Жәди Шәкенұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы, тарихшы: «ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНСЫРАҒАН ТАРИХЫНА ЖАН БІТІРГІМ КЕЛДІ»

Жәди Шәкенұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,  Еуразия Жазушылар одағының мүшесі,  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы, тарихшы: «ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНСЫРАҒАН ТАРИХЫНА ЖАН БІТІРГІМ КЕЛДІ»

Теңізге қосылған рухани тамшылар

– Сіз тарихи зерттеулер мен көркем әдебиетті қатар алып жүрген қаламгерсіз. Қоғамдық жұмыстармен қоса, журналистика саласында өзіндік қолтаңбаңыз бар екенін білеміз.

Дегенмен бүгінгі әңгімені тарих және әдебиет осы екі сала бойынша өрбітсем деп отырмын.

Алдымен тарихи зерттеулеріңіз туралы айта кетсеңіз. Мысалы, «Қытайдағы қазақтар» атты кітабыңыз оқырманға таныс. Бұл кітаптың өзге зерттеушілердің еңбектерінен өзгешелігі қандай?

– Зерттеу тақырыбындағы кітаптарымнан – «Қытайдағы қазақтар» (2007 жыл), «Жалғыздың үні» (2010 жыл), «Жәнібек батыр» (2013 жыл), «Ел бастаған Елісхан» (түрік тілінде, 2018 жыл), «Қытай қазақтарының әдебиеті» (2018 жыл), «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мәселелері» (2019 жыл), «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» (2020 жыл), «Қожаберген батыр Жәнібекұлы» (С.Борбасов, А.Тоқтабаймен бірге. 2020 жыл), «Шыңғыс ханның қарызы» (2023 жыл), «Сартоқай батыр» (2024 жыл), «Меркіттердің қысқаша тарихы» (2025 жыл) сынды еңбектерім жарық көрген екен.

Осының ішінде «Қытайдағы қазақтар», «Қытай қазақтарының әдебиеті» кітаптары арғы беттегі қазақтардың өткені мен бүгінінен, тарихы мен әдебиетінен сыр шертеді. Екеуі де арғы бет тану жөніндегі талай еңбекке негіз болды. Былайша айтқанда, соңғы жылдары ондағы бауырлардың көптеген рухани қазынасы шектеуге ұшыраса, біз оларды одан бұрын атажұртқа жеткізіп, қазақ қазанына салып үлгердік. Іле, Алтай, Тарбағатай, Үрімжі, Санжы, Баркөл-Құмыл өңірінде өткен талай тарихи тұлға және олардың еңбегі мен сияқты ұлт жанашырлары арқылы бергі бетке жетіп, тарихи және әдеби айналымға кірді. Ұлттың рухани қазынасын аман сақтап қалуға әлімізше еңбек еттік. Әдеби шығармалар мен тарихи зерттеулерімді қосқанда ұлт қазынасына өз авторлығымда 25 том еңбек ұсыныппын.

– Шындығында да, өз еңбегіңізді ғана емес, өзге авторлар еңбегін де Атажұртқа жеткізуге көп еңбек еткеніңізді сырттай білетін едік. Сол жөнінде де айта кетсеңіз екен?

– 2005 жылдан қазірге дейінгі жиырма жыл ішінде жүзге жуық кітап құрастырдым, редакцияладым. Көбі шетелдегі қазақтардың тағдыры мен әдебиетіне байланысты. Бастылары – «Оспан батыр», «Жиханшаһ» атты Ақыт Үлімжіұлының кітабы, «Талбесік», «Күнгей бет», «Армысың, Атамекен» атты Қытай қазақтарының жыр жинақтары, «Жүзім бағы» атты Өзбекстан қазақ ақындарының жыр жинағы, «Жас толқын», 2 том (проза, поэзия бойынша) жастардың таңдамалы әңгімелер және өлеңдер жинағы, «Ер Жәнібек», «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Қауымдастық қазақтың бір отауы», «Еліне ұран болған Ер Жәнібек», «Шақабай батыр» (З.Мұратханұлымен бірге), «Ел бастаған Елісхан» (Ш.Әбділұлымен бірге), «Тұрғақ шежіресі», «Тұғырыл хан», «Сексен деген жасыңыз» (Ө.Озғанбай), «Жыр күмбезі» (Қ.Оралов) кітаптарын құрастырып, жарық көруіне көрнекті үлес қостым.

Бұдан басқа Асқар Татанайұлының «Ел қорғаны – Абылай», Мағаз Разданұлының «Алтайдың ақиықтары», Жақсылық Сәмитұлының «Атамекен», Сейітхан Әбілқасымұлының «Қуғын», Қуанған Жұмаханұлының «Құстар қайтып барады», Ырсалды Төкееваның «Ой толқыны», Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек», Қажығұмар Шабданұлының «Қылмысы» секілді көптеген кітаптарды редакциялап, шетел қазақ әдебиетінің атажұртта жарық көруіне қолдан келген көмегімді жасадым.

– Автордың өзіне-өзі баға беруі қиындау тиетінін білемін. Дегенмен сіздің тарихи зерттеулеріңіздің ғылыми айналымға түсуі, ғылыми ортадағы бағасы туралы не айтасыз?

– Қытайдағы қазақтар туралы айтқанда, «Қытайдағы қазақтар», «Қытай қазақтарының әдебиеті» еңбектерім осы тақырып төңірегінде еңбек қорғаған көптеген ғалымдарға әдеби сілтеме болды. Әдебиет зерттеуші, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқазы Қорабай «Шынжаң қазақ әдебиеті» атты мақаламды оқулыққа енгізді. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдары Сайын Борбасов, Ахмет Тоқтабаймен бірігіп бірнеше тарихи зерттеулерге қатыстым. «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты энциклопедиялық томның ғылыми жұмысына жәрдем көрсетіп, алқа мүшесінің бірі болдым. Т.ғ.д., профессор Бүркітбай Аяған «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» атты зерттеу еңбегімді жоғары бағалап, алғысөз жазды. Тарих және Қоғамдық ғылымдар академиясының тұрақты мүшелігіне қабылдады. «Қаралы көш» романым хақында бірнеше жас ғалым диссертациялық еңбек қорғады. Қазақ әдебиеті мен тарихының жыртығын жамап, жоғын түгендеу жолында қолдан келгенін аянып қалмадым. Осының бәрі теңізге қосылған тамшыдай болса да, ғылыми айналымға кірген болмашы еңбектерім есептеледі.

 

Түрік дүниесінің мақтанышына айналған шығармалар

– Әдеби шығармаларыңыздың ішінде «Қаралы көш» романыңыз оқырманның жақсы бағасын алып жүр. Гималай асқан көш жайлы зерттеулер, естеліктермен қоса, біраз хикаяттар мен романдар жазылған еді. Сіз тарихи шығарма арқауында Шынжаң жағында жазылған оқиғаларды қайталап отырған жоқсыз ба?

– Кеңес қызылы және Қытай қызылы тұсында көптеген әдебиеттер бұрмалауға барды. Біз қолымызға қалам алып, еркін, тәуелсіз қазақ оғланы ретінде ұлт тағдырының аянышты беттеріне айшықты із қалдыруға аяқ бастық. Соның ішінде «Қаралы көш», «Оспан батыр», «Қан кешкен ханзадалар» кітабымды ерекше атауыма болады.

Кейде өресі төмен өсек қуғандар «Қаралы көшті» Шынжаң жағынан көшірілген жоқ па деп ғайбатқа барады. «Қаралы көш» 2010 жылы жарық көрді. Көлеңке іздеушілер онымен қатар атап жүрген Әпетай Мұқарапұлының «Киелі көш» кітабы одан бақандай үш жыл кейін – 2013 жылы жарық көрді. Қайта, менің шығармамдағы көп идея «Киелі көшке» де сіңген. Тіпті біреулер сандырақтап, Сағатқан Таңқайұлы есімді автордың «Сары жұлдыз», «Қасым батыр» кітаптарын қосақ арасына тіркеп жүр. Олардың әдеби қуатының төмендігін халық түгілі автор да мойындаған. Шынжаң жағын бір кісідей білетін Шәміс Құмарұлы Мори, Баркөлдің тау-тасын аралатып жүргенде сол Сағатқанға да жолығып, жазып жүрген тақырыбым туралы айтқаным бар. 

Сонда Сағатқан: «Шынымды айтсам, шындықты терең айта алмадым, әдеби қуатым төмен болды. Тарих, болған оқиға баршаға ортақ. Көш төңірегіндегі оқиғаларды мына тұрған Шәміс ағаң да, Саяхат Мейірімханұлы, Қабылқақ Күлмесханұлы да жазды. Көздерің ашық, көкіректерің ояу сендер көш жайында қалай жазсаңдар да қолдарыңнан келеді» деп ақ жол тілеген. 

Кейін біреулер: «Жәди сіздің кітапты көшіріп алыпты» десе, ағамыз иманынан жаңылып: «сөйтіп пе?!» деп, менің кітабымды көрмей өре тұрған көрінеді. Қатын өсекке үйір болған бір жазғыштар соны әлеуметтік желіде алаулатып-жалаулатқанда, өзімді сабырға шақырып, мән бермегенмін.

Шын мәнінде, арғы бет әдебиетін алақанындай білетін Тұрсынбек Кәкішев, Зұфар Сейітжан, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Серік Қапшықбаев, Жанат Ахмади, Зейнолла Сәнік сынды ағаларым «Қаралы көш» кітабыма жоғары баға берді, мақалалар жазды, сұхбаттарында айтты. «Қаралы көш» хақында Тоқтар Бейісқұлов, Темірхан Тебегенов, Серік Негимов сынды мүйізі қарағайдай қаншама ғалымдар, әдебиетшілер мақалалар жазып, «қазақ әдебиетіндегі аса кесек шығарма» ретінде атады.

Бұл кітап қазақ оқырманы түгілі түрік дүниесінің мақтанышына айналып, түрік тіліне аударылып, сол елдің президенті Режеп Тайып Ердоғанның қолына тиді. Ол кісінің әмірімен ондағы кітапханалар мен жоғары оқу орындарына таратылды. Аталған кітап хақында түрік тілінде арнайы еңбектер қорғалды.

Түрік тілінен сырт бірнеше шығармам қырғыз, қытай, иран тілдеріне аударылды.

– «Қан кешкен ханзадалар» атты романыңыз жарық көрді. Сібірдің ен даласында ғұмыр кешкен бабалар туралы айтқанда ғылыми еңбектен гөрі көркем әдебиетке қалам тартуыңыздың себебі неде?

– Өз кезінде тарихи тақырыптағы романдарға құлаш ұрған Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмәділов, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Смағұл Елубаев, Кәдірбек Сегізбаев т.б. қазақ қаламгерлерінің қазақ тарихы мен әдебиетіне, руханиятына шырақ жаққаны, жұрттың көзін ашқаны анық.

Халықтық сарынды қазірге жалғаған «Қан кешкен ханзадалар» романы қазақ хандары кезеңіндегі Тәуекелдің тайталасты күресінен бастау алады да, шегіністі баяндау арқылы Шыңғыс хан, Тұғырыл хан сынды тарихи кейіпкерлердің бастан кешкенін басқаша қырынан баяндайды. Тіпті бұрынғы әдебиеттерде бұрмаланған, жеткізе алмаған қаншама қанды тарих көркем суретпен кестеленді. Шығыс түрік қағанатының Тұғырыл хан ордасынан аман қалған Тайбұға есімді сегіз жасар бала қазіргі Оңтүстік Қазақстан аумағына келіп, білім алып, өсіп жетіледі. Кейіпкер сан қилы қиындықтарды бастан кешіріп, Ертіс пен Тобыл өзендерінің қиылысында Сібір хандығын құрады. Тарих пен тағдыр сабақтастығы сан түрлі қайшылықтар мен қан төгістер арқылы жалғаса келіп, шығарма басында сөз болатын Тәуекел өміріне қайта оралады.

