Жазушы, тарихшы Жәди Шәкенұлы 1967 жылы мамырда ҚХР-ға қарасты Алтай аймағында Ертіс бойында дүниеге келген. 1991 жылы Шынжаң оқу-ағарту инситутын тарих мамандығы бойынша тәмамдаған. 2001 жылдар Абай атындағы Алматы мемлекеттік унверситетінің филология факултетінің аспирантурасын бітірген. 1997 жылы атажұртқа оралған Жәди Шәкенұлы Қазақстанда түрлі басылымдарда, баспаларда және қоғамдық ұйымдарда белсене қызмет етті. Жазушының қазірге дейін 21 кітабы жарық көрді. Бұдан бөлек ғалымдар мен жазушылардың, этнографтардың тарихи зерттеулер, шежірелік деректер, жыр жинақтары мен прозалық еңбектерінен 20-ға тарта кітапты құрастырып баспадан шығарған Жәди Шәкенұлымен сұхбатымыз қаламгердің мерейтойына тұспа тұс келіп отыр. Мерейтой құтты болсын! Амандық-есендік және шығармашылық табыс тілейміз!
Алты патша санасқан Оспан батыр
– Жәди аға, осынау қазақтың өткенін жоқтап, бүгінін толықтап жүрген бірден бір азамат өзіңіз деп білеміз. Бұл ұлттың мүддесін арқалаған тарихи тақырыпқа қалай келдіңіз?
– Қытайдың тарихын, қазақтың әдебиетін оқыдым. Екі мамандық. Тарихшы-әдебиетші.
Біздің туып-өскен Алтай – төңкерістің төрі болды. Ертістің асау толқыны секілді қаны да көп ақты, елі де көп босты. Соншама көл-көсір тарихтың ортасында өскен соң тарихшы болмауым мүмкін емес еді. Бала күнімізден құлағымызға сіңген – Гималай асқан қазақ көші, Оспан батыр төңкерісі. Одан қалса аңыз бен ақиқат арасындағы – Бөке батыр, Зуқа батыр, Сұлубай батыр, Бүркітбай батыр т.б. тасын шертіп қалсаң сыңғырлап сыр айтатын, өткенді баяндайтын ежелгі мекеннің шежіресі аз емес. Сол ескілікті өмірді көзімен көрген талай қартпен сырластым. Асқар Татанай, Ниғымет Мыңжани, Ғазез Ақытұлы сынды ғұламаларды көз көрді, кеңесін тыңдау бұйырды. Сөйтіп қан кешкен Өралтайдың қарағайдай шалдары талай тарихты қопарып, бізді осынау сүрлеуге салды. Одан қалса әкем Шәкен Мұқайұлы көп кітап оқыған, көкірегіне көлдей білім жиған, өзі де өлең-жыр шығаратын кісі болды. Осылайша қалам ұстауға бала шақтан құмарттым.
– Оспан батыр демекші, 29 сәуір Оспан батырдың атылған күні екен. Оспан батыр сынды ұлт-азаттық қозғалысы батырының өмірі хақында «Оспан батыр» және «Оспан» атты екі бірдей деректі зерттеулер кітабын құрастырғаныңызды, «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мәселелері» атты авторлық кітап шығарғаныңызды білеміз. Оспан батырды ұлықтауға қатысты өз ойларыңызды тағы бір мәрте тыңдағымыз келеді.
