ТОРҒАЙ ӨҢІРІНДЕ ЕЛ ЕҢСЕСІ ТІКТЕЛІП, ЕРТЕҢГЕ СЕНІМ КҮШЕЙГЕН

ТОРҒАЙ ӨҢІРІНДЕ ЕЛ ЕҢСЕСІ ТІКТЕЛІП,  ЕРТЕҢГЕ СЕНІМ КҮШЕЙГЕН

«АУЫЛ АМАНАТЫ – ЕЛ АМАНАТЫ»  атты  «Аманат» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Қостанай облысында

Басылымның дәстүрлі экспедициясы жуырда Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудандарына сапарлап қайтты. Ел аман, жұрт тыныш. Халық биылғы тасқын судан ес жиып, еңселерін тіктеп алыпты. Шаруа баққан ел отын-суларын, шөптерін жинап қысқа сақадай сай отыр. Мал бастары түгел. Көңілдері жай. 

Арқалық қаласының әкімі Ә.Б.Асанов экспедиция мүшелерін  жылы қабылдады. «Ел Президентінің тапсырмаларын орындау және қаланың одан әрі даму перспективаларын қамтамасыз ету біздің басты мақсатымыз болып табылады» деп әңгімесін жалғады. «Ағымдағы жылдың есепті кезеңінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7 млрд теңгеден асты (01.10.2023 жылы –  5 млрд 814,6 млн теңге).  Тиісінше, өнеркәсіптің нақты көлем индексі 96,4% құрады (2023 жылы 100,2%). Сондай-ақ, экономиканы кезең-кезеңімен девирсификациялау мақсатында 2024 жылдың басында 4 жұмыс орнын құра отырып 20 млн теңгеге 2 инвестициялық жоба пайдалануға берілді: 

- «Сейдахан» жеке кәсіпкерлігі  2 жұмыс орнын құра отырып, «Темір-бетон бұйымдарын өндіретін цех ашу». Жобаның құны – 15 млн теңге;

 - «ДЮС» жеке кәсіпкерлігі 2 жұмыс орнын аша отырып, «Металл  бұйымдарын өндіретін цехты іске қосу», жобаның құны – 5 млн теңге. 

Қала экономикасын дамыту перспективасында өнеркәсіп секторы бойынша  690-нан астам жұмыс орнын құра отырып, 32 млрд теңгеден астам қаражатқа  2024-2025 жылдары  3 инвестициялық жоба іске асырылуда: 

- «Concord Investments» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  құны 7 млрд 400 млн теңге болатын «отқа төзімді сазды өндіру және сирек кездесетін жер шикізатын қайта өңдеу» жобасы. Бұл жоба аясында 670 жұмыс орнын құру көзделген.

- Құны 25 млрд теңге болатын «Aspan Energo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «қуаты 50 МВт жел электр станциясын салу» жобасы.  Нәтижесінде 22 жұмыс орны ашылады.

- «ARQALYAREMSERVIC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  2 жұмыс орнын аша отырып  20 млн теңгеге «Пластмасса бұйымдарын өндіру» жобасын жүзеге асырады. Жобаны 2024 жылдың желтоқсан айында іске қосуды жоспарлап отыр» деді әкім.  

Иә, Арқалық қаласында игі істер қолға алынуда. Оған өзімізде куә болып қайттық. Судан зардап шеккен аудандар мен ауылдарда жаңа үйлер  бой көтеріпті.

Арқалық қаласында 50 пәтерлі бес қабатты үйдің құрылысы қысқа мерзімде аяқталғанын атап өткен жөн. Су тасқынынан зардап шеккен отбасылар қоныс тойын тойлап мәре-сәре.  Үй өзінің сипаттамалары бойынша жайлылық класындағы тұрғын үйдің елордалық аналогтарынан кем түспейді екен. «Ақылды» көпқабатты үй бейне есік қоңырауларымен жабдықталған. Көз сүйсінеді. Көңіл марқаяды.

Қостанай облысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйді қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмысты алғашқылардың бірі болып аяқтағанын айта кетуіміз керек. Үйлері үлкен судан зардап шеккен аймақ тұрғындары толығымен тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, Қостанай облысы су тасқынынан зардап шеккендер үшін жеке тұрғын үйлер салу бойынша осындай ауқымды жұмысты аяқтаған алғашқы өңір.

Көктемде су тасқынынан зардап шеккен Жангелдин ауданының тұрғындары 19 жаңа үйдің кілтін алыпты. Амангелді ауданында 18 үй қоныс тойын тойлаған.

Қостанай облысының әкімдігі мен Қор арасындағы меморандум аясында өңірде Амангелді, Жангелді және Қостанай аудандарында зардап шеккендерге арналған 89 жеке тұрғын үйдің құрылысы қаржыландырылған.

 

АРҚАЛЫҚТА  ҮШ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Арқалықта құны 340 млрд теңге болатын үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде. Нәтижесінде, 2024-2027 жылдар аралығында 1200 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл туралы қала әкімі А.Асановтың тұрғындармен есепті кездесуінде айтқаны белгілі.

Соңғы жылдары қаланы түлету, көркейту, елдің әл-ауқатын арттыру мақсатында қаншама игілікті істер жүзеге асырылуда. Қолға алынып жатқан жаңа жобалар жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, соның арқасында қала тұрғындарының да екі қолға бір күрек табуына септігін тигізері сөзсіз. Атап айтқанда, «Қостанай тау-кен металлургия корпорациясы» ЖШС «Маятас» кластерінің кен орнын геологиялық зерттеу және тау-кен байыту комбинатын салу», «Kazwindeenergy» ЖШС «Жел электр станциясы», «Torgay Invest Group» ЖШС «Конвейерлік роликтер өндірісі» жобаларын қолға алды. Қазіргі уақытта инвесторлар қомақты қаражаттарын салып, жоспарлы жұмыстарын жүргізуде.

Ауылшаруашылық саласында да ілгерілеушілік бар. Биыл егіс алқаптары шамамен 315 мың гектарды құрап, егіс алқабы өткен жылға қарағанда 600 гектарға ұлғайды. Мұның сыртында, «400 гектар ауылшаруашылығы дақылдарын жаңбырлатып суару жүйесі», «Диірмен комбинатының қызметін тәулігіне 22 тоннаға дейін ұлғайту», «100 бас ірі қара мал және 100 бас жылқыға арналған шағын бордақылау алаңын салу» сынды 3 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Арқалықта бес мың ірі қараға арналған бордақылау алаңы 2021 жылы ашылды. Тәуелсіздік күні қарсаңында іске қосылған жаңа жобаны пайдасы орасан болып тұр. Қала халқы  қалаған малын осы жерден сатып алады. Бордақыда тұрған сиыр мен жылқы күйлі де семіз.   

Арқалық маңындағы бұл  бордақылау алаңы үш жылда салынған.  Жоба құны 2 млрд 700 миллион теңгеден асады. Құрылыс жұмыстарына  мемлекет қолдау көрсеткен. 

Жақсылық Қаратаев, басқарушы: «Бір жылдық малымыз 400 келі тартады.  Себебі барлық жағдай жасалған. Мал асты уақытымен тазартылып, жем-шөбі де талапқа сай беріледі. Кейде малдарды далаға жайып сергітіп аламыз. Екі жылдықтардың салмақтары 500-600-ге дейін барады. Екі мезгіл азықтандырамыз. Бір мезгіл жем береміз. Бір мезгіл комбикорм. Нұт, сұлы қосылғаны бар. Бордақылау алаңы жергілікті тұрғындармен қатар   көрші  Амангелді, Жанкелдин, Науырзым ауданы және Ақмола облысынан да мал қабылдайды. Жақын маңдағы  фермерлер төрт түлігін шалғайдағы  облыс орталығына тасымай, осында тапсырып жатыр. Бұл да білгенге үлкен жеңілдік. Қала жұрты мен жақын маңдағы ағайын той-томалаққа, асқа, соғымға малды осы жерден таңдайды. Кейде екі-үш адам бірігіп жылқы сояды...». 