Тәуекел мен Ораз-Мұхаммед, Тайбұға мен Сейдақ, Қадырғали Жалайыр сынды тарихи тұлғалар тамырын тереңнен толғайды. Осы тақырып төңірегінде жазылған бұрынғы тарихи көркем шығармалардағы оқиғалардың осы кітапта басқаша қырынан бейнеленгенін де айта кеткенім жөн. Атап айтар болсақ, кеңестік цензура кезеңінде «қызыл шеңбер» ішіндегі шектеулер мұнда еркін қанат қағып, ащы шындықтар айтылды. Бұқпалау, қорқу, жасыру жоқ – мұсылман ұғымымен, түркілік тектегі нағыз қазақ оғланының дара тұлғасын, таза кескінін жасауға ұмтылдым.

Бір қырынан қарағанда, Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин сынды ағаларымыз айтқысы келсе де айта алмай іштен тынып кеткен тақырыптарды толықтыруға дейін барғанымды мақтанышпен айтқым келеді. Бір ғана мысал келтірсем, Кеңес кезеңіндегі Ораз-Мұхаммед бейнесін көркем әдебиетпен кестелеген Мұхаң оны ат үстіндегі атпал азамат ретінде суреттейді. Әрине, көркем шығарма үшін жарасып-ақ тұр. Ал шын мәнінде, 1588 жылы орыс тұтқынына түскен кезде Сейдақ 26 жаста ғана болса, Ораз-Мұхаммед небәрі 15 жаста ғана еді.

Шығарма соңында сөз болатын Ораз-Мұхаммед, Қадырғали Жалаири, Сейд-Ахметтер (Сейдақ) орыс отаршылдарының түркі жұрты болған Сібір хандығы арқылы бүгінгі қазақ даласын жаулауының алғашқы құрбандары еді. Осылайша, өмірдің өзінде болған оқиғадағыдай, шығарма соңы аталған боздақтардың қасіретті халімен аяқтады. Алтын Орда жұртынан ыдыраған хандықтардың – Қырым, Қазан, Астрахан, Сібір, Ноғай ордасының қалай жауланғаны кеңінен суреттелді. Қорыта келгенде, көл-көсір дүниені айта келіп, ұрпақты қанды тарихтан сабақ алуға және ел мен жерді қорғауға шақырғым келді.

 

Әдебиет көшіне жол ашқан тарихи зерттеулер

– Соншама мол тарихты жазу, игеру, зерттеу сізге ауыр тиген жоқ па?

– Әрине, ауыр жол, ауыр тарих. Осы шығарманы жазу үшін менің бала күннен құлағыма құйып өскен тарих-шежірем аздық етті. Кемінде жүз томды ақтардым, оқиға өткен жүз жерді басып өттім. Бүгінгі Моңғолия жеріндегі Шығыс түркі жұрттарынан батыс терістіктегі Сібір-Түмен жұрты – Ресейдің Түмен облысына дейінгі аралықта ат ізім, хат белгім қалды. Аталған екі аймақтың ортасында Өр Алтай жерінде, Ертіс жағасында туып-өскенім де тұсауымды ашты, тұлпарымды жебеді.

Әлем тарихында алтын жолақты із қалдырған – Тұғырыл хан, Шыңғыс хан өмір сүрген даланың бір пұшпағында есейдік. Солар тыныстаған ауамен тыныстадық, солар жұтқан, ат суарған қайнардан біз де шөл қандырдық. Тауымыз таныс, тағылымымыз ортақ болғандықтан, мен жортқан қария таудың бауырындағы қадымғы жұрттар сөйледі. Самалы сыбырлады. Көгілдір көлдей толқыған ежелгі түркі даласы және оның қанды, қасіретті жолдары ақ қағаздай алдымда жатты. Халқымның төл тарихын аттап өту, атамай өтіп кету мүмкін емес еді. Қоржынға көп дүние жинадым.

2019 жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, ҚР Мемлекет тарихы институты, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қоры бірлесіп, Көкшетау қаласында «Отан тарихындағы тұлғалардың рөлі» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізді. Конференция өзегінде – Тұғырыл хан, Тайбұға, Сейдақ та негізгі тақырып ретінде аталды. Шараның басы-қасында болып, сол сәттен бастап «Хан кешкен ханзадалар» атты осы тарихи романды жазуды қолға алдым.

