Қабанбай жайлы дастандардағы кейбір оқиғалар тарихи деректермен сәйкес келе бермейді…

Қабанбай  жайлы дастандардағы кейбір оқиғалар тарихи деректермен сәйкес келе бермейді…

Журналист, тарихшы, Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы, Камал Әбдірахман мырзамен сұхбат

-Қаракерей Қабанбай батыр туралы зерттеп жүрсіз. Әңгіменің басын, батыр бабамыздан қалған жәдігерлерден бастайық деп отырмын. Батырдан бүгінге жеткен жәдігерлері туралы айтыңызшы?

-Осыдан біраз жыл бұрын қазіргі кесене бой көтергеннен кейін Жамбыл облысынан Өлмесзада деген апамыз келді. Төркіні Аягөздың адамдары екен. Сол кісінің аузынан батырдан қалған бірнеше жәдігерді, яғни бір жез шылапшыннан бөлек екі зат бар екенін білдім. Апамыздың айтуынша батырдың ұрпақтары Қытай асып көшкелі жүргенде, осы Өлмесзаданыңаталарына аманатқа қалдырған екен. Әңгімені естіп отырып бір заттың оқшантай екенін түсіндім де екіншісін біле алмадым. Ақыры іздеп бардым. Екінші заты басқақ екен. Сақтап отырған кісілер шылапшыннан басқасын бергілері келмеді…

Сонымен «Жорық легені» деп аталатын жез шылапшынды алып қайттым. Ол қазір Алакөл ауданындағы Қаракерей Қабанбай батыр мұражайында сақтаулы тұр. Бұдан бөлек ШҚО, Үржар ауданына қарасты Мақаншыда тұратын Жыңса деген ақсақалдың үйінен Қабанбай батырдың Қолтырамышын көргенмін. Жыңса ақсақал қайтыс болды. Қолтырамыш балаларының қолында тұр. Бермейді… Қытайда тұратын тағы бір ағайындарымыздың қолында батырдың Жалбағайы бар екенін естіп неше мәрте қалап барып ала алмай қайттым. Бізге жеткен тағы бір дерек бойынша 1941 жылы Шәуешекте тұрып жатқан Мұқайым деген атамыздың үйінен батырдың сауытын, туын тәркілеп әкеткен екен. «Әпербақан Байжұма» дейтін жергілікті үкіметтің шенеунігі қарулы шеріктерді (әскерлерді) бастап келіп, үйдегілерді қорқытып, сауыт пен туды тартып әкетіпті. «Осы заттардың қасында қылыш та бар еді» дегенді бір адам айтты. Арада көп өтпей «Әпербақан Байжұма» көтеріліп аурып,қаңғырып жүріп өліпті дейді. Киесі атты деген осы шығар…Батырдың сауыты туралы бұдан өзге деректі естіген жоқпын. Осыдан біраз жыл бұрын бір жігіттер «Қабанбай батырдың туы» деп бір туды «көтеріп» шықты. Қолдан жасалғаны көрініп тұр. бізге жеткен деректер бойынша батырдың туы үш құйрықты, бақан таңбалы ақ ту болған. Былтыр«Алматы іргесінде тұратын бір жігіттің қолында Қабанбай батырдың туы бар екен» дегенді тағы естідім. Тіпті суретін де жіберіп берді. Осы дерек бойынша іздеп барғалы отырмын. Ана адам берсе, Астанаға алып келіп, қатысты орындарға апарып ғылыми сараптамадан өткізсем деген ойым бар. Бұлардан бөлек, Түркістандағы Қожа Ахмет Яассауй мұражайында батырдың Сапысы сақтаулы тұр. Қытайдың Шыңжаң автономиялық өлкесіне қарасты Бұратала облысында тұратын бір кісінің үйінде батырдың кісесі бар екенін естіп, оны да іздеп барып ала алмадым. Атамыздың қазірге дейін бізге белгілі болған осындай заттары бар. Тағы бір жігіттің айтуына қарағанда Қытайдағы бір ағайынымыздың үйінде Майсары Гауһардың ба әлде батырдың жалғыз қызы Назымның ба біреуінің шымылдығының жұрнағы бар дегенді естідім. Мұны айтқан адам «Шыңжаңға барып өзім көзіммен көріп сосын хабарын берейін» деген еді. Оданбері 5-6 жыл өтті. Қытайда саяси жағдай қиын болып кетті ғой. Әліге дейін хабар болмай отыр.

-Осыдан 5-6жылдай бұрын әлеуметтік желіде «Қытайдан Қабанбай батырдың суреті табылыпты» деген хабар шықты да бір батырдың суреті тарала бастады. Суреттің Қабанбайға қатысы жоқ екені айтылды да. Алайда, соны күі бүгінге дейін пайдаланып жүргендер бар екен. Тіпті Бурабайдағы мұражайда қабырғаға іліп қайыпты…

-«Батыр бабамыздың суреті» туралы дәлел айтқандар, оны қытай суретшісінің батырдың бейнесіне қарап отырып сызғандығына дейін «сенімді» түрде айтып жүрді. Бұл туралы Журналист Заңғар Кәрімхан 2015 жылы «e-history.kz» сайтында мақалажазды. Осы жайлы менің пікірімді сұрағанда былай жауап беріп едім.

«1. Қабанбай батыр қытайлармен, оның ішінде қазақ даласына Әмірсананы ұстауды сылтау етіп келген қытай генералы Фу Демен 1757 жылғы қыркүйекте алғаш рет кездеседі. Бұл кезде батырдың жасы 65 те болатын. Мына суретте жасы отыздан асқан жігіт бейнеленген. Екінші рет 1758-1762 жылдары Аягөздің жанындағы Батпақсу мен Мамырсуда кездеседі. Бұл келіссөздерде қазақ жағынан Абылай мен Қабанбай сөз ұстағандығы белгілі.

  1. Басына далбағай киіпті. Қазақтардың жұқа киізден басылған жалбағайды жазда кигені рас. Қабанбай батырдың жалбағайын ұрпақтары сақтап отыр. Бірақ, мынадай пәс далбағай кимеген. Ал басындағы тымағытіпті өзгеше.
  2. Суретті үлкейтіп, анықтап қарасаңыз, үстіндегі шапанның, оң қолтықтың астынан байланатын қалмақ-мұңғұлдікі екені анық көрінеді. Біздің шапанның қос өңірі бірдей алдыдан ішкі баумен байланатынын әркім біледі.
  3. Киіз үй. Үлкейтсеңіз, есігі тұтас. Қазақ еш уақытта тұтас есік жасамайды, екі бөлікті болады.
  4. Киіз үйдің уықтары тік. Қазақ уықтарында қарын болады.
  5. Шаңырақ. Қос шаңырақты киіз үй тек қалмақ пен мұңғұлда, солармен қандастарда болады. Негізгі шаңырақтың үстіне шошайтып екіншісін кигізіп қойыпты.
  6. Ар жағындағы Туға назар салыңыз. Қос құйрықты. Қазақ тура сол тұста үнемі үш құйрықты ту ұстаған. Мағынасы түсінікті. Осы жағдайлар сенім туғызбайды. Меніңше, біреулер мыңғұл-қытай суретшілерінің еңбектерін «жақсы ниетпен таратып жатқан сияқты». Суреттің жайы осылай.

-Қабанбайдың ұрпақтары қазіргі таңда екі елде өмір сүріп жатқаны білеміз. Осында бір сұрақ туады. «Үш жүзге ұран болған Ер Қабанбайдың» есімі қалайша ру атына айналмай қалған?

-Мұның таңданатын түгі де жоқ. Қазақтың ежелден келе жатқан салты ғой. Мысал үшін айтайын. Жұңғар шапқыншылығы кезінде ел қорғаған, есімдері бүгінге дейін жеткен батырлардың барлығы ру атына айналған жоқ. Бірақ халық олардың ерліктерін дастандарға қосып жырлап, бүінге дейін жеткізді. Қанжығалы Бөгенбайдың, Хангелдінің, Райымбек батырдың, Шанышқылы Бердіқожа батырдың, Ер Жәнібектің барлығының атында ру жоқ. Қазақ өз аты өзіне жетіп тұрған батырларының есімдерін ру атына айналдырмаған. Келесі бір нарсе, ана рудан мына руға дейін жеті атаға толуы керек қой. Айта берсең қазақта шежіре таратуда жақсы атадан туған «жетесіз ұлдың» есімін тастап кететін салт та болған. Қазіргі кезде ру тектеп, аталарды тізбектеп есептегенде жыл мөлшерінен аусай кете беретіні осыдан болса керек.

-Қабанбай батыр туралы Қытай деректерінде аздаған мәліметтер кездеседі дегенді естідік. Сіз осы төңіректе зерттеп жүрсіз.Енді орыс деректерінде Қабанбай туралы мәліметтер бар ма?

-Қытай деректері дегенде бірнеше оқиға еске түседі. Тарихшы Бақыт Еженхан Қытай мұрағаттарынан Қабанбай батырдың қағазға басылған мөрінің суретін алып келді. Сосын бізді үлкен қателіктерге ұрындырып жібергені- тарихшы Су Бихай профессордың «Қабанбай батыр Үрімжіге үш жүз жылқы айдап әкеліп сатты» деген сөзі болды. Көп өтпей тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженхан, этнограф, жазушы Зейнолла сәнік қатарлы азаматтар «Манчиң үкіметінің батыс өлкелермен сауда қарым- қатынасы» деген үлкен кітаптың «Үрімжі қазақ саудасы» деген бөлімін ақтара отырып, Су Бихай профессордың жаңылғандығын анықтап шықты. Қабанбай батыр Үрімжіге бармаған. Анығында «Қаракерей Қабанбай батырдың баласы Едіге, інісі Туматай қатарлы адамдар жылқы айдап келді» деген дерек екен. Бізде тарихи деректердің шындығына көз жеткізбей тұрып, естігендері бойынша «соға беретіндер» көп. Ол айналып келіп қателікке ұрындырады. 1988 жылы Үрімжіде басылып шыққан «Қабанбай батыр» деген кітапта да «Қабанбай батыр Үрімжіге келді» деп жазылып кетіпті.

Сосын Тарихшы Нығымет Мыңжанидың 1988 жылы Үрімжіден басылып шыққан «Қазақтың қысқаша тарихы» деген кітабінда, Қытай генаралы Фу деның 22000 қолмен Әмірсананы қуалап қазақ жеріне келгендігі айтылады. Осы жерін,«қазақ пен қытайдың қолы үш жерде қақтығысып қалды. 10- айда Фу де өзінің 8000 қолын бастап кері қайтты» деп жазады.Келгенде 22000 әскермен келген Фу денің, қайтқанда 8000 әскері қалғандығы айтылып тұр. Ортасында14000 әскер қайда. Бұл «қақтығыс» емес, қанды қасап соғыс қой. Осы деректі оқығаннан кейін «үш жерде болған қақтығыс» төңірегінде іздене бастадым. Сонан тапқаным бойынша, Фу де Абылайға кісі салған екен. «Біз сендермен соғысуға келмедік. Тек қана Әмірсананы ұстап берсеңдер болды»- деген талап айтыпты. Оған қарата Абылай, «қазақ қотанына паналап келген итті де қайтармайды. Оның үстіне Әмірсана мұнда емес, Қабанбай батырдың қолында» деп жауап беріпті. Демек, соғыстың бағыты алдын ала белгіленіп қойған сияқты. Сонан Қабанбай атамыз Аягөздің аржағынан шегіне соғысып отырып, Қарқаралыға дейін келіпті. Жоғарыдағы тарихи деректерде айтылған қытай әскерлері осылай қырылған. Алайда Нығымет Мыңжани ағамыз түпнұсқа деректі қайдан алғандығын көрсетпепті. Өстіп «бетінен қалқып» өте шыққан. Бірақ атақты тарихшыға сенбейтін жөніміз жоқ. Неліктен ашалап айтпағаны түсінікті болса керек…Сондай ақ бұл оқиғаларды Владимир Кузнецовтың «Амурсана» атты романынан кездестіруге болады.

Үрімжіде басылып шыққан «Қабанбай батыр» кітабін «қытай дерегі» деуге келеме, келмейме ол жағын көпшілік айта жатар. Бейсенғали Садыханұлы мен Зейнолла Сәніктің шығарған осы кітабінің ішінде мынадай бір қызықты деректер бар. «Нұра өзенінің бойында, Ақымбеттердің (Ақымбет Найман ішінде Қара керейден тарайтын ру) Үсенбай деген байының үйінде жалпы найманның түселі өтті. Бұл мөлшері 1823 жыл болуы керек. Патшаға жеті талап қойылған хат жазылды» дейді. Бұл хат Омбыдағы архивте тұр. Орыс деректері дегенде, қазірге дейін бірнеше жерден Қабанбай батыр атын жолықтырдым. Едіге Уәлиханов бір мақаласында «1770-1771 жылдары Ресей мен Қазақ хандығы арасында кеден және шекара мәселесі жөнінде үлкен келіссөздер жүргізілді. Осы келіссөзді Қаракерей Қабанбай батыр бастады» деген мәліметті айтыпты. Алайда мен ол кісімен көзі тірісінде жолығып, деректерді қайдан алғандығын сұрай алмай қалдым. Онан кейін башқұрт көтерлісшісі Қара сақалға байланысты айтылатын «Қара сақал Қабанбайды келіп паналады» деген орысша бір дерек бар. Тағы бір айта кететіні, Владимир Кунецовтыі «Әмірсана» деген кітабі. Онда Қабанбай батыр туралы айтылады. «1757 жылы Әмірсананы ұстаймыз деген сылтаумен қытай генаралы Фу де бастаған және Қадака, Дардана деген екі  генарал, екі бағытпен қазақ жеріне кірді. Біреуі қазіргі Қорғас арқылы, екіншісі Аягөз бағытында. Қорғастан кірген әскерге  қарсы қазақтар бір қосын жіберді. Оны Абылай хан басқарды. Аягөзден кірген әскерге Қабанбай батыр бастаған қосын қарсы аттанды» дейді. Бұл енді академик, өзі жазушы Кузнецов қой. Новосибирскінің ғалымы.

-Кеңес одағы кезінде Қабанбай туралы зерттеулер жасалды ма?

-Кеңес одағы тұсында да Қабанбай туралы зерттеулер болды. 1924 жылдан бастап бертінге дейін батыр туралы18 дастан ел аузынан жинақталып алынған екен. Мұның барлығы қазіргі таңда Қазақстан ғылым академиясына қарасты Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорында сақтаулы тұр. Осы жерде Қайым Мұхаметханов ағамыздың айтқан дерегін де айта кетейін. «1945 жылы,КСРО Ғылым академиясының Қазақстан филиялы, Мұхтар Әуезовтың басшылығымен, «Қазақ әдебиеті тарихын» даярлау жұмысын қолға алады. Сол жылы Мұхтар Әуезовтың шақыртуымен Алматыға келіп, әдебиет тарихының бірінші томын жазуға қатысатын болдым» дейді Қайым аға. Кітаптың «Тарихи жырлар» деген бөліміне кіргізуге жоспарланған«Қаракерей Қабанбай батыр», «Қанжығалы Бөгенбай батыр» туралы зерттеулер Мұхаңның тікелей тапсыруымен дайындалады. Алайда 1948 жылы басылып шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» І- томына бұл зерттеулер енбей қалған. Қайым Мұхаметхановтың бұл мақалалары кейін 1991 жылы 12 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Бұдан кейін 1979 жылы «Ғылым» баспасынан «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» атты кітап басылып шықты. Осы кітапта Болатжан Әбілқасымов Қабанбай батыр туралы дастандардағы айтылған кейбір оқиғалар мен тарихи деректердің сәйкес келмейтін тұстарын анықтап талдап шықты. Сол зерттеуде «Қабанбай батыр Ақмола қаласынан 30 шақырым жердегі Октябрь совхозының териториясына жерленген» деп қазіргі кесене маңын айтыпты. Мен ол кезде Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінің комсомол жастар бөлімінің меңгерушісі едім. Болатжан Әбілқасымовтың бұл айтқандарымен келісе алмадым. «Ақмола өңірінде Наймандар мекендемеген тұрса, ол жерге қалай жерленеді» деген сұрақ туды. Менің өскен ауылымда 40-50 түтін Қожағұлдар тұрушы еді. Ауылда тұратын Төлеуғали Бірбала деген досыма телефон соғып «Қабанбай батырдың қайда жерленгендігін білетін адам болса сұрастырып көрші» деген өтініш айттым. Бірнеше күннен кейін Төкең хабарласты. «Ауылдағы қожағұлдар-атамыздың зираты Нұраның бойында жатыр. Ақмола біздің атамыздың зиратымен аталған жер деп айтты» дейді. Бұл естігендерімді Болатжанға айтып едім, «ата ортақ қой, білгің келсе өзің де зерттеп көрсеңші» дегені. Менің Қаракерей Қабанбай батыр туралы зерттеулерім осыдан басталды.

