Жалпы кәсіпкерлік саласы ел экономикасында маңызды рөл атқаратыны белгілі. Сол себептен, елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлініп, көмек көрсетілуде.
Ал мемлекеттің қолдауына сүйенбестен, өз қаражаттарын жұмсап, өз күштерімен кәсіп ашқан еңбекқор азаматтар арамызда аз емес. Сондай кәсіпкерлердің қатарында Азамат Ибрагимов те бар. Коронавирус індеті белең алған кезде елде карантин енгізіліп, бірқатар нысандар уақытша жабылған болатын. Пандемия басталған алғашқы уақытта жұртшылық үшін өте ауыр болды. «Төтенше жағдай» режимі кезіндегі шектеулер Қазақстандағы көптеген нысандардың жұмысына кері әсерін тигізгені анық.
-Мен әкемнен қалған азын-аулақ малдарды бордақылап, өсірдім. Алғашқыда мал шаруашылығымен айналыстым. Қазақта «Әкенің дәулеті балаға дәулет болмайды» деген сөз бар ғой. Кейіннен құрылыс саласында жұмыс жасап көрдім. Ойда жоқта коронавирус өршіп, карантин басталып кетті. Әлемді шарпыған індет көптеген нысандардың жұмысын тоқтатты. Осы кезде мен де жұмыссыз қалдым. Маған карантин кезінде ауыр болғанымен, бір жағынан үлкен мүмкіндік секілді көрінді. Өз кәсібімді бастауға негізінен осы карантин түрткі болды. Қол қусырып қарап отырмау керек. Жұбайымыз екеуміз ақылдаса келе, балмұздақ жасаумен айналысайық деп шештік,- дейді кәсіпкер өз сөзінде.
Азаматтың негізгі мамандығы инженер-құрылысшы. Дегенмен уақыттың талабына байланысты кәсіпкерлік саласында бағын сынап көруге бел буыпты.
Кәсіпкердің айтуынша, балмұздақ ересектер мен балалардың сүйіп жейтін сүтті тағамдарының бірі. Бұл өнімге деген сұраныс әсіресе жаздың аптап ыстығында арта түсетіні белгілі. Азамат Ибрагимов құйылмалы балмұздақ жасау ісінің арнайы кәсіби маманы болмаса да, үйрену арқылы қазіргі таңда осы істің нағыз шеберіне айналған.
-Қазір қолы қимылдағанның қалтасы қалыңдайтын уақыт. Ең бастысы, бір кәсіпті бастап, соның үдесінен шығауға ұмтылу керек. Менің осы кәсіппен айналысқаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Оны отбасылық кәсіпке айналдыру арқылы отбасының керек-жарағын қамтамасыз етіп отырмыз. Бұйыртса, қолға алған шағын кәсіпті кеңейту де ойымызда бар,- дейді жас кәсіпкер.
Бүгінде кәсіпкердің аудан орталығында «Айдана» сауда үйінің алдында балмұздақ жасап сататын екі сауда нүктесі бар. Отбасылық кәсіпті игеру үшін оған бауырлары жәрдемдесуде. Жас кәсіпкермен тілдесу мақсатында оны Тараз қаласына іздеп бардық. Кәсібін одан әрі кеңейту мақсатында ол осындағы орталық саябақта дүңгіршек сатып алған екен. Кәсіпкер құйылмалы балмұздақтың бес түрін жасауды Сайрам ауданынан арнайы барып, үйреніп келгенін айтады.
Еңбексүйгіштік пен адалдықты басты орынға қоятын жас кәсіпкер жетістікке жету үшін адамға табандылық пен жігерлілік керек деген пікірде.