Трихинеллезді анықтайтын жедел тест

Трихинеллезді анықтайтын  жедел тест

Қазақстан – ауылшаруашылығы саласында мол мүмкіндіктері бар мемлекет. Біздің кең-байтақ даламызда егін егіп, мал бағып жүріп-ақ әлемнің біраз мемлекеттерін азық-түлікпен қамти алатын мүмкіндігі бар екендігін жұрттың көбі айтып жатады. Мемлекет бұл саладағы артықшылықтарымызды пайдалана отырып, өндірісті дамыту мәселесін үнемі назарда ұстап келеді. Соған қарай ілгерілеушілігіміз де жоқ емес. Дегенмен ауылшаруашылығы саласында шешуге тиісті мәселелер өте көп екенін естен шығармаған жөн. Өсімдіктер мен дақылдардың тұқымын жетілдіру, асылтұқымды мал өсіру, ауылшаруашылығына қажетті дәрі-дәрмектер өндірісі, түрлі техникалар... болып жалғасып кете береді. 

Ауылшаруашылығын дамыту дегенде ең алдымен осы саладағы олқылықтардың орнын толтыруда отандық ғалымдардың еңбектері де ұшан-теңіз екендігін мойындау керек. Олар еліміздегі ЖОО-лар мен зерттеу орталықтарында түрлі салаларда сапалы еңбек етіп, отандық ғылымның тасын өрге домалатып келе жатқан жанкешті жандар дер едік. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен ғылым саласын ілгерілетуге бағытталған кешенді жобалар қолға алынуда. Мемлекет тарапынан көрсетілген мұндай қолдаулар отандық ғылыми жетістіктерді ілгерілету, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруда өз жемісін бере бастады. Қазір ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҰМҒТСО АҚ жағынан тағайындалған түрлі гранттарды ұтып алған ғалымдарымыз өздерінің жобаларына құлшына кірісіп, ғылыми жаңалықтар ашуға ден қойып отыр. 

Біз осы шағын мақаламызда сондай жаңалықтардың бірін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі саналатын Астана қаласында орналасқан С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-дегі профессор Өркен Әкібеков бастаған бір топ жас ғалым жұқпалы трихинеллез ауруын жылдам анықтай алатын диагностикалық тест жүйесін жасап шығарыпты. Толықтырып айтар болсақ,  трихинеллез антигені негізінде иммунды хроматографиялық жедел тестін әзірлеген. Бұл тест таяқшасына жануардың қанынан бір тамшысын тамызсаңыз болды, қауіпті індетті білдіретін жолақ бояулы түске еніп шыға келеді екен. 

Трихинеллез (trіchіnellosіs; грек. trіch, trіohos – шаш) – адам мен жануарларда болатын ішек құрты ауруы. Ішек құрттың бұл түрі көбінде түз тағылары мен шошқада көбірек кездеседі екен. Әдетте трихинеллез дерті бар жануардың етін пайдалану арқылы адамдарға жұғатын бұл ауру асқынған жағдайда өлімге дейін апаратын көрінеді. Трихинеллез адамға жұғатын болса, тері қышынуы, бұлшық еттердің ісуі пайда болып, науқастың жаны қатты қиналады екен. Оны дер кезінде емдетіп, түбін үздіріп жібермесе, соңғы нәтижесі өлімге соқтыратын көрінеді. Сондықтан мал етін пайдаланудан бұрын оның денсаулығын анықтап алу маңызды дейді мамандар.

Біз жұмыс тобының мүшесі, Биотехнология ғылыми зерттеу платформасының жетекші ғылыми қызметкері, ауылшаруашылығы ғылымдарының магистрі Айбек Жұмалинге хабарласып, олардың ашып жатқан жаңалықтары туралы сұрап білген едік. Жас ғалымның айтуынша, қауіпті індет болып табылатын трихинеллез ауруы соңғы жылдары еліміздің бірнеше аймақтарында ауланған аңдардан  байқалған. Ғалымдар аң етінен алынған  изоляттарды зертханадағы тышқандарға жұқтырып барып, олардан антиген бөліп алған. Осыдан кейін тышқандардағы өзгерістерді бақылай отырып, олардағы антидене түзілу барысы, қанның құрамындағы өзгерістерді зерттеп көрген. Әрі осы негізде ғылыми мақала жазып, халықаралық беделді басылымдарда жариялаған. Сөйтіп, антиген дайындау әдісі құқығы бойынша авторлық куәлік алыпты. 

Қазақстандық ғалымдар дайындаған мұндай тест таяқшасы қазір зерттеудің соңғы сатысы – дәлдік дәрежесін тұрақтандыру сатысына өткен. Мұнда түрлі жануарлардан алынған сынамаларды қолдану, сондай-ақ отандық тест таяқшаның дәлдік дәрежесін шетелдік озық тест таяқшаларымен салыстырып көру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. «Отандық өнім толық патенттеліп, өндіріске шығарылатын болса, шетелдерден жеткізіліп жатқан таяқшалардан әлдеқайда арзан болады», – дейді Айбек Қасиетұлы. Оның оңтайлылығы сондай, адамдар жануарлардың қанының бір тамшысын тест таяқшасына тамызып көріп барып, сол жануарда трихинеллез ауруы бар-жоғын бірнеше минутта біле алады. Егер барлық зерттеу жұмыстары ойдағыдай аяқталса, отандық тест таяқшасы трихинеллез ауруын анықтауда сынамаларды арнайы лабораторияларда зерттейтін дәстүрлі әдістің орнын алмастыратын болады. 

Трихинеллездің антигені негізінде иммунды хроматографиялық жедел тестін әзірлеу жобасы бойынша жас ғалымдар тобы 2020 жылы Ғылым және білім министрлігінің «Жас ғалым» жобасы бойынша (2020-2023 жылдар аралығына жоспарланған) 78 млн теңге грантын жеңіп алыпты. Аталмыш жоба Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-дың Биотехнология ғылыми-зерттеу платформасы аясында жасалып жатыр.

Мемлекеттің осындай қолдаулары жалғаса беретін болса, қазақстандық ғалымдар әлі талай белестерді бағындырары сөзсіз.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
13.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 126
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 125
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 641
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 759
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 672
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 684

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8819
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8218
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11445
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9200
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10429