1934 жылы еліміздің ең алдыңғы қатарлы университеті, қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің іргетасы алғаш қаланып, бүгінде ел игілігі үшін қызмет атқаруда. Университетте 20 мыңға жуық студент білім нәрімен сусындап, білікті мамандар қатарын толықтыруда. 10-нан аса факультеттен құралған университетте 3 мыңға жуық профессор-оқытушылар құрамы студенттерге білім беріп келеді.
Қала ішіндегі «Казгуград» қалашығы деп аталып кеткен құтты мекенде студенттердің білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. Ө.Жолдасбеков атындағы 1600 орындық студенттер сарайы, ТМД елдеріндегі жалғыз үлкен ауқымды «Әл-Фараби» кітапханасы, спорткешені мен стадион, жаңа ғимараттар, әскери кафедра, технопарк, 5 мың студентке арналған студенттер үйі, медициналық орталық және студенттерге қызмет ету орталығы студенттер игілігі үшін қызмет жасап отыр.
Студенттер сарайында өнерлі жастарға арналған арнайы клуб жұмыс атқарады. Студенттер клубының дарынды мүшелері талай байқаулардың жеңімпаздары атанып, білім ордасының мерейін асыруда. Соның бірі ретінде, «Бақыт» би ансамблін ерекше атап өтуге болады. Университетте дәстүрлі түрде «Жалын» бірінші курс таланттарын анықтау, «Студенттік көктем», КВН, «Ана тілі аруы – Жігіт сұлтаны» сияқты байқаулар жоғары деңгейде өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, білім алушылардың көшбасшылық қабілеттерін, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдары комитеті жұмыс істейді. Оның құрамына «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, студенттер Сенаты, «Көмек» еріктілер қозғалысы, студенттер кеңесі, Болон үдерісі бойынша студенттік бюро, студенттердің ғылыми қоғамы кіреді. Қазіргі уақытта университеттегі барлық мерекелік іс-шаралар тікелей аталған жастардың қатысуымен өтеді.
Ғылыммен айналысқысы келетін студенттер үшін де дәстүрлі түрде «Әл-Фараби әлемі» сияқты конференция, форумдар ұйымдастырылып тұрады. Инновациялық жобаларға құштар, заман ағымынан қалмауға тырысатын студенттер үшін әр факультетте бизнес-инкубаторлар, университетте технопарк қызмет етеді. ҚазҰУ – талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен. Сыйластық пен шынайы достықтың мекені, ҚазҰУ – ғашықтардың мекені. ҚазҰУ – адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен.
Оқу ордасы көрнекті және жан-жақты академиялық бағдарламаларды ұсынады. Жыл сайын ҚазҰУ-дың 2 мыңнан астам студенті тілдік тағылымдамадан, сондай-ақ шетелдік ғылым және білім беру мекемелерінде ғылыми тағылымдамадан өтеді. Жоғарыда айтылғандардың бәрін ескере отырып, осы оқу орнының магистранттары ретінде ҚазҰУ өз студенттеріне толыққанды білім алу үшін және де өсіп келе жатқан қазіргі әлемнің талаптарына сай болу үшін көптеген таңғажайып мүмкіндіктер береді деп үлкен сеніммен айта аламыз.
Ережепова Сымбат Ғалымжанқызы, Рамазан Ержан Амантайұлы,
Омаров Ринат Қайратұлы, ҚазҰУ, Ақпараттық технологиялар
факультеті, Информатика кафедрасының 1-курс магистранттары
Жетекшісі: ҚазҰУ, Ақпараттық технологиялар факультеті, Информатика кафедрасының профессоры: Балакаева Гульнар Тултаевна