Сайын сахара төсіндегі сан тараулы тарихты түгендеу негізінде ең әуелі «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» атты зерттеу еңбегімді жаздым. Сол кітап шын мәнінде осы романның дайындық дәптері еді.

Сөйтіп, көңіл сәулеленді, көз нұрланды. Тәңір пешенеме жазған қара қаламыма ерік бердім.

Қойшы әйтеуір, «Қан кешкен ханзадалар» атты тарихи романға қалам тартып, шабыт тілеп, шамамша сілтеп, бір мәреге жеттім. Арғы-бергі зерттеулерді айтпаған күннің өзінде бес жылға жуық уақыт осы еңбекті жазуға арналды.

– Жұрт басқа тарихи оқиғалар мен кейіпкерлер хақында көбірек білсе де, Сейдақ хан хақында мәлімет аз кездеседі. Осы туралы айта кетіңізші?

– Әдебиеттер ақтарудағы бір құпиямды айтайын, бүгінгі электрон дәуірінің интернеттік жүйе, компьютер арқылы істелетін мүмкіндіктері сынды жаңа технологияның көмегін көп көрдім. Бара алмаған жерімнің картасына, өзге тілде жазылған әртүрлі құжаттық, архивтік материалдарға қолым жетті. Моңғол тіліндегі халықтық аңыздарды, Сібір өлкесіне қатысты орысша деректерді, ағылшын, қытай тіліндегі кейбір мәліметтерді пайдалануда «интернеттік тәржіманға» сүйендім.

Рас, Сейдақ, Ораз-Мұхаммед хақындағы орыс деректерінде бар мәліметтердің көбі қазақтілді әдебиеттерде кездеспейді.

Сейдақ хақында орыс деректері өте көп. Оның орыстарға тұтқынға түскеннен кейінгі өмірі хақында Ресей мемлекетінің ресми құжаттарында да аталады. Ал Г.Ф.Миллер Сейдақ хақында «ол өзінің ата-бабаларының тағын қайтару және туыстарының өлімі үшін кек алу үмітімен мүлдем тәуелсіз әрекет етті» деп жазады. Барлық Сібір жылнамаларында да әртүрлі мәліметтер бар.

Орыс деректерінің қай-қайсысы болмасын «Сейдақтың Сібірге келіп Ескерді тартып алғанын, Көшім қолын қуып шыққанын» ерлік ретінде бейнелейді. Тіпті «Строгановтардың әулеттік шежіресінде» Сейдақтың Көшімді «қорықпай қуып шығуға келгені», «көптеген ұлыс татарларын әскерге жинағаны», «Біздің жерімізге орыс халқы қоныстанбасын!» дегені айтылады. Осы әулет шежіресінің енді бір нұсқасында: «Сейдақ Тобольскіге шабуыл жасады және оған «Мәскеу халқы мен Вольсть казактары» тойтарыс берді, нәтижесінде жараланған сұлтан шайқас барысында қолға түсті» делініп, «бейбіт келіссөздер жүргізу мүмкіндігі туралы қарастырылмағанын» тілге тиек етеді. «Черепанов шежіресі» секілді басқа да шежірелік деректерде «жергілікті татарлар Көшім әулеті кеткеннен кейін Сейдақ князін заңды мұрагер хан және өз билеушісі деп танып, оған кәдімгі салық төлеуден бас тартқан жоқ» дейді. Есиповская хроника басылымдарының бірінде және «Сібір хроникасы» жинағында Сейдақты қолдаған әскери күштердің ішінде оның «түсініксіз түркі тілдеріндегі көптеген шетелдік әскерилерді жинағаны» айтылады. Мұның барлығы Сейдақтың Сібірге әскери жасақпен оралғанын жоққа шығармайды. Сейдақтың: «Біздің жерімізге орыс халқы қоныстанбасын!» деген жалғыз ауыз сөзі-ақ оның тарихи тұлғалық болмысын, ұлттық қанын, ар-ұжданын, отаршылдыққа қарсы идеясын ашуға жетерлік еді.

Ерекше ескерте кетерлік бір жайт, аталған деректердің бәрі де Тәуекел мен Сейдақ арасында болған тығыз қарым-қатынастың қыр-сырына үңілуге дәрменсіздік танытады немесе елеусіз қалдырады. Біз көркем шығармамызда ол деректердің орнын толықтадық.