– Оспан батыр Сіләмұлы – аты затына сай ұлт батыры. Ол дініне, тіліне, жеріне кім тиіссе сонымен жау болды, соғысты. Оспан батырдың талай сарбазымен сырластым, өткен тарихқа құлақ түрдім. Қытайдың қызыл үкіметі жағынан атылған Оспанды ұлықтауға бүгінгі қытай қоғамы тыйым салады. Соған қарамастан қанды қылыштың астындағы талай шалдың кеңесін естідім. Бірде-бірі Оспанға шаң жуытпайды, «Ошың» дейді. Біреулердің «Оспан қарақшы екен, ананы аттырыпты, мынаны аттырыпты» деген қызылдардан қалған қаңқуын естіп қаламыз. Жаңа мен айтқан 90-ға келген Оспан сарбазы соны естігенде күні бүгінге дейін желкесіне төніп тұрған қылышты елең құрлы көрмей, селкілдей ашуланып: «соны айтқан адамды маған көрсетші, басын кесіп алайын» деп қаһарланады. Бұл халық жүрегіндегі Оспанның кірсіз тұлғасы және де онымен қызыл қытайдың, қара қытайдың басшысы санасты. Онымен Сталин, Рузвельт, Черчиль, Чойбалсан санасты. Сізбен, бізбен қай патша санасқысы келеді? Анау Оспанмен санасқан алты патша ақымақ па? Оспан ақымақ болса, олар онымен санасып, елдесуге жақындап, елші салып, тарих толқынында тоғысар ма еді!? Демек Оспан ірі. Іріні сөз қылу үшін ірілік керек. Басқаны мұсылмандық иманымен баса алатын таза жүрек, жауына қасқая қарайтын қаһарлы айбат керек. Қызылдардың сойылын соғып, солардың сарқытын ішкен сандалбайлар оның қолына су құюға да жарамас еді. Оспан – дала нояндарының соңғы тұяғы. Кешегі Кенесары рухының өр Алтайда бас көтерген өлмес рухы. Әттең өрісі отқа оранды, арманы көп болғанмен дәрмені тұсалды. Кеудесін оққа тосты. Шаһиттікті таңдады.
– Сіз тарихи тақырыпта талай тұлғаның ғұмыры жайлы қалам тартып келесіз. Соның ішінде «Жәнібек батыр» атты деректі зерттеу еңбегіңіз де бар. Жалпы осы айтылған, жазылған тарихтан таса қалған беттер бар ма?
– Бар, әрине бар. Ер Жәнібек хақында 2009 жылы қолыма – 1967 жылы Зайсанда жазылған Қызмет Серікбаев дейтін кісінің қолжазбасы түсті. Естелікке алынған сол 1960 жылдардағы 80-90-ға келген найман, керей қарияларының батыр хақында айтқандары. Көбі 1800 жылдар ішіндегі Абай мен Ақыттың замандастары. Бізден көрі арғы тарихқа жақын адамдар. Соның ішінде жазушы Шәміс Құмарұлы, Сұлтан Тәукейұлы деректерінде, әдебиеттерінде кездеспейтін тың, айтылмаған талай тарих бар. Ол туралы «Жәнібектің соңғы сапары» аталатын көлемді тарихи деректі хикаятты тәмамдадым. Алда жарық көреді. Ал Оспан туралы айтар болсақ, оның нағыз ақиқатын баяндайтын екі архив әліге дейін ақтарылған жоқ. Бірі 1940 жылдарғы оқиғалардың күнделігі сынды Кеңес Одағы орталық комитетінің Мәскеудегі архиві. Екіншісі Жаңкайшының Тайвандағы архиві. Осы екі жерге барған, зерттеген ешкім жоқ. Көбіміз ел ішінен – отбасы, ошақ қасынан ұзай алмай жүрміз. Олай болса, жазылды деген тарихи деректердің тасасында, жазылмаған талай қатпарлы қазына бар.
Шыңғыс хан Отырарды ойрандаған жоқ
– Осы орайда тағы бір сауал еске түседі. Сіздің «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» деп аталатын еңбегіңізде Шыңғыс хан, Тұғырыл, Тайбұға хандар туралы тың деректер кездеседі. Осы тарих туралы да өз аузыңыздан естігіміз келеді.
