Білімді ұрпақ қана келешекті жарқын етеді. Мектепке дейін және орта білім беруді дамыту реформасы өз биігіне жеткен кезде ғана ғылым-білімге жол ашылмақ. Ол үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан іс-шаралар жетерлік. Ел Президенті жылда халыққа жолданатын жолдауларында бұл мәселеге арнайы тоқталады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде кез келген мемлекет үшін адам капиталы басты өлшемге айналғанын айтып келеді. «Жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз», – деді. Мемлекет басшысы білім беруді және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта зерделеу қажеттігіне назар аударып, осы мерзімге дейін білім саласына бөлінетін қаражат алты есе, ғылымға бөлінетін қаржы жеті есе өсетінін айтты. Қазақстанның білім саласына бөлетін қаржысы жеткіліксіз екенін, соның салдарынан білім беру сапасы мен мектеп инфрақұрылымы дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда кенжелеп қалғанын жеткізді. «Қазақстанның мектептері жақсы жабдықталып, сыныптағы оқушылар санының көп болмағаны қажет. Мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай 650 орындық және одан да көп оқушыға арналған 800 жаңа мектеп, ауылдардағы тірек мектептер үшін 114 интернат, 700-ден аса спорт залдарын салу жоспарланып отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту айтарлықтай болғанымен, қала мен ауылдық жерлердің арасындағы айырмашылық әлі сақталуда. Ауылдық жерлердегі балалардың басым бөлігі әлі де болса балабақшаға бармайды. Мектепке дейінгі ұйымдардағы шектеулі орын санына сұраныстың өсуі балаларды балабақшалар мен өзге де мектепалды ұйымдарға орналастыру кезіндегі жемқорлықтың етек жаюына ықпал етуде. Қазіргі таңда қоғамда ұсынылатын қызметті бағалаудың ортақ үдерісінен өтпейтін, ал түрлі тексеру инспекциялары әлсіз болатын, жекеменшік балабақшалар санының көбеюіне байланысты алаңдаушылық бар.
Мектепке дейінгі ұйымдардағы бала санының артуы білім берудің сапасын жақсартумен қатар жүріп жатқан жоқ. Ресми құжаттарда көрініс тапқан бұдан өзге де мәселелер баршылық. Олардың қатарында мұғалімдерді даярлаудың өте төмен сапасын, білікті педагогтердің жетіспеушілігін студенттердің педагогикалық ЖОО-лардағы «мектепке дейінгі білім» мамандықтарына өте аз баруын, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі инклюзивтік білім берудің баяу дамуын (айрықша мұқтаждықтары бар балалардың үштен біріне жетер-жетпесі ғана мектепке дейінгі біліммен қамтылған) (ҚР БҒМ, 2010); үштілділік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қолдаудың жоқтығы мен үштілділікті жүзеге асыруға арналған оқытушылық, тәлімгерлік бағдарламалардың тапшылығын айтуға болады.
Соңғы онжылдықта мектепке дейінгі білім беру жүйесінде баланы дамытудың жаңа тұжырымдамалары пайда болды. Білім беру дүниетанымы тәрбиешінің айтқандарымен тануға дайын, баланың «таза парақ» немесе «бос ыдыс» ретіндегі кейпінен бас тарту да бар. Бүгінгі таңда баланың туған сәттен бастап үйренуге қуатты әлеуеті бар екендігіне және мектепте де, одан тысқары да білім алу мүмкіндігіне ие екендігіне көбірек ден қойылуда. «Мықты әлеуеті бар бала» тұжырымдамасын түсінумен қатар, бүгінде оқыту үдерісіне де (бала нені бәрінен жақсы істей алады) назар аударылуда. Мұғалімдер оқу барысына ықпал ететін факторларға және осы үдерісті олар қалай көтермелеп, қолдай алатындығына ерекше мән беруде. Ресми құжаттарда еңбекақының тым аздығы, мамандықтың тартымсыздығы, жұмыс аптасының ұзақтығы, оқу жүктемесіндегі ауыртпалық пен әкімшілік тарапынан сыртқы қысым, кәсіби өсу мүмкіндігінің жоқтығы сынды мектепке дейінгі ұйымдарға тән мәселелер аталған. Аталған мәселелер шешілуі тиіс, бірақ оны шешу жолдары мектепке дейінгі білім берудің жаңаша түсінігі аясында іске асуы қажет. Сондай-ақ, балалар мен отбасыларға қандай ғимарат түрлері қажет екендігіне қатысты шешім қабылдау керек. Ғимараттар стандарттарының төмендігі, айрықша мұқтаждықтары бар балалар мен ересектерге қажетті ресурстардың, жабдықтардың жоқтығы да түйткілдердің бірі.