Арқалық қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Есболатұлы  Құлетов: «2018 жылы ет комбинаты ашылған. Бұл бізге толық 2022 жылдан бастап 100 пайыз жұмыс істеуіне үлкен көмек боп отыр. Алдағы уақытта Арқалықта тағы бір ірі  шаруашылық жұмысын бастамақ. Ол жерде  10 мыңға жуық сиыр мен бұқаны бағып-бордақылауға мүмкіндік бар».

"ЖАЙЛЫ МЕКТЕП" ҚҰРЫЛЫСЫ  АЯҚТАЛУҒА ТАЯУ

Арқалықта екі жылдық «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынып жатқан мектеп құрылысы аяқталуға таяу. Бүгінгі таңда мұнда 150-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр.

Мектептің сыртқы және ішкі жұмыстары аяқталу шегінде. Құрылысшылар қабырғаларды сырлау, әктеу, еденге линолеум төсеу сынды жұмыстарға жұмылдырылған. Электр желілерінде де ұсақ-түйек шаруалар қалған. Белгіленген меже бойынша, мектеп құрылысы 15 желтоқсанға дейін толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі деп болжанып отыр.

 «Мүмкіндік болып жатса, одан да ертерек бітіріп береміз. Құрылыс материалдары, маман, техника күші жеткілікті», – дейді құрылыс мердігері «Алюминстрой» ЖШС бас директоры, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Абай Мұқанов.

Нысанның жылу, су, кәріз, электр жүйелері іске қосылған. Төбе жұмыстары аяқталды. Маңайы асфальтталып, сырмақтас төселді. Екі қабатты білім ошағы З00 орынға лайықталып салынған.

АМАНГЕЛДІ  АУДАНЫНДА ТУРИСТІК ХАБ АШЫЛДЫ

Аманкелді ауданына  сапарымыз аудан әкімінің қабылдауымен басталды. Қызметке келгеніне 1 айдың ғана жүзі болған әкім Астанадан келген қонақтарына жылы шырай танытты. «Qazaqstan dauiri» газетін ертеден білетінін, арагідік көзін жүгіртіп қоятынын жасырмады.  ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен, Қостанай облысы әкімінің өкімімен Қанат Уашұлы Кеделбаев Аманкелді ауданының әкімі болып тағайындалған. Осы тағайындауға дейін Аманкелді аудандық мәслихатының төрағасы қызметін атқарған.

Амангелді ауданы маңындағы күре жолмен өтіп бара жатқан жолаушыға бала кезінде қазақ даласынан  құлдыққа кетіп, кейін Мысыр елінде Мәмлүктер мемлекетін құрған Сұлтан Байбарыстың ескерткіші сонадайдан көрінеді.  Сұлтан Бейбарыс ескерткіші мен Ұлттың жады қабырғасының салтанатты ашылуында белгілі меценат, Аманкелді ауданының құрметті азаматы Сапар Ысқақов, Сұлтан бабаға ескерткіш қоюдағы негізгі мақсат ұлы тұлғаға тағзым әрі жас ұрпақ бойында патриоттық сезім қалыптастыру екенін айтып өтіпті. «Әлемде Бейбарыс Сұлтанға қойылған ескерткіш өте аз. Қазақстанда қойылған бұл екінші ескерткіш. Біріншісі Атырауда тұр. Ал аттың үстінде айбарлы бейнесі сомдалған мүсіні әлемде алғаш рет Торғай жерінде қойылып отыр деуге болады», – дейді ескерткіштің бой тіктеуіне барын салған кәсіпкер Сапар Ысқақұлы.

ТАС ТҰҒЫРДА –  СҰЛТАН БЕЙБАРЫС

Жалпы туристік хабтың аумағы – жеті гектар. Кешен ішінде жалпы саны 12 нысан салынбақ. Олар әлемнің жеті кереметі саналатын Пирамида, Тәж-Махал, Пальмира амфитеатры, Эйфель мұнарасы, тіпті Бразилия, Испания, Еуропа, Азия елдерінде кездесетін тарихи құрылыстардың көшірмесі ретінде жүзеге асырылыпты.

Бұл алып құрылыстың авторы әрі іске асырушысы – ҚазКСР еңбек сіңірген құрылысшысы, кәсіпкер, меценат Сапар Ысқақов. Аталған кешен Қостанай облысының туристік инфрақұрылымын дамытудың маңызды элементі болмақ. Жаңа нысандар түрлі халықтар мен дәуірлердің мәдени мұрасының элементтерін, сондай-ақ аймақтың бірегей табиғи көрікті жерлерін осылайша біріктірді.

Келушілер Эйфель мұнарасы (биіктігі 25 метр), Бейбітшілік және келісім сарайы, Венеция каналы және Сақ моншасы сияқты әйгілі жәдігерлердің көшірмесін көре алады. Қазіргі уақытта әлемдегі ең үлкен сәулет ескерткіштерінің бірі — Тәж-Махал көшірмесінің құрылысы жалғасуда, оның да биіктігі – 25 метр. Құрылыс жақын арада аяқталмақ.

«Біз қазір достарымыз бен таныстарымызға мақтанышпен көрсететін, өңіріміздің мәдени мұрасын паш ететін орын барына өте қуаныштымыз», – дейді жергілікті тұрғындардың бірі. Мұндай жобалар өңірді тек қазақстандық туристер үшін ғана емес, шетелден келген қонақтар үшін де тартымды ететінін айта кеткен дұрыс болар.

Нысанның ашылу рәсімінде аймақтың мәдени дәстүрлерін паш еткен өнерпаздардың мазмұнды қойылымы көрсетіліпті. Аудан тұрғындары мен қонақтары концерттік бағдарламаларды ерекше ықыласпен тамашалағаны ел аузында жүр.

Амангелді ауданындағы туристік хабтың ашылу салтанатында  облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали баяндама жасапты. «Сапар Ысқақұлын қазақ тарихының жоғын түгендеуші, мәдениетін толықтырушы азамат екенін барша қазақ біледі десек, артық айтқандық емес. «Ұлттық жады қабырғасы» деп аталатын тақта бар қазақ тағзым ететін, көз алдынан еліміздің өткен-кеткенін бір сәтте еске түсіретін құнды мекенге айналары сөзсіз», – деп баға беріпті.

 

1 ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕ – ҮЛКЕН ДЕМЕУ

Амангелді ауданы – мал және мал жайылымы өрістеген, аздаған егін шаруашылығы бар аймақ. Халқы тығыз орналасқан, кәсіпкерлері де көп. Қостанай, Арқалық қалаларына жақын болғандықтан ба, сауда-саттық та жақсы жолға қойылған. Мемлекеттің мал шаруашылығына бөлінетін субсидиялары мен төменгі пайыздық несиелерін де тиімді пайдаланып отырғаны байқалады.

Қаржауов Асқарбек (шаруа қожалығы басшысы):  «Осы өңірден фазенда ашқанымызға екінші жыл. Бұл жер Амангелді ауданынан 25 шақырымдай қашықта. Бұл аймақ «Бестарау» деп аталады. Бұл жерде ертеректе адамдар мал ұстаған. Қоныс тепкен. Біз де қысы-жазы осы жерді мекендейміз. 

Былтыр жеңілдетілген несиемен Қостанай облысы Амангелді ауданынан (1 пайызбен) 50 миллион қаржы алып, мал шаруашылығын аштық. Малды Петропавлдан алдық. 108 бас аналық. Асылтұқымды. Төрт бұқа алдық. Қазір малдың бәрі ұрықтанды. Біз таза ірі қара өсірумен шұғылданамыз. Қой-ешкі өсірмейміз. 160 гектар жеріміз бар. Оның ішінде егіндік бөлек. Биыл егін еге алмадық. Келер жылы мал басы көбейсе, егіндік керек. Одан астық өндірсек, малға азық та дайындауға мүмкіндік зор. Мал жем-шөбі өзімізден шықса, бізге жеңілдік болар еді. Биылғы бітірген жұмысымыз, өзіңіз көріп отырғандай, мал қора, фазенда және жатақхана салдық. Күні ертең шаруашылығымыз үлкейіп жатса, адам қарасы да көбейеді ғой. Оларға баспана керек. Мал басы көбейіп жатса, жылы қора керек. Әзірге 3-4 жұмыскер бар. шаруашылық ашқасын техника қажет. Бірнеше ауыр техника  сатып алдық. Оларға да жүргізуші жалдаймыз. Қыста жол қатынасы қиындайды, оны жасырмаймыз. Бірақ оны да өз күшімізбен жеңіп шығамыз. Қарды тіліп жол саламыз. Ауданмен қатынас орнатамыз. 

Алдағы жоспар: мал басын көбейту және асылдандыру. Оған мол қылып жем-шөп дайындау. Одан кейін бау-бақша өсіру. Соя, арпа, екпе шөп егу. Егін шаруашылығын жандандыру. Істеймін деген адамға жұмыс көп қой. Мал өсіргесін оның басын 300-400-ге жеткізбегесін шаруашылықты алға бастыру өте қиын. Шығынды жаппайды.  Ол үшін тағы да жеңілдетілген несие алуға тура келеді. Бір айтар жайт, біз 1 пайыздық несиені квартал сайын төлейміз. Бұл негізі ауыр. Жаңа шаруашылық ашып жатқан кәсіпкерлер еңсесін тіктеп алғанша қиындау. Біздің ауданда дүкеніміз бар. Сол артымызды жауып тұр. Әйтпесе несиені  малмен жабу үлкен күш. Бәлкім келешекте мұны жеңілдету ескерілетін шығар деп ойлаймын.  

Бір көмек – ол субсидия. Аз да болса жыртықты жамауға себесін.  «Жапандағы жалғыз үйіме» 3 шақырым жердегі ауылдан баған тартқызып, ток жүргізіп алдым.  Жарықсыз іс біте ме? Бұл да болса бітірген бір шаруамыз болды. Ауызсуды тасып ішеміз. Өзен суы жарамайды. Бөлініп-бөлініп қалатындықтан жазда су саси бастайды. 

Қысқа сақадай саймыз деп отырмыз. Отын-шөп жиналып тұр. Мал басымыз аман».

 

ЕЛ ЕҢСЕСІН ТІКТЕП, АУЫЛ МЕН ЖОЛ  ЖАҢАРУДА

Биыл көктемдегі алапат су тасқынынан Қостанай облысының оңтүстік өңірлері қатты зардап шекті. Әсіресе, шалғайдағы Жанкелдин ауданының тұрғындары топан судың кесірінен баспанасыз, электр жарығынсыз, қатынассыз қалған еді. Бүгінде бәрі артта қалды. Ел еңсесін тіктепті. Қираған үйлер сырылып, жаңа үйлер бой көтеріпті. Президентіміз айтқандай, ешкім де далада қалмапты. Мемлекет бәрін демеп, қолдап тығырықтан шығарыпты. Бұған халықтың алғысы шексіз!

Мемлекеттің қолдауының арқасында қысқа мерзім ішінде үйлері тұруға жарамай қалған тұрғындарға жаңа баспана  салып берді. Электр жарығы қалпына келтірілді.  Тек Торғай-Арқалық бағытындағы тас жол жолаушыларға қиындық туғызып отырған болатын. Тасқын суы тартыла сала Тәуіш ауылының маңындағы  су жырған екі жерге тас төселіп, беті тегістеліп  көліктердің жүріп-тұруына уақытша жағдай жасалыпты. Бірақ, бұл да ит арқасы қияннан әупірімдеп жететін жолаушылар нағыз ыңғайсыз-тын. Облыс басшылары екі аралықтағы күре жолды күн суытқанша аяқтауға уәде берген. Қазір Жанкелдин ауданының аумағында жол  құрылысы жандана түсті. Аудан әкімі Шота Оспановтың айтуынша, көктемде су шайған жолдардың құжаттары жасалып, облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінген. «Әрине, жол салу оңай шаруа емес. Алдымен жоба түзіліп, құжаттары әзірленеді. Одан кейін  байқау жарияланады. Қазіргі таңда істе қолға алған мердігер компания жұмысқа ынта-шынтасымен кірісті. Көктем-жаз айларында Арқалық-Торғай бағытындағы жол бүлінген соң қатынас та қиындай түскен еді. Мұның сыртында аудандық маңызы бар жолдар да жүруге жарамай қалды. Біз оларды қалпына келтіру үшін барлық шаруаны дер кезінде қолға алдық. Әзірге, жұмыс тиісті деңгейде жүріп жатыр. Әлі біткен жоқ. Қараша айының соңына дейін бүкіл жолды аяқтаймыз», – деді Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.

Жанкелдин ауданы әкімі Шота Сәбитбекұлы Оспанов бізді жақсы қарсы алып,  экспедиция барысын өзі қадағалап отырды. Шалғай ауылдардағы мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтарға да баруымызға жол ашты.

 

«АЛЮМИНСТРОЙДЫҢ» ЖАРҚЫН ІСТЕРІ

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналығы. Биыл көктем шығысымен «Алюминстрой» ЖШС су тасқынына байланысты бұзылған жолдар мен бөгет-көпірлерді қалпына келтіру жұмыстарын қолға алған еді. Төтенше жағдай жарияланған облыстың оңтүстік өңірлері Арқалық қаласы, Аманкелді және Жанкелдин аудандарында жаз бойы тынымсыз еңбек атқарылды.

Мекеме тарапынан әр өңірге техника бөлініп, экскаваторлар, погрузчиктер, жүк машиналары іске жұмылдырылды. Тасқын су тартылғаннан кейін көтерме жолдардың шайылып кеткен тұстарына инертті материалдар, құм, қиыршық тастар тасылып, мамандар тынымсыз еңбек етті. Жолдарды жөндеуге жобалар жасалып, соған сай іс-қимылдар атқарылды. Жол бойына қосымша суағар құбырлар салынды. Мұндай жұмыстар Арқалық қаласына қарасты Аққошқар, Қайыңды және Әбдіғаппар хан ауылдарында жүзеге асып, су бұзған көпір де жөнделді.

Аманкелді ауданында құм, қиыршық тас тасу жұмыстары жүргізіліп, кәсіпорынның 15 жүк көлігі бір айға жақын уақыт бойы жұмыс істеді.

Серіктестік күшімен Жанкелдин ауданының Тәуіш ауылында апатты жағдай кезінде су бұзған жолдар дереу жөнделіп, қатынас орнатылды. Көкалат ауылының «Көлқамыс» бөлімшесінде жаңадан 19 үй салып, пайдалануға берілді. Көкалат, Шұбалаң ауылдарының жолдарын жөндеді.  «Көптеген жобалар жүзеге асқанымен, біраз жұмыстар көмек ретінде атқарылды. Жұмысшыларымыз оған түсіністікпен қарап, тегін қолқайыр жасады», – дейді «Алюминстрой» ЖШС бас директоры Абай Мұқанов.

Қазіргі таңда серіктестік мамандары Жанкелдин ауданының Ақкөл ауылына баратын көтерме жолды жөндеп жатыр. Көктем уақытында су бұзған жерлері тегістеліп, дұрысталды. Енді жол бойындағы су өтетін бөліктерге құбырлар салынып, қиыршық тас тасылып төгілуде. Бұл жұмыстар алдағы жаңа жылға дейін жалғасатын болады.

Негізінен бұл бағытта серіктестік екі жылда елу шақырым жол жөндеуді міндетіне алған. Серіктестік басшысы жолға қажетті құрылыс материалдарын тасуды қыс мезгілінде де  тоқтатпайтындықтарын айтады.

Жол бойында ұжымның 4 техникасы, яғни 2 бульдозер, 2 каток жұмыс істеуде. Ал, жол құрылысына қажетті қиыршық тасты ондаған машиналар тасымалдайды.

 

ТАУАРЛЫҚ НЕСИЕНІ  ҰҚСАТА БІЛГЕН ҰТАДЫ

Жангелдин ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Иманғалиев Ернұр Сайлаубекұлы: «Тауарлық несие бойынша Премьер-министрдің көмекшісі Ералы Тоғжановтың Қостанайда өткізген жиналысына бейне конференция арқылы тікелей эфирде қатыстық. Ол кісінің тауарлы несие туралы түсіндірген жұмыстарынан хабардармыз. Қазіргі уақытта сол бағытта жұмыстар істеліп жатыр. Бүкіл ауылдық, ауылдық-округтік әкімдерді жинап, аудан әкімінің қатысуымен жиналыс өткізілді. Енді бізде малды беретін шаруа қожалықтарымен келісімшарттар жасалуда. Біздің ауданда бес мың мал өсіретін шаруашылықтар мен ЖШС-лар жоқ. Ең үлкен шаруашылық – 1 мың бас ұстап отырған қожалықтар. Қазір алдымызда ірі-ірі деген шаруа қожалықтарымен сөйлесіп, қызығушылық танытып отырған адамдарға малдарды өткізу міндеті тұр.

Малды беретін шаруа қожалықтары ойласу үстінде. Хабар күтіп отырмыз. Егер тауарлы несие жүзеге аса бастаса, ең алдымен аз қамтылған отбасылар назарда болады. 

Он бас аналық сиыр алған отбасылар, оның төлінің тең жартысы  (80 пайыз деп алсақ)   шаруа қожалығына қайтарып отырады. Келісімшарт 7 жылға бекітіледі.  7 жылдан кейін аналық бастар несие алушыда қалады. Былай қарап отырсаңыз, тиімді несие.

Былтырғы жылдан бері «Ауыл аманаты» жобасымен айналысып жатырмыз. Былтыр бізге облыстан 57 миллион теңге бөлген.  Бізден сол бағдарлама бойынша 22 адам несие алды. 116 220 миллион теңге. 22 адамның 21-і мал саласына алса, 1 адам кірпіш құю жабдықтарын сатып алды. 22 адамның 2-еуі атаулы әлеуметтік көмек алатын кісілер, 2-еуі жеке кәсіпкер».

 

2,5 ПАЙЫЗБЕН НЕСИЕ АЛЫП, ШАРУАСЫН  ДӨҢГЕЛЕТКЕН АЗАМАТ

Бақытжанов Марғұлан (несие алушы): 

«2023 жылы қыркүйек айында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Қостанай облысы Жангелдин ауданынан 2,5 пайызбен 3 млн 30 мың теңге қайтарымды несие алдық. (Бір жыл демалысы бар).  Сол несиемен 2024 жылы жұмысты бастадық. Алған қаржының 600 мыңына 300 литрлік миксер аппаратын алдық. 650 мың теңгеге кірпіш құятын ескі станок және 200 мың теңгеге құм илейтін станок алынды. Оның сыртында 100300 теңгеге саман құятын аппарат және 200 мың теңгеге культиватор жеткізілді. Алынған несиеге осы бес құрал қажет еді.

Былтыр күн суып кеткенде алғандықтан, көп пайда көре алмадық. Есесіне бетон құйылып, орын дайындап қойдық. Алынған құралдарды меңгеріп, үйренгенше де біраз уақыт кетті. Биыл тамыз-қыркүйек айларында үзбей жұмыс істедік. 1500  дана пескоблок кірпіш құйдық.  1 данасы 500 теңгеден сатылды. «Қалам қарасу» ауылынан Қуаныш деген жігіт сарай салуға 600 дана сатып алды.  Наурызбай деген жігіт 300 дана сатып алып, жаңадан ашқан сауда дүкенінің алдына жел қағар соқты. Мұратбек деген азамат катель шығарған еді, соны қоршауға 250 дана пайдаланды. Торғайдың өзінен Сырым деген  жігіттің фазендасын су шайып кетіп еді, үйі құлап қалған, соны қайта салуға алды. Ұсақ-түйекке де алған адамдар баршылық. Еңбегімізді өтейтін тәрізді. Биылғы жылы өтім жаман болған жоқ. Келер жылы көреміз енді. Алған жабдықтар жақсы жұмыс істеп тұр. Құм мен цемент бізден шығады. Олардың да бағасы аспандап тұр. Таңертеңнен кешке дейін жалғыз өзім 120-130 данадай құямын. Пескоблок кірпіштің салмағы  17-18 келі тартады. 

 

ШАЛҒАЙ АУЫЛДАҒЫ ҚОЙ БЕЙНЕТІ

Мырзағалиев Еркебұлан, кәсіпкер: 

«Қостанай облысы Жангелдин ауданы Шеген ауылының тұрғынымын. Қазіргі таңда қой шаруашылығымен айналысып жатырмыз. 2020 жылы 1200 бас қоймен бастадық. Жеке инвестиция. Қожайыны жалғыз мен емес. Астанадан ақша салып, көмектесіп жатқан азаматтар бар. Солардың демеуімен осы қой шаруашылығын кеңейтуді қолға алдық. 2021 жылы бордақылау кешенін аштық. 2023 жылы өздеріңіз көріп тұрған құрылыс алаңын бастадық. Бұл қора-жай 800 бас қойды бордақылауға  арналған. Қазір бірінші партия бордақыланған қойларды сатуға дайындап жатырмыз. Бұл малдарды Астана қаласына өткіземіз. Келіскен жерлеріміз бар. Бұған дейін мың бастай қойды Оңтүстік Қазақстан, Түркістан облысы Қарабұлақ ауылына  саттық. Биылғы төрт айлық марқалардың  келісі 2200 теңге.   Бір жерден болғандықтан, салмақтары 18 келіден тартады. Бағалары орта есеппен 40 мың теңгеден айналады.  

Өсіріп жатқан қойларымыз Еділбай тұқымы. Екі жыл асылтұқымды қошқарларды Петропавлдан әкелдік. Биыл екінші жыл Ақтөбе облысынан тасымалдаудамыз. Құжатқа кірмеген Дорпер деген парода бар. Онымен де қосымша айналысып көріп жатырмыз. Он бас әкеліп едік, қазір төртеуі қалды. Жақында Павлодар облысынан асылтұқымды  4 қошқар алдырдық. 

Қойларды ауа райының қолайсыздығына байланысты бір мезгіл ғана төлдетеміз. Жылына екі рет төлдету мүмкін емес. Ол үшін үлкен азықтандыру базасы керек. Адамның да күші керек. Дәл бүгін 12-13 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Олардың айлықтары 100 мыңнан 200 мыңға дейінгі аралықта. Арасында демалыстары бар. 

Қой сатуда проблема бар. Оған шалғайда тұратынымыз себеп. Техника жалдау үшін әр транспортқа миллион теңге шығын шығады. Осы жағы ауырлау. Амалдың жоқтығынан апарамыз. Ал сатып алуға келген адамдар арзанға алғысы келеді. Оған бере алмаймыз. Аз да болса пайда табу үшін біраз бейнеттенуге тура келеді. Асылтұқымды Еділбай қош-

қарларға субсидия аламыз. Қошқарды баққанға 1500 теңге, селекциялық жұмысқа қой басына  2500 теңге береді. Мал азығын біз биыл Шиліден әкеліп жатырмыз. Арпа дақылы. Жүгеріні Оңтүстіктен тасымалдаймыз. Дәрумендерді Қостанай қаласынан жеткіземіз. Негізі дәруменді көп қолданбаймыз. 

Қойдың көңі мен жүні, терісі мен қылшығы ешкімге керек емес. Далаға тастап өртеп жібереміз. Кәдеге жаратса, қаншама пайдалы нәрсе...»

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
08.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 18
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 564
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 679
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 590
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 601

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8736
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8137
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11366
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9118
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10349