– Жер бетіндегі халықтардың қалыптасу тарихы сияқты, қазақ ұлты да тайпалық, ұлыстық-рулық дәуірді басып өтіп, кейіннен өзінің дербес мемлекетін орнатты. Тарих ешкімнің меншігі болмағанымен ұлтты құраушы ру-тайпалар тарихы өзі көтерген ұлыстық шаңыраққа – қазіргі мемлекетіне тәуелді болады. Арғыда сақ, ғұн дәуірінен жалғасқан Түркі ұлтының бір бұтағы қазақ халқы да сан қилы кешулері арқылы бүгінгі тарихын жасады. Айдай әлемге танылған Қазақстан атты мемлекетті құраушы халықтар шоғыры қалыптасты. «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» кітабы қазақ халқының бір ғана түркі жұртының мұрагері екенін тілге тиек ете отырып, оның қалыптасу кезеңіндегі ру-тайпалар мен олардан шыққан тарихи тұлғаларға тоқталады. Әсіресе, Ұлы орда дәуірінің қалыптасу алғы шартын дайындаған – түркі халықтары, оның көш бастаушы көсем ұлдары – Шыңғыс хан, Тұғырыл хан сынды тарихи тұлғалар, олардың мұрагері Жошы, Тайбұға сынды хандар өміріне аялдаймыз. Ең бастысы – тарихи оқиғаларымызды қайта қарастыру мәселелері. Айталық, Шыңғысханның әділетті әмірлері, Тұғырылдың немересі Тайбұғаның Сібірде хандық құруы, Төленің ханымы Сұрғақтан бикенің тарихта алатын орыны, Абылайдың тұтқынға түсуі, Еділ қалмақтарының көші сынды тарихымыздағы ірі-ірі оқиғалардағы қалтарыс беттерге үңілу және оны бүгінгі тарихтың айналымына ұсыну ойлары – осының бәрі біз көтерген тақырыптар. Шыңғыс ханның Тұғырыл ханды соғыспен жеңіп емес, сол тұстағы қытай патшаларының көмегімен алғандығы туралы дерек бар, «Шыңғыс хан Отырарды ойрандаған жоқ» деген тақырып, Ұлы Орда мемлекетінің қалыптасу кезеңі және Жошы мен оның ханымы Бектұмыш хақында да сыр суыртпақтаймыз. Қазақ мемлекетінің тамырын, тарихын тереңнен іздеу идеяларын ұсына отырып, түркі, моңғол сынды ағайынды ұлдарды жау қылған империялар идеясына да тас атамыз. Осы идеялардың барлығы да «Түркілік тек» сынды алтын қазыққа маталады. Тұғырыл хан сынды хан тұқымының Тайбұға, Сейдақ хандар арқылы жалғанған бір ұрпағының қазақ жерінде тұрып, өздерін «тұрғақ» атайтыны да сөз болады. Аталған зерттеу еңбегі т.ғ.д. профессор, академик, ҚР Мемлекет тарихы институтының эксдиректоры Бүркітбай Аяғанның алғысөзімен жарық көрген.
– Демек сіздің пайымыңызша, біздің тарихта бұрмаланған немесе әлі де айтылып үлгермеген тарихи тақырыптар өте көп екен ғой...
– «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары» атты кітабымның өн-бойынан көрінгеніндей сахараны жайлаған көшпенділер әулеті ата-тек, тұқым-жұрағатының бір екеніне қарамастан қапшама қан төгістер жасады. Олар ғұн (һұн) дәуіріндегі, түркі дәуіріндегі, түркі-моңғол дәуіріндегі елдігі мен бірлігін, биіктігін аңсап, қанша талпынса да, оған жетудің жолдары қанды тікенектерге толы екенін көрді. Іштен іріп, бірін-бірі жау санау сынды келеңсіз тарихтың шимайланған парақтары ұрпақтар санасына көлеңке түсірді. «Шыңғыс хан жаулап алды», «Жоңғарлар қырғындады», «Торғауыттар тоздырды» дейтін тарихтар, әдебиеттер қайта-қайта жаңғырығып, ұрпақтарымыздың көз алдына қанды қылышын жалаңдатқан «жау туысқандарымызды» елестейтін болды. Қазақ-жоңғар соғыстарында қазақтардан бір миллион немесе бір жарым миллион қазақтың қырылғанын тілге тиек етеді. Шын мәнінде қырылғандардың басым пайызы қан майданда бетпе-бет ұрыстарда қаза болғандар. Біздің киноларда көргеніміздей бейбіт ауылдарды өртеп, қырып-жою – түркі заңында, оның заңды мүрагерлерінің бірі – Шыңғыс әулеті қолданған заң-жосықтарында, оның орнына орда тікпекші болған Жоңғар заңында да болған жоқ. Далалық заңның көшпенділер қоғамында қалыптасқан әділетті ұрыстары ондайға ешқашан жол бермейді. Қазақ ертегі-аңыздарын қарайық, қисса-дастандарын қарайық, бәрінде «ауылды қынадай қырды» деген жолдар жоқ. «Жекпе-жек! Жекпе-жек!» деп ұрандаған айдары тоқпақтай жоңғар батыры елестейді. Жекпе-жекте қай жақ жеңсе жеңіс сонікі, жеңілген қосын шегінуге мәжбүр. Шегінген жауды қыру көшпенділер заңында мүлдем жоқ. Мұндай дала заңында «иілген басты қылыш кеспейді», «қашқан жауға қатын би» дейді.
