Біздіңше, солай болса керек. Ал сіздіңше қалай? Бәлкім екеу, әлде үшеу шығар? Әйтеуір, білетіндердің айтуынша, «аузы» болғанымен, «көздері» жоқ, тастай қараңғы қораға қамалған қанатты түліктің жұмыртқалауы оп-оңай. Бұл үшін жарықты белгілі бір уақытта өшіріп, қайта жақса, жетіп жатыр екен. Қора іші самаладай жарқ еткенде, тауықтар «тұқымдарын» домалата салатын көрінеді. «Күлге аунаған тауықтай» деген сол.
Сонымен тауықтың жайы белгілі болды. Ендеше, оның қанша жұмыртқа табатынында не шаруамыз бар? Әлде айтатын «басқа мәселе» қалған жоқ па? Әбден дұрыс сұрақ, алайда мұны сол бір толғағы жеткен «басқа мәселе» мен тауықтың «босануының» ұқсастығына деген таңданыс деп біліңіз. Өзіңіз қараңызшы, шығармашылық адамының күн сайын шабыт шақырып, өлең мен әңгімені немесе ән мен күйді «домалата салуының» қисыны қалай, осы?
Өкінішке қарай, кейбір тәп-тәуір жазушыларымыздың да қаламын «суытпаймын», отыра сала жазып тастаймын деп, шығармаларын «сұйылтып» алатынын да көріп жүрміз. Күн құрғатпай жаңа шығарма «туатындарды» және оларының көбіне шала-шарпы дүниелер екенін көргенде еріксіз ренжисің. Мұншалық шабыт тасқынын түсіну де қиын-ақ. Бұл әсілі «толғағы жетпеген әйелдің бебеулегеніндей» (М. Әуезов) жағымсыз болса керек.
Біздіңше, тауық қана тәулігіне бір жұмыртқа табады. Бірақ, жаңа айтқанымыздай, сағаттың тілдері бір айналғанша бір емес, тіпті бірнеше «жұмыртқалайтын» ақын-жазушылар мен сазгер-күйшілер де бар көрінеді. Тауықтың жаңағылардан бір айырмасы, жан-жағына «қораздана» жар салмайды: «е, қойшы соны, үйреншікті жай ғой» дегендей, тұмсығының астынан қыт-қыттайды да қоя салады.
Ал шабыт «тұлпарының» үстінен түспей, оны ерқашты қылатындар үшін жаңа шығарма қуанышын елге жеткізу қазір оңайға айналды. Олар әлеуметтік желі арқылы «домалата салады» да, қарап тұрады. Тіпті, кейбірі жастыққа басыңды енді қоя бергенде ұялы телефоныңды балапан шығарғандай «шиқ-шиқ» еткізеді. Жұмыстан шаршаған, ұйқылы-ояу жанның жаңағы «жұмыртқаның» шикілі-пісілі екенін ажыратуға зауқы жоқ.
Амал қайсы, «аяқ-қолын бауырына алып, бусанған» әріптестің көңілі үшін бас бармағыңды шошайтып, бес саусағыңды жұмып, мақтағанның ырымын жасайсың. Бұдан артықты «тұқымның» иесі де дәмете қоймаса керек. Ол да сатырлата шапалақ соғып, қуанғанның ишарасын білдіреді. Менің көз алдыма ұясында бойын жазып, қос қанатын қағып-қағып жіберген қанатты түлік елестейді.
Келесі күні, ұйқың қанып тұрған соң, қолың бір қалт еткенде, кешегі «жұмыртқаларды» санап, сапасына үңілесің. Жаңағылардың арасында, әлбетте, өз бетінше талпынып, ұша жөнелуге дайын «қара қанаттары» да ұшырасады. Оларға шын жүректен қуанып, енді жанды дауыспен тілек білдіресің. Бірақ телефонмен келетін дүниенің көпшілігі бір-бірінен аумайды: әуесқой әуен, арзан ұйқастар немесе асыра мақтау мен жағымпаз сарын.
Соның салдарынан кезінде «ләпбай тақсырлап», өте жиі толғатқандары үшін өкінетіндерді, тіпті ол мұрасынан бас тартқанды немесе «күй өртегенді» көріп, «үтік басқанды» да тыңдадық. Осы аздай, өткен замандарда да «сарай ақындары» болғанын көлденең тартып, ақталатындарды да естідік. Күлкілі ғой: ол заманда шайырлар еркін заманды, еркін елді, сол еркіндікті қорғаған батырлар мен халықтың өзі таңдаған хандарды жырлады. Олай болса, сыбайластық сырқатын асқындырған билікке соншалықты «тамсанып, таңдай қағуды» ақтау қисынсыз. Рас, көзімізді бақырайтып қойып жасалған «ұрлық-жырлық» торына түспеу қиын еді. Бірақ екінің бірі биліктің алдында құрдай жорғалаған жоқ. Ал күн сайын «шабыт» шақырып, «тұлпарын» босқа арам тер ететіндерге келсек, өлең-жыр мен ән-күйге қандай талап қойылатынынан ондайлар мақұрым қалғандай.
Санамызда ұлы ақын жырлары күмбірлейді: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы» немесе «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы. Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын/ Қазақтың келістірер қай баласы?» (Абай). Әлеуметтік желіден алақайлап, бөріктерін аспанға атқан қарадүрсін шығармалар адамды мезі етеді.
Шығармашыл әріптес шабытының шалқығанына, әсілі, қызғаныш болуы мүмкін емес. Еңбегі жансын... алайда, «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін...» – деп толғанады Абай. «Құлақтан кіріп, бойды алар / Жақсы ән мен тәтті күй...» немесе «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Үннің тәтті оралған мәні оятар», ал «Құр айқай бақырған/ Құлаққа ән бе екен? Өнерсіз шатылған/ Кісіге сән бе екен?».
Олай болса, «Білімдіден шыққан сөз/ Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге/ Көкірегінде болсын көз». Кейбір шығармаларды оқи немесе тыңдай отырып, шабыт тұлпарына «неге қамшы төпелеп, босқа қинайды екен» деген ойға қаласың. Тауық екеш тауық қана тәулігіне бір жұмыртқалайды, нағыз жүйріктің қамшы салдырмасы мәлім. Жекелеген қаламгерлер мен сазгерлердің сан қуып, сансырауына не жорық!
Ал күн сайын бәйгеге ат қосу шабыт тұлпарын шабынан түрткендей қисынсыз-ақ. Мұны жаңағыдай «шабандоздардың» бетіне айтсаң, ренжіту аз, жау табасың. Сосын, біздіңше, бетке айту да білгендік емес. Сондықтан үндемей құтыласың... тіпті, кейбір ақындар мен сазгерлердің тылсым дүниенің сырына бойлаймын деп, текке булығатыны немесе «аспанға асығатыны» таңдандырады: «шектеулі шектеусізді қайдан ұқсын» (Абай).
Ғаламтордағылардың енді бір тобы адамға сенгіштігіне өкініп, ит, жылқы, бүркіт, бура сияқтылардың адалдығына, жүйріктігіне, алғырлығына, қара күшіне тамсанады. Шындығында, адамға сену – адамдық зор қасиет! Сондай-ақ, «махаббат жоқ», «достық болмайды», «адалдық – бос сөз» деп ақылгөйситіндер шықты. Шындығында, махаббаттың да, достықтың да, адалдықтың да қадірін, оның дәмін татқан жан ғана біледі.
Ол адами қасиеттер, әлбетте, пендең үшін ғаламат сын мен ғажайып сый әрі терең тағылым. Олай болса, адам мен оның өмірін асқақ жырлай білу – киелі өнер, аса терең талғампаздықты талап ететін қанатты өнер. Оған, ағаш атты қамшылағандай, делебең қозып, күн сайын «домалатудың» жат екенін есте ұстаған ғанибет-ау. Шығарманың оқырманның да, тыңдаушының да көңілінен шыққанына не жетсін!