Соңғы уақыттардағы Украинадағы жағдай мен әлемдегі саяси һәм экономикалық ахуал Орталық Азиядағы бес мемлекетті де ойландыра түскендей. 2022 жылғы 20-21 шілде күндері Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі өтетіндігі белгілі болды. Шараның маңыздылығын мына жайттан-ақ байқаймыз. Аталған жиынға 5 елдің (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан) Президенттері түгел қатысады.
Орталық Азия елдері басшылары өңірлік қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық және аймақ елдерінің мәдени-гуманитарлық байланыстарын талқыламақ. Ең бастысы Консультативтік кездесу барысында аймақтағы мемлекеттер арасындағы достықты, ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған құжаттарға қол қою жоспарланған. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп ойлаймыз. Дегенмен Қазақстан тек қана Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты жандандырайын деп отырған жоқ, сонымен қатар Каспийдің арғы бетіндегі ағайындармен тығыз қарым-қатынас орнатуға бел шеше кірісетіндігін байқатты. Алдын ала белгілі болғанындай, Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Тоқаев мырза ағымдағы жылғы тамыз айында Бакуге сапарын жоспарлап отыр. Сапар барысында Әзербайжан жері арқылы мұнай экспорты және қазақ флоты үшін танкерлер құрастыру мәселесі талқыланады дейді сенімді дереккөздері.
Қазіргі күні әлемдегі саяси оқиғаларға байланысты қазақ мұнайын экспорттауға қатысты кейбір мәселелер туындағаны рас. Ол жедел шешуді талап етеді. Біздің мұнайымыздың басым бөлігі Ресей арқылы (КТК) Еуропа нарығына шығарылатын, алайда Ресейге салынып жатқан санкциялар «салқыны» бізге де әсер етуі мүмкін, сол себептен баламалы жолдың болғаны маңызды. Өкінішке орай, Орталық Азия нарығы шағын, оның үстіне Түркіменстан да мысалы, өз газ экспортын Ресей арқылы шығаратын, Иран мен Ресей сияқты әзір санкцияда, Қытай нарығы бойынша олар саудаласа отырып, арзанға алады. Сондықтан Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы Еуропа нарығына мұнайымызды шығару өте маңызды.
Қазіргі күнде Әзербайжан мұнай экспорты бойынша Еуропаның кейбір елдеріне мұнай сатудан Ресейдің орнын басатын жағдайға жетті. Ал енді, Қазақстан мен Әзербайжан екі ел арасындағы аталған шаралар бойынша не істеліп жатыр немесе не істелмекші, соған тоқталайық:
1) Қазақстан паром флоты бойынша оның санын онға жеткізбекші;
2) Еліміз контейнерлік ағынды күшейтіп, Ақтау портында қосымша контейнерлік хабты салуды жоспарлап отыр;
3) Әзербайжан тарабы Каспий теңізі жағалауында (Баку мен Алятта) теңіз түбін кеңейту жұмыстарын қолға алмақшы;
4) Сәйкесінше, бұл шаралар 25 млн тонна мұнай өткізуге және 500 000 контейнердің ағынына себеп болады деп санаймын;
5) Бұл ретте аталған жұмыстарға мықты тәжірибелері бар халықаралық көлік-логистикалық компаниялары тартылады;
6) Қазақстан тағы өз кезегінде 4 сауда кемесінің санын алтауға жеткізбекші;
7) Қазақстан мұнымен тоқтап қалмайды. Батуми теңіз порты (Батумидағы мұнай терминалы Қазақстанға тиесілі) арқылы Әзербайжан жерімен жеткізілген мұнайын болашақта өңдеуді жоспарлап отыр (шамамен 2025 жылы);
8) Ол үшін тоқтаусыз мұнай ағыны керек екені түсінікті, сол мақсатта Теңіз кен орнынан қосымша мұнай құбырлары талап етіледі және Құрық портында жаңа терминал салынуы тиіс.
Ал егер Зангезур дәлізі ашылса, тоқтаусыз тауар ағыны Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропа нарығына ағылар еді. Сәйкесінше оның ашылуына бәрі де мүдделі. Ал біздің басты жоспарымыз – өз тауарларымызды шығару арқылы халықаралық сауда бөлінісінде лайықты өз орнымызды алу.