Қолыма қалам алу себебім – бұдан екі ғасырға жуық уақыт бұрын өмір сүрген біздің ата- бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігімен таныстыру арқылы қазақ халқының биік адамгершілік қасиеттерін бүгінгі ұрпаққа таныстыру. Жақында менің қолыма Жәңгір хан мектебінің түлегі, этнограф Мақаш Бекмұханбетовтың 1893 жылы «Астраханский вестник» журналының №2722 санында жарияланған «Қазақ даласындағы қамқорлық» атты мақаласы түсті. Көрнекті ел басқарушының, этнографтың қазақ даласында бұдан 130 жылдай уақыт бұрын өмір сүрген біздің аталарымыздың арасында кем-кетік адамдарға қандай қамқорлық түрлерінің болғандығын және орыс авторының қазақтар арасында құлдық туралы жазған мақаласындағы деректердің шындыққа сай еместігін дәлелдеп жазған жауабын ана тілімізге аударып ұсынып отырмын. Көрнекті этнограф осы мақаласында орыс шенеуніктерінің арасында орын алған қазақтарды кемсітетін жалған пікірлерге жауап ретінде өзінің халқының адамгершілік қасиеттерін шынайы бейнелеген. Бұдан былай Мақаш Бекмұханбетовтың мақаласы берілген.
«Астраханский вестник» журналында осы айдың 19 наурызында жарияланған «Қазақ даласында кедейлерді жек көру» атты мақалада мынадай оқиғаны жазыпты: «Балық өндіруші байға бір күні Краснояр уезіне шекаралас жерде көшіп-қонып жүрген екі қазақ келіпті. Олардың біреуі балық кәсіпшілігінде жұмыс істейтіндердің қатарына кіргісі келген. Қожайын жұмысшыны жалдауға рұқсат берген, бірақ жалға алудың тәртібін талқылау кезінде қожайынға жалданатын адаммен емес, оның қасындағы қазақпен келісімшарт жасауға тура келген. Қожайын бұған аң-таң болғанда, қасындағы қазақ жағдайды былай деп түсіндірген көрінеді. Бір өте қатты қыс болған жылы қазір қожайынның алдына келіп жұмыс сұрап тұрған екеуінің ішіндегі ауқаттысы өзінің руласын қамқорлығына алып, оны құтқарғаннан кейін екеуі келіскен, ауқатты адамнан көрген жақсылығы үшін, жаңағы қамқорлық көрген кедей адам жұмысқа қайда жұмсаса да баруға, егер басқа жерге қызмет істеуге тұрған жағдайда, алған ақысымен сол ауқатты кісімен бөлісуге келісіпті. Олардың айтуынша, бұл дала тұрғындарының арасында бірінші жағдай емес көрінеді».
Менің өзім Ішкі Орданың тұрғыны болғандықтан, ұзақ уақыт үкімет қызметінде жүргендіктен, ол жердің жағдайын жақсы білетіндіктен, мақалада көрсетілген қазақтардың арасында құлдыққа ұқсас жаңағы мысалды растай алмаймын, себебі қазақтардың өздерінің руластары түгіл тіпті танымайтын кедей адамдарға қамқорлық жасаудан бас тартпайтынына кепілдік бере аламын. Оның үстіне кісі үстінен күн көру – дала заңдарымен қатар көшпелі қазақтар қолданатын Мұқанбет дініне де жат құбылыс екені қазір жұрттың бәріне белгілі. Қазақтардың дәстүрі бойынша ауқатты адам аштыққа ұшыраған қандасын паналатуға және тамақтандыруға міндетті, бұл – қамқорлық жасау емес, қайталаймын, міндеті. Бұған бір жағынан себеп болған, жұт болған жылдары әбден ауыздарына нәр салмай ашыққан кейбір адамдар өз еріктерімен кейде ауқатты туыстарының малын оның рұқсатынсыз сойып алып жандарын сақтап қалады. Ондай жағдайда, елдің адамдары кедей адамды ешқандай жазаға тартпайды, өйткені олар бір рудың адамдары болғандығы өз алдына, аштан өлуге болмайды ғой!
Қырғыздар өздерін қазақтар деп атайды, «қазақ» деген «еркін» деген мағынаны білдіреді; қазақтардың мінезіне құл болу деген жат. Қазақтар арасында ешқашан құлдықтың болмағанын халықтың арасында кең тарап, заңдық дәрежеге дейін қолданысқа ие болған «Бекке берешек болма, кедейден аласа болма» деген мәтелдер дәлелдейді. Осы айтылғандар қазақтардың арасында құлдықтың болмағанын және кедей адамдардың мойнына қарызды ілмегендігінің дәлелі емес пе? Ішкі Ордаға жақын орналасқан уездерде уезд басшылары мен уезд съездерінде кім өздерінің істері мен праволарын көбірек қорғайтын болса, олар көп жағдайда сол біздің қазақтар болып шығады. Қазақтардың сотқа жүгінуге құмарлығы осымен түсіндіріледі.
Қазақ даласында халыққа қамқорлық шараларына байланысты мынаны айтуға тиістімін: Ордада қамқорлық өте мықты дамыған, оның үш түрі бар: 1. Халық дәстүріне сай. 2. « Ислам» қағидаларына сай. 3. Ерікті түрде.
1. Халық дәсүрі бойынша қамқорлықтың мынадай түрлері бар: а) Жылу – бақытсыздық орын алғанда, мысалы: жесір қалғанда, өртке ұшырағанда, малдан айырылғанда және с.с. ә) Қызыл – кедей отбасылардың жұмыс көліктері өлген жағдайда көршілері сол малды сойып өздеріне таратып алады да, кейін бәрі бірігіп жас малдарын жинап, оларды жұмыс көлігінен айырылған адамға тегін береді. б) Қонағасы – жолда келе жатқан жолаушыны үйіне қондырады, кешке және ертеңгісін қонақтайды, мінген көлігіне жемшөп беріп баптайды. Егер үйде дайын тамақ болмаса, қой сояды. Бұл келген кісіні ерекше құрметтеудің белгісі болып саналады. Осындай кездейсоқ қонақ «құдайы қонақ» деп аталады, яғни ол Құдайдың өзі жіберген қонақ болып саналады.
Ат-май – егер кедейлеу туысқаны алыс жолға сапарға шығатын болса, ауқатты руласы ол адамға қажетті мініс көлігімен және ат арбамен қамтамасыз ететін болған. Көлік-май деп – кедейлеу туысқаны үйін басқа жерге көшірген кезде оның киіз үйі мен жиһаздарын артуға қажетті түйемен қамтамасыз етуді айтады. Сауын деп – ауқатты адамдардың кедей туысқандарына өздерінен артылған сүт өнімдерімен бөлісуімен қатар, мүйізді малдарын беруді айтады.
2. Ислам ілімі бойынша міндетті қамқорлық түрлері: а) Зекет – жыл сайын жарлы адамдарға 40-тан 1 есебінде мал және жемшөп үлестіру;
ә) Пітір – жыл сайын Рамазан айында кедейлерге отбасының әрбір мүшесінен нанның бағасына қарай 10-25 тиыннан садақа беру; б) Исқат – кедей адамдардың қайтыс болған туыстарының орнына олардың жіберген оразасы мен намазын өтеу; г) Құрбан айт – жыл сайын әрбір ересек адам Құрбан айт мерекесінің құрметіне құрбандыққа мал шалып, оның етін кедей адамдарға үлестіріп береді.
3. Өз еріктерімен азаматтардың қамқорлық жасауы далада өте жоғары дамыған. «Бай» деп аталатын ауқатты адам еш уақытта кедейлерге көмектесуден бас тартпайды, ол халықтың алдында өзінің беделін сақтауға да қажет. Сараң адамдар халық арасында келекеге ұшырап, жағымсыз аттарға ие болады. Біздің далаға тау халықтарының арасынан шыққан аса кедей адамдар келіп қайыр сұрап жүреді, оларға биліктің тыйым салғанына қарамастан, біздің кісі аяғыш тұрғындар өздерінде бар азық-түлігімен көмектесіп, еш уақытта олардың қолдарын қаққан емес.
