Бұл жолы менің қолыма қалам алдырған, қоғамда үлкен резонанс тудырған 4 қазандағы Талғардағы 16 жасар Шерзаттың қайғылы қазасы болып тұр. Жиырма күнге жуықтап қалды әлі нақты шешім жоқ. Халық күткен, ел талап еткен дүниелерге әлі қол жетер емес. Неге? Себебі халық билікке сенбейді. Қоғам үшін бұдан асқан сорақылық болмас. Құтырғандар, заңды белден басқандар, қорқыту, үркіту, шошыту мақсатында марқұмның үйін өртеп жіберуі елімізде халықты қорғай алатын әділетті полиция бар ма, жоқ па деген басты сұрақты күн тәртібіне шығарды. Шынында, біздің елде халыққа пана болатын, халықтың жоғына түгендеп беретін, қажет болғанда «кегін» қайтаратын заң органы қайда бар? Талғар оқиғасына әлеуметтік желі арқылы өз ой-пікірін білдірушілердің үн қосуы бұл жақсылық нышаны. Әсіресе, жәбірленуші тараптың сөзін қостап, сол кісілерге болысып сөйлегендері ұнады. Яғни, қоғамда үнсіз қалмайын, демократиялық елде тұрамын ба, яғни өз ой-пікірімді ашық айтуға құқылымын.
АТАҚТЫ АЗАМАТТАРЫМЫЗ НЕГЕ ҮНСІЗ?
Бұл жолы менің қолыма қалам алдырған, қоғамда үлкен резонанс тудырған 4 қазандағы Талғардағы 16 жасар Шерзаттың қайғылы қазасы болып тұр. Жиырма күнге жуықтап қалды әлі нақты шешім жоқ. Халық күткен, ел талап еткен дүниелерге әлі қол жетер емес. Неге? Себебі халық билікке сенбейді. Қоғам үшін бұдан асқан сорақылық болмас. Құтырғандар, заңды белден басқандар, қорқыту, үркіту, шошыту мақсатында марқұмның үйін өртеп жіберуі елімізде халықты қорғай алатын әділетті полиция бар ма, жоқ па деген басты сұрақты күн тәртібіне шығарды. Шынында, біздің елде халыққа пана болатын, халықтың жоғына түгендеп беретін, қажет болғанда «кегін» қайтаратын заң органы қайда бар? Талғар оқиғасына әлеуметтік желі арқылы өз ой-пікірін білдірушілердің үн қосуы бұл жақсылық нышаны. Әсіресе, жәбірленуші тараптың сөзін қостап, сол кісілерге болысып сөйлегендері ұнады. Яғни, қоғамда үнсіз қалмайын, демократиялық елде тұрамын ба, яғни өз ой-пікірімді ашық айтуға құқылымын. Заң аясында деген жастар мен орта жастағылар қазір белсенді. Бұл – қоғамның әділдік пен шындықты орнатудағы алғы қадамдары. Енді осындайда Қазақстанның халық қаһармандары, Қазақстанның халық жазушысы, халық артисі мен еңбек сіңірген қайраткерлері, әскери шенді генералдар, әртүрлі салада қызмет етіп, қарапайым халық арқасында биікке шығып, қоғам қайреткері атанғандар мен Алматы облысы, Талғар қаласы мен ауданының құрметті азаматтары неге үнсіз!? Әлде ол кісілер атақтарын басқа шетелде еңбек, қызмет етіп жүріп алды ма!? Қандайда атақ пен қызметтің жауапкершілігі сол атақ пен қызмет алғанға дейін емес, алғаннан кейін артпай ма!? Әлде ол кісілер ресми мемлекеттік орындардан нұсқау күтіп жүр ме!? Қарапайым халықпен бірге болса, халық та өздерінің сөзін қолдайтын Халық қаһарманы, Халық жазушысы, генералдар мен қоғам қайреткерлері, әншілер және т.б. бар екенін біліп, марқайып қалар еді ғой. Бұл өте бір дүбірі көп қиын іс болғалы тұр. Қылмыстық топтың заң орындарымен ауыз жаласуы расталса, мемлекеттік деңгейде қаралуы қажет деп ойлаймын. Бұл ұзақ процесс болуы да мумкін, жас баланың кісі қолынан, қалың тобыр жауыздардың қолынан қаза табуы өте ауыр оқиға. Жабайы орта ғасырлық кісі өлтірушілік мұндай болмас. Одан кейінгі отбасына қысым көрсетілуі, үйінің өртелуі де заң орындарының жемқорлығының, сатқындығының айқын бір көрінісі ретінде бағаланып жатуы сұмдық нәрсе. Иә, халық, адамдар көрсоқыр мылқау емес, бәрін біліп, көріп отыр! Неге құқық қорғау орындары істі тездетіп жүргізбейді, неге видео материалдарды өзгертеді, істі бұрмалағысы келіп отырғандай көрінеді осы қылықтары. Адам өлімі, үйінің өртенуі, одан артық не керек нақты дәлелге. Депутат Қазыбек Иса бауырым айтпақшы, Шерзаттың үйіне неге күзет қойылмаған? Ішкі істер министрі тергеу барысын бақылауға алғасын ол үйге күзет қойылып, оған құмырсқа да, ит те кіре алмауы керек қой. Ал хайуаннан бетер жауыз жайбарақат үйге кіріп, өртеп кетеді! Ал сонда полицияның күзеті қайда болған? Митингіге шыққан шал-кемпірге ғана шамасы келетін полиция неге қаралы үйді қорғамаған? Өйткені, полиция қаралы үйді емес, қылмыс жасағандардың үйін күзетіп тұр! «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» дегендей, есі кірген полиция енді үйді емес, өртеніп кеткен үйдің үйіндісін күзетіп тұр… Қасақана өртеу фактісі ресми расталды. Министрдің қандай жеке бақылауға алғандығын қайдам, жергілікті қылмыскерлердің істі жеке бақылауға алғаны министрдікінен де күшті болып шықты. Қылмыскерлер қаралы үйді министрдің бақылауымен қосып өртеп жіберді!.. Бұл полиция, құқық қорғау органдарына түкіріп қою ғана емес, жалпы билікке, қоғамға қарсы қағылған дабыл! Бұдан артық қайда барамыз?! Заңсыздықтың бәріне заңды тоқтау салатын уақыт жетті! Енді істі Бас прокурор қадағалауына алды... Бұл қадағалаудың қай жерге дейін жететінін бір құдай біледі, уақыт көрсетеді... Сонымен болған оқиғаны өз дәргейімізше талдап, сараптап көрейік.
ҚАЛАЙДА ӘДІЛ ЖАЗА ҚОЛДАНЫЛУЫ ТИІС!
1.Шабуыл жасалып жатқанда Шерзаттың әкесі полицияға, 102-ге хабарласқан, бірақ ешкім келмеген. Түнгі 2-де келді деп жазуда. Осынша уақыт полиция қайда болған? «Жедел жәрдем» де келмей, қансырап жатқан ұлын ауруханаға әкесі өзі алып барған. Полиция да, «жедел жәрдем» де өз уақытында келсе, Шерзат аман қалар ма еді... 2.Шабуыл жасаған 13 адамның басында 7-еуі, кейін шу болғасын 3-еуі ұсталды, тағы 3-еуі қайда? «Екі көлікпен келген қылмыскерлердің ішіндегі екі әйел мен дәу қара жоқ» деген Шерзаттың әке-шешесі бастап, тұрғындар қостап, халық митингіге шықты. Аудандық полиция бастығының сөзінше, ол әйелдердің «төрт баласы бар» екен(?). Төрт баласы болса, ондай әйелдер түнгі төртте неге біреудің алты баласының тұңғышын өлтіруге белсене қатысып жүр?! Олар неге бостандықта? Сонымен шабуыл жасаған 13 күдіктінің 3-еуі бостандықта сайрандап жүр. Қылмыскерлерді тайраңдатып қойып отырған кімдер? Бәріміз де 13-ке дейін санай аламыз, 13 қылмыскер қамалып, ашық сотта 13 қылмыскер тұруы тиіс және әділ де қатал жазасын алуы керек!
