Педиатр – балалардың бойында кездесетін түрлі ауруларды диагностикалаумен, емдеумен және алдын алумен айналысатын маман. Ол баланы тексеру арқылы диагноз қойып, ауруды белгілерінен ажырата алады. Қабылдауға келген баланың дене қызуын, дем алуы мен жүрек соғуын тыңдап тексереді. Тексерістен соң қойылған диагноз бойынша ем шара тағайындайды. Бүгінгі таңда педиатрия саласында балаларды қауіпті жұқпалы инфекциялардан қорғау мақсатында екпе жұмыстарына үлкен көңіл бөлінген. Балалар дәрігерінің бойында балаға деген сүйіспеншілік қасиет басым болуы шарт. Егер бала ауыр халде ауырып келсе, дәрігер тез арада шұғыл және дұрыс шешім қабылдай білу керек. Бұл жұмыстың қиын тұстары – балалардың қай жері, қалай ауырып тұрғаны туралы дұрыс түсіндіре алмауы (әлі сөйлей алмайтындары да бар). Мұндай жағдайда дәрігер өте зерек, білгір болуы керек. Күнделікті әртүрлі жастағы және түрлі мінез-құлықты балалармен жұмыс жасау үшін балалар дәрігерінен шыдамдылық пен эмоциональды салмақтылық талап етіледі. 2007 жылдан медициналық жоғары оқу орындары маман даярлаудың жаңа жүйесіне көшкен болатын. Осының салдарынан педиатрия факультеті жалпы медициналық бағытқа кіріп кеткен. Енді педиатр болу үшін резидентураны бітіру керек. Сол себептен түлектер педиатрия сияқты мамандыққа көп қызықпайды. Соның салдарынан қазіргі күні педиатрлардың тапшылығы сезіліп отыр. Педиатрияның қажеттігіне тағы бір себеп бар. Қазір балалар ауруы жиі асқынады, бұрын ересектер ғана ауыратын ауру түрлері балаларда да кездесіп жүр. Тіпті, жиілеп барады. Түрлі аурулардың тым жасарып, балаға ауыз салғаны ойлантады. Педиатрия мұны зерттеп, ертерек анықтап, дерттің асқынуының алдын алмаса, балалардың өлімі азаймайды. Кейде бір жасқа дейінгі сәбилерді аман алып қала алмай жатамыз. Сондықтан қазіргі кезде педиатрия мамандығын таңдай отырып, дәрігер бала өмірі мен денсаулығын тиянақты қарап, емдеу арқылы білікті, білімді бала дәрігері болуды мақсат етіп қою маңызды деп қарау керек. Педиатр мамандығы – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Педиатр – бала жанының арашашысы, бала жанының зерттеушісі, бағдаршамы, қорғаны. Бала өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Алайда отбасылық дәрігердің бәрі педиатр немесе терапевт емес. Жалпы бұл жүйе туралы Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №10 қалалық емхананың педиатр тәжірибелік дәрігері Пияева Майра Ералиевнаның ойын білген едік.
– Негізі, балалар мен үлкендердің ағзасы тіптен өзгеше. Ересектер мен балаларды бір дәрігердің қарауы көптеген қателікке ұрындырады. Бір жасқа толмаған нәресте мен үш жасар баланың ағзасы, дамуы мүлде басқа. Сондықтан баланы педиатр қарауы керек, – дейді Майра Ералиевна.
Дәрігер Майра Ералықызы 1987 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданы Ұрбұлақ ауылында дүниеге келген. 2004 жылы Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ға оқуға түсіп, педиатрия факультетін бітіріп шыққан. 2020-2021 жж. магистратурада, 2021-2024 жж. резидентурада оқыған. 2011 жылы интернатураны аяқтаған соң Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылында педиатр болып еңбек жолын бастаған. 2019 жылдан Алматы қаласындағы №10 қалалық емханада педиатр дәрігер, 2020 жылы педиатр бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Ал 2022 жылдан бастап емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.
Майра Ералықызы дәрігер мамандығын таңдауға атасының сөзі әсер еткенін айтады. «Атам үнемі мені дәрігер болады деп айтып отыратын. Біздің туысқандарымыздың арасында әкемнің әпкесі ғана медбике болған. Атамның сөзі әсер етіп, дәрігер боламын деп шештім. Ал, қазіргі кезде туысқандар арасында менен кейін де дәрігер мамандығын оқып, дәрігер болып жүргендер баршылық», – дейді ол.
– Оқу бітірген соң дәрігер-мамандар еңбек жолын ауылдан бастағаны өте дұрыс. Ауылдан көп тәжірибе үйреніп, біліміңді жетілдіресің. Сол себепті кез келген мамандықты бітірген жастар ауылға барудан бас тартпағаны жөн, – деп қосты Майра Ералықызы. Сонымен қатар педиатрияның қажеттігіне тағы бір себепті айтып өтті.
– Қазір балалар ауруы жиі асқынады, бұрын ересектер ғана ауыратын ауру түрлері балаларда да кездесіп жүр. Тіпті, жиілеп барады. Қазіргі кезде жергілікті жерлерге педиатр мамандардың жетіспейтіндігі, одан балалар денсаулығын сақтау, оны емдеу ісінің ақсағаны белгілі болды. Қазір негізгі салмақ облыстық, қалалық балалар ауруханаларына және перинаталдық орталықтарға түседі. Аудандардағы, кішігірім қалалардағы ауруханалар мен емханалар баяғыдай педиатр мамандармен қамтамасыз етілуі тиіс деп ойлаймын. Баланың өлімі ата-ана, бауырлары үшін ең ауыр қайғы. Сондықтан қазіргі педиатр дәрігері болатын жастар өз мамандығын жетік меңгеріп, білімдерін үнемі жетілдіріп, үздіксіз ізденісте болулары қажет. Бүгінгідей дамыған заманда барлық жаңалықтар адам баласына қолжетімді. Өзі таңдаған маман иесі боламын десе, оқумен бірге интернет арқылы да қосымша үйреніп білуге болады. Дәрігер мамандықты таңдаған жан өз ісіне аса жауапкершілікпен қарағаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, дәрігер науқастың денсаулығына жауапты. Жабыққан жанның жанына араша түсетін, дерті дендеген кісінің тәніне шипа беретін дәрігер мамандарға көп салмақ түседі. Қоғамныңі әсіресе жас өскіндердің, балалардың дені сау, сапалы ұрпақ болып қалыптасуы жолында дәрігерлердің еңбегі мен мемлекеттің қамқорлығы маңызды. Өйткені, мемлекеттің де, ұлттың да болашағы – балалар. Сол үшін де педиатрия мамандығы қоғамға керек, – дейді Майра Ералықызы.
Аяужан ЖАЙЛАУҚЫЗЫ,
Алматы қаласы