ДАНАЛАР ЖАЙЛЫ ДАСТАН

ДАНАЛАР ЖАЙЛЫ ДАСТАН

тарихи романнан үзінді

ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығарма

 

...Басқа адам Сырлыбайдан ұл туған жоқ,

Нұрқожа айнала ма қайтып қосқа?!

Ешкімнен құртақандай үміті жоқ,

Қылады құр жақсылық, бәрі босқа...

Ерімбет Көлдейбекұлы

 

ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

 

Жанқожа батырдың мыңбасы, би, болыс, осы  айда  туылғанына   205  жыл  толған  Сырлыбай Шабақұлының балалары Нұрқожа, Нұрман болыстардың ұрпақтары.

...Осыдан бірнеше күн бұрын Қазалыға барып оязға есеп беріп қайтқан Нұрқожа болыс бір-екі қонып, ауылына кеше кештетіп келген-ді. Ол өзін жол соғып, әбден шаршап қалғанын енді сезіп жатыр. Таңертеңгі асын ішуге де зауқы соғар емес. Жайлап ішке енген әйеліне: «Мені ешкім мазаламасыншы», – деді. Өйткені үйден шықпай, алаңсыз демалғысы келген. Алайда ой-тұлпар оны жалына  жармастырған күйі, ешқашан жеткізбес шетсіз-шексіз сағымды көкжиекке қарай жүйткіп ала жөнелді. «Опасыз жалған-ай десейші! Алланың бұйрығымен мынау жарық дүниеге келген саналы пенделердің қайсыбірінің өмір бойы ойлап, «халықтың игілігіне қажет-ау» деген кей маңызды істерін орындап кетуіне де мұрсат бермей, ажал құрығына іліндіріп, қайтпас сапар керуеніне ілестіріп жібере саласың-ау! Кеше жер басып жүрген жан бүгін жоқ! Олардың қаншама ақыл-кеңестері кейінгілерге жетпей,    мұқият бастаған әрекеттері аяқталмай, армандары адыра қалды! Қанша әйел жесірлік, қанша бала жетімдік қамытын киді! Әсіресе «елім» деп еңіреген кейбір ерлердің орны бөлек-ті. Сондай ерлердің бірі емес пе еді әкеміз! Даналық сөздерінен сусындап, көрегендікпен атқарған әрекеттеріне енді қаныға бастағанда, бізді белгісіздік құрсауына қалдырып кете барды! Өмір заңы қатал екен ғой...»

Нұрман Сырлыбайұлының шөбересі Бек Ерқанатұлының жанұясы

Ол сан түрлі ойларымен арпалысып, біраз үнсіз жатты. Ақыры, мұндай тыныш өмірге үйренбеген болыс дұрыс демала алмасын сезді. Төсегінен тұрып киінді де, әйелі үй маңында жүрген шығар деген оймен:

– Әй, қайдасың? – деді дауысын көтеріңкіреп.

– Қазір... – деді бәйбішесі сырттан.

Болыс киініп бола бергенде әйелі кіріп келді. Ол отағасының тұрып жатқанын көріп, кереге басына ілінген сүлгіні алып, оның жанына тастады. Сосын, босағаға сүйеулі легенді әкеп алдына қойды. Қоздағы мыс құманның суын алақанына тамызып көріп еді, өте ысқылтым екен. Оң жақтағы қоршау шидің ішіндегі жабулы ыдыстан бір бақырш салқын су алып құманға құйып томыртқалады да, отағасының қолына құйды. Ол жуынып болған соң, дастарқанды әкеп бүктеуін жазды. Сөйтіп, болыстың таңертеңгі асын беру қамына кірісті. Әуелі кешкі астан алып қалып салқындатқан қазы-қарта, жал-жая мен пәтір нанды турап, дастарқанның барлық мәзірі дайын болған соң, екеуі үнсіз отырып шай ішті. 

Асықпай тамақтанып, асқазанына аз-маз «ел қондырған» Нұрқожа:

– Сен қазір Нұрманды шақыртшы. Ақылдасатын бір шаруа болып тұр. Кідіріп қалмасын... – деді.

Сөйткенше, Нұрманның өзі кіріп келді.

– Ассалаумағалай-к-ү-үм! Мені іздеп жатыр ма едіңіз, Нұреке?

– Әләйкүмссалам. Иә, келгенің өте жақсы болды. Ақылдасатын бір шаруа бар. Қане, әуелі таңғы астан алдыр. Сосын сөйлесерміз...

– Ауыз тиейін, жаңа ғана тамақтанып шыққам. Сіз қалада кідіріңкіреп қалған соң, амандық білейінші деп келгенім ғой. Аман-сау барып қайттыңыз ба? Қаладағы ағайындар аман ба екен? Ояз еш жаңалық айтқан жоқ па? – деп, Нұрман қашанғы абыр-сабыр, аңқылдақтау мінезіне басып, сұрақтарды үсті-үстіне жаудырып кеп жіберді.

– Бәрі де аман. Еш жаңалық жоқ... – деді ағасы.

Ол қолындағы кесесін дастарқанға қойып, бата жасады. Сосын, дұға оқыды. Асықпай, жақында ғана қайтыс болған әкесі Сырлыбайдан бастап, атасы Шабақтың, оның бақилық болған аға-інілерінің, ата-бабаларының аттарын атап дұғасына қосты. Алладан тілек тіледі. Бәйбіше дастарқанды жинап болған соң өз шаруаларымен кетті де, ағалы-інілі екеуі оңаша қалды. «Тығыз шаруа шығып қалды ма? Неге іздеді?» дегендей, Нұрман ағасына көз қиығын салып отыр. Ағасы асығатын емес. Шыдамы   таусылған ол:

– Жайшылық па, Нұреке? – деді.

– Жайшылық қой. Айтайын дегенім – әкеміздің басын қарайту жайы...

– Ау, асығатын не бар?! Келесі жылдың аяғына дейін үлгерерміз... – дей бергенде, ағасы Нұрманның сөзін бөліп жіберді.

– Уақыттың көзді ашып-жұмғанша сырғып өте шығатынын білесің ғой. Бізді алда көп жұмыс күтіп тұр. Осы бастан бар ұсақ-түйекке дейін ойласып алмасақ, кейін елдің әңгімесіне қаламыз. Үйтамның құрылысына байланысты атқарылмақшы жұмыстардан бастап, жыл асын қашан, қайда өткізетінімізге, алыс-жақыннан кімдерді шақыратынымызға дейін қағазға түсіріп қоймасақ болмайды. Ең алдымен, ұзатпай шеберлермен кездесіп, әкемнің үйтамының пішімі мен көлемін анықтап қанша кірпіш, қаржы, мал, басқа да шығындар кететінін есептеп алу қажет.

– Иә, шындығында, жұмыс көп екен, – деді інісі. 

– Осыларды нақтылап болған соң сатылатын һәм сойылатын малдарды қазірден бастап арнайы күтімге алғанымыз жөн. Қорымның маңынан келесі жылғы көктемде салынатын кірпіш зауытының орнын қазір белгілеп қояйық. Осынша қыруар жұмысты кейінге қалдыруға бола ма? Сондықтан жылы күзден, яғни ертеңнен бастап кірісейік. Ол үшін, ауылдағы «тапсырылған жұмысқа дұрыс басшылық жасайды-ау» деген аға-інілердің бастарын қосып ақылдасып, ұзамай нақты іске көшуіміз қажет. 

– Иә, шынында, атқарылуға тиіс жұмыстар өте көп екен-ау. Ал, маған қандай тапсырма бар?

– Сен қазір Қарсақ көкемнің үйіне барып, ертең бесін намазынан кейін осы үйде бас қосатынымызды ескертіп кел. Ешқайда кетіп қалып жүрмесін. Ойластыққа кімдерді шақыратыныңды өзің білесің ғой, сонда да көкеммен ақылдас. Үркімбай ініңді шақырушы қыл. Ол түске дейін бәріне айтып, ертең қанша адамның келетінін маған ескерте кетсе дұрыс болар еді.

– Онда мен кеттім...

– Тоқтай тұр. Сол үйден шыққан соң үйіңе бар. Байқадамды шақыртып, екеуің ертең сойылатын малды кешке дейін алдырып қойыңдар. Таңертеңгі жарық түскеннен оларды сойып, жіліктеп, сәскеде қазанға салатын болсын. Түсіндің бе?

– Түсіндім...

– Алайда кешкісін бір соғып кеткенің дұрыс болар, – деді Нұрқожа...

...Ертеңіне ағайындардың кеңесі нәтижелі өтіп, әркім өзі атқаратын істерін айқындап алып, екі-үш күн өткен соң, кейбіреулері жұмысты бастап жіберген. Осылайша, олар Нұрқожаның ең алғашқы арманына қол жеткізетін жолға аяқ басты. Оның арманы – саналы ғұмырын халқының азаттығы мен әділдік жолына арнаған, сол жолда талай тауқымет пен қиындықтарға төзе жүріп бақиға аттанып кеткен әкесі Сырлыбайға ұрпақтарға үлгі боларлықтай құрмет көрсетіп, есімін тарихта мәңгі қаларлықтай үлкен мазар салдыру еді.

Іске ең алғаш боп кіріскен Нұрман мен немере інісі Үркімбай осыдан он күндей бұрын Қазалыға кеткен. Қазір олар қаладан өздері ертіп келген төрт адаммен бірге болыстың дастарқанында отыр. Түс ауған кезде келген қонақтар ас ішіп болып, енді болашақта атқарылатын жұмыстардың жайына көшкен. Олар әңгіменің тоқетер тұсына келгенде, қаладағы ең белгілі татар саудагері Ғани байдың керуен сарайы мен үйінің құрылысын басқарған көк көз, мосқалдау тартқан Зейнаддин:

– Қадірменді волостной мырза, істі ертерек қолға алғаныңыз дұрыс болған, бит. Потому что, бизгә һәм сизгә дайындалуға куп вахит кирәк, бит. Особенно, жоба жасауға, чертеждар сызып, ақшасын исәптеуге екі-үш айдай вахит китәді, бит, шолай бит, – деді қазақшасын, татаршасы мен орысшасын қойыртпақтай сөйлеп.

– Әрине. Сіздерге інілерімді арнайы жібергенім сондықтан. Таңертең әкемді жерлеген жерге барып саз алатын, кірпіш басатын, оларды күйдіретін орындарды белгілеп, салынатын үйтамының сыртқы өлшемін алып, қазық қағып қайтқанымыз дұрыс болар...

– Дұрыс айтасыз. Солай иту кирәк, бит. Қайтып килгенде, договор язып, уны бирдән подписать қылу кирәк. Саудада дуслық болмайды, бит...

– Саудада достық болмайтынын білеміз. Алайда қаржыны есептегенде мұсылмандықты да ұмытпаған жөн болады, Зейнуддин мырза. Іс қаза болған адамға қатысты болғандықтан, біз саудаласып жатпаспыз. Бірақ сіз де алдап-арбамассыз деп ойлаймын. Өйткені о дүниеде Алла алдында барлығымыз бірдей жауап береміз, солай емес пе? – деді Нұрқожа болыс, Зейнаддиннің мүләйімси сөйлегенде жіміскілене қысылып, қулық табы білініп тұратын қаймақ көздеріне тіке қарап.

– Солай, солай, волостной мырза. Алла сақтасын! Олай болмайды, бит. Бәрі дұрыс болады, бит...

– Ендеше, сыртқа шығайық, мырзалар. Сіздерге арналған үйде төсек салулы тұр. Ертерек демалғандарыңыз дұрыс болар, жүріңіздер, – деп, болыс бірінші болып орнынан тұрды. –  Айтпақшы, Нұрман, жігіттеріңе тапсырып қойшы, қонақтардың аттарын жайласын. Үркімбайжан, сен де барып демал. Ертең ертемен жүріп кетуге дайын болыңдар. 

– Мақұл, Нұрқожа көке, – деп, Үркімбай шығып кетті. Артынша-ақ, қонақтар да орындарынан тұрып сыртқа беттеді...

...Таңертең күндегіден ертелеу оянған Нұрқожа, бір тостаған шұбатты ішіп алды да, қонақтарына барды. Олар да киініп жатыр екен. Сәлемдесіп болып, таңғы астарын осы үйде ішетіндерін ескертті. Шамалы шаруалары бар екенін айтып кешірім сұрап, тысқа шыққан болыс үйінің жанына келіп, бейіт басына баратын туыстарын күтіп тұрды. Бұл кезде атқосшы жігіттері тездетіп қонақтардың көліктерін дайындап жатыр еді.

Ең алдымен, сексеннің сеңгіріне аяқ салғалы тұрған туысы Мамырбай би мен әкесінің туған інісі Қарсақ билер көрінді. Мамырбай бидің астында өзіне қашанда ыңғайлы Сарыжал айғыр, Қарсақтың мінгені әйгілі Құлақасқа. Бестісінде бірнеше рет үлкен бәйгелерден озып келген Құлақасқа тұлпар Қарсаққа осыдан үш-төрт жылдай бұрын бұйырған еді. 

Бір белгілі бай мен орта шаруа арасында болған малдың дауына арнайы шақырылған Сырлыбай би сырқаттанып қалған соң, ондай дауларға анда-санда ғана араласатын інісі Қарсақты жіберген болатын. Сол даудың басты себебі: осы Құлақасқа мен соның тұқымы саналатын құнан тұлпар екен. Олардың екеуі де «қолды» болып, көп ұзамай әлгі байдың жылқыларының арасынан табылады. Алайда бай: «бұлар өз жылқыларым» деп, қайтармайды. Онымен қоймай, шаруа мен ертіп барған куәларын барымташы жігіттеріне сабатып, жарақаттап жібереді. Оның көрсеткен азары қатты батқан шаруа Сырлыбай би мен Нұрқожа болысқа арнайы шапқыншы жіберіп: «Ұрланған малдарыммен қоса, көрсеткен азары үшін байдан тағы мал өндіріп берсе, сол Құлақасқа тұлпарды биге мінгіземін» дейді. Ағасының айтуымен барған Қарсақ, бірнеше күнде әлгі дауды әділ шешіп, уәде бойынша, еңбегіне осы тұлпарды тақымына басып қайтқан еді. 

Бұдан бұрын да екі ұлы қатар қайтыс болып, енді ағасы бақиға аттанып кеткелі бері ауыр қайғыға төзе алмай қатты күйзеліп, соңғы кездері үйінен шығуды да сиреткен Қарсақтың, інілері ақылдасуға шақырса ғана келіп, өз кеңесін беріп, ақылын айтуға тырысып жүргені болмаса, ешнәрсеге онша зауқы жоқ-ты. Бүгін амалсыздан келе жатыр. Қалай келмесін, қазір Қазанбай ауылының бетке ұстайтын қамқоршы ақсақалдары өзі мен анау келе жатқан немере ағасы Мамырбай би екеуі ғана.

Осы би ағалары өзінің үйіне жақындай бергенде, Нұрқожа мен Нұрман екеуі алдарынан шығып, шылауларына жармасты. Жайлап аттарынан түсіріп алып сәлемдесіп болған соң, Нұрқожа:

– Би аға, көке, қуаттымысыздар? Жеңешелерім аман ба? – деді.

– Шүкір Аллаға. «Кәрі қаңқам сырқырауын тоқтатса, жыбырлауымды қоймас едім-ау» деген екен мен сияқты бір шал. Сол айтқандай-ақ, қаңқасы күні-түні сырқырайтын біздерге үйде жата беруден басқа не қалды дейсің, Нұрқожажан. Бала-шағаларымыз жабылып жүріп атқа отырғызса, біз көн-тулағымызды сүйретіп осылай жүре береміз ғой. Бұған да шүкіршілік, – деді Мамырбай бірінші болып тіл қатып. 

– Соның өзі мықтылықтың белгісі! Сіздерге қарттық пен анау-мынау сырқатқа сыр алдыруға болмайды. Сіздер болмасаңыздар, асқар тауы құлаған біз секілді жаман інілеріңізге һәм туған-туысқандарға кім ақыл айтады, кім жөн сілтейді? Адасқан ағайындарды, тентектер мен телілерімізді кім дұрыс жолға салады, кім елге қамқор болады?!

– Қартайғанымызға қарамай біздерді құрметтеп, алға тартқандарыңа рақмет! Алла разы болсын! Осы үміттеріңді ақтай алсақ, болды ғой. Бұдан артық не керек, Нұрқожажан?! – деді Қарсақ та.

– «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» демей ме. Оның үстіне, ең жақын туыспыз және мен үшін сіздердің орындарыңыз бөлек қой! Қане, үйге кірейік. Таңғы астан ауыз тиіп, бастап жатқан мына ісімізге бата беріп шығыңыздар, би аға, көке. Аруақ разы болсын. Біріңіздің ініңіз, біріңіздің ағаңыз емес пе еді әкем?!

– Өзім де соны ойлап, үйден ертерек шыққан едім. Сырлыбайдың орны мен ғана емес, бүкіл жеті Кішкене үшін ерекше еді. Ой, опасыз жалған-ай!.. – деді Мамырбай би.

Олар кіріп бата беріп, аруақтарға дұға бағыштап шығам дегенше, үйдің маңына біраз адам жиналып қалған екен. Қонақтар да келіпті.

– Алла, жолымыз бен ісімізді оңғара гөр! – деп билер атқа қонғанда, қалғандары: «Әумин!» десті...

 

Ағымсал аға Жанұзақұлы                                          Жұмамұрат Нұрқожаұлы

* * *

...Арада он бір ай өтті. Тамыздағы ыстық күндер кетіп, қыркүйек туғалы күндіз қоңыр салқын әуір соғып қояды. Ақтөбе болысына қарасты ауылдарда өткен күзде басталған қарбалас тірлік қыс қаһарына мінген тұста толастаған. Алайда биыл көктемде ол қайта басталып, тамыз айының аяғында шарықтау шегіне жеткен-ді. Нәтижесінде, осы маңайдағы халық «Омар әулие» деп атап кеткен қорымның оңтүстік-батыс шетіне салынған күмбезі көк тіреген еңселі мазар әр таңда арайлап ататын күн шұғыласына шомылып, сонау алыстан-ақ «Мен мұндалап» көрінетін болды. Бұл – даналықты бойға жиған атақты би, Хорезм шахына қарасты қазақтар мекендеген Шымбайдағы кіші хандықты басқарған, кейіннен Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлының Ресейдің отарлық езгісіне қарсы көтерілісінде әйгілі мыңбасы болған Сырлыбай Шабақұлының мазары еді...

...Қыркүйектің ортасына дейін-ақ күзем мен күйекті алып, жайлаудағы малшылардың тынышталған сәті. Сондықтан болар, Сырлыбайдың асына арнайы атап шақырылған біраз бекзадалардан басқа, маңайдағы ауылдардың тайлы-таяғы қалмай келіп жатыр. Тіпті, сырттай қараған жанның жанарының алдына айналасы атшаптырым алапқа бүкіл ояз тұрғындары жиналғандай, көрер көзге нағыз құмырсқаның илеуі елестейді.

Адамдардың біраз бөлігі, негізінен, жиналған жұртқа қызмет көрсетуге тиісті қызметшілер кеше түстен кейін келіп болған. Қызметшілермен бірге «жоқтау айтушылар» да жеткен еді. Олардың арасындағы жас келіншектің сұңқылдаған таңғы шымыр дауысы денені шымырлата көк жүзіне шырқырай көтеріліп, аза бойыңды қаза қылады. Келіншекке басқа әйелдер қосыла кетсе, жоқтаудың зарлы сарыны мен мәтіні өзгеріп, мүлде басқа арнаға ауысады. Осылай, сүт пісірімдей уақыт жылаған       жоқтаушыларды жүз қаралы үйде отырған халық үнсіз, егіле тыңдап қалған. Тіпті, кейбіреулері ыңылдаған күйі жоқтау айтушыларға қосыла жылауда. Бұлар – Сырлыбайдың сыйластары, жан достары, туған-туыстары...

Сәлден соң дара дауысты келіншекке ер адамның даусы қосылып, жоқтау енді үйдің сырт жағынан естілді. Ат үстінен сарнаған қос дауысқа домбыраның үні қосылды. Ол – Кішкененің жеті ұлының кенжесі Құттықтан шыққан белгілі жасамыс жырау Мусабай. Қарсақтың Үркімбайы Сырлыбай атасына арнаған      жоқтауды Нұрманның әйелімен қосылып ат үстінен айту үшін, Нұрқожа мен Нұрман оны арнайы алдыртқан еді. Әйел мен ер адамның домбыраға қосылып, ат үстінен жоқтағанын бұрын-соңды естімеген жұрт оны сілтідей тынып тыңдады... 

 

«... Асанда өткен Айбосын,

Баласы оның Құлпыбай

Әкесіне ас бергенде

Қой орнына тай сойды,

Қозыдай көріп жылқыны-ай...

Байлығына мастанып,

Үйірлеп жылқы саттырды-ай...

Алтыннан қабақ аттырды-ай,

Күмістен жебе тарттырды-ай.

Олардай атам болған жоқ,

Байлық пен малды жиған жоқ.

Өле-өлгенше жан атам

Сахилығын қойған жоқ...

Қазақтан шығып хан болып,

Атамыз өтті Сырлыбай!

Еліне еткен қызметін,

Айтайын, халқым, жыр ғып-ай!

Жан атамның бар еді

Алпыс екі нақ досы!

Бірі оның жан досы,

Бірі оның мал досы...»

 

Жоқтау айтушылар алыстай берді де, үйдегілер сөз тізгінін қолға алды.

– Ой, қайран ерім-ай!..

– Сырлыбайдың сахилығы мен даналығында шек бар ма еді?!.

– Батылдығы мен батырлығы кімнен кем еді?..

Бұл кезде қазан-ошақ басында жүргендердің жұмыстары қыза бастаған. Түні бойы ондаған тайлар, дөнежіндер мен ту биелер сойылып қойылған еді. Жерошақтарға орнатып, толтыра ет салынған жиырма тайқазанның астына таң ата от жағылып, алды қайнаған соң келіндер көбігін алып, тұзын көруде. Енді сонша тайқазандарға палау басылмақ. Өйткені олардың маңында өзбек аспаздары жүр. Алашапандыларды бір күн бұрын Нұрман мен жігіттері әр өзбекке бір қой беретін болып, Қазалыдан жалдап әкелген. 

Осы сәтте Шабақ бидің айтулы асқа жиналған ұрпақтары мен туған-туыстары Нұрқожаның үйінде кеңес құрып жатқан-ды. Сөз кезегі Мамырбай биге тигенде, ол еңсесін жоғары көтеріп Нұрқожа мен Нұрманға қарап:

– Ал, қарақтарым, қаза мен абырой ортақ десек те, салмақ негізінен өздеріңе түспек. «Ағайын алуға бар, беруге жоқ» деп бекер айтылмаған. «Көп түкірсе – көл» демекші, осындайда аз болсын, көп болсын, әр туыстың үлес қосып, жұрттың көзіне көрінгені дұрыс-ақ. Бірақ біреуде бар, біреуде жоқ дегендей. Қарсақ екеуміз әкелген азын-аулақ малдар кем-құтықты бүтіндей қоймас. Әйтсе де, олардан да бас тартпаңдар. «Малы барлар күн сайын тойып ішер, малы жоқтар аз-аздан қойып ішер». Бала-шағаның аузынан жырып берсе де, туыстық пен жаны ашығандықтың белгісі ғой. Сондықтан туыстың қолын қағып, көңілін қалдыруға болмайды...

– Би аға, әрине, айтуыңыз орынды. Ағайынның қолын қағып қайтейік. «Құдайға шүкіршілік, өзімізде бәрі жеткілікті болған соң, бала-шағаларының несібелері өздерінде-ақ қалсын деп жатқаным ғой, – деді Нұрқожа болыс, «жаңағы айтқан сөздерім ағаларымның көңілдеріне келіп қалған екен ғой» дегендей қипақтап.

Нұрқожаның бұлай ыңғайсыздануының себебі бар-тын. Өйткені кеңес басында біраз ағайындар ниеттерін білдіріп, әркім шама-шарқынша үлес қосу ойымен мал, тиын-тебен дегендей атап, Қарсақ бір ту бие, Мамырбай атан өгіз әкелгенін айтқан. Сонда Нұрқожа: «Бәрі де жеткілікті, ештеңенің қажеті жоқ. Алдын ала есептеп қойғанбыз», – деп, алудан бас тартқан. Мамырбайдың мына сөзінен кейін ақталудан басқа амалы қалмаған. Ағасының ілезде қиын жағдайға қалғанына абыржыған Нұрман:

– Нұреке, би ағам тауып айтты, «болашақ ағайын арасына жік түсе ме» дегендей қауіп айтты. Сондықтан ниет білдірген ағайындардың қолдарын қақпайық, керісінше, бірлігімізді сақтайық. Әкемнің асына деп әкелгендерін тізімге тіркеп, қажетіне жаратайық. Артылып қалып жатса, ерекше қызмет еткендерге таратайық...

– Нұрманжан өте дұрыс айтты. Ағайынның ауызбірлігі осындай жерде көрінеді. Тіпті, ас-тойдан қайтқандардан «сарқыт», «тәбәрік» сұраушылар да аз болмас. Туыстардың бергені, ең болмаса, сондай кәделерге жарар, – деді манадан үнсіз отырған Қарсақ басын көтеріп. Барлығы осы айтылғандарды мақұлдап тарасты...

...Түсте ас беріліп, Сырлыбай мен бақилық болған ата-бабаларына, әке-шешесі мен        туыстарына құран-хатым арналды. Соңынан бесін оқылып, одан соң ат жарыс, атан жарыс, балуандар күресі, жамбы ату, ақын-жыраулар сайысы өткізілді. Ат пен атан жарыс бәйгелерінің бас жүлделеріне құлынды бие мен бес сөлкебай, түйе балуанға атан өгіз бен үш сөлкебай, бас мергенге құлынды бие берілді. Тіпті, жетінші орынға дейін «сыйлық» таратылды.

«Бас ақын» атанған Төремұрат жырау бір аруана мен бес сөлкебайды иемденсе, таңертеңнен жоқтау айтқан және ақындар айтысында екінші орын алған Мұсабай жырауға тоғыз құнан өгіз бұйырды... 

...Екі күн бойы дүбірлі ас өткізілген үлкен алапта Мамырбай би мен Қарсақтан, Нұрқожа мен Нұрманнан басқа тірі жан қалмаған соң, бұлар да атқа қонды. Ағаларын ілгері жіберіп артына қарағанда, әудем жерде қыштан салынған күмбезі биік зәулім үйтам қалып бара жатты. «Аллаға, бала-шағаңа, қарақұрым халқыңа риза бол, әке! Бұйырғаны осы мазар мен дұғаларымыз болмақ!» – деді Нұрқожа іштей даусы діріл қағып... 

 

Әлімжан, Ерпайыз, Бегімбай 

* * *

...Зымыран уақыт зуылдап өтіп жатты. Әкесінің басын қарайтып, көңілі көншіген Нұрқожа болыстың ендігі арманы мен күндіз-түні басынан кетпес ойы Сырдарияның үлкен саласы Қуаңдариядан көпір салу болатын. Айлар, жылдар өткен сайын бұл бос қиял емес, шын арманына айналғандай еді. 

Сырдариядан уездің орталығы Қазалы қаласына қарай өтерде де, кейде үйінде демалып жатқанда да, сонау жылдары сәбилерін    бауырларына басқан апалы-сіңлілі келіншектердің өмірден озған әкесінің қарашаңырағына тезірек жеткісі келсе де ақшасы болмай, қайықшы Жәдігерге қайта-қайта жалынып жылағаны, Құрдымның талай түйелерді көз ілеспес жылдамдықпен үйіріп тереңіне тартқанда, байғұстардың жойқын ағысты жарып өтуге дәрмендері жетпей, жанұшыра боздаған           дауыстары құлағында қайта-қайта жаңғырып, түні бойы ұйқысын қашыра беретін. Сондықтан ол осы арманын қалайда жүзеге асырғысы келеді. Алайда қолдан келер қайран жоқ! Осындай әрі-сәрі күйде жүргенде, бірнеше жыл өтіп те кеткен... 

...1904 жыл. Сәуір айы. Айдың соңғы дүйсенбісі күні Нұрқожа болыс есеп-қисап тапсыруға Қазалыға келді. Шаруаларын бітірген соң оязға кіріп, сөйлесіп шықпақ болды. Ойы – генералға Қуаңдариядан көпір салу жөніндегі ойын айту. Ол рұқсат сұрап ішке енгенде, ояз жазып жатқан қағазын ысырып қойып, орнынан тұрды.

– Іздрәсте, құрметті ояз мырза! – деді Нұрқожа бөркін қолына алып, сәл қипақтаңқырап.

– Здравие желаю, волостной Сырлыбаев! – деді генерал аппақ биялай киген қолын созып. Сосын: – Проходите, пожалуйста, – деп қосып қойды.

Нұрқожа ояз мегзеген орындыққа жайғасқанша, бастық татар тілмашты алдыртты. Ол келген соң генерал:

– Я вас слушаю, волостной, – деді.

Оның өзін тыңдауға шын құлық танытып отырғанын түсінген Нұрқожа әңгімесін асықпай бастады.

– Аса құрметті жанарал мырза! Мені көптен бері мазалап жүрген бір жағдай бар.      Қуаңдариядан көпір салсам деймін. Бұл менің жас кезден бергі арманым еді. Өйткені көктем мен күздегі көші-қон қызған кезде, керуендер әрлі-берлі өткенде, қаншама адам мен күш көліктері Қуаңдария Құрдымына ағып кетіп, құрбан болып жатады. Егер сіз көпірдің құрылысына рұқсат етіп, оған қажетті бөренелер мен басқа да заттарды табуға көмек көрсетсеңіз, оны тезірек бастар ем. Оған жұмсалатын бар шығынды өз қалтамнан төлеймін. «Көпірдің құрылысына» деп, жылда жекеменшік малдарымды сатып жинаған қаржыларым бар. Өкімет қаржысының есебінен бір тиын шығын жұмсамауға уәде беремін...

Тілмаш оның айтқанын асықпай, тәптіштеп түсіндіріп берген кезде, Нұрқожаның мына ісіне сонша риза болған генерал күлімсірей отырып:

– Дорогой мой, это же прекрасная идея, черт побери! Я обязательно поддержу вас и помогу. В этом году у нас будет такая возможность. А вы, волостной, слышали о том, что строится железная дорога? Она уже на днях дойдет до нашей новой станции. Вы когда-нибудь видели железнодорожную станцию, строящуюся в восьми километрах отсюда? – деді болыстың жақсы жаңалығын естіп желпіне сөйлеген ояз. 

Нұрқожа оның неге бұлай қызуланып кеткеніне түсінбей, аң-таң болды. Тілмаш генералдың мұның бастамасын қуана мақұлдағанын, қандай көмек қажет болса да қол ұшын беруге дайын екенін түсіндіріп, соңында ұзамай-ақ шойынжолдың жаңа станцияға қосылатынын, ол жайлы білетін-білмейтінін сұрағанын естіп, қайран қалған болыс: 

– Қайдағы станса?! – деді.

– Қазақтар Сұлутам деп жүрген үй ше...

– Не дейді?! Сол ма?! Шойын жол деген не нәрсе?

– Ол пойыз жүретін жол.

– Пойыз деген немене тағы?!

– Барсаңыз, өзіңіз көзіңізбен көресіз. Сондағы қазақтардан, не қазақша білетін орыстардан сұрасаңыз, олар бәрін түсіндіріп береді...

– Міндетті түрде барамын! – деп, орнынан тұрған Нұрқожа, оязға қарап: – Мәртебелім, сізге алғысым шексіз. Егер рұқсат етсеңіз, бұл мәселе жайлы сөйлесуге тағы келсем деп едім... 

Тілмаш болыстың не дегенін айтқанда, генерал:

– В любое время! – деді күлімсіреген күйі басын сәл шайқап.

– Рақмет сізге. Құдайдан саулығыңызды тілеймін, мәртебелім! – деді Нұрқожа болыс қуанғаннан сасқалақтап.

Ояздың кеңсесінен асығыс шыққан Нұрқожа еш жаққа бұрылмастан, қаладағы базарға қарай тартты. Кеше азын-аулақ мал сатып, азық-түлік алып қайту үшін төрт-бес жігітін ертіп Нұрман да келген. Сол маңда күтуі тиіс еді. Бұл келгенде, олар малдарын сатып болып, керек-жарақтарын саудалап жүр екен. Негізгі заттар алынып, майда-шүйделері қалыпты. Нұрқожа кездескен бойда-ақ інісін оңаша шығарып алып:

– Нұрман, кешке дейін Сұлутамға барып қайтайық. Тығыз шаруа болып тұр. Сен жігіттеріңе ескерт. Олар уақытты босқа өлтірмей тез заттарын алып, ауылға қайта берсін. Қайық тоқтамай тұрып дариядан өтіп алсын. Біздер, Құдай қаласа, таңертең қайтамыз. Тездет, мен күте тұрайын, – деді.

Нұрман жедел басып кетіп қалды да, сәлден кейін атына мініп қайта оралды. Екеуі кідірмей Сұлутамға баратын жолға түсіп желдірте жөнелді. Ет пісірімдей уақыттан соң олар Сұлутамға да жетті. Бұрын Хиуа жақта бірді-екілі көрген медреселер мен хан сарайларына ұқсайтын сән-сәулеті жарасқан әсем ғимараттың жанына келіп аттарынан түсті. Олар жолаушылап жүргенде алыстан көргендері болмаса, мұнда бұрын-соңды мүлде келмеген еді.

– Әлгі қаладағылардың «Сұлутам, Сұлутам» деп жүргендері осы ма? – деді Нұрман, ұзындығы едәуір, кірпіштен оюлап салынған әдемі үйдің орта тұсындағы күн сәулесіне шағылысқан қаңылтыр жабындылы үлкенді-кішілі күмбездеріне таңдана қарап тұрып.

– Осы болар. Қане, сыртынан айналып арғы жағына шығайық. Қазақтар кездессе, анықтап сұрармыз. Ояз шойынжол дей ме, бірдеңе салынып жатыр деді ғой мана...

Сұлутамның әсемдігіне тамсана жүріп, Нұрқожа мен Нұрман оның арқа жағына шықты. Құмырсқадай қаптаған жұмысшылар. Бірі ұзын сапты үлкен балғамен төрт қырлы жуан шегені шірене ұрып жатса, екіншісі еңкейген күйі ашалы темірмен бірдеңені үсті-үстіне шиқылдата бұрауда. Олардан әріректе он шақты адам қатарласа тұра қалып, бір ұзын ауыр темірді қысқыштарымен қысып алып, шеге ұрып жатқандардың жанындағы көлденеңінен қаз-қатар тасталған қара ағаштардың үстіне қойып кетіп барады.

Осылардың бәріне қызыға қарап келе жатып бір адамға соқтығысып қалған Нұрман, қатты шошып кетті. Жалт қарағанда, қарсы алдында қабағы түксиген еңгезердей жасамыс орыс тұрғанын көрді. 

– Козыне карасайши! – деді ол қазақшаны бұра сөйлеп.

– Байқамай қалдым, – деді әлгінің зілденгеніне қитыға қалған Нұрман, амандасуды да ұмытып.

Екі-үш қадамдай артында келе жатқан Нұрқожа, інісі сөзге келіп қалды ма деп, жетіп келді де:

– Не болды?! – деді. Артынша-ақ, анау қазақша түсінбейді екен деген оймен, «Іздрәсте» деді.

– Салам алайкум, агасы! – деп орыс сәл жымиған кезде, Нұрқожа тіпті не дерін білмей  абыржып:

– Уағалайкүмссалам. Иә, ағасымын. Не болды?..

Орыс жарықшақ даусымен бар маңайды басына көтере күркірей күлді.

– Сиздин жасыныз менен үлкен бе деп «агасы» айттым, – деген соң, Нұрқожа түсініп, қосыла күлді.

Сосын қолын созып:

– Кешіріңіз, волостной Нұрқожа Сырлыбайұлы, – деді орыс, қолын үстіндегі май киіміне сүртті де, оның қолын алып жатып ізеттілік көрсетіп:

– Егор Ушаков! – деді кеудесін көтере түсіп.

Нұрқожа бір таныс есім естігендей, оның қолын жібермеген күйі:

– Тоқта, тоқта. Сен Ерімбет ақын Көлдейбекұлын танисың ба? – деді көзіне тура қарап.

– Конечно, билем. Ол – менин тамырым. Сіз оны биледі? – деді Егор, көптен көрмеген Ерімбет досымен табысып тұрғандай қуанып.

– Әрине, білем. Біз ағайын адамдармыз, доспыз.

– Ол кайда? Жагдайы жаксы? Мен оны кормейд. Оган не болды, билмейд... – деді Егор мұңайып...

– Уайымдама, тамыр. Ол аман, жақсы. Бірақ, үйінен шықпайды. Қазір көп жазады, – деді болыс Егордың көңілін аулағандай.

– Сиз корсе сәлем айтад, ия. Мен оны сагынад...

– Сәлеміңді арнайы үйіне барып отырып айтамын. Оның ауылы біздің ауылға жақын...

– Рақмет, тамыр, рақмет... Сиздер неге келди?

– Уақытың болса айтар едім. Сізден көп нәрсені сұрауым керек...

Егор төс қалтасынан шынжырлы көнетоз сағатын алып, қақпағын сырт еткізіп ашты да:

– Жарты сағат күтед. Мен сменнен шығад, сосын бир жерде отырып сойлесед. Макул...

Жерден жеті қоян тапқандай қуанған Нұрқожа:

– Мақұл, – деді оның қолын жіберіп жатып.

Егор жедел басып кетіп қалды. Нұрқожа жұмысшылардың қимылына сырттай қызыға қарап тұрған Нұрманның жанына келді. Енді екеуі екі қатар тасталып, қарамайлы ағаштарға тіркестіре бекітіліп жатқан екі жағы ұзына бойына кезауыт буылтық-буылтық темірлерге және екі жігіт олардың үстімен итеріп келе жатқан екі дөңгелекті арбаға таңырқай қарап, тұрып қалды. 

Көп ұзамай Егор келіп, екеуін үлкен ғимараттың батыс жағында оңаша тұрған аласа үйге ертіп барды. Бұл жұмысшылардың жатақханасы еді. Бір оңаша бөлмеге кіріп, олар біраз әңгімелесті. Нұрқожа Егорға барлық алдына қойған мақсатын түгел айтып берді. Ол мұқият тыңдап алып, шойынжолдың бірнеше күнде бітетінін, керек вагонды қалай жалдап алуға болатынын, көпір салуға қажет бөренелер мен басқа да заттарды алдыру үшін жазылатын қағаздарды жанында жүріп жасататынын, еш қиындық болмайтынын айтып берді. Нұрқожаның көзқарасынан мұның айтқанына сеніңкіремей        отырғанын сезген Егор:

– Нуркожа, сен маган сенбейд? Олай болмайд. Еримбет меники тамыр. Енди сен де тамыр болад, – деді бір түрлі достық пейілмен. 

– Егор, сенемін ғой. Оған еш күмәнің болмасын. Тек, мұның бәрі өңім емес, түсімде болып жатқандай көрінеді. Барған соң Ерімбет досыңа сенің сәлеміңді қалайда жеткіземін. Көпірдің құрылысы жайлы әлі де сөйлесеміз. Мынау Нұрман, менің туған інім. Осындай өте жауапты жұмыстарға көбіне осыны жұмсаймын. Қазақта: «Ер шекіспей, бекіспейді» деген мақал бар. Әлгінде екеуің сөзге келіп қалған сияқтысыңдар ғой. Ештеңе етпес. Әлі-ақ ағалы-інілі болып кетесіңдер. Саған рақмет! Біздер ауылға қайтайық. Келесі жолы қайсысымыз келсек те, үйдегі замандасқа базарлық ала келерміз, – деді Нұрқожа Егорға риза болып.

– Жок, жок. Болмайд, Нуркожа...

– Қазақтар достарының үйіне базарлықсыз келмейді. Біздер енді дос болдық емес пе? 

– Макул, өзиниз билед кой...

* * *

...Арада тағы төрт айдай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде Нұрқожа көпірге қатысты дайындық жұмыстарын жүргізді. Інісімен екеуі бір-екі күн отырып, жылдар бойы жиған қаржысын есептеді. Сосын, Нұрманды екі жігітімен Сұлутамға жіберіп, Егорға семіз ісек пен құрт, ірімшік және сарымай сияқты базарлықтар ала баруды тапсырды. Бұл жолы Нұрманға көпір құрылысына керек ағаштарды дайындауға, оларды жеткізетін вагонды жалдауға қажетті, осы жұмысқа қатысты басқа да қосалқы шығындарды шойынжол саласында істейтін орыстарға есептетіп, жаздырып әкелуді міндеттеген болатын.

Нұрман бес күндей Сұлутамда болып, тапсырылған шаруаларды бітіріп келген соң, Нұрқожа отбасына ауылдағы Қарсақ бастаған аға-інілерімен қоса, біраз жылдардан бері бар шаруашылық жұмыстарына басшылық етіп жүрген шөбере інісі Байқадам мен жылқышысы Жабалды шақыртып кеңес құрды. Сөйтіп, Егор белгілеген күннен екі күн бұрын, Байқадам мен Жабал бастаған он бір жігітті ертіп, Нұрқожа мен Нұрман екеуі Қазалы қаласына жетті. Келген күні-ақ ояздың қабылдауында болып, көпірді салуға рұқсат ететін бұйрық пен ағаштарды Ресейдің Орал тауларынан  дайындауға баратын адамдарға пойыздан орын беру, ол адамдарға барған жерде жан-жақты көмек көрсету, дайын болған бөренелерді, барғандарды Жаңақазалы станциясына жеткізу үшін арнайы вагондар бөлу жұмыстарына ықпалы тиетін қағаздарды алып, ертеңіне Сұлутамға барды. 

Олар Егордың араласуымен барлық    шаруаларын бірнеше күнде бітіріп және оның айтуымен, осындай істердің жайымен таныс, қазақ тілін жақсы білетін сауатты, орта жастағы орысты жалдап, өз адамдарына басшы етіп, бір-екі айлық азық-түлігімен пойызға мінгізіп қайтты. Осы жолы Нұрқожа мен Нұрман қос танауынан аппақ бу атып ышқына ысқырған, мұржасынан қап-қара қою түтінін будақтата шұбалтып айдаһардай арқыраған «отарба» деген алыпты бірінші рет көріп қайтып еді. Отарбасы орнынан тарс-тұрс қозғалған сәтте, болыстың табаны астындағы жер дірілдеп кетті. Алғашында ол, тіпті: «Қара жер жарылып кетпес пе екен?!» – дегендей шошынып шегініп қалған болатын. Ақыры қайыр, олай болмады. Көзін ашып-жұмғанша әлгі алып өзіне тіркеген ондаған вагонды сүйретіп, батысқа қарай жүйткіп бара жатты. Ол ұзап кеткенше артынан таңырқай қарап тұрған Нұрқожа: «Ей, Алла Тағалам-ау, азаматтарымызға бір өзің жар бола гөр!» – деп іштей жалбарынса, Нұрманның таңданғаны сондай, ішкі алақұйын сезімін жасыра алмай, басын қайта-қайта шайқаумен болды... 

* * *

...«Санасына уайым кірсе, адамды сабырсыздық жеңеді» деген рас екен. Байқадамдар Оралға кеткелі айға жуық уақыт өткенде, Нұрқожа уайымға беріле бастады. Әсіресе, соңғы күндері бір-екі рет Ақтөбенің басына шығып, қала жақтан келетін қасқа жолға көз салып қойды. Әрине, ол отарбаның Орал тауларына дейін қанша күн жүретінін білмегендіктен осылай мазасызданады. Кейде: «Кім біледі, бүгін-ертең шаң беріп қалар», – деп, өзін-өзі іштей жұбатып қойғанмен, келесі күні сәске болмай, төбеге тағы да көтеріле бергенін сезбей қалады. Осылайша, тағы екі жұма уақыт зулап өте шықты. Ақырында, бұдан былай ауылда күтіп жата беруге шыдамы жетпеген Нұрқожа, Егор досына барып қайтпақ боп, Сұлутамға тартып кетті. Жанына полицайын ертіп алды. Оның барлық уайымы – дариядан сең жүргенше, адамдарын қалай да бергі бетке өткізіп алу. Егер адамдары қайтып келгенше сең жүріп кетсе, дария қатқанша олар бір ай Сұлутамда, не Қазалыда жатып қалуы мүмкін. Қараша басталғалы оны уайымға батырған осы жағдай еді. Сұлутамда Егор досына жолыққан Нұрқожаның уайымы сейілгендей болды. Өйткені ағаш дайындауға кеткендер қайтып келе жатқандары жайлы кеше Орынбордан жеделхат жіберіпті. Мұны естіген болыс, олар келгенше Қазалы қаласындағы туыстарының үйінде екі-үш күн күтпекші болды. Ол Байқадамның тобы оралғанша күннің қатты суытпауын, дариядан сең жүріп кетпеуін тілеп, мазасыздана берді.

Төртінші күн дегенде, Байқадам өз жігіттерімен аман-есен Сұлутамға жеткен еді. Сол күнгі сәскеде Нұрқожа да станцияға барған. Жігіттерін сау көрген оның қуанышында шек болмады. Бөренелерді тиеген вагонның бес-алты күн өткеннен кейін келетінін білген ол, Егор досын ертіп станцияның басшысына жолықты. Вагон станцияға келген бойда бөренелер мен басқа да заттарды теміржол жұмысшыларына бір ыңғайлы жерге жинату, олардың қолды болмауын қарастыру үшін біраз ақша төлеп, дария толық қатқан соң ғана тасып алатынын айтып, кей жұмыстарды Егорға тапсырып, Нұрқожа сол күні кешке қарай адамдарын ертіп алып, Ақтөбедегі ауылына қайтып кетті...

...Қаңтар айының ортасында отыз түйе мен сонша адам алып Нұрқожа мен Нұрман Сұлутамға барды. Сөйтіп, айдың аяғына дейін екі рет қатынап, барлық бөренелерді Қуаңдағы көпір салатын жерге жеткізіп, сол маңға бір-екі малшысын қыстатты. Көктем шығып, жердің тоңы жібігенде, Қазалыдан жеті ұста жалдап әкеп, оларға көмекшілікке он бес адам қосты. Олар көпірді 1906 жылы бір айда салып бітірді.

Онсыз да асқан сахилығымен белгілі болған Нұрқожа көпірден өткен қазақтардан ақы алмады. Басқа елдерден келген керуеншілер баж салығын төлейтін. Ол көпір маңына салық жинаушы мен көпір бақылаушысының үйін орналастырып, олардың отбасыларының керек-жарақтарын, ішім-жемдерін қамтамасыз етуді мойнына алды. Көп ұзамай, халық оны «Нұрқожа көпірі» атандырды. Өйткені 36 жыл болыс болып, халық қамын ойлаған, аш-жалаңашқа, жетім-жесірге қайтарымсыз сауын берген, көліксіз қалған жолаушыларға тұлпарларын мінгізіп жібере салатын оның жомарттығы мен шын азаматтығына өте риза болған халқы, жалған дүниеден өткен соң да оның есімі мен ел үшін жасаған игілікті істерінің ұрпақтан-ұрпаққа жеткенін қалаған болар-ау, сірә!..

 

                                                                                                                                         Сырлыбайұлы Нұрманның немересі, Отан соғысында ел қорғаған Ерқанат Бақбергенұлы        НҰРҚОЖАНЫҢ ҚҰЛЫПТАСЫ

 

ӘБДІСАТТАР ОСПАНОВ
16.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 40
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 118
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 34
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 41
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 49
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 41
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 113
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 118
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 310
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 304
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 927

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9000
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8395
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11621
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9378
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10604