Өткен жылдары Украинаның Жоғарғы Радасы депутаттарының қып-қызыл майдан болып төбелесіп жатқанын көргенде мазақтап күлетін едік. Біздің депутаттардың «тәртібіне» қуанатынбыз. Бүгін ойланып қарасақ, Рада депутаттары «горилка» ішкеннен емес, ел мүддесінің қызуы «басқа шапқан» соң төбелеседі екен ғой. Қайраткер болған соң сөйтеді. Жалпы саясаткер мен қайраткердің айырмашылығы неде деген сұрақ туады. Саясаткер – саяси ойыншы, бүгін - олай, ертең - бұлай сөйлей алады. Қайраткер – ойыншы емес, күрескер, ол өз ұстанымы үшін соңына дейін тартысады. Ұстанымын дәлелдеу үшін төбелеске кірісіп те кетуі мүмкін. Бұл біздің депутаттарды төбелеске шақыру емес, беті аулақ. Бірақ, біздің депутаттың ұстанымы – оның тұғыры, бет-бейнесі, тұлғасы, оның қызметінің көрсеткіші, «қайраткерлігі осы ұстанымында» деп айта аламыз ба? Меніңше, ондай қайраткер бізде болған, қазір де бар.
90-шы жылдардың соңында Парламентте Әкім Ысқақ деген депутат болды. Өзі журналист, ақын, сазгер. Міне, ол - қайраткер. Өйткені, Үкімет дайындаған «Көші-қон туралы заң» жобасын көрген соң, жұмыс тобы жетекшілігінен бас тартып, өзі Үкімет ұсынған заңнан басқа, соған балама заң жобасын қазақ тілінде дайындап, Парламент қарауына ұсынды. Қазақ тілінде дайындалған заң жобасы Парламент депутаттарын екіге жарып жіберді. Депутаттар енді «жұдырықсыз төбелеске» дайындалды. Ұлтжанды Әкім Ысқақ жұдырығын түйіп тұрып, Парламент қабырғасында заң жобасын қорғап шықты. Содан кейін арнайы комиссия құрылып, заң жобасы Ұлттық кеңесте қаралып, әйтеуір қазақ тілінде жазылған тұңғыш заң тұңғыш рет қабылданды-ау. Сол «Көші-қон туралы» заңның арқасында Қазақстан қандастарын елге көшіру жөнінде әлемдегі озық үш елдің (Германия, Израйль, Қазақстан) біріне айналды. Қайраткерлер осылай өнімді жұмыс істейді.
Осы жолы тарап кетіп, қайтадан сайлауға түсіп жатқан депутаттардың арасында мен өзім Қазыбек Исаны қайраткер деп білемін. (Басқа депутаттар ренжімесін. Бұл менің жеке ойым ғой). Қазыбек – журналист, ақын. «Ақжол» партиясы жетекшісінің орынбасары. Оның қайраткерлігі неде десеңіз – қазақ тілі мәселесі бар жерде, маған десе жер кері айналып кетеді десең де бір мысқал да кейін шегінбейтінінде, ұлтжандылығында. Саясаткер емес ол. Қазақ тілі мәселесі бар жерде ешқандай саяси ойынға бармайды. «Мемлекеттік тіл туралы заң» жолында алысқанмен алысуға дайын. Қайраткер. Иә, оның мемлекеттік тіл жолындағы күресі депутат болмай тұрған кезде-ақ басталған. Украина Радасындағыдай қызылшеке «төбелес» болмаса да, біздің ендігі Парламент Мәжілісінде ел мүддесі үшін кәдімгідей пікірталас болуы керек-ау. Онда қайраткерлерсіз «қызық» тартыс болмайды.