«ҚазТрансГаз»-тың өзіне еншілес ұйым болып есептелмейтін жекеменшік фирма Қашағанда газ өңдеу зауытын салу үшін былтыр Еуропа даму және қайта құру банкінен 243 миллион еуро қарыз алған. Мұндай келісімдерде «мемлекеттік кепіл» жүретінін ескерсек, қарызды қайтару мемлекеттің мойнына ілінді. Құрылысқа қажет қалған ақшаны Үкіметке бағынышты Қазақстанның даму банкі бермек. Мемлекеттің мұншама ақкөңілдігі күдік туғызары сөзсіз. «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы мен құрамында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен қатар бірнеше шетелдік алпауыт компания бас қосқан NCOC консорциумы ілеспе газды өңдеу бойынша келісімге қол қойған болатын. Бірақ келісімнің схемалары қызық. Мемлекеттің негізгі идеясы дұрыс. Ал орындалуына қатысты сұрақ көп. Бекер жағылып кетіп жатқан ілеспе газды өңдеу мәселесі бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Осы арқылы Үкімет тегін газдан пайда тауып, оны өңір халқының игілігіне жұмсауы тиіс еді. Үкімет өңдеу зауытының Eni, Shell, Total сынды алпауыттармен бірлесіп салынатыны жөнінде түрлі отырыстарда талқылаулар өткізген. Кейін Премьер-министр Асқар Мамин дереу ол ойынан айныды да, зауытты ешкімге белгісіз, 2019 жылы құрылған, «GPC Investment» фирмасы салатынын хабарлады. Фирмаға басында Аслан Хамзин басшылық етсе, артынан Әсет Нұрдос бас директор болды. Әсет Нұрдостың есімі соңғы кездері жиі аталып жүр. Ал кезінде «ҚазТрансГаз-Аймақ» ұлттық компаниясында басшылық қызмет атқарған Абай Әмірханов осы «GPC Investment» фирмасының құрылтайшысы болып, артынан компанияны Григорий Огайдың атына жазып берген. Бизнес-схемаға қарап, біз оның жекеменшік фирманың мүддесіне орай жасалғанын байқаймыз. Қашаған кен орнынан ілеспе газды NCOC «ҚазТрансГазға» тегін жеткізеді және утилизация үшін қосымша ақы төлейді. Әрі қарай, «ҚазТрансГаз» бұл газды алады да «GPC Investment» фирмасына тегін өңдеуге береді. Зауыт газды өңдеп, өңделгенін «ҚазТрансГазға» сатады, әрі қолдарында қалған күкірт, сұйытылған газ бен газ конденсатын шетелге экспорттайды. Және осы зауыттың құрылысына мемлекет Еуропа даму және қайта құру банкінен басын бәйгеге тігіп қарызға ақша алып берген. Жетпегенін Үкіметке қарасты Қазақстанның даму банкінен бермек ойы бар. Жоспар бойынша жеке зауыттың жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтінін ескерсек, одан 815 миллион текше метр сатуға арналған газ, 119 мың тонна сұйытылған газ, 212 мың тонна күкірт және 35 мың тонна газ конденсаты шықпақ. Жекеменшік зауытқа мемлекет есебінен түсетін пайданың артында кім тұр? Сарапшылар Үкіметке қарасты Қазақстанның даму банкінің аталған жобаны қаржыландыру мәселесін тым ұзақ қарастырып жатқанына күдіктенеді. Кездейсоқтық болар, бірақ дәл осы кезде Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева инвестиция тарту мәселесінің кенжелеп жатқанын алға тартып, Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады...