Жиырма екі жастағы Богларка Фехер Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде 3-курста оқиды. «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің Венгрияда өткен концертінен кейін қазақ мәдениетіне қызығушылығы оянған Богларка бүгінде қазақша сөйлегенде бізден асып түспесе, кем түспейді. Интернеттен қазақ әліпбиі мен қобыз тартуды үйренген ол қазақтардың мажарларды жақын тартатынына риза болатынын айтады. Түркістаннан кейін Алматыдағы білім ордаларының бірінде білімін жалғастырғысы келетін Богларкаға хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Естуімізше, қазақ тіліне оқушы кезіңізден бастап қызыққан екенсіз. Венгрия мектептерінде қазақ тілі туралы онша дерек жоқ кезде біздің тілді үйренуге не түрткі болғанын білгіміз келеді.
– 2014 жылы Венгрияға «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі келіп, концерт қойды. Олардың өнеріне тәнті болғаным сонша, жүрегім елжіреп, ерекше әсерге бөлендім. Сол кезден бастап қазақ музыкасына, қазақ тіліне, жалпы қазақ халқының мәдениетіне ерекше қызыға бастадым. Маған қазақтың ұлттық аспаптарында ежелгі музыканың «ізі» бар секілді көрінеді. Сөйтіп, интернеттен қазақ әліпбиін үйрене бастадым. Ол кезде мажар тіліне аударылған әліпбидің нұсқасы болған жоқ. Көп әріпті үйренуде қиындық болған жоқ. Бірақ қазақ тілінің қ, ғ, ұ, ү секілді төл дыбыстарын «Тұран» ансамблінің орындауындағы әндердің мәтінін жаттау, мұқият зерделеу арқылы үйрендім. Сосын белгілі мажар ғалымы, түрколог, шығыстанушы Иштуан Қоңыр Мандокидің жары қазақ Оңайша апайдың қазақ тілі курстарына қатыстым.
– Қазір қазақшаға судайсыз. Бұл деңгейге жетуге қанша уақыт кетті?
– Оңайша апайдың курсына 2016-2019 жылдар аралығында қатыстым. Әр жылда он алты апта көлемінде сабақ жүргізілетін. Сабақ саны аз болса да, көп нәрсе үйрендім. Оңайша апайдан қазақ тілінің негіздері, қазақ мәдениеті, салт-дәстүрлері, менталитеті туралы көп дерек білдім. Апай маған Тұмарша деген қазақша есім берді. Тұмарша – есімім Богларканың қазақша аудармасы.
– Қазақ әліпбиін ғана емес, қобызда ойнауды да интернеттен үйренгеніңізді естідім. Рас па?
– Иә. Мен алты жасымнан бастап музыка мектебінде оқыдым. Онда он екі жыл бойы виоленчельде ойнауды үйрендім. Кейін қобыз аспабымен танысқан соң виоленчель аспабының ойналуы негізінде өз бетіммен үйрене бастадым. Тартып көріп, дыбысы қалай шығатынын білгім келді. Қобызды кәсіби деңгейде үйрену үшін Қазақстанға баруым керек екенін түсіндім.
– Таңдауыңыз неліктен қобызға түсті?
– Мен қобызды таңдаған жоқпын. Қобыз аспаннан түскендей менің өміріме топ ете қалды десем болады. Венгрияда дауылпазбен ән айтатын Regélő Fehér Táltos dobcsapat атты топ бар. Олар туған жер, ата-баба мұрасы, ұлттық құндылықтар туралы ән шырқайды. Мен де сол топтың қатарында болып, олармен бірге өнер көрсеттім. Бір күні ол топқа әлдебіреулер қобыз сыйлаған екен. Топ мүшелері: «Богларка, сен виоленчельде ойнауды білесің. Соған ұқсас мына аспапты тартып көрсең қайтеді?» деп әлгі қобызды менің қолыма ұстатты. Кейін бұл аспапты қатты ұнатқаным соншалық, өзіме арнайы бір қобыз жасатып алдым. Алғашында интернеттен қобыз тартып отырған өнерпаздардың видеоларын іздедім. Соның ішінде «Тұран» ансамблі мүшелерінің ойнағанын талай рет тыңдадым. Сосын 2021 жылдан бастап «Тұран» ансамблінің қобызшысы Мақсат Медеубектен онлайн сабақ ала бастадым.
– Сонда сіз Венгрияда жүргенде алдымен қазақ мәдениетіне, сосын қазақ тіліне, кейін қобыз аспабына қызықтыңыз ғой.
– Қателеспесем, қобызда ойнауды үйрену «Тұран» ансамблінің шығармашылығымен танысумен қатар келді. Бір мезгілде. Содан соң қазақ тілін үйренуге ұмтыла бастадым.
– Түркістанға қалай жолыңыз түсті? Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түскенге дейін Қазақстанға келіп көріп пе едіңіз?
– Оған дейін Қазақстанға үш рет келгенмін. 2016 жылы Астанада Сапар Ысқақов ұйымдастырған ішекті аспапта орындаушылар арасындағы халықаралық байқауға қатыстым. Сосын 2017 жылы Сәуле Жанпейісова өткізген халықаралық байқауда өнер көрсеттім. 2018 жылы тағы да Сапар Ысқақов ұйымдастырған халықаралық байқауға қатыстым. Ал Түркістан қаласына оқуға келуімді сұрасаңыз, бұл да қобыз секілді аспаннан түскен мүмкіндік болды. Венгрияның Бач-Кишкун деген өңірінде орналасқан Лакителек халық институтында жыл сайын жазда қазақ мәдениетіне баулитын бір апталық лагерь ұйымдастырылады. Оңайша апай жыл сайын сонда барып, сабақ өткізеді. Әрі жыл сайын Қазақстаннан бір топ делегация келеді. 2018 жылы сол лагерьге арнайы келген, Қазақстанда білім саласында жұмыс істейтін Мұхаметқали Мәншүк деген апай менің қазақ мәдениетіне деген асқан қызығушылығымды байқап, Қазақстанда оқуға көмектескісі келетінін айтты. Сөйтіп, Оңайша апай екеуі Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде оқу мүмкіндігін қарастырып, ақырында Түркістанға келіп оқуыма септігін тигізді. Оған қоса, бұл университет халықаралық. Шетелдіктерге грантта оқуға мүмкіндік жетерлік. Сөйтіп, 2019 жылы осында спорт және өнер факультетінің дәстүрлі музыка кафедрасына оқуға түстім. Бір жыл дайындық курсында оқып, қазақ, түрік тілдерін жетік меңгердім.
– Дәстүрлі музыка кафедрасында оқысаңыз, демек домбыраның құлағында да ойнай аласыз ғой?
– Иә. Мұнда негізінен домбырамен ән айтуды үйретеді. Қазір қобыз тартуды үйрететін маман жоқ. Сондықтан қазір университетте Ерасыл Қалымбаев атты мықты ұстаздан домбыра үйреніп жүрмін. Одан бөлек, жоғарыда айтып өткенімдей, «Тұранның» қобызшысы Мақсат Медеубектің онлайн сабағына қатысып жүрмін.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызға көз жүгіртсем, ұлттық нақыштағы киіммен түскен көп суретіңізді байқаймын.
– Мен қазақтың нақышын, ою-өрнектерін ерекше ұнатамын. Бірақ жеке парақшамдағы суреттерден көргеніңізді көбі қазақтың ұлттық киімі емес. Ол – бәрімізге ортақ ата-бабаларымыздың кигендері. Өте ұқсас болғандықтан сіздер, қазақтар да өздеріңіздің ұлттық киімдеріңіз деп қабылдайсыздар. Біз, мажарлар да өзіміздікі деп қараймыз.
– Бәлкім, біздің мәдениетке осыншалық қызығуыңызға екі елдің туыстығы сеп болған болар?
