Маңғыстау өңірінде балық өнеркәсібін өрістетуге ерекше басымдық берілгендігі мәлім. Бұған саланың әлеуетті мүмкіндіктерін жіті саралау нәтижесінде әзірленген өңірлік бағдарламалар мен атқарылған ауқымды жұмыстар айқын дәлел болмақ. Сөз басында айта кетер маңызды жайт – Маңғыстауда 2030 жылға дейін балық өсіру көлемін ұлғайту үшін 218 миллиард теңгенің сегіз жобасын жүзеге асыру жоспарланған.
Биыл өңірдегі балық өсіру ісіне мемлекеттен 20 млн теңгеден астам субсидия бөлінген. Нақтыласақ, демеуқаржы балық азығы мен дәрілік препараттарды, балық өсіру материалын сатып алу шығыстарын өтеуге, балық басын толықтыратын аналық балық үйірін сатып алуға және күтіп ұстауға, балық өсіру биологиялық негіздемесін жасату шығындарын өтеуге бағытталады. Өңірде балық шаруашылығын қолдау бағытында былтырдан биыл шілдеге дейінгі уақыт аралығында кәсіпшілік балық аулауға 8 974 тонна квота берілгендігін атап өткен жөн.
«Биыл мемлекет балық өнеркәсібін өркендету үшін субсидия берумен шектелмей, қолдау бағытында бірқатар оңтайлы шешімдерді қабылдады. Мәселен, бүгінде балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыруға шектеулер алынып тасталды. Сонымен қатар былтыр өңірде 793 балықшы тіркелсе, биыл олардың саны 1 мыңға жуықтады. Бұл көрсеткіштің барлығы балық шаруашылығының дамып келе жатқанын көрсетеді», – деп атап өтті Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев.
Ол әлеуетті саланы өрістету қашанда өзекті екендігін, бүгінде балық өнімі өндірісін қайта жаңғыртып, берік жолға қою міндеті тұрғандығын айтады. Арман Молдашевтің сөзіне сүйенсек, 2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамытудың бағдарламасына сәйкес 2030 жылға дейін Қазақстан бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспарланды. Соның ішінде Маңғыстау өңірінде балық өндірісіне айрықша басымдық беріліп, өнімділігін жылына 100 мың тоннаға жеткізу көзделген.
«Қазіргі таңда Маңғыстау облысында балық өндіретін 3 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның екеуі бекіре тұқымдас балықтарды, ал бірі жайын балығын өсіруге бағдарланған. Өңірдің балық шаруашылығы бойынша әлеуеті жылына 38 мың тонна еді. Алайда, аталған 3 кәсіпорын 45 тоннаға жуық балық өсіріп, жақсы нәтиже көрсетті. Биыл өнім көлемін 73 тоннаға көбейтуді көздеп отырмыз, – деді өңірлік балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев.
Сондай-ақ ол балық өсіруге бет бұрған кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау жөнінде кеңінен баяндады. Мәселен, бекіре, жайын, тұқы, араван, албырт секілді балықтар жемінің 30 пайызы, аталған балық шабақтарының, үлкен аналық табындарының, дәрі-дәрмектердің, балық құжаттарын жасақтау барысында кеткен шығынның 50 пайызы өтелетіндігін атап өтті.
«Kazakh Osetr» ғылыми-өндірістік кәсіпорыны мемлекет қолдауымен зор табысқа кенеліп, өнімін өрісі кең нарыққа бағдарлап келеді. Бағалы балықты күтіп, баптаумен айналысатын зауыт директорының орынбасары Азамат Жақыпов балықтар жеміне кететін шығын құнының 30 пайызын мемлекет өтейтіндігін айтты.
– Кәсіпорын 2014 жылы іске қосылды. 8 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеміз. «Қызыл кітапқа» енген 6 түрлі асылтұқымды балықтарды өсірумен айналысамыз. Жылына 30 тонна балық өсіреміз. Асылтұқымды балық өсіруге қажетті сапалы жемді Нидерланды мемлекетінен алдыртуға тура келеді. Дәл қазіргі сәтте кәсіпорында 38 тоған, 9000 бас балық бар, – деді Азамат Жақыпов.
Кәсіпкердің айтуынша, жыл сайын 4 тоннаға жуық бекіре тұқымдас балық шетелдерге экспортталады екен. Сонымен қатар ол алдағы уақытта 1 гектарды құрайтын кәсіпорын аумағын 3 гектарға ұлғайтып, балықты ашық кеңістікте өсіруді жоспарлап отыр.
Бүгінде өңірде балық шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып отырған 5 шаруашылық субъектісін ескеріп өткен жөн. Солардың бірі – «СПК Кәусар бұлақ» шаруа қожалығы. Қожалық басшысы Талғат Сүлейменов егін, мал шаруашылығымен қоса балық өсіру кәсібін қатар алып жүрген еңбекқор азамат. Оның сөзіне сүйенсек, балық баққанға бітеді, ал одан көретін пайда да көл-көсір.
«Ауданы 1800 текше метрді құрайтын арнайы тоған салып, 28 мың кішкентай шабақтарға тапсырыс бердім. Әзірге 6500 шабақ келіп, сазан, тұқы, ақ амур секілді балықтарды өсіріп жатырмыз. Келер жылы бассейннің жанында әдемі саябақ салуды жоспарлап отырмыз. Тұрғындар мұнда демалуға келіп, балықты өздері аулай алады. Аулада өсетін жеміс-жидектер мен көкөністерді өз қалауынша теріп, сатып ала алады», – деді Талғат Сүлейменов.
Айтып өтер дүние, былтыр сәуірде Үкімет балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдап, облыста 2030 жылға дейін өсірілетін балық көлемін 100 мың тоннаға арттыру жоспарланды. Қажетті құзыреттері, білімі, балық аулау, өсіру және қайта өңдеу бойынша тәжірибесі бар шаруашылық жүргізу субъектілермен байланыс және тәжірибе алмасу балық өнеркәсібінің дамуына оң әсер етуі тиіс.