Осы жерде этнограф атамыз келтірген халқымыздың өзіне де, өзгеге де қамқорлық жасауға жақын тұратыны туралы деректері қазақтың қанына сіңген асыл қасиет екендігін XX ғасырда өмір сүрген біздің әкелеріміз бен шешелеріміз жер ауып келген өзге ұлт өкілдеріне көрсеткенін ешкім де ұмытпауы тиіс.
Аса қатты қыс жылдары жемшөбі көп адамдар шөбі таусылып, қорлық көрген ауылдастарына артық шөбін ақшаға өте аз жағдайда ғана сатып береді, көбіне тегін немесе қарызға береді. Ал берген шөбін тек шөп көп шыққан жылдары ғана қайтарып алады. Жақында мен қайырымдылықтың тағы бір мысалын кезіктірдім. Ол былай болған: №7 Торғын бөлігінің старшинасы Жүніс Мұқашев, №12 бөліктің старшинасы Абдолла Бердалиев, қазақ Қошқар Жақыпов, №11 бөліктің старшинасы Құрманғали Спанов, №2 бөліктің қайтыс болған старшинасының жесірі Разия Зұлқарова, №9 бөліктің старшинасы Меңдібай Күмісбаев, қалмақ бөлігінің болысы Мұқанғали Шынтеміров, №1 бөліктің старшинасы Иманғали Бақсиев, №2 бөліктің старшинасы Жарас Әзербаев және уақытша кеңестің кеңесшісі ашыққандарға көмек үшін 15000 сомды жинап беріпті.
Бұл мақаладан біз, Мақаш болыстың өзінің халқының атына кір келтірмеу үшін барын салып, құлдық немесе біреуді жалдап қойып арам ақша табушылыққа жан-тәнімен қарсы тұрған таза адам болғандығымен қатар, өте сауатты, заң-законды жақсы біліп, орыс билігінің алдына мәселе қойып, халқын қорғай білген өте беделді болғанын біліп отырмыз. Мақаш правительдің өзінің халқының арын арлап, беделін көтеру ісіндегі жанқиярлық еңбегін қазіргі билік басындағылар біліп, өздерінің күнделікті қызметіне пайдалануы керек деп есептеймін. Бұл жерде біз қазақтың соңғы ханы Жәңгірді де үлкен ризашылықпен еске алуымыз керек. Орда қаласында 1841 жылы өзінің қаражатына қазақ балалары үшін Қазақстанда тұңғыш мектепті ол кісі ашпағанда Мақаш сынды болыстар қайдан шығатын еді?
Өйткені Мақаш та, Бақтыгерей Құлманов, Ғұбайдолла Жәңгіров сынды тарихи тұлғалармен бірге Жәңгір хан ашқан мектептің түлегі болатын.
Мақаш болыстың осы мақаланы жазғанына 130 жылдың үстінде уақыт өткен екен. Әрине, заман өзгерді, тарих үшін осынау қас қағым мерзімде біздің халқымыз үш бірдей қоғамдық құрылысты басынан кешірді. Қазіргі қазақтар Мақаш болыс өмір сүрген кездегі қазақтар емес. Ол кісі өмір сүрген кездегі адамдардың бір-біріне деген қайырымдылығы түрлерінен қазір ештеңе де қалған жоқ. Өте өкінішті! Ең өкініштісі – біз Бөкей ордасы қазақтарының арасында болған мал-мүлкін орынсыз шашуды бұрынғыдан да бетер күшейтіп жібердік. Сондықтан Мақаш сынды асылдарымыздың айтып, жазып кеткен ақыл-кеңестеріне құлақ асайық!
Ш. НАҒЫМҰЛЫ,
Каспий маңы академиясының академигі