– Солай шығар. Нақты себебін білмедім. «Тұран» ансамблінің орындауындағы әуендерді естіген соң ішкі дүнием қазақ мәдениетіне қарай «бұрылып» кетті. Мен ол мәдениетке саналы түрде қызыққаным жоқ. Барлығы ішкі жан дүниемнен, сөзбен сипаттауға келмейтін тұңғиық тереңнен басталды. Бәлкім, сіз дұрыс айтасыз. Бұған мажарлар мен қазақтардың туыстығы әсер еткен шығар. Бірақ нақты себебін айта алмаймын.
– Түркістанда тұрған төрт жылдың ішінде біздің ұлттың болмысына тән ерекшелігін көре алдыңыз ба? Қандай ой түйдіңіз?
– Мен мұнда өте мейірімді адамдармен кездестім. Жақсы достар таптым. Түркістанда ғана емес, басқа қалаларда да ақ жүрегі бар адамдармен таныстым. Шетелдік екенім білініп тұрады ғой. Дүкенге барсам да, автобуста отырсам да қазақша сөйлегеніме тәнті болған жергілікті тұрғындар «Қайдан келдіңіз? Венгриядан дейсіз бе?», «Венгриядан Қазақстанға неге келдіңіз?», «Қазақ тілін үйренуге деген қызығушылық қайдан пайда болды?», «Орысша бірде-бір ауыз сөз білмей, қазақша үйреніп алдыңыз ба?» деп сұрақты төпелетеді. Себебін түсіндіргенімде олардың екі езуі екі құлағына жетіп, қуанғанын байқаймын. Ал олардың ондай эмоциясын көру мен үшін бақыт. Венгрияның тарихын білетін қазақтар «Ғұндар. Атилланың ұрпақтарысыңдар ғой. Бізге бауырсыңдар» деп жақын тартады. Олардың бізге осылай туыс ретінде қарағанына риза боламын. Түркістан телеарнасының өкілдері бірнеше бағдарламаға түсуге шақырғанына да риза болдым. Тағы бір ұнайтыны, жоғарыда айтып өткенімдей қазақтың ою-өрнегіне ерекше қызығамын. Мұны ұмыт қалдырмай, ел ішінде кеңінен насихатталып жүргеніне ризамын. Ғимараттардың қабырғасында, заманауи үлгідегі киімдерде, тіпті дүкеншінің нан салып беретін пакеттерінің сыртында ою-өрнектер бейнеленген. Кез келген жерде ою-өрнекті байқауға болады. Қазақтардың ата-бабалардан қалған мұрасын соншалық құрметтейтініне өте ризамын. Байқап қарасам, біздің ою-өрнектеріміз де қатты ұқсас екен. Мажарлардың ою-өрнектерін жіті зерттеген ғалым Хуска Йожефтің еңбектерін оқысам, Венгрия жерінде жүргізілген археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған ою-өрнектер қазақтардікіне қатты ұқсайды. Ұмытып барамын. Қазақтың ат қою рәсімі жаныма жағады. Әрбір есімнің мағынасы бар. Заманауи есімдер де бар, бірақ өте аз. Ал баланың өмір жолын айқындауда ерекше рөл атқаратын Мақсат, Қайрат, Абзал, Қанат секілді есімдерді қоюды да ежелден қалған өте ерекше ырым деп түсінемін. Сосын маған тұсаукесер рәсімінің символикасы ерекше ұнайды. Содан соң жеті атасын, түп-тамырын білуі керек деген тәрбиелік дәстүрге де ерекше қызығамын. Қыз бен жігіттің жеті атасы ортақ болса, оларға үйленуге болмайды ғой, иә?
– Иә.
– Міне! Мұны қатаң қадағалайтын қазақтың қаны, генетикасы осыншалық таза екені көңіл қуантады. Былай қарап тұрсаңыз, бұл – баға жетпес мұра. Сосын наурыз көженің жеті түрлі тағамнан жасалатыны да таңғалдырмай қоймайды.
– Бізде жеті саны қасиетті саналады.