Осындай аңыздардың бірінде далада ұйықтап жатқан қазақ батырын, немесе ұйықтап жатқан жоңғар батыры үстінен түскен жауы (не қазақ, не жоңғар) оятады. Оятып алып ас-су қарманып болғасын жас сұрасады. Жасы үлкенге кезек беріп жекпе-жекке шақырады. Жекпе-жекте жеңілген жақтың алдында бірнеше таңдау болады. Бірі: «өлтіріп кет!» дейді. Екіншісі: «құлың болайын, анда болайық, жанымды қи!» дейді. Кейде үшінші мүмкіндік ретінде: «қапы қалдым, келесі кездесуде қайтадан шайқасуға мүмкіндік бер!» дейді. Ортаңғысы бойынша жеңілген жақ бағынса екеуі шынашақтарынан қан шығарып бір-біріне қас қылмасқа уағдаласады, андаласады. Бағынушы да өзінен үстем шығушының әміріне бойұсынушы ретінде қаралады. Түбірінен бағынышты болса сенімді серігі, ат ұстаушысы, көмекшісі, қимас досы болуға дайын. Мүбәда бір жағы уағданы бұзса көшпенділердің ежелгі дәстүрімен «оны қан жібермейді», «қарғыс атады», «уағда-серт ұрады». Ежелгі түркі заңымен қарағанда мұның бәрін көріп тұрған көктегі тәңірі кешпейді, тәңірінің қарғысы, жазасы тиеді.
– Біздің өзара қырқысуымыздың себебі қайда жатыр?
– Сонда осыншама бұрмалаулар өзге империялар жағынан болып отырған ғой?
– Жоғарыдағы әңгімелерді ой елегінен өткізе келе, енді орыс отаршылдарының жауыздығына ойысайық. Қай орыс немесе қытай ұйықтап жатқан атаңызды оятып алып, жекпе-жекке шақырып, жас сұрасып, кезек беріп көрді?! Ақ орыс, қызыл орыс болып ең кемінде алты-жеті миллион қазақты қырып-жойды. (Жоңғар қырғынынан бес есе артық). Ал өзге жұрттарға босып кеткен, сіңіп кеткен қазақтардың нақты санын ешкім білмейді. Тіпті басқа елге босып кеткендерінің ізіне түсіп, сол елдегі ықпалы арқылы қырғын жүргізіп, қаншама қазақты тоздырды, қырғындады?! Кеңестік кезеңнің қанды бұғауынан арғы бетке қашып, одан Гималай жотасынан асып, жер бетіне тарыдай шашылып кеткен қазақтың обал-сауабы кімде? Осы жолдардың авторының «Қаралы көш» романын оқып көріңіз!
Жоңғардан әлденеше есе жауыз болған Сталиндік қырғында түтіні түтемей қалған қанша ауыл бар?! Түбімізге жеткен ресейлік бодандық, құлдық – ұзақ жыл бойы ет пен сүйек түгілі қанға сіңді. Қажай-қажай жауыр болған тақырыптың келесі ұрпаққа не беретінін бағамдап жатқан ешкім жоқ. Шамасы, «жоңғарлар тіріліп келіп қалмасын, сақ болыңдар!» деп дабыл қағып жатырмыз. Немесе ұмытыла бастаған ескі жараны тырнап, «көшпенді түркілердің басы ешқашан бірікпейді» деп өз ұрпақтарымызды түркі бірлігіне үрке қарауды үйретіп жатқандаймыз.