Қазақстан халқы не көрмей келеді? Соңғы жылдары сынақтың түр-түрін көруде. Жер астында жатқан қаружарақ қоймалары жарылды. Бомбалар атылды. Қараусыз қалған бес бала шырылдап үйжайымен қоса өртеніп кетті. Тұрмыстіршілігіне наразы болған қаншама адам биік үйлерден құлап мерт болды. Зорланған бала мен қыз қасіреті еңсені басады. Қайда бара жатырмыз? Өзге ұлт өкілдері жергілікті халықты басынып, оның арты да атысумен, үйлердің өртенуімен, машиналардың жануымен аяқталды. Қаңтар қырғыны да тарихтың бетіне қара дақ болып қалды. Ормандар өртенді. Топан су басты. Күнде бір қайғылы оқиға жүрегіңді селт еткізеді. Бұл не деген бітпейтін қасірет! «Келінді аяғынан, шопанды таяғынан» деуші еді баяғының көне көздері... Адамдардың зұлымдығына, қатігездігіне ашынғандай Алматыда жердің өзі жиі-жиі бұлқынып қояды. Табиғаттың өзі тосын мінез көрсетуде! Жаймашуақ күзің адыра қалды. Күнде жауын. Түн суық. Дала ызғарлы. Мұның бәрі тегін емес, ағайын! Мұның артында үлкен ескерту, үлкен зіл жатыр.
3.Шерзаттың әкесі бейнеүндеуде мәлімдегендей, тергеудің әділ жүргізілмей жатқаны, баласынан айырылып, қайғыға батып отырған отбасын түн ортасында тергеуге шақырып алып, өктем сөйлеу, қылмыскерлер ұлын өлтірген мылтықты полицияның бұлардың дүкенінен іздеуі деген не сұмдық? 4.Өздері қаралы жандарды телефон арқылы қорқытып жүргендер кімдер? 5.Марқұмның қазасы мен үйінің өртенуіне кінәлілер деп, әлеуметтік желіде өріп жүрген ақпараттар мен бейне материалдарға неге жауап жоқ әлі? 6.Неге Шерзаттың әкесі ауданнан, облыстан көшіп кетуге мәжбүр болып, видеоүндеу жариялауда? Бұл «Ұрысы мықты болса, иесі жазықты болады» дегеннің нақ өзі емес пе? 7.Талғар ауданында заң орындары, құқық қорғау орындары бар ма? Аудандық, қалалық, облыстық әкімдіктер осы уақытқа дейін не істеп келген, қазір не істеп отыр? Осындай ел көкейіндегі көп сұрақтарға нақты жауап жоқ! Елдің наразылығы мен алаңдауын басу үшін прокуратура мен полиция неге өз уақытында есеп беріп тұрмайды? Халық биліктің, полицияның тірліктері мен жауаптарына қанағаттанбауда. Анасының құшағында жатып, әкесі мен бауырларының көз алдында қылмыскерлер қолынан өліп кеткен Шерзатты Ішкі істер министрі, генералдар, әкімдер, шенеуніктер өз баласындай көріп, қабырғалары қайысуы қажет! Керісінше, қайғылы қазадан кейін 11 күн өткенде ғана 15 қазан күні өткізген облыстық прокуратура мен облыстық полиция департаментінің брифингінде көрсетілген күдікті видеоның мақсаты не? Еске сала кетсек, ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен бас прокурор Берік Адамов және тергеу ісін қолға алған Самат Аисов 15 қазанда брифинг өткізген. Ұсталғандардың кімдер екенін сол брифингте айтып берген еді. Шерзаттың отбасы осы видеоны сұрап ала алмай жүрген. Ал «бұл видеоны бүгін қиып-жонып, өздеріне керегін ғана қалдырып шығарып, жариялап отыр». Бұл туралы бүгін енді Шерзаттың әжесі бейнеүндеу жасады. Қайғыға батып, қан жұтып, аяулы немересінен айырылған, отбасы түгел содырлардан соққыға жығылып, полициядан қысымға ұшырап, зорға сөйлеп отырған әженің сөзін тыңдау өте ауыр… Ал полиция көршілер түсірген, әлеуметтік желіні шарлап кеткен Шерзаттың қайғылы қазаға ұшыраған қанды видеосын жариялаған да жоқ, ол туралы жұмған ауыздарын да ашқан жоқ! Журналистер «Хуторский Хасан» дегеннің үйіне барып, сұхбат алып, баласы өлген отбасын қолдайды деген ауылдың үлкендері керісінше Хасанды қолдап шықты. Мұның қандай сыры бар? «Чем дальше, тем страшнее» дегендей кеп қой бұл. Шерзаттың туыстарына Алла сабыр берсін! Қиын сынақ түсті бастарына. Ел текке шуламайды. Негіз болғасын шулайды. Тергеуге шақырып, жауап алсын Хасанынан да, Асланынан да. Аты аталғандардың бәрінен тергеуде жауап алынуы тиіс. Қылмыстық топты басқарған деп, жергілікті тұрғындар айтып отыр. Халық айтса, қалт айпайды. Жіті тексерсін бәрін. «Бізге жала жапқандарды сотқа береміз» деп, шіреніп отыр ғой олар. Бұл қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталар (деп үміттенеміз). Бірақ 13 адамның қай топ екенін тауып беруге көмектесем демей ме қатысы болмаса? Қылмыскерлер баласын өлтіріп, одан үйін өртеп, ендігі қалғаны жала жапты деп әкесін соттату ма? Қайғыдан қан жұтып отырған адамды жұбатудың орнына не сөз бұл? Біреулер «зарлай бермей» дейді. Адамдарға не болған?! Мынау не болды өзі?! Елге түсіндіріп беретін адам бар ма?! Іс созылған сайын халықтан да маза кетіп тұр. Себебі белгілі. Арты сиырқұйымшақтанып кете ме деген қорқыныш баяғы. Қазірдің өзінде «үйін әкесі өзі өртеді» деген ақпараттың құлағын қылтитып қойды. Тіпті «Төбелесті марқұм баланың өзі бастады» деген де әңгімелер айтылып жатыр. Халық осыдан шошиды. Тағы айтамын, мұның бәрі халықтың құқық қорғау орындарына деген сенімсіздігінен туындап отыр. Адам құны түсіп кетті. Итті өлтірсең басың дауға қалар, адам өлтірсең құтылып кетуің оңай заманға тап болып отырмыз, өкінішке қарай. Қайғылы жағдайды пайдаланып кейбір блогерлер шот ашып, үй салып беремін деп сайрап жатыр. Көпке топырақ шашпайын, бірақ ол блогерлердің ішінде де ниеті нашарлар толып жүр. Меніңше, біреудің қайғысын пайдаланып қалуға тырысу – арсыздық! Қарап отырсақ, халықтың көбінен мейірім қаша бастағандай. Жүректер қатая бастағандай! Ар мен ұят жоғала бастады. Осының бәрі жанды ауыртады. Билік ең бірінші құқықтық саланы, яғни сот пен прокуратураны қолға алуы керек. Уақыты келді. Мен де осы қанды оқиғадан кейін аналық сөзімді айтуды жөн көрдім. Мысалы қанішерлердің арасында жүрген екі қызды куәгерлер деп арашалап жатқаны байқалады. Ол екеуі көпбалалы ана болса, түн ортасында сыра алып, еркектердің арасында не істеп жүр? Отырмай ма балаларының жанында. «Жүрісі жаман жігітті ел ішінде жау алар» дейді атамыз қазақ. Олай болса жүрісі жаман қыздарды қалай ақтауға болады? Осындайлардың зардабын аз тартып жүрміз бе? Хасан неге ақталып жатыр? Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды ешқашан.
БИЛІК, БҰҚПА, ӨЗ СӨЗІҢДІ АЙТ!
Осы орайда, белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин баламның әлеуметтік желідегі жазбасына көңіл аударғым келіп отыр. Баланың күйігін бір адам білсе, сол білер деген оймен. «Ардақты ағайын! Маған жекеме «Талғар оқиғасына қатысты неге үндемей жатырсыз?» деген хаттар келіп жатыр. Алыс елде жолсапарда жүрген соң, соңғы жаңалықтарды қарап отыруға мүмкіндік болмай кетті. 