Мемлекетті күшейтетін де, көркейтетін де, байытатын да ауыл шапағаты

Мемлекетті күшейтетін де, көркейтетін де, байытатын да ауыл шапағаты

 

«Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясы мен ҚР Ауылшарушылығы министрлігімен және «Ел Ана» қоғамдық сайтымен бірлескен «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясы Ақмола облысында 

 

Целиноград ауданы Нұр-Сұлтанды қорғап, қоршап тұрған аудан

Бұл ауданның атауы бұрын, өздеріңіз білесіздер, Кеңес үкіметі кезінде бір облыстың, оның орталығының (Целиноград қаласы) атауы болатын. Жаны сірі екен, енді көрдіңіз бе «мүйізінен» айырылса да бар денесімен астананы алқалап, қоршап тұр. Осы ауданда аты бүкіл республикаға танымал Иван Сауердің ауылы бар. Оны сіз де білесіз. Иван тоқсаныншы жылдардағы жемқорлардың жемсауына ауылын қызғыштай қорғап, бермеген батыр, патриот азамат. Есесіне ауылына коммунизмді орнатты. Басқасын айтпағанда 12 ұшағы кез келген уақыт ұшуға дайын. 

Жә, сонымен біздің экспедицияның алғашқы жұмыс сапары осы ауданнан басталды. «Nur Otan» партиясы аудандық-аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Азамат Қанапиянов бауырымыз өзі күтіп алды. Алла разы болсын! Аудан орталығының атауы Ақмол деп қойылыпты. Сәтті атау. Жалпы аудан негізінен егін, мал шаруашылығымен айналысады. Анау-мынау емес, астанамен іргелес жатқан соң аудан тұрғындарының дені күнкөрістің қамымен сол жаққа қарай аңсары ауып тұрады. Яғни көпшіліктің жұмыс орны астанадан, тұратын жері осы ауданда. Бұл мәселенің түйіні әзірге шешілмейді. Себебі қандай пенде болсын мол ақша қайда болса, ниеті сонда бұрылады ғой. Бір жақсысы ауданда жұмыссыздық мәселесі толықтай шешілген. Бірақ аудан қаржысына түсер салық басқа қалаға «ұшып» кетіп жатыр. Ал кәсіпкерлердің қоржындары әрқашанда майлы. Олар өзгелердей емес, өсірген, шығарған өнімдерін қайда апарамын деп бас ауыртпайды. Алып базарлар жанында.

Азамат бізді аудан орталығын бір айналдырып тамашалатты да, содан соң депутаттардың және жаңа сайланған әкімдердің «құшағына» бірден гүмп еткізді. Алғашқыда олар бізге жатырқай қарап, тезірек құтылғысы келген сыңай танытты. Біздің қос бірдей ұжыммен («Nur Otan» және АШМ) бірлесе қимылдап, көкейтесті мәселелердің түйіндерін қалай болғанда да шешуге тырысатынымызға көздері жеткен соң, көп өтпей әңгіме дүкені қызып сала берді. 

 

Депутаттың да айтары бар

Алдымен бізді жатырқаудан құтқарған аудандық газеттің бас редакторы, әріптесіміз Жанат Түгелбаев сөз арнасын бүкіл ауданның, тіптен республиканың бас ауруына айналған мәселеге бұрды. Ол – жер және жайылым мәселесі. Ал бұл мәселе Целиноградта өте-мөте қиын екен. Себебі біріншіден, жердің дені тоқсаныншы жылдарда талан-таражға ұшырап кеткен. Алғандар өліспей беріспейді. Екіншіден, астаналық құрылысшылардың бей-берекет қазып кеткен карьерлері (алып шұңқырлар). Мәселен бір ауылдың төңірегін 41 карьер қоршап тұр. Өзекті тақырып дөңгелек үстелді әп-сәтте қыздырып, депутаттар, әкімдер оны тереңнен қаузап, өрісін кеңейтті. Ең өрескел нәрсе карьер қазушылар жергілікті жердің басшыларын көзіне ілмейді. Тіпті олар аудан әкімін де менсінбейді. Бірден облыс әкіміне шығады. «Берсең қолынан, бермесең жолынан» деп тізеге бір-ақ басады. Біз депутаттармен келісімге келдік. Алдағы уақытта редакциядан арнайы тілшілер жіберіп, бұл мәселені  зерттетеміз. 

Қосшы қаласында  проблема жетерлік

Тағы бір келісім Қосшы қаласының депутаттарымен болды. Қала мәртебесін алған Қосшыда қазір 80 мың тұрғын бар. Алдағы уақытта ол сан 150 мыңға жетпек. Проблема шаш етектен. Біздің тілшілер арнайы барып, жаңа қаланың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтпақ болып келістік. Біз бұл мақалада бір-ақ проблеманы айта кетелік. Қосшыда малмен айналысатын кәсіпкерлер жетерлік. Бұл қаланың ұстанымына қайшы. Оны не істейміз? Бұған басшылар, депутаттар қанша бас қатырса да мәселе түйіні әлі де күрмеулі. 

Депутаттар тағы бір үлкен мәселені қылтитты. Ол қоқыс мәселесі. Алып астана тұрғындарының саны қазір миллионнан асты. Жер Целиноградтікі. Ол полигонда осы өңірде салынуы тиіс. Экология, сасық ауа аудан тұрғындарына қажет емес. Егер алда-жалда салына қалса, халық көтеріліп кетпек. Жайылымның зарын татып отырған аудан тұрғындары әзірге шашылған қоқыстардың астында қалып отыр. Қалай құтылады? Тағы да бір түйін. Полигон салуға деген ниет бар. Алайда оны салуға тиісті орындар асығар емес. 

 

Ауыл әкімінің құзіретін қалай көтереміз?

Сондай-ақ өркениет әлемінде өмір сүріп жатқан ауданда ауыз су мәселесі шешілмей тұрғанына тұрғындар өте назалы. Су бағасы уақыт өткен сайын қымбаттап, шарықтау шегіне жеткен. Әр литрі 30 теңгеден  186 теңгеге көтерілген! Камаздар жолды шыдатар емес. Себебі жолдағы асфальт алып машиналарға лайықталмаған. 

Халық сайлаған жаңа әкімдердің өзіндік зор проблемасы салық мәселесіне тіреліп тұр. Салық арқылы әкімдер қаржы қорын ұлғайтады. Қазір мемлекет кәсіпкерлерге мораторий жариялаған. Яғни олардан салық түспейді. Содан кейінгі мәселе ауылда орналасқан өндіріс орындарынан түсетін салық та ауданға түседі. Осы салық ауылдың әкімінің қоржынына неге түспейді? Сондай-ақ үйлерге де баға төмен. Ол неге өспейді? Міне, әкімдер осындай ойлар, сауалдар тастады. Бұдан біздің аңғарғанымыз әкім есебінде қаражат болмаса, іс те мандымайды. Бәлкім мемлекет тарапынан ауыл әкімі қоржынына қаражат бөлінер. Кешегі қызыл директорлар неге күшті болды? Ол мемлекет ауылды қолдады, қаржымен, техникамен қамтамасыз етті. Соның арқасында ауыл өркендеді, демографиямыз да өсті. Ауыл әкімін тек қаражатпен ғана қамтамасыз ету емес, өзіндік құзіретін күшейту қажеттігін де әкімдер ортаға салды.

 

Ауыл имамына айлықты кім төлейді?