– Иә, соны байқадым. Жеті деген сан көп кездеседі. Жеті шелпек тарату дәстүрі де ерекше ұнайды. Білесіз бе, дәл сол жеті шелпектің қамырын бізде, мажарларда да дәл солай әзірлейді. Бірақ бізде мұны дәстүрмен байланыстырмайды. Дәл сондай нан пісіреді. Бірақ үстіне қаймақ, ірімшік, сарымсақтың майын жағады.
– Туыс болған соң екі елдің арасындағы ұқсастықтарды да байқаған боларсыз?
– Екі елдің басты ұқсастығы – қонақжайлылық. Менталитет жағынан ұқсастық көп. Әсіресе, мажар мен қазақ тілінің логикалық құрылымы ұқсайды. Екеуі де жалғамалы тіл. Иштван Қоңыр Мандоки екі тілге ортақ бес мыңға жуық сөз барын айтқан. Алма, ана, сақал, балта, кіші секілді сөздер бізде де бар. Біз, мажарлар Венгрияда тек мажарша сөйлейміз. Сондықтан мен әлемнің барлық елі өз ана тілінде сөйлейді деп ойладым. Алайда Қазақстанда қазақша білмейтін, орыс тілінде ғана шүлдірлейтін қазақтар бар екенін білген кезде таңғалдым. Мұның өзіндік себептері бар екенін білемін. Бірақ әрбір ұлт өз ана тілін білуі керек. Ана тілін білу жеке алғанда адамның өзі, жалпы алғанда халық үшін өте маңызды. Оңтүстік Қазақстан өңірінде тұрғындардың таза қазақша сөйлейтініне өте қуаныштымын. Венгриядан келген бойда осындай ортаға түскеніме өте ризамын. Маған мұнда ұнамайтын тек бір дәстүр бар.
Ол – қыз алып қашу. Ондай дәстүр Еуропада жоқ. Бұл туралы алғаш естігенде «шок» болдым. «Қазақстанға қалай барамын? Мені алып қашып кетсе қайтемін?» деп Оңайша апайды сұрақтың астына алғаным бар. Басында біраз қорықтым. Сосын көп уайымдаудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Әрі бұл дәстүрді көбіне ауыл жақта ұстанатынын естідім. Бірақ сонда да абайлап жүремін. Жолға жалғыз шықпаймын. Түнде көшеге шықпаймын (күліп).
– Қазақстандағы өнер университеттерінің бірінде біліміңізді жалғастырғыңыз келеді екен.
– Иә, Қазақстанда оқуымды магистратура бөлімінде жалғастырсам деймін. Негізі, Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерватория немесе Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түсуді көздеп жүрмін. Онда қобыз тартуды жалғастырғым келеді. Алматыға тұрақтау бұрыннан арманым еді. Астана да сапалы білім беретініне күмәнім жоқ. Бірақ керемет табиғатымен күллі әлемді тамсандыратын Алматыда тұрып көргім келеді. Түркістан қаласы да жүрегімде ерекше орын алады. Алғаш оқуға келгенде пандемияға бола екі жыл онлайн оқыдық. Сол екі жылдың ішінде Түркістан қаласы өзгеріп шыға келді. Туристер қызығатын ерекше орынға айналды.
– Магистратураны бітірген соң Венгрияға қайтпақ ойыңыз бар ма?
– Негізі, мен – Будапешт қаласының тумасымын. Онда ата-анам мен үшін барын аямады. Әсіресе, қазақ мәдениетіне қызығуымды қуана қабылдады. Олар да қазақ мәдениетіне ерекше қызығады. Олардың мені үнемі қолдайтынына, осында оқуға жіберуге келіскеніне ризамын. Олармен күн сайын сөйлесемін. Оларды қатты сағынатыным онсыз да түсінікті шығар. Сондықтан әр семестрдің соңында елге қарай асығамын. Мен Қазақстанға тек оқу үшін келдім. Оқуды аяқтаған соң еліме қайтамын. Мұнда мәңгілікке қалу деген жоспарым жоқ. Мен туған жерімді қатты жақсы көремін. Ештеңеге қимаймын. Қазақстанға, қазақ мәдениетіне ерекше қызықсам да, туған елімнен басқа еш елде ұзақ тұра алмаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!