Қаратүнектегі маздаған шырақ

Қаратүнектегі маздаған шырақ

            Сол бір кеш… «Шіркін, деп ойлайды Әликен кейін, – сол адыра қалғыр кеш болмаса ғой.  Менің өмірім басқа бір арнаға түсер еді-ау». Қайда-ан. Өтті-кетті. Уақыт деген сынаптай сырғып, ол оқыс оқиға, төбелес те тарихтың қойнауына баяғыда-ақ көшіп кетсе де, оның кесірі сол кездері жастықтың биік шыңы – жиырма беске келген жалындаған жас жігіттің болашақ ғұмырын тас-талқан етті. Әрине, ол кештегі төбелестен соң да жан дүниесі бай, арманы таудай, жігерлі де қайсар жан бірден жарық дүниеден үмітін үзе қойған жоқ. Адам баласы қандай бір қиындықтың, ауыртпалықтың үдесінде жүрсе де үмітін үзбейді, сенімін жоғалтпайды. Бірақ тағдырдың жібі жетектеп қаратүнек қорқынышты әлемге қарай жетектеп бара жатқанын Жаратқан иенің әлсіз, әлжуаз пендесі қайдан білсін?

            Әликен қаржы колледжін бітірген соң-ақ жақсы жерге жұмысқа орналасты. Онымен бірге бұл ұжымға өзі құралпылас жастар да келді. Басында бәрі жақсы болды. Кейіннен бастық мұның қасындағы әріптестерін біртін-бірге қысқартып, ең соңында Әликен қалды. Мұның іскерлігін, жаңашылдығын, тындырымдылығын ескерді ме, әйтеуір, Әликенді бастығы қозғамай, қайта айлығын көбейтіп, қызметін жоғарылатты. Бұл жұмыстан шығып кеткендерді ызаландырған сыңайлы. «Біз де сен оқыған оқу орнын бітірдік. Сенің не артықшылығың бар? Сен тым жағымпазсың», – деп, олар мұны күстаналады. Не десін? Әрі-бері түсіндіріп еді, олар райынан қайтпады.

Әликен болса іштей осы жұмысын да місе тұтпады. Ол Алматыдағы елеулі жұмыстардың бірі Салық комитетіне жұмысқа тұрғысы келді. Осы мақсатпен Талдықорған қаласындағы академияға оқуға да түсті. Салық комитетіндегілер де оған «жұмысқа кел, үйретеміз» десті. Ол бірақ академияны бітіріп, ол жауапты салаға бір-ақ барғысы келді. Егер қазір барса, бітірген оқуына қарай айлығы мардымсыз екен. Иә, арманшыл жастың алдағы өмір асуларына деген көздегені өте биік еді.

            Сол бір кеш… Бірде баяғы бірге істеген әріптестері мұны қонаққа шақырды. Олармен ат құйрығын кесіскендей байланысы үзілгеніне өзі кінәлідей ыңғайсызданып жүрген Әликен бұған қуанып кетті. Қателерін түсінген екен деп ойлады. Қайдан білсін олардың арам ойларының барын. Келді. Әдемі отырыс болып жатты. Кенеттен бір әріптесі бұған тиісе бастады. «Сен жағымпазсың» деген кезде бұл шарт кетті. Анау да қайтпады, мұны жұдырықпен бір перді. Ар жағы белгілі. Төбелес басталды. Бір таңғалғаны – бұл жалғыз қалды. Бәрі бұған жабылып кетті. Қым-қуыт шайқас. Барынша қорғанды. Бірақ көптің аты – көп. Мұны сабап тастады.

            Жаралы арыстандай долданып үйіне әрең жетті. Ең бастысы әділетсіздікке күйінді. Алданып, күшігендердің тұзағына түсіп қалғанына ызаланды. Әппақ көңіліне дақ түсірген олардың бұл қысастығын қалай ұмытар. Жо-жоқ, қорқып, бұғып қалуға болмайды. Оларды орнына қою керек! Қайсар азамат оларға кешірім сұратты, кінәларын мойындатты. Дегенмен қатты жұдырық тиген болу керек, көзі үнемі қызарып жүретін болды. Мән бермеді. Бастығы: «Ішіп алған жоқсың ба?» – деп күдіктенді. «Жоқ, аға! Түнде біреулер кездесіп жабылған. Жұдырық тиді» деп жарым жартылай шындығын айтты. Көзінің ауруы шыдатпаған соң дәрігерге барды. Олар бұған ұрысты. «Сыртқы қабығы жыртылыпты. Неге бірден келмедің?» – деді. Көп ұзамай ота жасады. «Моншаға баруға, ауыр жүк көтеруге болмайды. Төрт айға дейін осылай өмір сүруге тура келеді» деді дәрігер.

            Ол кезде бойдақ. Пәтерде тұрады. Ішіп-жемі бар дегендей. Айлық аз. Қосымша қара жұмыс істейтін. Оның басты қателігі – осы қара жұмыстан қол үзбеді. Отадан кейін жақсы болып қалған. Жұмыстан соң қайтадан көздері қанталап кететін. Бір жарым жылда көздеріне он бір ота жасалды. Осыдан кейін көзінің көруі төмендей бастады. Айналасына қараңғылық үйірілді. Қап-қара бұлттың арасында келе жатқандай күйді бастан кешірді. Алдын ғана көретіндей дәрежеге жетті. Әрине, бұл Әликенге ауыр тиді. Дәрігерлерді де, өзгелерді де кінәлай алмайды. Өзі, тек қана өзі кінәлі! Қара жұмыс істеп несі бар десейші! 3 айға шыдау керек еді ғой. Ал бұл болса енді ызаланып жерді тоқпақтайтын. Күйініп қабырғаларды соққылайтын. Одан не пайда? Өкініш уыты ішкі дүниеңді улап, мынау әлемге сыймайтын. Жүрегі кеудеге сыймайды. Өмірде тығырыққа тіреліп, қиналғаны ештеңе емес екен. Дүниеде мына жарық дүниеден мақұрым қалғаны жаман болып шықты. Иә, оның қос бірдей шырағы осылай сөнді. Айналасы қаратүнек.

 Бала кезінде көзін таңып қарсыласын іздейтін ойын бар еді. Сезімтал бала қарсыласының алған демін сезініп, тез тауып алатын. Балалар таңғалып, орамалды қайта таңатын. Енді міне өмірде қос жанарынан айырылған соң осынау әлемде жападан жалғыз қалғандай сезінді. Жан-жағын қармалайды, ең болмаса жолын да көрмейді. «Ой, дүние-ай, не деген қатал едің? Әлі мен жап-жаспын ғой. Менің таудай-таудай армандарым көп болатын. Енді оларға қалай жетемін? Бәрі сонда адыра қалғаны ма? Аллам, Аллам, енді мен не істеймін? Мен енді кімге керекпін? Тіптен ата-анама да өмірбақи жүк боламын ғой. Бәлкім мұның да артында жақсылық бар ма?»

            Осы соңғы сөзге Әликен елең ете қалды. «Жақсылық… Жақсылық… Ол қандай жақсылық? Ол қандай үміт? Жо-жоқ, қайдағы жақсылық, қайдағы үміт?!» Дегенменде қаратүнектің сона-ау алыс түкпірінен бір от жалт етті де қайта сөнді. Жо-жоқ, біржола сөнген жоқ. Өлімсіреп жанып тұрды. Үп еткен жол болса сөніп қалуы да кәдік еді. Міне, осы кезде әкесі Әділбек, анасы Гүлнәр тағы да көмекке келді.

            «Балам! Бұл оңай нәрсе емес. Бірақ Алламның дегеніне көнбеске шараң жоқ. Көрмей қалдың. Бірақ мына өмірден үмітіңді үзбе! Біз сенің қасыңдамыз. Зағиптар қоғамы деген бар екен. Олар да өзінше бір жұрт. Өмір сүріп жатыр. Онда да қайнаған өмір. Еңбек етеді екен. Спортпен айналысады. Үйленеді, бала-шағалы болады. Соларға апарамыз. Олардан қалай өмір сүруді сұраймыз. Бұған қалай қарайсың?» – деді ата-анасы кезек-кезек сөйлеп. Әликен ойланды. Толғанды. Шамырқанды. Әке-шешесінің бұл сөздері оған жігер берді. Қоғамға барды. Шынында олар жылы қарсы алды. Құшақтарына алды. Үміті оянды. Мұндағыларға, олардың өмір сүру қағидаттарына, қайсарлықтарына таңғалды. Өзінің ынжықтығына, шарасыздығына, әлсіздігіне ұялды. Ұялды да көптен бері үстін басқан қара тастан да ауыр қасірет жүгін Толағай батыр сияқты лақтырып жіберді де, қоғамның қайнаған тіршілігіне қойып кетті. Өмір-өзенге ол осылай қайта оралып, ағысқа қарсы қайта жүзе бастады…

 

***

  

Біз Әликен Дәркембаевты арнайы іздеп бардық. Көп қабатты үйде тұрады екен. Үйіне кірген кезде жан жадыратар жылылықты сезіндік. Үйі жап-жарық екен. Аққұба келген жігіт есік алдынан қарсы алды. Әликен екенін бірден білдік. Гүлнәр анасы да қалбалақтап, бірден жылы шырай танытып жатыр. Екі кішкентай қыз келіп бізбен амандасты. Біреуі онда, екіншісі жетіде екенін кейін білдік. Айша мен Айару. Дастарқан жасап қойыпты. Әңгімелестік.

   – Панфилов ауданы Кішішыған ауылы – менің туған жерім. Желтоқсан көтерілісі болған жылы дүниеге келіппін. Мектепті бітірген соң колледжге оқуға түстім. Одан кейін Тимирязев атындағы академияға келіп бағымды сынадым. Алматыда еңбек жолымды бастадым…

Бұдан кейінгі оқыс оқиғаны біз жоғарыда баяндадық.

   – Көп ұзамай 2012 жылы үйлендім. Айша мен Айару есімді гүлдерім өмірге келді. Бірақ олардың анасымен ажырасуға тура келді (сәл үнсіз отырды да, кейіпкеріміз әңгімесін жалғастырды). Қысқасы, дәм-тұзымыз жараспады. Оны кінәламаймын. Өкпем жоқ.

   Заң бойынша қыздары анасының қасында болуы керек еді ғой?

   – Иә, алғашқы ажырасқан жылдарымызда Айша мен Айару сол анасының қолында болды. Мен оларға жиі-жиі барып тұратынмын. Байқаймын, қыздарым тұйық, ұялшақ болып өсіп келеді. Бұл маған ұнамады. Өз қолыма алайын десем, арада кірбің бола ма деп қорықтым. Бірде қыздарымның анасы: «Тіршілік ету қиындап кетті. Ауылда жұмыс жоқ. Алматыға барып жұмыс істегім келеді. Қыздарымызды уақытша ала тұрсаң қайтеді?» – дегенде қуанып кеттім. Шүкір, қыздарым жанымда. Одан өткен бақыт бар ма?!

  Әликеннің жүзіне нұр жүгірді. Қыздарына мейірлене қарап, сөзін қайта жалғастырды.

   – Зағиптар қоғамында жұмыс істедім. Бұрыннан да спортқа деген бейімдігім бар болатын. Барлық спорт түрлерімен айналыстым десем, артық айтқандық емес шығар. Бізде параспорт деп атайды ғой. Осы жігерлілігім басқа да спортшыларға әсерін тигізді. Бұрын алты-жеті медаль иеленсек, енді 37 медальға дейін алдық. Маған зор сенім артып, Талдықорған қалалық филиалын басқардым. Голбол деген спортты жаным сүйеді. Басқа да спорт түрлерін де жек көрмеймін. Қазір шәкірттерім бар. Солармен бірге талай жарыстарда жеңімпаз атандық. Айтпақшы, 2018 жылдан бастап Зағиптар қоғамының облыстық филиалының төрағасымын. Жұмыс көп. Кейде аудандарды аралап кетемін. Жағдайы жоқ әріптестерімізге көмек қолын созамыз. Әрине, өзімнің сүйікті спортымды тастамаймын. Жарыстар жиі өтеді. Голбол спортына талантты балаларды тартып, үйретіп жүрмін. 3 шәкіртім республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүргендерін мақтанышпен айтамын. Голболдан облыста турнирлер өткізіп тұрамын. Төрт қабырғаға қамалып отыру зағип жандарға оңай емес. Олардың жиі-жиі рухын көтеріп, әрқилы шараларды ұйымдастырып отырамыз. Жұмыспен қамту орталығымен байланысып, оларды жұмысқа қамту да менің міндетім.

