Қазақтың болмысына тән жақұт қасиеттерінің бірі – сөз өнері десек, «қазақ айтыпты» деген даналық сөздер дәуірлер алмасып, уақыт жылжыса да мән-мағынасын жоғалтқан емес. Сондай сөздердің бірі, әрі дәл осы орамды ойдың түйіні болатын бір сөз бар.«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», - дейді бабаларымыз.
Күні кеше Тараз төрінде өзі өмірден өтсе де, өнері өлмеген бір жақсыны еске алу кеші өтті. Ол - барша қазаққа ән өнерімен мәшһүр болған белгілі термеші, ақын әрі композитор Аяз Бетбаев. Көзі тірісінде ән өнерінің жандануына үлес қосқан тұлғаның қазақ мәдениеті мен руханиятындағы орны ерек.
Артында қалған бай мұралары кейінгі буынның және келешек ұрпақтың жан-дүниесіне қозғау салмай қоймасы анық. Сондықтан бұл кештің де халыққа берері мол болды десек артық айтпағанымыз деп білемін.Көпшілік термеші деп қана танитын Аяз Бетбаевтың сан қырлы өнер иесі екендігін бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Ақындық, жыршылық, сазгерлік және орындаушылық қырлары бар тұлғаның «Ақ қайың», «Сағыныш», «Махаббат жұлдызы», «Жұлынған гүл» сынды әндері ел арасында кең тараған.
Еске алу кешінде аталған әндер мен туындылар орындалып, жүректерге қуат, көңілдерге шуақ ұялатты. Ал Аяз Бетбаевтың кіндік қаны тамаған Шу өлкесінен келген өнерпаздардың, яғни «Шу» халықтық театрының сахналандырылған қойылымымен кеш шымылдығының түрілуі де көрген көзге берер әсері мол әдемі көрініс болды.
Өмірдің әр құбылысын әнге қосып, өз шежіресін әнмен жазған халқымыз үшін қай заманда да Аяз ағалардай таланттардың жақұт өнері биік болуы тиіс. Себебі, тарихтың сан қилы талқысынан сүзіле өтіп келе жатқанәндер, қазақтың киелі мұрасы Аяз Бетбаевтай тұлғалардың таланты мен еңбегінің арқасында бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Ол соңғы сапарға аттанар шағында, белгілі ақын, сазгер Бейбіт Шошабаев көңіл сұрай барғанда: «Қалған, кейінгі ұрпаққа жеткізетін жырым да, әнім де сенің мойныңда, балам»- деп маңдайынан сүйіп, өз аманатын табыстауы да өнер өлкесіндегі жанкештілігінің белгісі екендігі сөзсіз. Ал бүгінде сол аманатқа берік болып жүрген Бейбіт Шошабаев ағамыз да Тараз төріндегі еске алу кешінен табылды. Аяз Бетбаевтың туындыларынан бөлек, өзінің «Аяз ақын – алыбым» толғауын әсерлі орындады.
16 жасында Кенен Әзірбаевтыңбатасын алып, ұстазы Кененнің 90 жас торқалы тойын ашып беру бұйырған Аяз Бетбаевтың шығармашылығын кейінгі ұрпаққа нсихаттау ісі бір кешпен тоқтап қалмасы анық. Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен өткен кеште төбе көрсеткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров те мұны атап өткен болатын. Сондай-ақ, жыршы, ақын, термеші Бейбіт Шошабаевқа шапан жауып құрметтеп, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін»төсбелгісін табыс етті. Шын мәнінде, тағылымы мол кештің өтуіне үлес қосқан Бейбіт ағаға алғыс айтылып, өнердегі еңбегінің бағаланғандығы көңіл қуантады.
Алып атыраптағы ат төбеліндей ғана халқымыздың ұлан-ғайыр даласы мен таңғажайып болмысын кестелей білетін, халықтың көкейіндегі арман-тілегін айқындайтын санаулы құдірет бар. Оның ең асқағы – өнер. Сол биіктіктің тармағына айналған ән өнеріне үлес қосқан Аяз Бетбаевтың да, бүгінде тұлғаның жолын жалғастырушысына әрі өзінің дара жолымен қазақ ән өнерінің беделді тұлғасына айналған Бейбіт Шошабаевтың да өнер өлкесінде алар орны ерек. Өнер шынайлықты, өнер қошемет пен аппақ көңілді сүйеді. Сонда ғана шалқар шабыттың сәйгүлігі телегей теңіздердің толқынындай туындыларға жеткізбек. Ендеше, өнері өмірінің жалғасына айналған тұлғаларға бай халық ретінде руханиятымыз бен мәдениетіміздің тұғырын төмендетпейік! Ол арамыздан кетсе де, көңілімізден кетпегендігінің белгісі ретінде осындай мазмұнды еске алу кештермен көрініс таппақ.
Ерлан ЖҮНІСБАЙ
Жамбыл облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер
және құжаттама басқармасының басшысы