Гүлжан Құдайбергенқызы: Суицид – тығырықтан шығатын жол емес!

Гүлжан Құдайбергенқызы: Суицид – тығырықтан шығатын жол емес!

Көпшілікті толғандырып жүрген суицидке қатысты түрлі  сұрақтар  төңірегінде КММ «Шапағат» әлеуметтік қызмет орталығында істейтін психолог маман Шакенова Гүлжан Құдайбергенқызымен сұхбат жүргізген едік.

– Қазақстан суицид жасаудан алдыңғы орында екен. Неге? Себеп-салдарын түсіндіріп берсеңіз?

– Ресми дерек бойынша Қазақстан азаматтары өз өмірлерін қиюы бойынша әлемде 3 орынды алады екен. Өкінішке орай, жыл өткен сайын суицид дерті көбейіп барады. Өз-өзіне қол салушылардың басым бөлігі еліміздің болашағы деп саналатын жастар екен. Суицид өте ауқымды тақырып қой. Ең бірінші әлеуметтік-материалдық жағдайдың жетіспеушілігі, жұмыссыздық, несие алып төлей алмай қарызға кіру, бала-шағаны жеткізе алмау, т.б. Тек материалдық жағдай емес, отбасылық жанжал күйеуімен, ата-енемен туындағанда, жастар сүйгенімен ұрсысып қалғанда, ерлі-зайыптылардың ажырасуы, қызғаныш, ұрыс-керіс  оқиғаларында кездесіп жатады. Адам күйзеліске түсіп, тығырыққа тірелгенде одан шығудың оңай жолы өз-өзіне қол салу деп ойлап жатады. Әсіресе жасөспірімдер арасында мұндай жағдай жиі кездеседі. 11-сыныпты бітіруші оқушылар ҰБТ тапсырғанда грантқа түсу мәселесін ата-аналар бірінші орынға қояды. «Сен дұрыс тапсырмасаң, ертең оқуға түсе алмайсың. Сөйтіп өмір бойы еден жуып, көше тазалап жүргің келе ме?» деп намысына тиеді. Осыдан ҰБТ-ны жақсы тапсыра алмаған бала өмірінің мәні кеткендей болып, бәрінен түңіледі. Елімізде оқушылардың көпірден, жоғары қабаттан секіріп өлген жағдайлары өткен жылдары жиі орын алғаны естеріңізде болар.

– Суицид жасауға бейім жандар болады деп жатады. Оны қандай белгілерінен ажыратуға болады?

– Адамда бейсана «подсознание» деген болады. Неше түрлі балалық шақта алған травмалар жинала береді. Ата-ананың, жолдастарының, туыстарының көңілге келер айтқан сөздері ішінде қалады. Сол жарылып бейсанадан көрініс тапқанда бала өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылады. Өмірдегі қиыншылықтардан өз бетімен шыға алмайтын психикасы әлсіз адамдар болады. Соның бір көрінісі – жасөспірімдер. Олар осы өтпелі кезеңде өте әлсіз топқа жатады. Не бала емес, не ересек емес кезең. Бала кішкене кезінде психикалық травма (жарақат) алуы мүмкін. Мысалы ата-анасы ұрысқан кезде «Әй, сен адам болмайсың! Сенің барыңнан жоғың!» деген сияқты сөздер қатты әсер етеді. Осыдан баланың өз-өзіне деген сенімділігі төмендеп, суицидке бейім келеді.

Суицид жағдайына бейім тұлғаның мінез-құлықтық ерекшеліктері:

- Өзін өлтіру туралы  ойлар;

- Жабығулы көңіл күй, асқа тәбет пен өмірге деген белсенділіктің  жоғалуы, ұйқысының қашуы;

- Көп жағдайда есірткі немесе спирттік ішімдікке тәуелді болуы;

- Оқшаулану, өзін ешкімге керегі жоқ сияқты сезіну;

- Үмітсіздік, дәрменсіздік сезімі. Осы уақытта өзіне-өзі қол жұмсау тілегі күшті болуы мүмкін.

 – Осындай психологиялық күйзеліс, стрестен, қиын жағдайлардан  қалай шығуға болады?