  – Әликенжан, спортты жаныңдай сүйетініңді түсіндік. Мәдени шаралар да өтіп тұратын болар?

   – Жақында ғана Қызылордаға «Абай әлемі» атты әдеби байқауға қатыстық. Бұл шараға 19 облыстан үміткерлер келді. Абай бабамыздың өлеңдері мен қара сөздері бойынша жарыс өтті. 4 орын алдық. Оның алдында да осы өңірде «Шексіз әлем, шектеусіз мүмкіндіктер» деген жарыста 3 орын алғанбыз. Онда 13 облыстан үміткерлер келген. Өзіміз де «Қазақ поэзиясының Құлагері» деген атпен Ілияс Жансүгіров бабамызға арналған республикалық байқау өткіздік. Онда да жүлдесіз болмадық. «Өмірімөнерім», «Екі жұлдыз» байқауларында да бағымызды сынадық. Құрбан айт, Наурыз мейрамдарын да дүрілдетіп өткіземіз. Мұндайда қалталы азаматтар көмектесіп, көтеріп кетеді. Оларға алғысымыз шексіз. Аудиокітапханамыз бар. Осы арқылы әдебиет әлеміне сүңгиміз.

  Өзі осы айтылғандарыңның ортасында біте қайнасып бірге жүретініңді, ұйымдастыратыныңды жақсы білеміз. Бірақ біліміңді де, білігіңді де жетілдіріп, үнемі ізденісте жүретініңді естідік. Оған қалай уақыт табасың?

   Адам әрқашанда ізденіп отырмаса, тат басқан темірдей мүжіліп құриды. Сондықтан мен үнемі өзімді-өзім қамшылап отырамын. Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірдік. Инклюзивті мәдениетті қалыптастыруда бұл оқуым көп пайдасын тигізді. Арт тәжірибелердің рөлі жөнінде ғылыми еңбек жаздым. Магистратураны тамамдадым. Пейджи әлемінде докторлықты қорғаймын деген мақсатым болды. Әзірге ол биіктікті бағындыра алмай отырмын. Бағындыра алмауыма уақыттың тарлығы әсерін тигізуде. Физиотерапия әлемінде де өзіндік үлесім бар. «Шектеусіз әлем шектеусіз мүмкіндіктер» жобасымен жұмыс істеп жатырмын. Қазақта «отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қыр аса алмайсың» деген мақал бар. Менің де қырық жасым қыр астында ғана тұр. Сондықтан әлі де тындыратын жұмыстарым, алға қойған мақсаттарым, армандарым жетіп артылады. Аллам күш-қуат, өмір берсін деп тілеймін.

   Намаз оқитыныңызды көріп тұрмын. Әлде ана жайнамаздың басқа иесі бар ма?

  Жайнамаздың иесі өзіммін. Намаз оқимын, ораза ұстаймын. Ең үлкен арманым осы гүлімді, қыздарымды тәрбиелі етіп өсірсем деймін.

  Е-е, тілегің қабыл болсын, бауырым. Алға қойған арман-мақсаттарыңа жет! Аллам қолдасын сені! – деп, біз батамызды бердік.

   Қол-аяғы балғадай, тепсе темір үзетін талай жігіттерді көрдік. Оқу, іздену түгілі отбасын бағуға қабілеттері, шамалары  жетпейді. Әликен ініміздің әңгімелерінен кейін оның еңбектерін қолдап, жазып, одан жалқау, енжар, бойкүйез жандар үлгі алса деген ниетіміз болды. Шынында да, көкірек сарайындағы маздаған шырағымен қаратүнекті жарық етіп жүрген Әликендей қазақтың қайсар жандары аз емес. Соларды көре білейік, көтерейік. «Шырағың сөнбесін!» деген жақсы сөз бар. Әликен бауырым, шырағың сөнбей, жан-жағына жарқыратып жарығыңды төге бер дегіміз келеді.

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
29.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЖАС МАМАНДАРДАН ТАПШЫЛЫҚ КӨРУДЕМІЗ
Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ, Алматы – Ақтөбе - 30.11.2024 28
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 59
Қаратүнектегі маздаған шырақ
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 29.11.2024 50
Батырға арналған жиын
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ - 29.11.2024 23
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 55
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 59
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 55
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 52
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 58
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 48
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 55
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 54
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 281

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9291
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8686
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11914
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9688
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10895