Мектепке дейінгі білім көптеген елдерде білім беру жүйесімен ғана шектелмей, сонымен қатар, медициналық қызметтер, әлеуметтік көмек пен үлкендерді оқуға арналған мүмкіндіктерін ұсынатын, балалар мен олардың отбасыларына арналған ықпалдасқан мультисервистік орталықтарды құрайды. Осы мүмкіндіктерді Қазақстанда мектепке дейінгі білім берудің жаңа жүйесін қалыптастыру аясында қарастырған жөн.
Бастамалардың көптігі мен реформа жүргізуге деген зор ынтаның болуына қарамастан, орта білімде ағымдағы жоспар әлсіз үйлестірілген, ұмтылыстың жеткіліксіздігі, ұлттық және халықаралық деңгейде әрі қарай ілгерілеу үшін Қазақстанда енгізілуі қажет білім беру қағидалары мен тәжірибелерін жеткілікті түсінбеушілік бар. Оқу бағдарламасы, оқулықтар, педагогика, мұғалімдерді оқыту және мектептік көшбасшылық – бәрі бірлесіп әзірленіп, тиянақты түрде үндестірілуі тиіс. Осы аспектілердің барлығы бір мақсат пен құндылықты көздеуі тиіс, олай болмаған күнде олар бір-біріне кедергі жасайды .
Ақпаратты қарапайым жаттап алуға қарағанда салыстыру, талдау, қолдану, сын, дәйектеу, түсіндіру сынды оқушылардың алдында тұрған барынша күрделі зияткерлік міндеттерді ескере отырып, ұлттық стандарттарды, оқу бағдарламаларын, педагогика мен оқулықтарды қайта қарастыру қажет.
Тестілеудің мақсаты мемлекет пен жоғары білім беру жүйесі түлектердің алдына қойып отырған түрлі зияткерлік міндеттерді шеше алу қабілетін анықтау болғандықтан, ҰБТ да түбегейлі қайта қарауды қажет етеді. Осыған орай, ҰБТ бағалаудың заманауи әдістерінің кең ауқымын қамтып, оқушылардың түрлі пәндер бойынша жетістіктерін дәл бағалауы тиіс.
Үштілді білім беруде «үштілділік» пен «үштілді білім беру» сынды ұғымдарының әмбебап және ортақ бір анықтамасының келісімі жоқ, сондай-ақ, өзге елдердегі түрлі үлгідегі үштілді білім бағдарламаларында студенттер қандай нәтижеге жеткені және қалай жеткені жайында да түсінік аз. Ағымдағы жоспарлау үштілді білім беруге қатысты жеткіліксіз ақпаратқа және ішінара жалған тұспалдарға негізделуде.
«Qazaqstan dauiri» басылымы білім саласындағы олқылықтарды үнемі жазып, сол үшін арнайы «Білім шырағы» айдарын ашты. Бұл жерде білім беру сапасына қарай реформалардың қалай жүзеге асып жатқаны тәптіштеп жазылады.
30 қараша күні (2022 ж) Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері қаралды. Оқу-ағарту экс-министрі Асхат Аймағамбетов ұлттық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектеп инфрақұрылымын жаңғырту үшін әзірленгенін айтты. Оның аясында 842 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы оқу орындарының ауқымды құрылысы көзделген. Мәселен, жайлы мектептер қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т.б. толық жабдықталады. Жоба көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған. «Жобаны тиімді іске асыру үшін жан-жақты талдау жасалды. Тек соңғы 10 жылдың ішінде оқушы саны 1 миллионға өсіп, бүгінгі таңда 3,7 миллионға жетіп қалды. Бұл – тарихта болмаған рекордтық көрсеткіш», – деді экс-министр.
Осыған байланысты мектептерге үлкен жүктеме түсіп отыр. Проблемаға әсер етіп отырған бес фактор бар. Олар урбанизация, миграция, туу көрсеткіші, мектеп ғимараттарының тозуы және мегаполистерде тұрғын үйлердің тығыз салынуы. Бұл факторлар жобада толығымен ескерілді. Осы мәселелерді шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушыға мектеп салуға 2,6 трлн теңге қарастырылды. Ұлттық жоба аясында 60 мыңға жуық уақытша және 40 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Жобада мектептерді іске қосудың 3 нақты тетігі ұсынылған – мемлекет-жекешелік серіктестік аясында мектептер салу; мектеп ғимаратын жайлы мектеп талаптарына сәйкес келген жағдайда тауар ретінде сатып алу; бірыңғай оператор арқылы мектептердің нысаналы құрылысы.
Жобаны әзірлеу барысында осыған дейін мектептерді салу кезінде болған проблемалар ескерілді. Олар салынған мектептерде пән кабинеттерінің және қажетті оқу жабдықтарының жеткілікті болмауы, конкурстық ресімдердің ұзақтығы, құрылыс мерзімінің созылуы, мектеп жобаларының бірыңғай стандартының болмауы және т.б. «Жоғарыда атап өткен бірыңғай операторды тарту да осы мәселелерді шешуге бағытталған. Яғни бұл механизм бірыңғай стандартқа сәйкес құрылыс жүргізу, сатып алу процесін және жылдамдығын арттыруға, сапаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі салынатын мектептердің ерекшелігі ауылда да, қалада да – барлық жерде бірдей жоғары стандарт бойынша салынады», – деген еді А.Аймағамбетов.
Мұндай мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандарт бойынша салынатын болады. Оған қоса, онда ерекше білім қажеттіліктері бар балалар үшін жағдай жасалады. Сонымен қатар жаңа мектептер үшін мұғалімдерді даярлау және біліктілік арттыру жұмыстары жалғасады. Жалпы 2026 жылға қарай 100 мыңға жуық маман даярланады деп күтілуде. «Яғни қосымша грант бөліп, артық кадр даярлау қажет емес. Сондықтан бастысы – мұғалім саны емес, сапасы мен біліктілігін арттыру», – деді министр. Бұл бағытта ведомство Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірге педагогикалық бағдарламаларды аккредиттеудің стандарттарын және кадрларды даярлау бойынша кешенді жұмыс атқарып жатыр. Сонымен қатар мектеп құрылысы басталысымен мектеп директорын тағайындау қарастырылып отыр. Ол құрылыс барысын бақылап, бас-көз болып, алдын ала педагогтерді жинақтап, менеджмент және көшбасшылық бойынша арнайы курстардан өтеді. Осы шаралардың барлығы жаңа мектептерді жақсы педагогтермен қамтамасыз етуге және білім сапасын арттыруды қамтамасыз ететін тәсілдерді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 842 мыңнан астам жаңа, сапалы, жайлы оқушы орны ашылып, тапшылық жойылады, білім теңсіздігі қысқартылып, сапаны арттыруға мүмкіндік береді. Әкімдіктермен және мүдделі тараптармен бірге бұл жобаны тиімді іске асырамыз», – деді Оқу-ағарту экс-министрі.
Премьер-Министр Смайылов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге бағытталып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ жаңа білім ордаларында пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар болады. «Бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады», – деді Ә.Смайылов.
Осы орайда алдағы 2023 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын «Qazaqstan dauiri» газеті кеңінен зерделеп, білікті мамандардан сұхбат алып, тәжірибелі ұстаздардың ой-толғамдарын оқырманға дер кезінде жеткізіп отыруды жоспарлап отыр. Себебі білімсіз ұрпақ мемлекет дамуына үлкен кедергі. Осы ретте Оқу-ағарту министрлігін толық ақпараттық қолдауға дайынбыз. Жаңа айдарлар ашып, білімді жастардың ой-пікірлерін оқырман назарына ұсыну алға қойған асқақ арманның тек біреуі ғана...