 – Адамның күйзелістен шығып, суицидті болдырмаудың жолы – өзін-өзі жақсы көріп, уақыт тауып көңіл бөле білу. Айналысатын ісі, хоббиі болуы керек.  Спорт, би, тамақ пісіру, тоқыма тоқу, сүйікті киноңды көріп, кітап оқу, т. б. Психологиялық терапия, дамыту курстарына қатысып, өзін-өзі жетілдіру керек.   Әсіресе ата-аналар баламен көп жұмыс істеу керек, сөйлесіп, ашық әңгіме жүргізгені абзал. Мысалы ҰБТ-ның өмірдегі ең басты нәрсе емес екенін түсіндіру. «Бір мәселені шешілмейтін проблемаға айналдырмау керек, өмір онсыз да өтеді, сәтсіздіктердің бәрі кетеді. Өмір сүрудің қандай тамаша екенін сезіну қажет. Мысалы «Айналаңда қаншама  мүгедек жандар жүр, бірақ өмір сүргісі келеді. Өмірге құштар. Ал сенің аяқ-қолың сап-сау, сонда да өлгің келеді, неге?» деген сияқты мотивация беретін сөздерді айту керек. Мынадай жағдайды сөз еткім келіп отыр. Университетте оқып жүргенімде ұстазымның айтқан әңгімесі еді. Отбасылық, материалдық жағдайы өте жақсы бола тұра кейбір жандар суицид жасағысы келіп тұрады екен. Бірақ менің практикамда мұндай жағдай кездеспеді. «35-40 жас шамасындағы әйел маманға емделуге келеді. Астында «Джип» көлігі, қызметі бар, тұрмысы тамаша. Бірақ оның ылғи өлгісі келіп тұрады екен. Неге екенін өзі де білмейді, түсіндіре алмайды. Біресе биік қабаттан секіргісі келеді, біресе көшеде бағдаршамның қызылы жанса өтіп кеткісі келеді. Онымен психолог көп жұмыс істейді. Бірнеше сеанстар өткізген. Сөйтсе, бұрын 16-17 жасар оқушы кезінде мектепте туған күн кешіне барған екен. Онда сыныптастарымен аздап шарап ішіп, үйге кештеу келеді. Әкесі қарсы алып: «Мына түрің не? Одан да сенің өлгенің артық еді!» –  дейді ұрсып. Осы сөз қыздың көңілінде өмір бойы жатталып қалған. Содан жылдар бойы  «Мен ешкімге керек емеспін, өлуім керек!» деген ой жүрегінің түкпірінен кетпеген. Сол оқиғаны есіне алып, әйел ағыл-тегіл жылайды. Әкесін шақырып алып ашық сөйлесіп, талқылау барысында бәрі дұрысталады. Міне, мәселені уақытында шешіп, айтпағанның кесірі! Кейін ол әйел бізге келді. «Мен бостан-босқа өз өмірімді қимақ болып ақымақ болған екенмін ғой!» –  деп  өткен жағдайды күліп  есіне алды». Міне, мәселені уақытында айтып, шешпегеннің кесірі жылдар бойы сақталып қалған. 

Суицид кез келген адамда болуы мүмкін. Бір нәрсеге қатты ашуланғанда, күйзелгенде, шаршағанда, ауырғанда... Бірақ ол жеңіл түрде өтеді. Ал емделмесе, терең стреске түсіп кетуі мүмкін. Сөйтіп жағдай шиеленісе береді.  Әр адамның өзінің ішінде стержень тонус болуы қажет. Одан шығудың жолы – психологпен жұмыс істеу. Бізде психологқа баруды  жындылармен жұмыс істеу деп ойлайды. Ол туыс-жақындарына сырын айта алмауы мүмкін. Сондықтан нейтралды адамға айту барысында 50% ауруынан айығады. 

– Гүлжан Құдайбергенқызы, бүкпесіз  ашық әңгімеңізге көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан – ШАРГҮЛ ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ
02.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 138
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 138
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 652
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 771
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 685
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 695

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8832
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8230
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11457
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9214
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10441