Мәселе – жаулықтың тамыры қайда? Біздің өзара қырқысуымызға себеп болған жайлар, түпкілікті ой-мақсаттары не? Жауымыз кім, досымыз кім? Өлген Жоңғардың басын тепкілей бергеннен не ұтамыз? Тірі орыс, тірі қытай тырнағының астына не жасырып отыр? Олардың балға орап берген қанжарын қалайша дастарғанға қойдық? Кешегі зұлматтар бастауы қайдан келді, ендігі қатер қалай туындауы мүмкін? Елдігіміздің шаңырағын мәңгілікке шайқамай ұстаудың, ұлттық рухты сөндірмеудің қандай жолы бар? Тағы осындай қаншама сауалдар туындайды.
– Тарихшы ретінде осыншама көл-көсір дүниелерді қопарған екенсіз. Болашақта осы тақырыптар көркем шығармаларыңызда, әсіресе, тарихи тақырыптағы романдарыңызда көрініс табуы мүмкін бе?
– Кейде тарихты тарихшылар ғана оқитын, көркем әдебиетті көпшілік оқырман кеңінен оқитын бір әдет бар. Айталық Ілия Есенберлин тарихи романдарында жүз беретін хандар мен хандар төңірегіндегі оқиғаларды жай деректеме ретінде ғана жазса, оның оқырманы да әдеттегідей ғана болар еді. Ал көркем әдебиет тілінде көсіле сөйлеген кесек шығармалар оқырманға қазақ тарихы туралы көшелі сыр шертті, көсем ойлар ұсынды. Есенберлин есімін де елге танытты. Мұхтардың «Абайы» да дәл солай. Олай болса жалпылық оқырманды, өсіп келе жатқан жас буынды оқытып, тәрбиелеуде тарихи көркем шығармалардың қызметі мен алатын орыны аса жоғары. Сондықтан да мен де болашақта біраз тақырып төңірегінде көркем әдебиеттер жазуды ойластырудамын.
«Қаһарда» да, «Абай жолында» да кемшіліктер бар
– Ілияс Есенберлин, Мұхтар Әуезов туралы айтып қалдыңыз. Тарихи тұлғалардың аталған шығармаларының біздің бүгінгі тарихи, өтпелі кезеңдеріміз үшін қандай құны және мән-мағынасы бар? Тағы сондай кесек шығармалар тууы мүмкін бе?
– Ілияс Есенберлин, Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінің асқарлары. Дегенмен де асқардың да күнгейі, теріскейі бар. Олар бағындырған биік белеске ешкімнің таласы жүрмейді. Алайда олардың шығармалары цензураның, шеңбердің қыспағымен жазылғанын ойласақ, әттеген-айлар да көп. Мысалы Ілияс Есенберлиннің «Қаһарындағы» Кене ханның бейнесін алайық. Автор айтқысы келген көп ойын, суретін барынша көмескі, сақтықпен өрбітуге мәжбүр. Қазақ тарихы мен әдебиетін де әлі де ашылып үлгермеген ең үлкен екі тақырып бар десек, бірі – Абылай, бірі – Кенесары. Екеуі де өз шындығын аша алған жоқ, екеуі де көркем әдебиеттің көкжиегіне шыға алған жоқ. Көп әдебиеттерде біз олардың есім-сойына таныс болғанымыз үшін ғана айбатты көрінеді. Абылай мен Кене туралы ешқандай таным-түсінігі жоқ, өзге ұлттың бір әдебиетшісі оқыса олар біз сезген «айбатты» сезе алмайды. Әлем тарихындағы атақты тұлғалардың тұлғасын сомдаған кесек әдеби туындылар қатарына қоя алмайды. Олай болса, қазақ әдебиеті әлі де жалтақ, ұсақ, қауқарсыз. Елдікті алғанымызға 30 жыл болды деп шіренеміз, өз қолымыз өз аузымызға еркін жетуде. Әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ. Сонда да кесек тұлғамыз пәс, кесек шығармамыз кем. Бұған кім кінәлі? Өзіміз! Дегенмен де «туады, туады әлі нағыз ақын» деп Мұқағали жырлағандай, үміт жастарда. «Жас өседі, жарлы байиды». Ертеңгі әдебиеттің еншісіне ұсынатын парызымыз да, қарызымыз да көп.
– Мейлі тарих, мейлі әдебиет болсын жаңа тарихи дәуірімізден не күтесіз?
– Сананы жаңғырту, ойды түлету, құлдық идеялардан құтылу сынды ортақ ояну кешегі, бүгінгі арқылы жүрекке ұлттық ақиқи болмысын тіктесе, ертеңгі ұрпақ өз тегін танып, болшағын дұрыс бағыттап алаңсыз өмір сүреді. Түркі бірлігі, қазақ бірлігі, көк тудың бауырына бір атаның ұлдары болып ұйысу сынды ортақ мұрат тарих үшін де олардың әдебиет үшін де жүгінің ауырлығын да жан ділімен сезінуі керек.
Кеше ғана біріміз кеңестік шекпенді, біріміз қытайлық қызылдың тонын жамылып, зорлықшыл үстем ұлттардың қабағына жалтақшыл болып өссек, енді, міне, төңіректің төрт бұрышынан бір байрақтың астына жиналып, егемен елдің еркелері мен серкелеріне айналдық. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді, жыртығымыз жамалды, шаңырағымыз шалқыды. Барлығымыз тәуелсіз заманның, егемен елдің бақытты қожасы болдық.
Тарихты өтпелі дәуір жасап, кейінгілер сараптайтын ескі қағидатқа жүгінсек, біз айта алмағанды, жаза алмағанды, жеткізе алмағанды жас буын тереңдетеді деген сенімдеміз. Біздікі соларға бағыт, бағдар, жол нұсқау; ойлы жасты оятатын дабыл қағу.
Тарихтың жыртылған парақтарын бүтіндегім келеді
– Жәди аға, «кесіп алса қан шықпайды» дегендей, сізді кесіп алмай-ақ, кез келген жеріңізден ұлттың қаны саулап, жаны көрініп тұрған сияқты. Қазірге дейін 20 томдай еңбек бергеніңізді де білеміз. Міне, алдағы 5 мамырда 55 жасқа толып отыр екенсіз. Жаңа жасыңыз құтты, мерейлі болсын! Осы орайда алдағы мақсат-мұратыңыз бен шығармашылығыңыз туралы не айтасыз?
– Мен кейде келешекті айтудан қорқамын. Себебі Алла Тағала: «жоспарды сен құрма, мен құрамын» дейді деген сөз бар. Алла бәрімізге қуат, ғұмыр берсін. Менің жеке қорымда көптеген тарихи мұрағаттар, ескілікті жазбаалр бар. Көз жұмған талай қарттан жазып алған естеліктерім де аз емес. Былайша айтқанда жер астына кеткен пендеден қалған жалғыз парақ жер шарында менің ғана қолымда тұр. Олай болса, халықтан алған дүниені халыққа беру парызы мазалайды. «Тұлпарлар дүбірі» аталтын еңбегімде сондай тарихи тұлғалардың бір бөлім дүниесі ғана жарық көрді. Әлі де болса жарық көргенінен көрмегені көп. Оның бір бөлімі тарихи дерек ретінде, бір бөлімі көркем шығарма ретінде сұранып тұр. Жалпылай межемен айтқанда енді жиырма томның жүгі тұр. Көбі қазақ халқының қилы тарихының жыртылып қалған парақтары. Ендеше әр күні түсімнен шошып оянамын. Алтын қазынаны қолтығыма қысып алып белгісіз бағытқа безіп бара жатқандаймын. Оны иесі болған – халқыма аманаттаған күні ғана ұйқы келетін шығар. Алланың шуақты күндері көп болсын. Қазақ сынды халқым керегесін кең жайып, енді ғана есін жиып, етегін жапты. Өр рухы өлтірмейтін қайсар халықтың қаламгері болғаныма мақтанамын!
– Әңгімеңізге рахмет!