Сапарымыздың соңында денешынықтыру орталығы мен мешітке соқтық. 843 млн теңгеге бой көтерген орталықта бассейн, спорт, футзал, жаттығу залдары бар екен. Әне-міне пайдалануға берілетін орталықтың қызығын қарапайым халық көрмек. Аудан имамы Әбілхан Балтаұлы 300 адамдық жаңа мешітті қуана аралатты. Мешітті «Аналар рухы» деп атау ұйғарылған. Аудан бойынша 12 мешіт, 20 шақты намазхана жұмыс істейді. Имамның мына өтініші көңіл аударарлық. Ауылдағы мешіттерге түсетін ақша жоқтың қасы. Мемлекет тарапынан оларға айлық төленсе. Иә, дұрыс көтерілген мәселе. Тек тыңдар құлақ болса екен. 

 

Қорғалжын ауданы Мариям Жагорқызының ауылында

Қорғалжында осыдан оншақты жыл бұрын болғанбыз. Сексенкөлдегі құстар патшалығын тамашалап, мәңгілік ғашық болып қалғанымызды несіне жасырайық. Содан ба «Nur Otan» партиясының төрағасының бірінші аудандық аумақтық филиалының орынбасары  Мадияр Амангелдиновтың бастауымен осы өңірге бет алғанда жүрегім лүпілдеді. 

Мариям Жагор деген орыс қызы,

Он алты он жетіге келген кезі

Қазаққа Дудар деген ғашық болып, 

Сондағы Мариямның айтқан сөзі.

Жолдың екі жағындағы сары алтынға малынған егінжайға қарап қойып, осы өлең жолдарын айтып, ыңылдап әндетіп қойдым. «Әнші екенсіз ғой» деп мақтап, Мадияр да әнге қосылды. Жолай бір ауылға соқтық. Сабынды ауылы. Аудан әкімінің орынбасары Мұхамедди Ғабди-Сабыр қарсы алды. Ауылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен асфальт жол төселіпті. Ауыл тұрғындарының қуаныштарында шек жоқ. Осындай игі істер басқа ауылдарда көрініс берген. Соңғы бір-екі жыл көлемінде ауылдарда жол мәселесіне зор көңіл бөлініп жатыр екен. 

Қорғалжынның тура кіре берісінде Мариямға арналған ескерткіш асқақтап тұр. Арқаның лақылдай соққан қатқыл желі төбедегі аты Алашқа белгілі қыздың алтын шашын желпілдетіп тұрғандай  елестеп кетті. Көңілге қаяу салған нәрсе ауылға ирелеңдей кірген күре жолдың ойқыш-тойқыш болып жатқаны. Сондай-ақ Қорғалжынның бейнесі баяғы біз көргеннен де қоңторғай түрде көрінді. Аудан орталығы деген дардай атағына сай неге жөнделмеді екен деген ой қылаң берді. 

«Nur Otan» кеңсесінің залына біраз жұртты жинап қойыпты. Бұйығы отырған жұртты оятқым келді ме, халыққа сәлемдескен соң орындыққа отырар-отырмастан мақала басындағы Мариям әнін шырқап жібердім. Жо-жоқ, ойым жүзеге асып, жұрт селт етіп оянды, адамдардың салыңқы жүздеріне күлкі жүгірді. Әңгіме тиегін де олардың көңіліне сенім ұялатып бастаған соң ба, ақсақалы сөз бастап, депутаты қостап, талай көкейтесті мәселелерді қылтитты. 

 

Егін неге шықпай қалды?

Егін биыл құрғақшылықтан ба, ойдағыдай шықпапты. Қарақожин Балташ ақсақал әңгімесін осыдан бастады. «Жұт жеті ағайынды» дегендей бұған коронавирустың қиындығы қосылған. Басқа-басқа жанармай ерекше қымбаттады. Әсіресе «солярка» 295 теңгеге шырқап кетті. Далада шашылып жатқан жүн, тері мәселесін сөз етті ақсақал. «30 жылда осы мәселені неге шешпедік? Қаншама байлығымыз рәсуа болды ғой?» деп бір қайырды. «Бізде ет комбинаты салынды. Оның жоспары бар. Бірақ ол орындалмады. Неге? Ұйымдастыру жұмысы дұрыс емес. Ешкімнің оған жаны ашымайды. Қарапайым ақсақалдың көкірек сарайы күмбірлеп тұр. 

 

Сабындының астында  мұхит бар...

Аудандық мәслихат депутаты Берік Рысбаев жайылымның тарылып бара жатқанын ашына айтты және шешімін де жеткізді. «Кеңес өкіметінде егінжайды ауылдан 7-10 шақырым қашықтықта салатын. Қазір құнығып кеттік. Тура ауылға әкеліп тіреп қойдық. Бұны тоқтатпаса, жайылым мәселесі шешілмейді. Содан соң жерді алуын алып, оны пайдаланбай отырғандар бар. Солардан жерді мемлекет тартып алып, халықтың иелігіне беруі тиіс».

Ауданда дәрігерлер жетіспейді. Бір емес, жүзден аса. Мұғалімдер де қажет. Оларға жағдай жасалынбай жатқан көрінеді. Ауыз су мәселесі де шетқақпайланып тұр. «Сабындының астында мұхит бар. Еліміз алтынды сықыр-сықыр басып тұрса да кедей, жоқшылықта өмір сүруде. Астымызда су шалқып жатқанмен елдің ерні неге кеберсуі тиіс?» деді депутат. 

Қорғалжыннан Атбасарға қарай кетіп бара жатқанда депутат жігіттің осы сөзі есімнен кетпей қойды. Шынында да астымызда алтын жатқанда неге соншама кедейміз?..

 

Жақсы ауданында Археолог, жаңашыл директор

Көкшетаудан 300, Нұрсұлтаннан 300 шақырым жердегі Жақсы ауданы шынында да шалғайда жатыр. «Nur Otan» партиясы аудандық-аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Сыздықбаев  қағілез мінезді жігіт екен. Бір жағынан балуан. Жақында үлкен жарысқа қатысып, жүлделі екінші орынды иеленіпті. Қима ауылының тұрғындары оның басқару әдісін әлі де аңыз қып айтады. Сол Ерекең мені бір ерекше адаммен таныстырды. Мектепте 35 жыл қатарынан жұмыс істеп келе жатыр екен. Оның біраз жылында директор болған. Қазір Запорожье ауылындағы орта мектепте директор. Мектеп «Ауыл – Ел бесігі» бағдарлама аясында күрделі жөндеуден өткен. 

Ерлан Байдүйсенов атты бұл кейіпкеріміздің ерекшелігі тарихты зерттеумен бірге, археологиялық қазба жұмыстарымен айналысады. Жазда осыған бейім шәкірттерін ертіп, осы тұрғыда біршама уақыт етене жұмыс істейді. Біз оның кабинетінде ұзақ сөйлестік. Тарихты жаңғақша шағады. Білмейтіні жоқ. Мені жетектеп тарих әлеміне әкетті. «Ау, осы білгеніңізді кітап етіп шығармайсыз ба?» деген сұрағыма күмілжіп қалды. Бас салып Ерекеңді қайрай бастадым. Алдымен тырнақалды мақала жазуды ұсындым. Келісті. Содан ол жазылмаған мақала біздің газетімізде шығатын болды. 

Ерланның күрделі жөндеуден өткен мектебін араладық. Компьютерліндірілген. Ішті-сыртты бақылайтын видеосы да бар. Жаңашыл директор өзінің шәкірттерін оқытып-тоқытып, біразын мектебіне мұғалім етіп орналастырған. 373 оқушының жанына қажеттінің бәрі бар. Спорт залы, футбол, волейбол алаңдары жайнап тұр. Әттең-айы, аралас мектеп. Тағы бір арманы бар екен Ерекеңнің. Мектепте бассейн салу. Армандарыңа жет, Ерлан бауырым!

Субсидияны алуда кереғар мәселе көп

Партияның залында өткен дөңгелек үстеліміз бір сағатқа созылды. Ешім ауылындағы мектепте директор әрі аудандық мәслихаттың депутаты Сәуле Әбішева әңгіме тізгінін бірден қолына алды. Оның әңгімесінен қазіргі адамдардың бәрі болмаса да біршамасы жалқау болып бара жатқаны көңілден шықты. Мәселен ауылда бақташылыққа адам табылмайтыны. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекті місе тұтатындардың көптігі. Депутат Гүлден Мұхамеджанованы мектептегі балалардың азайып бара жатқандығы алаңдатады. «Егер мектеп жабылса, ауыл да өмір сүруін тоқтатады ғой» дейді өзекті ойды ортаға салып. Тарылып бара жатқан жайылым мәселесінің өзектілігін де сөзіне арқау етті. Бізді бастап жүрген Ерлан өзін-өзі басқару әдісін әр ауылға кіргізу қажеттігін айтты. Сонда әділдік салтанат құратынын, жемқорлықты жоюға болатынын жеткізді. Гүлден осы кезде сөзге араласып, әйелдердің зейнет демалысын 58 жасқа түсіру қажеттігін айтты. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшы Айжан Абай бірнеше көкейтесті мәселені ортаға салды. Жанармайды қасақана қымбаттататын жандар бар екенін, оларға тосқауыл жасау қажеттігін ашына жеткізді. Субсидияны портал бойынша беру жүйесінің ауыл, аудан кәсіпкерлеріне бұл жолмен келмейтінін, яғни олардың мүлдем ала алмайтынын нақты фактілермен дәлелдеді. Сондай-ақ ол техникалық субсидияның аз бөлінетініне қынжылды. Сәуле медицина мен білім саласында кадрлар тапшылығын сөз етті. 

Атбасар ауданында 

Бас уәзір баратын 

Бастау қандай ауыл?

Біз келгенде аудан жұртшылығы абы кіріп, күбі шығып, тайлы-таяғымен «Бас уәзір келеді!» деп дайындалып жатыр екен. Көшелер тазартылып, жан-жақ ағартылып дегендей біраз нәрсе тәртіпке келіп қалыпты. «Ертең Бастау деген ауылға келеді. Біз де бүгін сізбен бірге дайындықты тексеруге барамыз» деді әзілдеп жолбастаушымыз Нұржан Рахимов. Ол да «Nur Otan» аудандық-аумақтық филиалы төрағасының орынбасары. Бастау ауылында біз көретін бір нысан бар. Ол «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен салынып жатқан Жастар бас орталығының ғимараты. Біз жақындағанда облыс әкімі бастаған керуен жанымыздан гуілдетіп, дуылдатып өте шықты. 

     Ауыл әкімі қаршығадай ғана жігіт екен. Есімі Қайыржан Азамат. Бастаудың құрылу тарихы 1870 жылдан басталады. Бұрын «Красная Заря, Новая Александровка» деп аталған. Бұнда 384 отбасы тұрады. Ақсақалдар кеңесі, жергілікті қоғамдық ұйымдармен әкім қоян-қолтық бірге жұмыс істейтінін жеткізді. Әдемі ауыл. Көшелері асфальтталған. Жаңа үйлер көп. Жастардың бас орталығының ғимараты жарқырап тұр. Бірақ толық бітпепті. Құрылысшылар соңғы жұмыстарды жанталаса аяқтауға тырысып жатыр. Қазақтар ауылдың 70 пайызын құрайды. Қазақ мектебі бар. 

Жабайдың «тентектігі». Пошташының айлығы 20-ақ мың теңге!

Атбасар қаласында депутаттармен, әкімдермен, халықпен дөңгелек үстел жасадық. Ақпарат үздігі, кәнігі журналист Өмірсерік Шайхин әңгімесін баптай айтып, мұнда басқа аудандарға қарағанда өркениет кеңінен дамығанын баяндады. Соңғы кездері 17 көше асфальтталған. Қала хоккейшілері шеберлігі өте жоғары.

«Біздің негізгі бас ауруымыздың бірі Жабай өзені деп әңгімесін бір қайырған әріптесіміз оның жиі асып-тасатынын, содан жағасындағы талай ауыл зәбір көрген, тасқын астында қалған. Неге? Себебі тазартылмаған, табанын құм басқан. Оны тазартудың жобасы да жасалған. Ол жұмыстарға 24 млрд теңге қажет. 

Мәслихат депутаты Руслан Зарахов Тірек ауылына жасалған жақсы жағдайды сөз етті. Сонда қалған ауылдар «тоқалдан туған ба?» деп ол салмақты әзілдеді. Руслан Досмұханов биыл көмірдің аз келіп, халықтың осы мәселеде қиналып жатқанын баян етті. Сондай-ақ Қытайдың астық өнімдерін қабылдамағанына алаңдайтынын айтты. Жем-шөп қымбат. Әсіресе бұл құс фабрикасының жұмысын қиындатыпты. «Жұмыс істемейтіндерге бір шара қолданылса...» деп ол әңгімесін аяқтады. Жап-жас әдемі қыз Назгүл Жәкешова облыстық депутат екен. Дизел отынының қымбаттап жатқаны халық қабырғасына батып-ақ тұр. «Сондай-ақ ол жол картасының кейбір кемшіліктерін ортаға салды. Көптеген ауылдарда клуб, Мәдениет үйлерінің істемегені жастардың қалаға кетуін тездететінін жеткізді. 

    Пошта бастығы әрі депутат Ржевка Кристинаның айтқан көкейтесті мәселесі бізді де қатты алаңдатты. Онсыз да әзер жұмыс істеп жатқан пошта ұжымында жыл сайын қысқарту жүріп жатқан көрінеді. Пошташылардың айлығы 20 мың теңге. Бұндай ауыр жұмысқа, аз айлыққа ешкім келмейтінін ашына айтты. Жақында операторларды қысқартпақшы екен. Сонда хат-хабарды, газет-журналды үй-үйге кім таратады? Әли Бегалиев ауылындағы жастардың кетуі жағдай жасалмағандықтан деп бірден кесіп айтты. «Жастарды тәжірибелерің аз деп жұмысқа алмайды. Бұл дұрыс емес» деп оның айтқаны көкейге қонады.

Сандықтау ауданында «Қазағым!» деп  ән шырқаған Александр

Ақмола облысында жер атаулары әлі де жат тілден арыла алмай жатқандығын жол бойы көріп келеміз. Бұл Тәуелсіздігіміздің 30 жылында бұзылмай келе жатқан солтүстіктегі үлкен сеңнің бірегейі. «...Ка» деген жалғаулар жетерлік. Максимовка ауылы да солардың бірі. Мәдениет үйінің директоры Александр Агафонов біздің көңіліміздегі кірбіңді бірден сейілтті. Мәдениет үйі 43 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтіпті. Александр жарқырап тұрған сахнаға шығып, «Қазағым» әнін шырқап берді. «Бәрекелді!»  деп бір серпіліп қалдық. Баспасөз хатшысы Рабиға Мұқанова «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келіпті. Ауыл әкімі Ербол Бейсенбайұлы кәсіпкер Александр Закусиловтың ауылға жасап жатқан көмектерін айтып тауыса алар емес. Көптеген жаңа үйлер салған. Оларды көріп, біз де риза болдық. Алып хоккей кордының ғимараты жаңадан бой көтеріп, пайдаланылуға берілген. Сандықтау ауылында үлкен стадион салынуда. Құрылысы қызу жүріп жатыр.

 

 

Бәрі жақсы, бірақ ауданда интернет жоқ!

Біздің жолбасшымыз тарихи өлкетану мұражайының директоры Меңдібай Қопабаев нағыз аудан шежірешісі екен. Меңдібай бауырымыз «Nur Otan-ның» аудандағы басшылығымен бірлесіп, осы мұражайда дөңгелек үстел өткізуді жоспарлап қойыпты. Аудан халқының 80 пайызы басқа ұлт өкілдері. Ал дөңгелек үстелге кілең қаракөздерді жинапты. Мәслихат депутаты Гүлнар Қадырова бірден көкейтесті мәселелерді ортаға салды. Жобалар көп жасалынатынын, бірақ оларға жеткілікті қаржы бөлінбейтінін қынжыла жеткізді. Сондай-ақ аудан бойынша интернет жоқ. Пандемия кезінде басқасын айтпағанда, оқушылардың қатты қиналғанын Гүлнәр ұстаз жүрегі ауыра отырып баяндады. Шынында да бұл зор кемшілік. «Қалай болғанда да осыны жеткізіңізші» деп отырғандар қатты өтініш етті. Сандықтау табиғаты ғажап өлке. Нағыз туризмді дамытатын өңір. Өкінішке қарай ауыл- ауылға барар жолдарға көңіл толмайды. Шағын ауылдардағы шағын мектептердің болашағы күңгірт. Мектеп жабылса, ауыл құриды. Үкімет осыған байланысты арнайы бағдарлама жасаса... Наукенов Бекежан ақсақалды жас ұрпақтың өз ана тіліне шорқақтығы алаңдатады. Жайылымның тарлығы малды азайтуға мәжбүрлейді. Мал болмаса ауыл несіне керек? Ауданның бас дәрігері Айгүл Оразалинова ханым әлі де пандемия өршіп тұрғанын, бірақ осы саладағы дәрігерлерге берілетін қосымша төлемақының төленбей жатқанын айтып берді. Медицина мамандары жетіспейді екен. Бір қуанарлық жағдай аудан әкімшілігі осы өңірден 6 жасты оқытуға жіберіпті. Осындай әрекеттер басқа салаларға да қажет-ақ. Машиналар ескі екенін бас дәрігер қадап айтты. 

    Аманкелді Жүсіпов қиын балаларды ата-анасынан айырмау керек екенін өтініш етті. Жанды жұмыстар жүргізу керек. Еуропаға, Батысқа еліктеуді қою керек. Жүргізушілердің, аспаздардың, еден жуушылардың айлықтары төмендігін жеткізді ол. Мұғалім Есенбек Мұсахметов ауылды сақтау үшін жастарға жағдай жасау қажеттігін сөзіне тиек етті. «Тек баспана емес, демалу жағына көңіл бөлінсе» деді. Мәселен мектепке пәлен доп бөлінеді. Олар көп ұзамай жарылып, жарамсыз болады. Яғни сапалы спорт жабдықтары керек...

 

Түйін: Облыстың бес ауданын араладық. Жетістіктер жетерлік. Тәуелсіздігіміздің 30 жылында көптеген игі істер, тамаша нәрселер іске асты. Елдің жағдайы, өмірі, болмысы түбегейлі өзгерді. Ең бастысы бұл өңір астанамызды ауылшаруашылық тауарларымен, өнімдерімен қамтамасыз етеді. Әрине біз көбінесе халық айтқан көкейтесті мәселелерді жеткізуге тырыстық. Мемлекетіміз, үкіметіміз бұларға тез көңіл аударып жөндеуге тырысса құба-құп. Онда халықтың өмірі, тұрмысы одан сайын жақсара түсер еді. 

    

 

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
04.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 205
Жамбыл облысында 500-ге жуық мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды
Р.Ш.Шарипов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 09.12.2024 47
ЖОЛДАР ТАЗАЛАНЫП, ИНЕРТТІ ЗАТТАР СЕБІЛІП ЖАТЫР
Сарысу ауданы әкімдігі - 08.12.2024 31
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 220
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 220
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 238
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 220
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 208
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 204
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 227
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 216
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 224

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10501
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9482
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12717
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11687
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16700