Зерттей келе көзім жеткені- Қабанбай туралы жыр- дастандарда айтылғандар мен тарихи деректердің бүкілдей сәйкес келмейтіндігі болды. Кеңес одағы кезінде жиналған 18 дастан 4 түрлі вариянтпен келеді. Кейбіреуінде,Ерасылдың еліне өкпелеп кетіп қалып 19 жасында үйленіп қайта келгендігі айтылады. Кейбір дастандарда бұл оқиға туралы«Дәулетбай батыр барып алып келді»деген жолдар бар. Дәулетбай батыр Қабекеңнен 13 жас кіші екен. Сонда 6 жастағы бала бұл істі қалай атқарып жүр? Анығында, Қабанбайды көшіріп әкелуге Қабанбайдың ағасы Есенаман барған.

Тағы бір мысал айтайын. Дастандардың бірінде:

«Топ бастап келген осында.

Дәл 16 жасында.

Көріп қалды Қабанбай,

Садыр деген баланы,

Еңістен төмен желеді.

Балаға таман келеді.

Тайсалмай сонда бала да,

Батырға қарсы тұрады.

Бұғанадан найза жеп,

Бала жерге құлады»- дейді. Дастан бойынша осы оқиғадан бір жыл бұрын Садыр баланың әкесі Әтеке Жырықты Қабанбай өлтірген делінеді. Мұның шындығын кезінде Үмбетей жырау айтып кетіпті.

«Ойламаған бақ беріп,

Қырғызды тәңірім қақ бөліп,

Садыр бала бітем деп,

Әтеке соғыс күтем деп»- дейді Үмбетей бабамыз. Анығында Садыр соғыспаған. Ол қазақпен келісімге келіп көшіп кеткен. Сосын бұл оқиғалардың кезінде 16 жастағы бала емес,бір рудың 47 жастағы манабы екен. Әтеке Жырықтың қайын атасы Жайыл өлеген. Әтеке Жырық  1784 жылы Ресейге елші жіберген. Мұның барлығын Болатжан Әбілқасымов 1979 жылы шыққан «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» атты кітапта ежіктеп тұрып жазды.1991 жылы Талдықорғанда «Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдығына арналған Республикалық ғылыми-теориялық конференция» өтті. Осы жиыналыста Болатжан Әбілқасымов бұларды тағы да ортаға салды.

Бір реті келгенде Қырғыз Республикасы жеріндегі «Жайыл қырғыны» өткен өңірге жолым түсті. Жайыл деген ауыл бар екен. Сарбағыш, Солты деген рулардың «ата қонысы» болса керек. Жергілікті адамдарымен әңгімелесіп отырып «біздің жақта тұратын қырғыздар арасында да Сарбағыш руы бар. Қазақ жеріне 1770 жылдары келенбіз деп айтып отырушы еді» дедім. Аналар қостай кетті. «Олай болса 1770 жылдары Абылай мен Қабанбай батырлар алып кеткен біздің бауырларымыз шығар» десті. «Ал, Әтеке Жырықтың балалары туралы білетіндеріңіз бар ма?»- деп сұрадым. Олар маған Әтеке Жырықтың8 ұлының атын түгелімен айтып берді. Таңғалғаным, бір ұлының аты Абылай екен… Олардың ішінде Садыр деген есім жолықпады. Міне біз осыларды жеріне жеткізе зерттей алмай жүрміз. Тек жыр-дастандарды оқимыз да, тарих сол күйі таңбаланғандай етіп қабылдап аламыз. Қабанбай батыр туралы жыр-дастандар мен тарихи деректердің сәйкес келмейтін тұстары бар дегенді осыған қарап түсіне беріңіз….

Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
20.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 131
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 15
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 63
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 59
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 44
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 464
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 432
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 455
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 447
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 445
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 462
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 451
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 646

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9688
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9066
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12301
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10071
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11280