасындағы білім саласындағы белгілі-белгісіз себептерге байланысты сол жылғы Ресейге шығып оқитын аспиранттар тұтастай дерлік аспирантураға қабылданбай қалады да, тағы сол Бейжің университетінде оқуын жалғастырып, жаңағы аға Гың Шымин профессордан дәріс алады. 

Өзінің саналы ғұмырын қазақ тілі  мамандары  мен филолог-аудармашы, лингвистерді, тілшілерді, қазақ тілі әдебиетінің мұғалімдерін (оқытушыларын)  тәрбиелеуге арнаумен бірге қазақ тіл білімін оқыту мен зерттеуге арнады. Ол Қытайдағы қазақ тіл ғылымын түбегейлі зерттеген  әрі осы қазақ тілі ғылымының басында тұрған санаулы үш-төрт ғалымның бірі. Ғалым, ұстаз оқыту мен зерттеуді қатар алып жүрді. Құстың қос қанаты секілді оқыту мен зерттеу оның қос қанаты болды. Қырық жылға созылған осыншалық уақыт аясында ол жүздеген шәкірт тәрбиеледі, неше ондаған оқулықтар мен монографиялар жазды. Мемлекеттік ғылыми тапсырмаларды жасады және оған жетекшілік етті. 

«Қазақ тілі, әдебиеті» (6 кітап), «Қазақ тілі, әдебиеті оқытушыларға арналған оқу құралы», «Орта мектептерге арналған ағылшын тілі оқулығы» (4 кітап), «Қытайша-қазақша тілашар» (3 кітап), «Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған қытай тілі оқулығы» (12 кітап), «Қытай тілінің қазақша аудару курсы» (2 кітап), «Қытай тілінде оқитын студенттерге арналған қазақ тілі оқулығы» (2 кітап), «Қазақ тілінің фонетикасы» (лингвистикасы, грамматикасы), «Қазақстанның ХХ ғасырдағы оқу реформасы» сынды 50 шақты оқу құралдарын жазумен бірге, «Тіл ғылымының негіздері» (1998 жылы), «Қазақ, қытай тілдерінің лингвистикалық мәдениет негіздері», «Қазіргі қазақ тілі» (бас автор 2010 жыл), «Қазақ тілінің фонетикасы» (лингвистикасы, грамматикасы), «Қазақ тіліндегі кірме сөздердің тарихы және төл дыбыстарының құрамы» (қағидалар, өлшемдер, жобалар), «Қазақ тілінің қолданылмалы сөздігі», «Компьютерлік ғылыми терминдердің қытайша-қазақша-ағылшынша сөздігі» (2024 жылы Бейжің) сынды іргелі еңбектерді жазды және құрастырып баспадан шығарды. Студенттер мен аспиранттарға қазіргі қазақ тілі, қытай, қазақ тілдерін салыстыра зерттеу, қытай, қазақ тілдерінің лингвистикалық мәдениет негіздері, қазақ тілінің даму жолдары, қытай тілін қазақ тіліне ауызша аударудың теориясы мен практикасы туралы лекциялар оқыды. Соңғы бірнеше жылда қазіргі қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру мәселесін зерттеу, қазақ тілін компьютерде қолдану (цифрландыру мәселелерінің басым бағыттары) тақырыптарымен мемлекеттік ғылыми  тапсырма негізінде зерттеумен айналысты. Ол бүкіл қытайлық және халықаралық ғылыми-практикалық үлкен конференцияларда биік мінбелерден баяндама жасады, лекция оқыды. Елімізде жиі болып, қазақстандық тілші ғалымдармен шығармашылық байланыста болды. Осының артында профессор ғалым-ұстаздың күнделікті оқыту мен зерттеуден сыртқы басқа да қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарда жүріп, қаншама демалыс күндері мен ұйқысыз түндерде сарыла отырып жазған машақатты еңбек, қажыр-қайрат жатыр. 

 

Ат байлар  алтын қазық

 

Мұнда Әлімсейіт Әбілғазыұлын білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Біздің бұлай дейтініміз, елден келген ағайынның (таныс, бейтаныс) өлке орталығына келгенде іздейтіні осы кісі. Ағайынның ат байлар алтын қазығы. Қашан көрсең, ылғи да елден келген ағайынның қамын қамдап, мұңын мұңдап жүргені. Елдегі таныс, бейтаныс ағайынның біреуі үлкен шаһарға дәрігерге емделуге келсе, біреуі жоғары жаққа арыз-арманын арқалап келеді, біреуінің ұл-қызы оқуға түседі, енді біреулері сырттай оқуға тапсырады дегендей, елге ағайынның ішіне барса да сол ағайынның өтініш-тілектерін орындауға тырысады. Онсыз да университеттегі оқыту мен зерттеу ғылыми сапарлар  бір басына мың сан шаруа.  Солай бола тұра ағайын, бауыр-туыстың бәріне өзінің хал-қадірінше қол ұшын беруге, қамқор болуға бар. Сүйсінбеске, таңғалмасқа шараң жоқ! Мұндай бауырмал, қамқор ағаның алыс-жақын, таныс-бейтаныс ағайынға, іні-бауыр, дос-жаранға жасаған жақсылығын санап тауысу және оны ұмыту мүмкін емес-ау! Және сол жасаған жақсылығын ешкімге де бұлдамай, міндетсімей, риясыз көңілмен жасайтыны, сірә, адамгершілік пен адалдық осындай болар. Бұл менің геройымның адами болмысы. Ол ең алдымен туған жерге тамырын терең байлаған, қазақы болмысын жоғалтпаған, ауылдан, елден қол үзбеген көпке үлгі, елге сыйлы азамат. Бүгінде біреуге аға, біреуге әке, біреуге ата, ел мен әулеттің тірегі, ат байлар алтын қазығына, арқа сүйер асқар тауына айналған тұлға. 

Атажұрттан жырақта жүрген жаны жайсаң ағаны, үлкен жүректі азаматты әр сәтке ойлаған сайын Аспан таудың арғы бетіндегі Іленің арғы жағындағы өзім туған өлке елестейді. Ұлы Мұқағали ақын: 

«Кіндігімді байлаған қазығым-ай!

Сен болмасаң, бұл жерге келмес едім» деп жырласа, менің Нұрлан ағам, қазақтың тағы бір шың ақыны Нұрлан Оразалин кеше ғана: 

«Шекараның ар жағы да біздің жер,

Шекараның бер жағы да біздің жер» деп жырлады атақты «Шекара» өлеңінде. Жүрегіңді сыздатып, көңіліңді толқытады, көзге жас келтіреді. Иә, шыңдары аспанмен таласқан Аспан тау мен толқыны жағаға ұрған асау Іленің арғы бетінде бір жерде туып, бір жерде кіндік қанымыз тамған, кіндігіміз сонда байланған аға-бауырға, асыл ұстазға, сонда қалған елге сәлем ретінде Нұрлан ақынның сол өлеңін жолдасақ. Іні досыңыздың сәлемін қабыл алыңыз, аға!

 

Сержан СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,

Алматы облысы, Талғар қаласы

 

Шекара

 

Нұрлан Оразалин

 

Шекараның ар жағы да – біздің жер, 

Шекараның бер жағы да – біздің жер. 

Алтай менен Тәңіртауды бойлатып, 

Батыс! Шығыс! Қалай қиып, үздіңдер?! 

 

Шекараның ар жағы да – елік-қыр,  

Шекараның бер жағы да – елік-қыр. 

Ой жеткенмен, тіл жетпейді айтуға, 

Бәрін, бәрін көз-көкірек көріп тұр. 

 

Шекараның ар жағы да сол бір ән, 

Шекараның бер жағы да сол бір ән. 

Көдек пенен Таңжарықтың сол мұңы 

Көкті кезіп, безілдейді домбырам... 

 

Мың-мың тұяқ солқылдатып шапқандай, 

Қыран-сезім көкке қанат қаққандай; 

Бабалардың ұлы көші беймәлім,

Ғарыш жаққа ұзап бара жатқандай... 

 

Шекараның ар жағы да – шырғанақ, 

Шекараның бер жағы да – шырғанақ. 

Екі белдің төбесінен екі қарт 

Етектегі көк өзенге тұр қарап... 

 

Шекараның ар жағы да – қара орман, 

Шекараның бер жағы да – қара орман. 

Үйсінтаудың қараяды шоқысы, 

Кешкі ертегі – көшкен дәурен, бәрі арман. 

 

Шекараның ар жағы да – от, құрақ, 

Шекараның бер жағы да – от, құрақ. 

Аспантаумен барады ұшып қаз, тырна... 

Ал, дүние-ай! Қу көңілде жоқ тұрақ... 

 

Шекараның ар жағы да – біздің ел, 

Шекараның бер жағы да – біздің ел. 

Сайрам көл мен қайран белдің арасын 

 

Аңыратып соғады бір күзгі жел... 

 

 

Ағамыз барлық ғылыми  қауымдастыққа танымал ғалым

 

Әлімсейіт Әбілғазыұлы Қытай Халық Республикасындағы Шыңжаң университетінің белді оқытушысы, сол өңірдегі ғана емес, жалпы қазақ тілін зерттеуші барлық ғылыми қауымдастыққа танымал ғалым десек артық емес. 

Әлімсейіт аға елдегі қазақ тілтанушылары үшін ғылыми салмақты еңбектері, зиялы шәкірт тәрбиелеуі, тіл қойнауындағы ұлы дүниеліктерді зерттеуі арқылы Қытайдағы қазақ ирредентасының ана тілін сақтауға ғана емес, сонымен бірге  жалпы қазақ тіл білімін дамытуға үлес қосып жүрген еңбекқор ғалым. 

Әлімсейіт ағамен 2000 жылдардың басында Шыңжаң университетіне ғылыми іссапар барысында танысқан едік. Сол кезде ол кісінің адамдық келбетін  таныдық, бауырмашылдығы мен жанашырлығын көрдік. Бүгінгі күні Шыңжаң университетіндегі, жалпы Қытай Халық Республикасындағы қазақ филологиясының дамуы мен қазақ лингвистикасының жаңа бағыттарының қалыптасуына еңбек сіңіріп келе жатқан Әлімсейіт аға қазақ тілін тек өз ішінде ғана зерттеп қоймай, оны қытай, орыс, ағылшын тілдерімен салғастыра да қарастырады. Ол кісінің теориялық  зерттеулері лингвист ғалымдардың кәдесіне жараса, ал қытайша-қазақша-орысша-ағылшынша лингвистикалық терминдер сөздігі, компьютер ғылымы терминдерінің қытайша-қазақша-ағылшынша сөздігі мен ханзуша-қазақша-орысша тілашарлары бұл тілдердің практикалық қолданысын жетілдіруге де үлес қосып отырған маңызды еңбектер болып табылады. 

Әлімсейіт ағамыздың аман-есен жүруіне, шығармашылық шабытының сарқылмауына, қаламының ұштала беруіне тілектеспіз. Бұл тілектестікті өз атымнан және қазақ тілін зерттейтін қара шаңырақ Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының атынан да білдіріп отырмын.

 

Анар ФАЗЫЛЖАН, 

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы 

 

Тіл білімі институтының директоры 

 

 

 

 

31.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 14065
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 12879
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 16139
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 15043
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 20091