Цифрлық сауаттылық – технология туралы айтылған сөз емес. Бұл – адамдардың қорғануға және еркін болуға деген құқығы. Бүгінде интернет қолайлы құралдан қауіпсіздік үшін күрес алаңына айналды. Күн сайын мыңдаған отандасымыз алаяқтардың құрығына ілігуде. Осы көзге көрінбейтін індеттің жолын кесу үшін «AMANAT» партиясы «Цифрлық қоғам» жобасын қолға алды. Қостанайда өткен кездесуде егде жастағы тұрғындар интернет-алаяқтардан қалай қорғануға болатынын үйренді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналғанын атап өткен еді. Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясы ұйымдастырған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін екенін мәлімдеді.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляеваның айтуынша, «Цифрлық қоғам» жобасы барша азаматтың цифрлық сауатын арттыруға бағытталған. Әсіресе интернеттегі қауіп-қатерге жиі тап болатын қариялар мен балаларға ерекше назар аударылады.
«Цифрлық қоғам – бұл технологияны жай ғана пайдалану емес, бұл әр азамат тұрмысын жақсарту үшін цифрлық құралдарды қауіпсіз және тиімді пайдалана алатын орта құру. Адамдар цифрлық технологияны қауіпсіз және сенімді пайдалануы үшін бұған қажет білім беру керек. Бүгінде цифрландыру қарқыны өміріміздің барлық саласын қамтыған кезде, бұл жоба әсіресе өзекті болып отыр. Осы күні цифрлық қауіпсіздік негіздерін, жеке деректерді қорғауды және интернетті қауіпсіз пайдалануды үйрену өте маңызды», – деді ол.
2023 жылғы деректерге сәйкес, 6 жастан асқан қазақстандықтар арасында цифрлық сауаттылық деңгейі 88,3%-ды құрады. Бұл бұған дейінгі жылмен салыстырғанда 2%-ға жоғары. Қостанай облысында бұл көрсеткіш таңқаларлық 91,7%-ға жетті. «Цифрлық қоғам» сынды жобалар осы нәтижені ұстап тұруға және арттыруға көмектеседі.
«Біздің басты мақсатымыз – әр азаматтың цифрлық кеңістікте өзін сенімді және қауіпсіз сезінуіне қол жеткізу. Осы жоба арқылы қариялар да, жастар қауымы да пайдалы дағдыларды үйреніп, заманауи сервистерді оңай пайдалана алады», – деді «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов.
Цифрлық сауаттылық бойынша тренер Әсет Ордабаев желідегі заманауи қауіп-қатерлер туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ ол қатысушыларға интернет-алаяқтықты қалай танып-білуге болатынын және теріс пиғылды азаматтар қандай схемаларды жиі қолданатынын түсіндірді. Бұған қоса ол фишингтің, яғни пайдаланушыны зиянды сілтемеге өтуге немесе жеке деректерді беруге алдау әрекеттерінің, сондай-ақ скамның, яғни ақша алуға немесе жеке ақпаратқа қол жеткізуге бағытталған алаяқтық схемалардың не екенін түсіндірді. Тренер цифрлық гигиена ережелеріне ерекше назар аударды: күдікті сілтемелерге өтпеу, тексерілмеген көздерден файл жүктемеу, өздерін банктің немесе мемлекеттік органның қызметкері ретінде таныстырған бейтаныс адамдарға дербес деректерді бермеу.
«Ең бастысы – сақ болу керек. Алаяқтар күн өткен сайын әккіленіп барады. Олар сайттарды, телефон нөмірлерін және тіпті адам дауысын қолдан жасай алады. Егер көңіліңізде қандай да бір күмән пайда болса, бірден жақындарыңызбен кеңескен немесе қабылдайтын шешіміңізді тағы бір рет тексеріп көрген жөн. Интернеттегі қауіпсіздік қарапайым, солай бола тұра өте маңызды ережелерден басталады», – деді ол.
Кездесудің практикалық бөлігінде қатысушыларға дербес деректерді қорғау, құрылғыларды баптау, онлайн-банкингті және eGov порталын қауіпсіз пайдалану бойынша әдістемелер ұсынылды. Цифрлық волонтерлер қатысушыларға күнделікті өмірде цифрлық қызметтерді қалай пайдалану керек екенін түсіндірді.
Қостанай облысы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Олжас Мағыпаров дербес деректерді қорғау тақырыбында баяндама жасады. Ол цифрлық кеңістіктегі заманауи қауіп-қатерлер туралы айтып, жеке мәліметтерді қорғау бойынша практикалық кеңес берді.
Кездесуге қатысқан 72 жастағы Айжан Қуанышбекова үйренудің, білім алудың ерте-кеші жоқ деп есептейді.
«Бұрын жаңа технологиялардың маған қажеті жоқ деп ойлайтынмын. Кейін маған телефон мен интернетті қалай дұрыс қолдану керек екенін үйреткеннен кейін, оның өте пайдалы екенін түсіндім. Енді мен немерелеріме қоңырау шалып қана қоймай, коммуналдық қызмет ақысын да төлеймін, дәрігерге де жазыламын, тіпті жаңалықтарды да оқимын. Бұл, әрине, біз үшін көп көмек. Осындай кездесулер болмаса, көп нәрседен құр қалар едік», – деді ол.
«AMANAT» партиясы цифрлық қауіпсіздік пен технологияның қолжетімділігі сән-салтанат емес, әр азамат үшін аса қажет дағды екенін еске салады. Жоба ауқымы кеңейе береді. Ал осындай кездесулер ел аумағында өткізіледі. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заң жобаларын әзірлеу жұмысын жалғастыруда. Бұл құжаттар технологиялық даму мен азаматтардың құқығын қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ете отырып, Қазақстанда цифрлық технологияларды реттеудің негізіне айналады.