16 жастағы ұлынан қапыда көз жазған Қаржаубай деген азаматтың жанайқайын түсінемін. Осыдан бір жарым жыл бұрын менің де солай жүргенімді барлығыңыз білесіздер. Әлпештеп өсірген, көз алдыңда сап-сау жүрген алтындай балаңды жоғалтып алу өте ауыр қасірет. Ешкімнің басына бермесін. Қандай жағдай болса да адам өлтіруден үлкен қылмыс жоқ. Сондықтан топтанып барып дүкен иесіне шабуыл жасаған топтың барлығы заң алдында лайықты жазасын алу керек. Прокуратура ашық сот болады депті ғой. Сол дұрыс деп санаймын. Тергеу кезінде жасалған сараптамалардың қорытындылары халыққа ашық көрсетілуі керек. Видеоматериалдарды талдағанда көпшілікте күмән болмасы үшін марқұм Шерзаттың туыстары мен отбасының адвокатын және журналистерді қатыстыру керек. Халыққа ақпаратты нақты дәлелдер арқылы жеткізбесе, қоғамның наразылығы арта береді. Біздегі полицияға халық мүлде сенбейді. Жоғары жақта танысың болмаса, олар дұрыс жұмыс істемейтініне өзім де талай куә болғанмын. Құқық қорғау қызметкерлері шені бар біреуге айтқызбасаң, шекесінен қарап тұрады. Тіпті, қойған сұрағыңа дұрыс жауап бермей, діңкеңді құртатындарын қайтерсің. Әділетті Қазақстан құрамыз десек, алдымен осы салаға үлкен реформа жасау қажет. Қаржаубай бауырымның ашық сот сұрап шырылдап жүргені де содан деп ойлаймын. Оқиғаның мән-жайын тергеу анықтайды ғой. Тек сол әділетті болса екен деймін. Қоғамның талабымен қылмыскерлер тиісті жазасын алар. Тек бала қайтып оралмайды. Сол қиын, әрине...» депті ол. Менің білуімше, сыраның құнын төлемей әдейі арандатып, іс насырға шауып, қасақана арандату мақсатына жеткенде екінші адам келіп төлеген ғой. Бұл істе ОПГ бар екенін мына төмендегі әрекеттер айқындап тұр: түрмеден Хасанның ағасы Ероштың телефон соғып қорқытуы, Хутордың балалары (қылмыс жасағандардан бөлек балалар) бейіт басына әкесін ертіп барып «жанынан қабіріңді қаза бер» деп қорқытуы, Хасан мырзаның «мен ауылдан көшіп кеткенмін, ауылға еш қатысым жоқ деуі, ауылдың шалдары «Хасан басқарғалы ауылда береке болды...» деп керісінше айтуы, полицияның видеодағы қарулы қылмыскерлерден қорғану үшін жәбірленуші қолына пышақ ұстаған жерін ғана кесіп алып, «алдымен пышақ шығарған өзі» дегізіп халыққа таратуы осындай әрекеттің бәрі артында ұйымдасқан топтың бар екенін көрсетіп тұрғандай көрінеді маған. Мұның бәрінің түп тамыры тереңде жатқан сияқты. Қарапайым ана ретінде халықтың ойын айтайын: Біз бір Алла мен әділілетті сотқа ғана сенеміз! Әділетті прокурорға ғана үміт артамыз! Егер олар бар болса! Әділеттіліктің биігінен көрінсе. Менің түпкі ойым, істің бәрін айналдырып әкеліп әкесін кінәлі қып шығара ма деп қорқамын. Аналық жүрегім содан қауіптенеді. Бүгінгі сот пен тергеуден мұны да күтуге әбден болады. Бірақ сабыр етейік, ағайын! Соңына дейін күтейік! Елміз ғой!
Қандай әділетсіз, қатыгез болып бара жатыр ұлы Отаным – Қазақстан! Билік басындағылар неге бұғып жатыр? Неге бастарын көтермейді? Неге айқай салмайды? 16 жасар баланың өлімі ешқайсыларын толғандырмай ма расымен? Неге жас балалар өлімі көбейіп кетті? Бұған бас қатырып жатқан жоғарыда біреу бар ма? Бар болса неге тіл қатпайды? Аналардың жанайқайы жүректерін ауыртпай ма? Марқұм Шерзаттың шырылдаған әжесі, әкесі мен анасы әділдік таппай, баласы өліп, үйі өртеніп, бастарына қайғы түсіп жатқанда, енді келіп кінәнің бәрін өздеріне қарай аударып отырғаны не сұмдық! Биліктегі осы іске жауапты азаматтар, ел анасы ретінде сұрарым, әділ шешім шығарыңдар халықтың ашуына тие бермей! Шерзаттың әжесі, әкесі мен анасы, Аллам сіздерге сабыр берсін, халық сіздермен бірге «құдай аққа жақ» қой, әлі-ақ бұл жауыздар жазасын алады!!! Алуға тиіс!!!
«Жұрттың бәріне ақыл берілгенмен, жүрек берілмеген» депті ғой Бауыржан атам. Қандай ғажап айтылған тәмсіл! Осы ұғынар сот пен прокурор болса ғой, шіркін!
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері