Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда

Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда

Бұл  Сыр  өңірі  еңбеккерлерінің  ұраны  десе  де  болады

«Ауыл аманаты – ел аманаты»  атты  «Аманат» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі,  ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Қызылорда облысында

 

Көшкен керуен тәрізді аспандағы ақша бұлттар тіркескен қалпы оңтүстікке қарай жылжып ұшып, ыстығы басылған күннің көзі біртіндеп ашыққа шығып, жылы шырай нұрын шаша бастаған шақ еді. Таң атар-атпастан Семей пойызымен Қызылордаға келген «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлымен бірге жұмыс жоспарына сай іске шұғыл кірісіп кеттік. Ауыл экспедициясының ауылдарды аралау мақсатымен облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановпен біраз әңгімелестік. Сыр елінің бүгінгі таңдағы атқарып жатқан жұмыстарымен таныстық. Сонымен бірге облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев бізді жылы шыраймен қарсы алып, өзінің қызметтік көлігін экспедиция мүшелерінің қарамағына бір аптаға беруге әзір екенін, бірақ «алтын күз» мерекесінің бірер күнде болатынын айтты. Басшының ниетіне риза болдық. Есесіне, экспедиция құрамына басқармасының жауапты қызметкері Нұрсұлтан Ақылбековты қосты.

Сырдария  ауданында Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді

 

Алдын ала жасалған жұмыс жоспарына сәйкес экспедиция Сырдария ауданының Бесарық ауылына бет алды. 

Халықтың санасында, елдің көкірегінде «берекелі Бесарық» аталып кеткен бұл елді мекеннің құрылғанына 70 жылдан асқан. Бұл өлкенің жазы тым ыстық, қысы жел-құзды суық болып келеді. Ауылды айнала жыңғыл, жиде, шеңгел тоғайлары қоршай орналасқан. Жаз шыға бұл бұта ағаштары гүлдеген кезде, далаға ерекше сән береді. Негізінен қамыс тоғайлары ашық жерлерде қызылмия, жантақ, өлең сияқты құнарлы шөп көп өседі. Сонымен бірге, торғай оты, арысхан, ылғалды жерлерде атқұлақ, ажырық, жалбыз сынды емдік шөптер көп кездеседі. Шынында да ауыл Жаңадария өзенінің жағасында тұрған тал-дарақтары көрікті ауыл. Ауылдың айбатын ашып тұрған бір ерекше құбылысты айтпай кетуге болмайды. Ол – ауылдың кіреберісіндегі «Бұқартөбе» құмы. Ежелгі Жібек жолы бойында орналасқан кезінде құм даланың «маягы» қызметін атқарған. Әрі патшалық Ресей кезінде керуеншілер жиналған. «Мұңайтпас» аталатын алқап малға жайлы жайылым, қазақ зиялылары Лапиндер өсіп-өнген құнарлы өңір. Мұңайтпас (1835 ж.) болыс, би болған. 1903 жылы «Хан ағаш» деп аталатын балалар оқытатын мектеп ашқан. Ақ патшадан күміс медаль алған (1906 ж.), Анна лентасымен марапатталған Серәлі Лапин – қоғам қайраткері Санкт-Петербург университетінің (1891 ж.) заң факультетін бітірген. Ләтипа Лапина – сән және қолданбалы өнер шебері. АҚШ Президенті Ф.Рузвельтке бүкіл жасауымен қазақы ақбоз үйді сыйға тартқан.

 

Жеті қыздан құралған «Сыр сұлуы» деп аталатын күрішші комсомол-жастар бригадасы – осы ауыл түлектері. Ауылда кездесу кешін өткізген композитор Шәмші Қалдаяқов осы қыздарға арнап ән шығарып, ақын Зейнулла Шүкіров өзін жазған, сол кеште «Сыр сұлуы» әні дүниеге келді. Сондай-ақ, ауылда колхоз басқармасы мен партия ұйымы «Коммунизм жолы» атты газетін шығарған. Ауыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін жетістіктер мен кемшіліктерді жазған газет халықтың сүйіктісіне айналған.

Өсіп-өркендеген, болашағы кемел ауылды көрсетіп, таныстырған Сырдария ауданы әкімінің орынбасары «АМАNАТ» партиясы аудандық ұйымының атқарушы директоры Еркебұлан Жақып және ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаевтар ілкімді ілгерілеудің нәтижелі жұмыстарын тілге тиек етті. Инвестордың игілігін көріп отырған ауыл жұрты «Абай-Дәулет» ЖШС-нен оның басшысы Мұрат Сәрсенбаевқа риза. Өйткені, ол он шақты жылдан бері 1,5 млрд теңге инвестиция құйған. Жақында өндірістік орталық ашылып, оған «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы мен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несие алып, кәсіп бастаған ауыл тұрғындары орналасты. Солардың бірі – нан өндірісін жолға қойған Гүлмира Смағұлова. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 7 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Осындай орталық салып жағдай жасалған ел азаматтарына алғысы шексіз.

Ауылдан шығатын сабын, қолғап, пластикалық ыдыстар мен шұлықтарға өзге өңірлерден де тапсырыстар түсіп жатыр екен. Ауыл тұрғыны Жарқын Сапарғалиұлы инвестициялық орталық көмегімен тың кәсіп бастаған жанның бірі. Осыдан екі жыл бұрын келіншегі екеуі ою-өрнек басып шығару арқылы ойласып, біраз ізденіпті.

Мұнан әрі экспедиция мүшелері Сырдария ауданының әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаевтың қабылдауында болып, жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен ой өрбітті.

Сырдария – облыс орталығымен іргелес жатқан іргелі аудан. Халқы жөнінен өзгелерден аз болғанымен, елі байсалды, бай, тірлігі түзу ауданның бірі. Сыр күрішінің басым бөлігі осы ауданға тиесілі. Еңбексүйгіш елдің бір ерекшелігі осында. Өткен жылы аудан әкімін халықтың өзі сайлап, елдің зор сеніміне ие болған Берік Сәрменбаев қайтадан аудан тізгінін алған. Жаңа кезеңнің жауапкершілігі зор екенін сезіне білген ол қабылдау соңында экспедиция мүшелеріне ауданның 95 жылдығына арнап шығарылған мерекелік медальды кеуделеріне тақты.

Жалағаш ауданында 

 

Сыр елінде  астық бітік өсті

Кезінде «Күріш фабрикасы» атанған Жалағаш ауданының үстінен халықаралық теміржол магистралі, автожолмен қабаттасып жарыса Сырдария өзені ағуда. Осы ауданға келген экспедицияны аудандық «АМАNАТ» партиясының атқарушы директоры Қаншагүл Мұстафаева қарсы алды. Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовпен кездесу өткіздік. Айтуынша, биылғы күз жалағаштықтар үшін ризығы мол, берекелі, мерекелі күз болыпты. Жыл қорытындысымен аудан агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізіп, «Үздік аудан» номинациясына ие болған. Әрине, «бір бас бидай артық шықса – ел несібесі» деп, бұл қуанышқа біз де ризашылығымызды білдірдік. Киелі өңірді елім деп маңдай терін төгіп, еңбек еткен азаматтарға кенде емес.

Биыл 19800 гектарға күріш егіп, оның әр гектарынан 60,5 центнерден барлығы 1397000 центнер өнім жинады. Өңірдегі шаруашылықтардың техникаларын жаңарту жұмыстары да ұдайы назарда. Өйткені биыл 1,6 млрд теңгеге 26 дана ауылшаруашылығы техникалары алыныпты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш әрі Сыр маржанын төкпей-шашпай жинап алуға мұның септігі мол.

Аймаққа танымал кәсіпкер, «Ер-Әлі» ЖШС-нің төрағасы Әліби Бекжанов егілген күріштің әр гектарынан 80 центнердің үстінде өнім алып, облыстың озат егін шаруашылығы номинациясын иеленіпті. Шаруа қожалығы тек күріш егіп отырған жоқ, шаруашылығын әртараптандыруда алғаш қолға алғандардың бірі. Үш жылдан бері алма бағын жайқалтуда, бал татыған алмасы жоғары сұранысқа ие. Одан бөлек картоп, сәбіз, қауын-қарбыз тағы бар.

Экспедиция аты елге танымал, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаевтың ауылы – Таңды аралады. Алып «Диқан ата» күріш зауытының жұмыс процестерін көзбен көрді. Айтулы азамат басқаратын «Таң ЛТД» ЖШС биыл облыстағы «үздік тұқым шаруашылығы» номинациясын жеңіп алыпты. 

Кештете Аққыр ауылына бет алдық. Ауа-райы өзгерген, сәл салқындық бар. Аспан ашық. Күре жолдан бұрылып, тура жолға шыққан тұлпар жүйтки жөнелді. Қарсы алдымыздан жаңа туған ай шыға келіп, жарқырап тұрып алды қозғалмастан. Жатысы өзіне жайсыз болғанымен, шаруаға жайлы болады-ау деп ой өрбіттік. Ай сәулесінің жарығында, табиғат құшағына еніп, өткен-кеткенді сөз еттік. Әп демей-ақ, Аққырға жетіп Нұртай ініміздің шаңырағында болып, дастарқанынан дәм таттық. 

Түн жарымы болғанша Қаппар аға бастаған ақсақалдар болып түйткілді мәселелерді ортаға салып, оны шешудің тиімді жолдары сөз болды. Ресми болмаса да, мұның экспедицияға тигізер, құнды пікірлері де баршылық.

 

Қармақшы ауданында

 

«Тұлпары озған елдің тайы да озар»

 

Біз Аққырдан шығып, Қармақшы ауданына бет алғанда күн ұясынан енді-енді көтеріліп келе жатқан. Туған ауылының ақша бұлттары да Ертай баласын сағынып қалғандай көшкен керуен секілді тіркесіп, машинамызбен жарыса бастады. Күннің көзі біртіндеп ашыққа шығып, жылы шырай нұрын шаша бастады.

Қармақшы ауданы әкімі Жандос Еркінбектің қабылдауында бізбен бірге аудандық «АМАNАТ» партиясының төрағасы Әділ Қошалақов, атқарушы директордың міндетін атқарушы Арман Төлепов болды. Әкім ауданның тыныс-тіршілігі туралы, қол жеткен жетістіктерін де тілге тиек етті. 

Ауданның аумағы батысында Арал теңізіне, шығысында Орталық Қазақстанға дейінгі алқапты, оңтүстігінде Қызылқұм, солтүстігінде Қарақұм шөліне дейінгі жерлерді қамтиды. Сондықтан тарихы да тым тереңде жатыр. Өйткені аудан бойынша еліміздің жалпы ұлттық қасиетті нысандары Қорқыт атаға арнап салынған ескерткіштер кешені еніп, Баланды кесенесі, Жетіасар археологиялық кешені, Марал ишан және Қалқай ишан кесенелері мен Байқоңыр ғарыш айлағы бар. Сыр сүлейлерінің үлкен жыраулық мектебі қалыптасқан. Кейбір деректер бойынша 1904 жылы Орынбор-Ташкент теміржолының іске қосылған кезінен жергілікті жерден жоса бояуы алынатын бояулы тастардың көптеп шығып жатуына байланысты сол төбелердің атымен стансаны «Жосалы» деп атаған.

Сыр маржанын мәпелеп, төрт түлігін түлеткен Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалы жыл өткен сайын дамып, жақсарып келеді. Жылдан-жылға егіс көлемінің азайғанына қарамастан алынатын өнім де еселене түскен. Биыл да аудан үздіктер қатарынан көрінуі – игі істің нәтижесі. Аудан экономикасына инвестиция тарту мәселесі де оң шешімін тауып жатыр. Аудан әкімдігі тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікке кең қолдау көрсетілу үстінде.

Жосалы кентінің қақ ортасында нәпақасын адал еңбегімен тауып жүрген ерлі-зайыпты Дәуірбек, Алма Жәбековтер үй сыртын әшекейлеумен айналысады. Кепілге қойған мүлкінің банк бағалауымен 3 млн теңге алыпты. Олардың айтуынша, несиені ертерек жабатын болса, алдағы жылы мұнан да жоғары несие алмақ ниетте. Бұл –  «Ауыл аманаты» жобасының шарапаты.

Жосалы кентінен таяқ тастам жердегі Дүр Оңғар ауылындағы «Гүлмира тәттілері» атты шағын цехтың жұмысы атына заты сай. Жұртшылық риза. Ғалымжан Шәкібек «Ауыл аманаты» бойынша 7 млн теңге көлемінде несие алып, еңбек етуде. Ал, Ақжар ауылындағы наубайхана ашу ниетінде жүрген кәсіпкер Гүлмира Пірімжанова 2 миллиондай несие алғанымен, жұмысын кеңінен өрістетуге кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселені жеткізді. Ол кепілсіз несие берілгені жөн екенін айтты. Ал, банк талабы қатты.

Газоблок құюды қолға алуды кәсіп еткен Төребек Боранбаевтың талпынысы жақсы. Алған несие көлемі 2 млн теңге. Қорқыт ата кешенінде болып, аралап, бабаның қобыз үнін жүрегіне құйған экспедиция Қазалы ауданына жол тартты. 

Қазалы ауданында 

 

Ердің баласы – елдің панасы

 

Ауыл экспедициясын ауданға кіреберісте аудандық «АМАNАТ» партиясының атқарушы директоры Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Сапарбек Болатовтар жылы шыраймен қарсы алып, аудан әкімінің қабылдауына бастады.

Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет, бұдан бірер жыл бұрын бұл қызметке облыс әкімінің орынбасары лауазымынан тағайындалған болатын. Басшыға ауданның тыныс-тіршілігі, проблемалары бұрыннан етене таныс. Аудан тұрғындарының мұң-мұқтажын толғандырған мәселелері аз емес. Жаңа әкім қызметке тағайындала салысымен өз жұмысын ауданның елді мекендерін түгел дерлік аралап, ауыл тұрғындарымен кездесуден бастаған. Мейрамбек кездесуде барлық арызды мұқият тыңдап, бойына біткен қасиеті бойынша кейбірін жөпелдеме бірден шешіп, бірге еріп жүрген бөлім басшыларына мәселелерді реттеуге тапсырма берді.

Аудан бюджетіне қосымша қаражат бөлуге де қол жеткізді. Ауданнан сайланған облыстық мәслихат депутаттары бұл шаруаларды шешуге әсер етті. Міне, істің қыр-сырын жетік білетін білікті басшы көп ізденіс пен іскерліктің нәтижесінде біршама табысқа қол жеткізді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны біршама өсіп, жергілікті бюджетке түсетін қаржы көлемі едәуір артты. Ауданда жолдарды жөндеу, аудан орталығы мен Қазалы қаласы орталығын аббаттандыруда көп жұмыстар атқарылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында да біршама істер орындалған. Электр жүйелері түгел дерлік ауыстырылып жатыр. Көшелер мен алаңдар жаңартылуда. Көпқабатты руханият орталығы салыну үстінде. Ауызсу мәселесі толық дерлік шешімін тапқан.

Осындай күрделі мәселелер төңірегінде сұхбат берген аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің қабылдауынан соң серпіліспен келесі нысанға аттандық.                       

Ол «Рза – Асыл түлік» ЖШС деп аталады. Жалпы, «Рза – Асыл түлік» компаниясы – өз өнімдерімен Қазақстанға, тіпті шетелге де белгілі ұжым. Оның басшысы – қоғам және мемлекет қайраткері Самұрат Имандосов. Компания – күріш егеді, мал өсіреді, сүт өнімдерін шығарады, құрылысы, қонақүйі т.б. бар. Бұл құрылым жыл өткен сайын көркейіп, жаңарып, жасарып келеді.

Гүлстан Елеусізова – ЖШС-тің бас мал дәрігері. Кешен қазіргі заманғы техникалармен қамтамасыз етілген. Сүт бағытындағы сиырлар Голландиядан әкелінген. Берілетін жүгері, бидай, шөп, су ережеге сай сапалы әрі рационды. Күнделікті бақыланып тұрады. Егер сүт мөлшері сәл төмендесе, ол сиырға медициналық көмек көрсетіледі. Дереу температурасы өлшенеді. Мұның бәрі автоматтандырылған. Бұл сиырлар қолдан ұрықтандырылады, ұрығы Голландиядан арнайы әкелінген. Бұзаулардың 90-95 пайызы ұрғашы болады. Бұзау туылысымен, арнайы орынға оқшауланып, жасанды сүт беріледі. Ол Германиядан, шетелден әкелінген сиырлар ыстыққа шыдай алмайды. Сондықтан жазда желдеткішпен пайдаланып, күніне 3-4 рет салқын сумен шомылдырылады. Сүттің анализдерін Алматыда лабораториядан тексеріп отырады. Жыл сайын 2 реттен голландиялық мамандар келіп, зерттеп, кеңес береді. Таңғалғанымыз – сиыр тағамына кәдімгі қант та қосылып беретіндігі, ішетіні біз ішетін су. Күніне бұл жерден 20 тоннаға дейін сүт сауылып, зауытқа жөнелтіледі. Одан ірімшік, қаймақ, сүт, айран т.б. өнімдер жасалады екен.

Мұнан соң, Жалаңтөс баһадүр ауылын араладық. Онда ауыл әкімі Шоқан Қожантаевтың айтуынша, көне ғимаратты асарлатып жөндеп, «бизнес орталық» жасапты. Онда оқу орталығында Зағипа Құрманай, дүкенде Зұлқар Ұзақова, наубайханада Ержан Елеуовтер жұмыс бастапты. Мұнан өзге компьютер орталығы, бокс секциялары орналаспақ. Мұндағы «адал адам – тәрбие орталығы» да жұмысы жүйелі. Жеті бағытта іс-шаралар өткізіп жатыр.

Ауданда жалпы «Ауыл аманаты» бойынша былтыр 68 жобамен 484 млн, биыл 22 жобаға 122 млн теңгеге несие алыныпты. 

Арал ауданында

 

Өнерлі істе жеміс бар, өрелі істе жеңіс бар

 

Сапарымыз онан әрі жалғасып, Аралға келдік. Бағдарлама бойынша аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевпен кездестік. Ол сұхбат газетіміздің алдағы сандарында жарық көрмек. Бұл лауазымға Аманжол «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директорынан келді. Журналист-ғалым. Осы өңірден сайланған облыстық мәслихатының депутаты ретінде Аралдың проблемалары, тыныс-тіршілігі таныс. Сондықтанда келе сала жарқын жобаларды жүзеге асырып жүр. Әсіресе аудан әкімдігі қолға алған әрбір бастамасының бүгінде ел игілігін көре бастады. Соның арқасында ауданда, әсіресе ауылдық елді мекендерде тұралаған мәселелер біртіндеп шешімін табу үстінде. 

Экспедиция жетекшісі аудандық «АМАNАТ» партиясының ғимаратында өз өтініш бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын күйші Мұрат Сыдықовты қабылдап, көкейтесті проблемаларын тиісті орындарға жеткізуге уағдаласты. 

Арал қаласының тұрғындары ерлі-зайыпты Сардарбек Қазақұлы мен Әсем Төрениязовалар көлік өндірісін зерттеп, компьютер арқылы бояуды табуды қолға алыпты. Ол үшін тұрғындар облыс орталығына баратын. Осы іске бел буып, осы салада машықтанған кәсіпкерлерден кеңес алып жұмыс бастапты. Алған несиесі – 8,4 млн теңге. Көпбалалы ана Жанар Төлебаева 6 млн теңге несие алып, «Карак» атты кондитерлік цех ашып, жұмысын жандандырыпты. Ал, Айгүл Жәрімбетова 6,4 млн теңге несиеге асылтұқымды ешкілер сатып алыпты. Сүтіне тұрғындардан сұраныс көп. Балықшылар музейін аралап, тарих қойнауына сүңгіген экспедиция аудандарға сапарын тамамдап, 500 км-лік Қызылорда қаласына жолға шықты.

 

Қызылорда қаласында

 

«Жайлы мектепте» барлық жағдай жасалған

 

Қызылорда қалалық «АМАNАТ» партиясының атқарушы директоры Гүлшат Мұсаева экспедицияға жаңа құрылыс нысандарын көрсетті. Қызылорда қаласының сол жағалауындағы Iv санатты жылына 5000-10000 донациялық облыстық Қан орталығы жұмысымен танысты. Бас мердігер – СК «Дәнекер» ЖШС. Құны – 2,8 млрд теңге. Неке сарайы – әсем ғимараттың бірі, 1,6 млрд теңгеге салынған.

Экспедиция «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылорданың сол жағалауына  салынған 900 орындық білім ошағында болды.

«Жас ұрпақтың білімі мен оқу-ағарту ісіне барынша көңіл бөлу – мемлекетіміздің ең маңызды міндеті. Биыл өңірдің білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд 100 млн теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,2 пайызын құрады.

Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салынады.

 

Осы жобамен өңірімізде 12300 орынға лайықталған 21 мектеп салу жоспарланған, оның 10-ның құрылысы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру арқылы аймағымыздағы 4 апатты және 3 бейімделген мектептің мәселесі түбегейлі шешімін табады.

Республикалық бюджеттің тікелей қаржыландыруымен, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен, 6 млрд 851 млн теңгеге салынған облыстағы алғашқы 900 орындық «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілді. Бұл ғимарат Қызылорда қаласының сол жағалауы тұрғындарының мемлекеттік мектепке деген сұранысына толық жауап береді.

Білім ордасында шәкірттердің барлық пәнді оқып үйренуіне, ұстаздардың шығармашылықпен еңбек етуіне толық мүмкіндік жасалған. Өскелең ұрпақтың игілігі үшін Жаңақорған, Шиелі аудандарында 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі, «СаутсОйл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты, Шығармашылық-инновациялық орталық, «Білімді қолдау қоры» есебінен физика-математика мектеп-интернаты салынуда. Мектеп-интернат екінші тоқсанда пайдалануға беріледі.    

Сонымен, бір аптаға созылған ауыл экспедициясының облыстағы іссапары аяқталды. Елмен кездестік, пікірлерін тыңдадық, көкірек көзі ашық кісілердің сөздерін, зерделеп ойға түйдік. Елдегілер дәуірдің болашағына сенеді, ал сенім кәміл болса, береке де, табыс та болады. Өйткені, «ел қадірін көрген біледі, жер қадірін жүрген біледі» деген рас болса керек.

...Сыр өңірінің ауа райы құбылмалы. Жаңбыр сәл сіркіреп басылды, күздің азырақ екпінінің өзі жел тұрса азынатып жіберетіні бар. Арқадан соққан салқын жел өзінің өткірлігімен, жұқа киімнен ызғарын өткізіп, тоңдырып, қарашаның да иек астында екенін жеткізіп, ауылдағыларды ойлантып қояды.

Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы
15.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 18
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 564
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 679
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 590
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 601

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8736
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8137
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11366
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9118
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10349