Кітап тарихи оқиғаларды негіз етсе де, шын мәнінде көркем шығарма. Тарихи роман болғаны үшін тарихи оқиғаларға, жылнамаларға барынша құрмет етілсе де, көркемдікпен кестеленген тұсы көп. Тарихи шындық пен көркемдік арасынан жол табу – жазушы шеберлігіне саятын қиын түйін. Бұл жолдан қалай өттік? Жауабын оқырман айтады.

Кітап автордың қолынан шығып, көпке жеткесін, оның ендігі иесі – халық. Мен бар болғаны көшпенді түркінің көкжал тұқымы ретінде ақ қағаз жонында ақ-адал, қайтпас қалыппен жосылта із салдым. Таудай тақырыпты тарыдай кітапқа сыйдырып, көптің еншісіне ұсындым.

 

«Жұмбақ кітап» қайда жетелейді?

– Алдағы шығармашылық ой-жоспарыңыз қалай?

– Тағдыр қиын, қызық, сырлы. Оны кім қай қырынан жазса да таусылмайды. Тауды кеміктеген құмырсқа тірліктей мәңгіліктің қамалы берік, сауыты қалың, қатпары мол, жұмбаққа толы сырлы дүние. Моңғол империясы, Қытай империясы, Орыс империясы сынды үш әлемнің мүддесіне бағынышты болған бұралаңы да, бұрмалауы да, көмілген көмескі асылы да көп сан тараулы сыр, жұмбақ, айтылмаған ақиқат бар.

Түркі жұртының асыл рухы қайда кетті, оның оғландары қалай қан кешті, олардың тұқым-жұрағаты қазақ қоғамын қалай жасады? Байтақ даласының іргесін бекемдеу жолында қаншама қанды арпалыстарға барды. Менің басты нысанамның бірі осы болды да, Шығыс түрік қағанатынан батысқа аунаған көш, батыстан Шығысқа аунаған көш, Арқадан Алтайға ауған ел, Алтайдан Анадолыға ауған ел сынды тұтас тарихтың тұмылдырықсыз кескінін түркілік тұрғыда жасағым келді. Осындай бір ірі тарих – «Қан кешкен ханзадалар» романы оқиғалары мен «Қаралы көш» оқиғалары ортасында үзіліп қалғандай көрінеді. Атап айтқанда, Атырау мен Алтай арасы, Арқа мен Алтай арасы, Есіл мен Ертіс жағасы сынды қым-қуыт оқиғаның жалғасы бар, баяны көп.

Сол телегей теңіз қазақ тарихындағы өзімнің ата-бабамның Арқадан Алтайға дейін жүріп өткен қанды жолының өзі – көп сүрлеулі көне тарих, сериал сынды сан шүңетті, иірімді тауарих. Қазіргі қаузап жатқаным да қан мен шаңға малынған сол соқпақтың хикаясы. Ол «Жұмбақ кітап» деген атпен мәресіне жетті. Енді нілі мен тілін қайта қарап, бояуына үңілудемін. Одан басқа да қазақ-қалмақ арасындағы қанды кешулер төңірегінде, оң-теріс тарих ауанында айтарым аз емес. Қолымда, қоржынымда бір емес, бірнеше тарихи шығарма желісі көгендеулі тұр. Алла қуат берсе, ақтарып, көпке жеткізуге құлшынып жатырмын.

– Жалпы, сіздің тарихи тақырыптағы шығармалар жазудағы бірден-бір ұстанымыңыз не? Бір ауыз сөзбен түйіндеп беріңізші.

– Менің мақсатым – қазақтың қансыраған тарихына жан бітіру, өткен күннің өзек толы шерлі шежіресін көркем әдебиет арқылы көпшілікке жеткізу, құлдық санадан құтылуға әліппе жасау.

– Риясыз әңгіме шертіп, біраз сырларыңызды бізбен бөліскеніңіз үшін алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан  – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

15.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бауырлас елдерді барласақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 15.01.2026 44

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22219
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21977
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 37691
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35562
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39619