Өткен жылы күзде «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясымен бірнеше облысты аралап болып, аттың басын Сыр еліне қарай бұрдық. Жалпы, жыл сайын қоңыр күзде редакциямыз бірнеше топқа бөлініп республиканы түгелге жуық аралап шығамыз. Мұнымызды көпшілік ерлікке баласа, базбіреулер бос шабыс деп сәуегейсиді. Ең бастысы біздің келгенімізге ауыл тұрғындары қуанады. Себебі біз қолымыздан келгенше ауылдың көкейтесті мәселелерін көтереміз.
Биыл Сыр елінің екі ауданын аралауды ұйғардық та, жолға шықтық. Олар Шиелі мен Жаңақорған аудандары. Жаңақорған Қызылорда облысының ең шұрайлы ауданы. Сырдарияның нәрін молынан сіңірген құтты жер. Аудан Түркістан облысымен шектеседі. Мұнда негізінен қожалар, наймандар тұрады. Ауылдары бір-біріне жақын. Қол ұстасып жатыр десе де болады. Бізге ең шалғай Қожакент ауылына барудың сәті түсті. «Ауылын көріп, азаматын таны» демекші, шынында да бұл ауыл бірден әсем де сұлулығымен біздің назарымызды аударды. Көшелерінің ортасына гүлдер егіліп, саялы ағаштар отырғызылған. Шарбақтары көздің жауын алады. Тап-таза. Бізді бір топ ақсақалдар қарсы алды. Қаумалай қоршап алып, ауылдары туралы айтып тауыса алмай жатыр. Алдымен Мәдениет үйінде болдық та, содан соң жаңадан салынып біткен спорт кешеніне бет бұрдық. Зәулім спорт кешенінің бір жағы біткен. Екінші жағының қалған-құтқан жұмыстарын бүкіл ауыл асарлатып істеп жатыр екен. Бір кісідей жұмылып олар құлшына жұмыс істеуде. Сыртқа дастарқан жайып тастаған. Спорт кешенінің ішінде бәрі бар. Футбол, волейбол, баскетбол дейсің бе, бәрі тамаша. Қаладан бір кем емес. Табыстарының қомақты екенін осыдан-ақ аңғарасың. Сырттағы дастарқаннан дәм татып, сапарымызды жалғастырдық. Жайылма деген ауыл негізінен қарбыз егеді екен. Олардың тіл үйірер қарбыздары сонау Ресейге дейін сапар шегеді. Бұл ауылдың сыртқы келбеті де жаман емес.
Біздің ренішімізді тудырған – Шиелі ауданындағы Қызылордаға жақын орналасқан Сұлукөл ауылы. Білесіз бе бұл кімнің ауылы екенін? Алаштың алып баһадүрі Мұстафа Шоқайдың туған ауылы. Шынымызды айтсақ, біз Сұлукөлге ерекше тебіреніс, толғаныспен келдік. Көз алдымызға Алты Алаш ардағының еңселі ескерткіші сомдалған, әсем де гүл жайнаған еңселі ауылды елестеткенбіз. Қайдағы... ауылдың шетінен-ақ малдың тезегі шашылған, күл-қоқысқа толы, көшелері қисық-мисық азып тозған көріністі көргенде судай тасыған көңіл бірден басылып қалды. Ау, аты бүкіл әлемге мәшһүр Мұстафа Шоқай бабамыз тіріліп келіп, ауылының мына күйкі көрінісін көрсе... Клубта ауылдың біраз тұрғындары жиналыпты. Бәрі әдемі киінген. Біз жоғарыдағы көңілсіз жайттарды ашып айтып, беттеріне бастық. Бәрі төмен қарады. Оны әкімі де мойындаған болуы керек, жиналыстың соңында бізбен қоштаспастан тайып тұрыпты. Таңғалдық! Біздіңше, бұл бүкіл облыс шенеуніктеріне зор сын. Ертең шетелден қонақтар келсе, не бетімізді айтамыз, ағайын-ау?..